Жаңалық

«АРХИВ – 2025»: ҒАЛЫМДАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ МЕН ҰСЫНЫСЫ

Мақала аясында өткен жылы елімізде «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы бастау алды. Бұл бағдарлама негізінде ел қызметінде жүрген тарихшылар, мәдениеттанушылар мен деректанушылар отандық және шет елдік архивтермен тығыз қатынас орнатып, ұзақ мерзімді іздеу-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын болады.  Белгіленген жеті жыл уақыты аралығында жинақталған деректер мен құнды материалдар архивте сақталып қана қоймай, толықтай цифрланып, қалың жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Яғни, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен тығыз байланыс орнатуы тиіс «Архив – 2025» бағдарламасының атқарар жұмысы зор.

Бұл бағдарлама кімге қажет? Қатардағы ел азаматтары өз мүдделері үшін бұл бағдарламадан қандай жаңалық ала алады? Жалпы бағдарлама не туралы? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін осы саланың мамандарын сұхбатқа тартқан болатынбыз.

Ғазиза ИСАХАН, Нұр-Сұлтан мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы:

Ежелгі дәуірден  қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізуге бағытталған «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы. Архив – адамның, қоғамның және мемлекеттің басқару қызметінің сенімді серігі, керек деректі дер кезінде жинақтап, ақпаратты сақтаушы, жеткізуші мекеме.Архивті сақтау, оны түгендеу өркениетті елдердің үрдісі. «Архив -2025» бағдарламасы ұлт тарихын санаға сіңіруде Архивтің маңыздылығына, Архив қорын сақтау мен байытудың қажеттілігіне, Архивтің құдіретіне тағы да назар аудартып отыр.«Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ». Жаһандану заманында тарихқа табан тіремесе жадыңды сақтап қалу қиын. Қазіргі кезде ұлттық архив ісіне жаңаша көзқарас керек. Заман жаңа, мемлекетіміз жас. Уақыт архив қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеп отыр. Өйткені, бұрынғы Орталықтың бұйрығын ғана орындап, бұйрықты тіршілік кешудің заманы өткен. Тәуелсіз елдің архиві де тәуелсіз. Тыңға түрен салғандай бұл салада республика мұрағатшыларының жасаған жұмыстары баршылық. Басқа елдердің мұрағатшыларымен тіл табысып, әріптестік, ынтымақтастықты дамытып, еліміздің тарихына қатысты құжаттар мен деректерді іздестіру, табу, өзіне көшірмелерін алу жоспарлы түрде 2000 жылдардан бастап жүргізіле бастады. Республика мұрағатшылары бұлайша тікелей шетел архивтерімен жұмыс жасап көрмегендіктен бұл жұмыстардың қиындығы да болды. Бірақ қиын екен деп қол қусырып отыратын емес. Мұрағат ісін халықаралық дәрежеге көтеруде алғашқы қадамдар жасалды. Осы уақытқа дейін архивтерде құнды құжаттардың жинақталуына тарихшы ғалымдар, шығыстанушылардың  үлкен шоғыры  көмек көрсетті. Бұл істің бастауында архивистермен бірге тарихшы-ғалымдар К.Л. Есмағанбетов, М. Қойгелдиев, В. З. Галиев, Г.К. Көкебаева, Б. Аяған,  қытай, монғол деректері бойынша К.Ш. Хафизова,  Қ. Сартқожа,  Н. Мұхамедхан, Ж. Ошан,  араб, түрік деректері бойынша Б Ә. Дербісәлі, Б. Көмеков,  Б.Батыршаұлы,  Ж.М. Тулибаева, Д. Есенжан, Д. Қыдырәлі, Ы. Палтөре, Н. Базылхан,  армян-қыпшақ деректері бойынша С. Кудасов, А.Н. Гаркавец керек кезінде ақыл-кеңесін беріп, керек кезінде  архив қоймаларында отырып, іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Архивтанушылар да өз кезегінде шетел архивтері мен ғылыми мекемелерінен, кітапханаларынан алынған деректерді топтастырып «Ақпараттық анықтамалық. Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» атты анықтамалықтың 8 томын шығарды. Анықтамалықта Ресейдің федеральді архивтерімен қатар, Татарстан, Башқұртстан Республикаларының ұлттық архивтері, Алтай өлкесі, Астрахан, Новосибирск, Түмен, Омбы, Орынбор, Свердловск (Екатеринбург қ.), Челябі, Тобыл мемлекеттік архивтері мен Армения, Беларусь, Ватикан, Венгрия, Германия, Грузия, Египет, Италия, Испания, АҚШ (Гувер архиві), Қытай, Польша, Түркия, Өзбекстан, Франция мемлекеттерінің архивтері мен кітапхана, ғылыми мекемелер қорларында жатқан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың тізімін жарыққа шығарды. Анықтамалықта құжаттың орны нақты көрсетілген, көшірмесі алынған болса Қазақстанның архивіне сілтеме жасалған. Бұл келген құжаттар қаншама жинақтардың шығуына, ғылыми еңбектердің жазылуына жол ашты. Бұл үлкен жұмыс 2001-2014 жылдарда архив ісінің уәкілетті органының ұйымдастырып, атқарған жұмысы. Қазір бұл жұмысты әрі қарай жалғастыру  «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығына жүктелді.

