Жаңалық

Нұргүл Өмірбекқызы: Кітап ұрлайтын оқырман қалыптастырсақ деймін

Бүгін – халықаралық балалар әдебиеті күні. Атақты дат жазушысы, балалар әдебиетінің Бас бағбаны атанған Ханс Кристиан Андерсеннің туған күні. Осындай атаулы күн аясында Елордадағы Балалар кітапханасына жолымыз түсіп еді.

Білекті бірді, білімді мыңды жығатын заманда баланың білімді болып қалыптасуы әсіресе маңызды. Артық білім кітапта. Абай солай дейді. Бала тұрмақ үлкендер кітап оқымайтын қоғамда кітапханашылар қандай шара қолданады? Балалар кітапханасының артықшылығы неде? Жастайынан кітап оқып өскен баланың ой өрісі қандай болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, «балалар кітапханасы» бөлімінің кітапханашысы Әміржанова Нұргүл Өмірбекқызымен құрған сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

Ruh.kz: Балалалар кітапханасы қашан ашылды?

Нұргүл Өмірбекқызы: Балалар кітапханасы 2018 жылдың 23 сәуірінде «Халықаралық кітап күніне» орай кітапхана басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының мұрындық болуымен ашылды. Осы уақытқа дейін қаламыздың сол жақ жағалауында балаларға арналған кітапхана, кітапхана бөлімі болмаған. Балаларға осындай мүмкіндіктің берілуі ел ертеңіне, кемел болашаққа керек-ақ жағдай.

Ruh.kz: Балалар көбіне қандай кітаптарды оқиды?

Нұргүл Өмірбекқызы: Ғаламтор заманында балаларға кітап оқыту мүмкін емес дейтіндер қатты қателеседі. Қызықтыра білу керек. Бізге келіп, бізде уақытын өткізетін балалардың дені қазір «Алпамыс батыр» жырын оқып жатыр. Бірінен-бірі сұрап, бірін-бірі күтіп, бір-бірімен оқиға желісін жарыса айтысып жатады. Қазір демалыс уақыты. Сабақ жоқ. Бірақ, кітапханаға келушілер саны азайған емес. Неге? Қызығушылық бар. Біздің негізгі жұмысымыз да осы. Келесі бір сұранысқа ие кітап Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» романы. Классикалық кітаптарды, Носовты, Абайды оқитындардың саны да аз емес. Бұл қуантарлық жағдай.

Ruh.kz: «Гарри Поттерді» оқиды деп қалдыңыз. Бұл романның қазақша аудармасы жоқ. Алайда, осыны аударып жүрген адамдарды білемін. «Гарри Поттерді» қазақша сөйлетуге қалай қарайсыздар?

Нұргүл Өмірбекқызы: Бұл қуанышты хабар екен. Басшылыққа айтып, баспалармен келісіп жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Балалардың көңілі қалаған дүниесін ана тілінде оқығаны біз үшін де, жалпы ұлт үшін де маңызды. Бұл кітапхана қорының баюы деген сөз. Ал, ол ешқашан артық етпейді.

Ruh.kz: Балалардың ішінде ерекше кітаптарды сұрап таңқалдыратындары бар ма? Осындай жағдайда сіздер балалардың сұранысын толық қанағаттандыра аласыздар ма?

Нұргүл Өмірбекқызы: Қазір балалар әртүрлі энциклапедияны сұрайды. Балалар бөлімінің ашылғанына жыл ғана болды. Кітапхана қоры әлі жиналып жатыр. Қазірде қорда 13 мың 757 кітап бар. Бұл аз да, көп те емес. Десе де, кейде оқырман сұраған кітаптарды бірден тауып бере алмай қалатын кездеріміз болады. Сондай кездерде біз сұралған кітаптарды, оқырмандардың алдағы уақытта қандай кітаптарды оқығысы келсе сол кітаптарды тізімге еңгізіп тапсырыс береміз. Бірақ, сұраған кітабын тауып беруге барымызды саламыз. Оқырманның сұрауына байланысты кітапхана қоры да толығып отырады.

Ruh.kz: Балаларды зеріктіріп алмас үшін қандай шаралар қолданасыздар?

Нұргүл Өмірбекқызы: Кітапханада кітап оқу мен оқытудан бөлек әртүрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. Сондай-ақ тоғызқұмалақ, бейнелеу өнері,  ағылшын тілінің  үйірмелері бар. Баланың кітапханаға келген күнінен бастап ата-анасымен, оқытушыларымен жұмыс істей бастаймыз. Баланың қандай қызығушылығы барын, қабілетін, мінезін зерттеп, біліп сол бойынша ары қарай зеріктіріп алмауға барымызды саламыз.

Ruh.kz: Ашылған бетте қанша бала келетін еді? Қазір қанша оқырмандарыңыз бар?

Нұргүл Өмірбекқызы: Сол жағалаудағы жалғыз балалар кітапханасы екенімізді сөз етіп кеттік. Сондықтан да болар бастапқы кезде күніне 15-20 оқырманымыз келіп тұратын болса, бүл күні кітапханада 60-70 баладай жиналып, сауатын ашады. Ал мерекелік іс-шаралар өтетін күні жиналатын оқырмандар саны көз қуантады.

Ruh.kz: Кітапханада төрт, бес ай жүрген бала мен жаңа келген оқырманның сөйлеу мәнерінде, ойын толық жеткізе алуында айырмашылықтар қаншалық байқалады?

Нұргүл Өмірбекқызы: Кітап оқып жүрген бала мен кітаппен дос емес баланың айырмашылығы болады ғой. Сол секілді төрт ай кітапханаға келіп жүрген бала мен жаңа келген оқырманның арасында да айырмашылықтар байқалады. Кітапхана тек керек кітаптарды тауып берумен ғана емес, сандай-ақ кітапті белгілі бір жүйемен оқуға үйретеді. Қандай бір үлкен еңбектің кіріспесі секілді кітаптар болады. Біз оқырманның дұрыс бағытта ізденгенін қадағалаймыз. Ал жалпы айтар болсақ кітап оқып жүрген бала ойын толық жеткізе алады. Кейде тіпті біз қолдана бермейтін қазақтың көнерген, көркем сөздерін айтып сүйсінтіп те тастайды. Алғаш келген оқырманның көбінде бұндай қасиет болмағанмен, жүйелі жұмыстың арқасында ол да сондай деңгейге жетіп алады.

Ruh.kz: Дина Базарбайқызы апайымыз бір сұқбатында «Бізге кітап ұрлайтын ұрпақ керек» деп еді. Кітап ұрлайтындай оқырмандарыңыз бар ма?

Нұргүл Өмірбекқызы: (Күліп) Біздің оқырмандардың бойынан әзірше ондай қасиет байқалмады. Кітап ұрлау ұрлыққа жатпайды деп айтар едім. Кітап ұрлау – кітапқа деген махаббат. Бұл әрине керек. Біздің оқырмандарымыздың ішінен де сондай жастар шығарына, кітапты ерекше жақсы көретін жастар шығарына сенемін. Шықса деймін.

Сұқбатыңызға рақмет!

Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button