Тарихшылар, архивистер, музей мен кітапхана қызметкерлерін біріктіретін еліміздің құжаттық мұрасын жинауға деген ықыласы. Қоғам да табиғат сияқты, бәрі өзара тығыз байланыста. Ұлттық тарих жалпы тарихпен байланысты жазылады. Қай тарихтың да қайнар көзі ұрпақтар жалғастығының куәсі – архив қоймалары. Әрбір елдің архиві – әлемдік тарихтың біртұтас бөлшегі. Сондықтан әлі де болса алыс, жақын шетел мұрағаттарынан елімізге қатысты құжаттарды түгендеу, табу, қайтару  бүгінгі күннің талабы.

Ал архивистер мен археологтардың ұқсастығы, бірлігі, архив құжаттары арнайы қоймаларда сақталып, архивистер сол құжаттарға табан тіресе, археологтардың табан тірейтін дерегі – жердің бетінде. Археология институты тәуелсіздікпен құрдас қой деймін, осы уақыт аралығында жүргізілген зерттеулер Қазақстан аумағында мемлекеттер біздің дәуірімізге дейінгі VII ғ. пайда болғанын дәлелдеп отыр. Санкт-Петербургта болған бір іссапарымда Материалдық мәдениет институтының архивінде болып, сонда Қазақстан аумағында XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың бірінші жартысында жасалған қазба жұмыстары туралы деректерге (маршруты, карта, қалашықтар жоспары, қазба жұмысының нәтижелері, табылған заттардың фотолары, сипаты, т.с.с.)  куә болған едім. Тіпті, Ә. Марғұланның коллекциясы да бар екен. Бұны енді археолог ғалымдар жақсы біледі ғой.  Қазір біздің Ғылым Академиясының архиві үнсіз. Кезінде мықты ғалымдарымыздың бар жиған-тергені сонда.

Жақында Нұр-Астана мемлекеттік архив қорында өлкетанушы, Ақмолада өлкетану музейінің бастауында тұрған Л.Семеновтың қаладан 13 км.  қашықтықта  ескі қаланың орнына қазба жұмыстары жүргізілгені, табылған заттар туралы есебіне кезіктім. Әңгіме «Бозоқ» қалашығы жайында болар.

«Архив – 2025» бағдарламасының бір бағыты жиналған деректі құжаттарды цифрлық форматқа көшіріп, барлық мүдделі зерттеушілер мен жұртшылықтың ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету.

Бұған дейін 2012 жылы әзірленген «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша басқа салалармен қатар архив саласында да ақпараттық қоғамға өтудің механизмдері жасалған болатын. Мемлекеттік архивтер «Электрондық архив» мәліметтер базасын әзірлеп, ең алдымен, ғылыми-анықтамалық аппаратты цифрлық форматқа көшірді. Мәліметтер базасы анықтамалық бөлімнің, құжаттарды қамтамасыз ету бөлімі мен оқу залында зерттеушілермен жұмысты жеңілдетті, керекті деректі тез табуға, архив ісінің қоймадағы орнын анықтауға, тапсырыс беруді жеделдетуге ықпал етті. Енді құжаттар цифрлық форматқа көшірілуде.

Цифрлық Қазақстан – бұл цифрлық технологияларды қолдану арқылы әрбір азаматтың тұрмыс деңгейін арттыруды көздейтін кешенді бағдарлама.

Яғни, әрбір азаматтың керекті құжаттарына қол жеткізуіне мүмкіндік еселене түседі.

Бес мың жылдан бері қарай жазба дерек бар, яғни бес мың жылдан бері қарай архив бар. Адам ғұмырының тым қысқа, ал жадының одан да тез өшетінін бағамдаған елдердің хаты қаттаулы, архиві сақтаулы.

«Жазу – қымбат, сырыңның тас қамалы, жазумен бектер елді басқарады» деп X-ғасырда айтылған Жүсіп Баласағұнның сөзі, халықтың құжаттық жады – архивтерге тікелей байланысты, бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ.

Жазба деректерді корольдер, патшалар, императорлар, басқа да билеушілер өз құқықтарын тұрақтандыру үшін пайдаланды, архив құжаттарын сақтау жүйесі ертеде араб елдерінде, Иранда, Қытайда, Ұлы Моғол империясында айтарлықтай жоғары болған.

Еуропа елдерінде ортағасырда архивтерді – король, сеньеор, папа, епископ, монарх басқарды, монастырь,  шіркеулер қарамағында болды. Батыс Еуропа елдерінде XVIII-XIX ғғ. мемлекеттік аппараттағы төңкерістерге байланысты мемлекеттік аппаратты нығайту құралы ретінде ұлттық архивтер пайда болды. Индустрияның дамуына байланысты экономикалық архивтер, банктер, өндірістік компаниялар, кәсіпорындардың архивтері пайда болды. XX ғасырда архивтер мемлекеттік басқаруда авторитарлық жүйені нығайтуға, әскери мақсатқа пайдаланылды.

XX ғасырдағы қарқынды даму барлық елдерде архив ісін мемлекеттік деңгейге көтерді. Көптеген елдерде (Франция, Бельгия, Польша, Скандинавия елдері) мемлекеттік архивтерді басқару орталықтары (Бас басқарма, Бас дирекция, Ұлттық архив) құрылды, кейбір елдерде мұрағаттық орталық әкімшілікке бағынбайтын жергілікті архивтер  жүйесі де бар (Ұлыбритания, Испания, АҚШ, Швейцария). Қазақстаннан басқа, ТМД елдерінің барлығында архив ісін басқару органдары заңды тұлға құқығындағы жеке-дара ұйымдық құрылымның мәртебесін сақтап қалып отыр.

Иранның ғылыми-зерттеу орталықтарында жеке коллекцияларды қоспағанда 60 мыңнан аса шығыс қолжазбалары бар. Âstan-i Quds-i Razavi Library (Мешхед) кітапханасында мұсылман әлеміндегі ислам қолжазбаларының ең бай коллекциясы (шамамен 29000 араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалар) жинақталған. Сондай-ақ, онда құжаттар мен қолжазбаларды қорғау, сақтау және қайта қалпына келтірудің мол тәжірибесі бар.

Дүние жүзіндегі армян жазулы қолжазбалар 24 мың болса, тек бір Матенадаранның өзінде ХІ-ХІХ ғасырлардан 14 мың қолжазба сақтаулы екен.

Египет өз тарихымен, мәдениетімен әлем зерттеушілерінің назарын аудартқан елдердің алдыңғы қатарында. Мысыр халқы жазба мұраға ерте заманнан аса зор мән берген, ал осы мұраға ғылыми көзқарас, оны зерделеу, оны халық тарихын жазуда негізгі дереккөз ретінде пайдалану XVI ғасырдан бастау алады.

Египетте Мұхаммед Али  құжат құндылығын түсіне білген бірінші басшы болды. Ол құжаттық архив құрды, онда түрлі мемлекеттік ұйымдар мен органдардың құжаттары мен регистрлері жинақталатын болды. Оның ұрпақтары да бұл ұйымға көп көңіл бөледі.

Шетелдерде XVIII ғасырдан бері қарай түркі халықтарының  ескерткіші – руникалық жазбаларды, кейінгі кезеңдегі Орта Азия мен Қазақстан туралы шығыс авторларының қолжазбаларын, құжаттарын, ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударып, ғылыми түсініктемелермен жариялауға зор мән беріліп келеді.

XVIII – XIX ғғ. Д. Мессершмидт, Ф.И. Страленберг, О. Доннер, К. Мунск, В. Томсен, Г. Рамстедт руникалық жазба ескерткіштерінің құпиясын ашса,  В. Томсен, Ю. Немет, Х. Хейкель, К. Брокельман, А. Бомбачи т.б. түрік тайпаларының әлеуметтік, әскери-саяси тарихы, олардың этникалық және тілдік атрибуциясы, көрші халықтармен қарым-қатынастары туралы бірегей материалдарға қол жеткізді.

Орхон-Енисей және Талас жазбаларын зерттеу нәтижесінде ғалымдар VI-VIII ғасырлардағы түрік халықтарының тарихына басқаша қарап, cол кезеңдерде түрік империясы көптеген халықтар мен мемлекеттердің тағдырында тарихи рөл атқарғандығына көз жеткізеді.

Қазақстанның  ерте және орта ғасырлар кезеңіндегі тарихын зерттеудегі батыс ғалымдарының еңбектері ғылыми дәйектілігімен, тереңдігімен ерекшеленді. Осыған байланысты Шоқан Уәлиханов: «Атақты шығыстанушылар Клапрот, Абель Ремюза, Сен-Мартеннің арқасында Қытай жылнамалары тамаша түсіндіріліп берілді. Шығыс тарихшыларының айтулары да өз комментаторларын тапты, Д’Оссон және басқалар тарапынан зерттелді» – дейді.

Шығыс қолжазбалары батыс елдерінде түгелге жуық есепке алынып, осыдан 100 жыл бұрын (1897-1914 жылдар аралығында) Германияда «Шығыс библиографиясы» дайындалды, оған қытай, парсы, араб ғалымдарының Орталық Азияға қатысты еңбектері енді.

Өркениетті елдердің үрдісі осындай, мәдени мұраларды жинастыру, дүниежүзілік өркениет жетістіктерін ұлт мүддесіне пайдалану жүйелі түрде екі ғасыр бойы жүргізіліп жатыр, шығыс қолжазбаларын түпнұсқа түрінде сақтап қоймай, оларды өз тілдерінде бастырып шығарды.

Мысал өте көп. Айта берсең айтыла береді.

Ел тарихына қатысты құжаттарды немесе олардың көшірмесін қайтару XX ғасырдың 30-60 жылдары көтерілген болатын, бірақ кеңестік саясат әсерінен мардымды жұмыс жасала қоймады.

Қазір жағдай да, талап та басқаша. Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерекесінде М. Шоқай мұрағатының микрофильмдерін (Франция) Ұлттық мұрағат қорына тапсырды. Содан бері шетел мемлекеттері мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан тарихы бойынша Қазақстан Республикасы үшін тарихи және мәдени құндылығы бар құжаттарды іздестіру және көшірмелерін алу жұмыстары алғаш рет жоспарлы түрде жүргізіле бастады.

Шетел мұрағаттарынан, ғылыми мекемелері мен кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттарды іздестіру, көшірмелерін алу жұмыстары «Мәдени мұра», «Тарих толқынындағы халық»  мемлекеттік бағдарламалары аясында жалғасты.

Ресей (Татарстан, Башқұртстан), Түркия, Мысыр, Польша, Армения, Венгрия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай  архивтерінен, кітапханалары мен ғылыми мекемелерінен қазақстан архивтерінде  аналогы жоқ, ғылыми және тәжірибелік өзектілігі жоғары деректер жинастырылды.

Өздеріңізге белгілі, аталған деректерді зерделеу, «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру бойынша үйлестіру және әдістемелік жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік органдармен, архивтермен, университеттермен, институттармен, ғылыми  қауымдастықпен бірге ұлттық тарихты тереңінен тұтас қарауға мүмкіндік беретін отандық және халықаралық архивтердің құжаттары негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Ұлттық архив және Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы жанынан «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығы құрылды. Республикалық, облыстық, қалалық архив басшыларынан жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Мақсат айқын, жүктелген міндет салмақты, жұмыс басталып кетті

Архивтердің қорғаушысы да, қолдаушысы да мемлекет, ал архивистер тек қана мемлекетке, қоғамға қызмет етеді. Азаматтардың өткені мен бүгінін білуге деген құштарлығы, күнделікті тіршілікте жекелеген құжаттарға қол жеткізуге ұмтылысы қашанда бірінші орында тұрған қажеттілік болып келген, және мұнан кейін де мән-маңызы артпаса, еш кемімейді. Мұрағаттық анықтама сұраған толассыз сұраныстар легі, мұрағаттардың оқу залдарындағы зерттеушілердің саны, құрамы осы ойды растай түседі. Бүгінде біздегі мұрағаттарға тіпті бірталай шетелдерден, мысалы айтатын болсақ, АҚШ, Жапония, Канада, Еуропа мен Азия елдерінің зерттеушілері қызығушылық танытып отыр.

Қазіргі әлем өз талаптарын ұсынып отыр, ағымға ілесу үшін барлық өзгерістерді назарда ұстау керек, яғни «тамырын тап басып» байқап отыру қажет. Ақпараттық төңкеріс көлемі ұдайы өсіп отырған ақпаратпен қоса қабаттасып келеді. Оның едәуір бөлігін сақтау үшін архивтерге беру керек.

Барлық мекемелер қазір қарапайым халыққа электронды түрде көмек көрсетеді. Заман талабы солай. Электронды жүйені қалыптастыру біз үшін де, мемлекет үшін де өте тиімді. Егер осы жүйе толығымен бізде орнықса, адамдар үйінде отырып-ақ керек дерегін үйінде отырып-ақ сұрай алады, қажетті құжаттарымен интернет жүйесі арқылы таныса алады. Ол дегеніміз адам уақытын үнемдеудің ең қолайлы жолы. Архив құжаттарын цифрландыру елімізді өркендетудің жолы деп білемін.

Бекарыс НҰРИМАН, PhD доктор, Қызылорда облыстың «Рухани жаңғыру»орталығы «Атамекен» бөлімінің басшысы: 

Халқымыздың, мемлекетіміздің тарихы үшін маңызы жоғары, мәні терең, салмағы басым «Архив-2025» бағдарламасының басталғанына да біраз уақыт болды. Еліміздің бас қаласында «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталық құрылып, оған Берік Әбдіғалиұлы ағамыз басшы болып тағайындалды. Орталықтың атқарар жұмыстары өте көп екеніне сенімім мол.

Аталмыш бағдарламаның архив өміріне пайдасы туралы дегенде, өз пікірімді әдебиеттанушы ретінде білдіргім келеді. Шетел архивтерімен танысып, ескі мұралармен жұмыс жасаған кезде, шіркін-ай біздің де тарихымыз, өткеніміз хатталып, барлығы түгенделіп, отандық архивтерімізде тұрса ғой деген ойлар жиі келетін еді. Және де хатталған деректемелердің барлығы да қалың жұртшылық үшін қолжетімді болса ғой деп армандайтынмын. Мысалы, Түркия архивтерінде Осман империясы кезінде ханның сарайына кіргізілген жеміс-жидек, түрлі тағамдар мен заттардың мөлшері, түрлері және қайдан келгені туралы мәліметтердің барлығы да сақталған. Міне, осыдан 500-600 жыл бұрынғы, ел тарихына қатысты ірілі-ұсақты деректердің барлығы да бар деген сөз. Шіркін-ай біздің де сондай архив құжаттарымыз осы күні сақталған жағдайда, мүмкін тарихты басқаша бағамдар ма едік?

Еліміздегі «Архив-2025» бағдарламасының мақсаты – әлемнің түпкір-түкпіріндегі ең көне  деген архивтердегі тарихымызға қатысты материалдарды жинақтап, елге алып келу емес пе?! Енді осы мүмкіндікті мүлт жібермей, бағдарлама аясында әлемнің түпкір-түпкіріндегі тарихи жәдігерлерімізді жинақтап, ғылыми айналымға қосып, оларды елдің игілігіне жарата білсек, ұрпақ алдында үлкен іс жасаған болар едік.

Шетелдерге барғанда елімізге қатысты қандай дерек болса да жинап жүретін әдетім бар. Бүгінде солардың өзі біршама дүние болып қалыпты. Жақында сол құнды мұраларды халыққа, оның ішінде әсіресе жастарға көрсету мақсатында Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы Ә.Тәжібаев кітапханасында «Көне дәуір әдеби жәдігерлер» деген атпен көрме ұйымдастырдық.

Бір айта кететін жайт, архивтерден табылатын құжаттардың барлығы да тарих ғылымына ғана қатысты болады деуге болмайды, олардың арасында тіл, әдебиет, астрономия, медицина, химия, физика ғылымдарына қатысты құжаттар да жетерлік. Өз басым, «Архив-2025» бағдарламасы аясында тіл мен әдебиетке қатысты тың материалдардың табылып, елге оралады деп күтіп отырған жайым бар. Оралған материалдардың түпнұсқасымен әдебиетші мамандардың жұмыс жасай алуы әдебиет саласы үшін үлкен жеңіс болмақ. Мысалы, көне дәуірде тілдік қолданысымызда қандай сөздер мен сөз тіркестері болды, қай сөз қай дәуірде қолданыстан шықты немесе мағынасын жойды және басқа да мәселелерді қамтитын сөздіктер жасалса, өте үлкен жұмыс атқарылар еді. Бағдарлама аясында елге келетін материалдарды бірінші кезекте тиісті саланың мамандары зерттеп, зерделеуі қажет. Содан соң кітапханалардың электронды базасына жүктеліп, жалпы халық үшін қолжетімді болуы маңызды. Ең бастысы, құнды жәдігерлер халықтың рухани тұрғыда жаңғырып, санасының оянуына түрткі болса деген тілек.

Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ, тарихшы-генеалог, архивист:

«Архив-2025» бағдарламасы еліміздің архив саласына жаңа бір серпіліс берді, жаңа дем берді. Бағдарлама аясында көптеген жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Салалық қызметкерлер үшін, соның ішінде археологтар мен тарихшылар үшін берер мүмкіндігі де зор. Талай уақыттан бері қол жетпей келе жатқан шет елдердегі қазақ тарихына қатысты құжаттарды алып келу мүмкіндігі алдымыздан шығып тұр. Елімізге қатысты барлық құнды құжаттар жақын және алыс шет елдерден елімізге жеткізіліп, олар цифрлік форматқа ауысқан күні ел азаматтары үшін қолжетімді болары анық. Сонымен қатар, бағдарлама аясында мамандар шет елдерге барып құжаттарды іздеумен қатар, еліміздің архивтері де өздерінің ішкі мәселелеріне  көңіл бөлуі керек. Себебі, көптеген аудандардың, облыстардың архивтері талапқа сай емес. Мысалы, 2016 жылдан бері айтылып келе жатқан Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы архивінің жағдайы. Архивтің бүгінгі мүшкіл халі туралы бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше мәрте қозғаған болатын. Алайда, өкінішке орай, Қарағанды облысының әкімшілігі аталмыш архивтің жағдайын жасай алмай келеді. Соның ішінде, архивті талаптарға сай жаңа ғимаратқа көшіре алмай келеді. Одан бөлек Алматы облысы Балқаш ауданының Бақанас ауылында архив бар. Барып көрсеңіз жаныңыз ашиды. Архив ғимараты өте ескі, төбесі төмен, іші тар, температуралық режимі сақталмаған. Ол жерде тарихи құжаттардың сақталуына еш жағдай жасалмаған, яғни сол архив құжаттарының сақталуына ешкім кепіл бере алмайды. Жергілікті билік бұл жағдайларды көріп-біліп отырса да, ешқандай шешім қабылдап отырған жоқ. Міне, осындай ел ішіндегі кейбір архивтерінің халі осындай. Елбасымыз қабылдаған «Архив-2025» бағдарламасы аясында жеті жылдың ішінде еліміздің архивтерінің жағдайы да жақсарады деген үміт бар. Ол үшін жергілікті билік пен салалық мамандар жұмыла жұмыс жасауы керек. Цифрландыру мәселесіне келетін болсақ, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында еліміздің аудандық архивінен бастап көптеген ірі көлемді архивтерінің меншікті сайттары ашылса деген үміт бар. Бұл сайттар арқылы еліміздің және қызығушылық танытқан басқа да азаматтар архив құжаттарымен және де архив өмірімен етене таныса алатын болады. Яғни, «Архив-2025» салалық мамандар үшін де, ел тарихын білемін деген халық үшін де қажет болады. Ол үшін электронды үкімет порталы тәрізді архив құжаттарына да интернет желісінде сондай кеңістік қажет. Сонда, еліміздің оңтүстік өңіріндегі азамат батыс өңірде орналасқан архив құжаттарына қол жеткізе алатын болады. Техникалық ақпараттық жүйе жасалған күні бұның барлығы өмірге келетін болады. Барлық дамыған мемлекеттерде ел үшін маңызы бар құжаттарды бірізге салу тәжірибесі бұрыннан бар. Ол мемлекеттердің қатарына, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия елдерінің архитерін жатқызуға болады. Ресей федерациясының архиві де жаңғырған. Мысалы, Франция мемлекетінің архивтерінен Князь Юсуповқа қатысты деректер мен құжаттарды Ресей мемлекеті аукционнан сатып алды. Дамыған елдердің өз тарихына қатысты құжттарды ел-елдерден жинау, оларды сатып алып, елге жеткізу қалыптасқан үрдіс. Бұл үрдіс біздің де елге келгені қуантатын жағдай. Бағдарлама аясында жол картасы жасалды. Осы жол картасына сүйеніп, алдағы уақытта көптеген жұмыстар атқарылады деген сенімдеміз. Негізі еліміздің тарихына қатысты құжаттар Еуропа елдерінің, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран мен Түркия мемлекеттерінің архивтерінде бар. Аталған мемлекеттердің архивтерінен табылатын құжаттарды алған күні, оларды цифрландыру жұмыстары да жүзеге асырылуы қажет. Яғни, неше ғасыр сақталған тарихи құжаттар жаңа форматта сақталса, келер ұрпаққа олардың жетері кәміл.

Еліміздің архив саласына қатысы бар мамандардың пікірлерін ортаға салып, келесі түйінге келдік. Тарихымыздың келер ұрпаққа жетуі және оның жоғалмауы үшін атқарылатын еңбектер әлі де көп. Сол ұзақ жолдың бір тармағы, ол – «Архив – 2025» бағдарламасының жүзеге асуы. Бағдарламаның елдің тарихын жаңғыртуға, құнды тарихи құжаттардың табылуына қосар үлесі өте үлкен болмақ. Ал, елге оралған деректемелер цифрланып, қалың жұртшылық назарына электронды форматта ұсынылса, бабалардан қалған асыл мұраның жоғалмауына үлкен септік тиер еді.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button