Жаңалық

Ілиястың «Құлагері» ағылшын тілінде «сөйледі»

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, қазақ поэзиясына революциялық өзгеріс әкелген үлкен ақын, арналы әдебиетіміздің барлық жанрына елеулі еңбек сіңірген Ілияс Жансүгірұлының туғанына 125 жыл!

Мерейтой аясында арынды ақынды ұлықтауға арналған түрлі шаралар легі басталды. Соның бірі – ақынның аса күрделі шығармасы «Құлагер» поэмасы – әлем тіліне аударылды. Яғни, ағылшын тіліне аударылып отыр. Бұл – ұлт әдебиеті үшін аса зор жаңалық.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаһандық қазақ мәдениеті» туралы келелі ой тастаған-ды. Бұл аударма жұмысы да осы игілігі зор бағдарлама негізінде жүзеге асырылған. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен Ілияс Жансүгіров қорының бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесінде сүбелі шығарма ағылшын тілді оқырманның назарына ұсынылды. Шығарманы ағылшын тіліне аударған белгілі ақын, аудармашы Белинда Кук. Бұл кісі – бұған дейін орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері Б. Пастернак, О. Мандельштам, М. Цветаевалардың эмиграциялық кезеңде жазған шығармаларын ағылшынша сөйлеткен-ді. Көркем әдеби аударманың қыр-сырын толық меңгерген кәнігі аудармашы, өлең табиғатын сезінген ақынның мұқият әрі зор ыждағаттылығының һәм табанды ізденісінің барысында «Құлагер» поэмасы ағылшын тіліне аударылды. Айта кететін жәйт: бұған дейін Ілекеңнің дәл осы туындысы неміс тілінде «сөйлеген» еді. Орыс, неміс тіліне аударылған шығарма өз оқырманының және әдеби-ғылыми ортаның жоғары бағасын алған. Задында, Ілияс Жансүгірұлы – поэзиялық қуаты зор, екпінді әм тегеурінді ақын. Оның поэтикалық тілі аса бай, эпик әрі динамикасы кең ақын. Оның кез келген шығармасы кинокартинаға, деректі фильмге сұранып-ақ тұр. Ал, бұндай маржан шығармаларды шет тіліне аудару, шет тілінде «сөйлету» – аса зор әрі күрмеуі қиын мәселе еді. Жиналған қауым аудармашы Белинда Кук, мәдениеттанушы Зифа-Алуа Әуезова, халықаралық журналист Роза Құдабаева, үндістандық жазушы Ванита Мукерджи сынды шығарманың аудару процесіне қатысы бар азаматтардың бейне құттықтауын тыңдады.

Салтанатты таныстырылымға сенатор, академик Бақытжан Жұмағұлов, Ілияс мұрасын насихаттап, зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылар, зерттеушілер, сондай ақ алыс жақын шет елдің ғалым азаматтары, шайырдың ұрпақтары қатысты. Таныстырылым барысында белгілі дипломат, профессор Әділ Ахметов аудармашы Белинда Кукпен кездесіп, шығарманың мазмұны мен ұлттық сипаты, қазақылық дәстүрі хақында ой бөліскенін және де шығарманың аударылу процесіне қатысы барын айтып, көркем аударманың сапасы жоғары деңгейде деп өз бағасын берді. Ал, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні, қазақ әдебиетін насихаттауға қосар үлесі жайында және аталмыш кітаптың жарыққа шығуы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, жиын барысында Н. Назарбаев университетінің шетелден шақырылған профессорлары Юлай Шәмілоғлы, Габриэль Макгвейер, Михаил Акулов  аударманың сапасы мен тілі, көркемдігі туралы өз ойларын ортаға салды. Жиынның екінші бөлігінде елімізге белгілі Гүлтас Құрманбай, Анар Фазылжанова, Ермек Адаева сынды профессорлар «Құлагер» поэмасының поэтикалық, лингвистикалық ерекшеліктері жайында тың ойларын білдірді. Ал, жазушы, әдебиетші Айгүл Кемелбаева, мәдениеттанушы, талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінің алғашқы директоры Кәмиля Қоқымова, жазушы, зерттеуші Елдос Тоқтарбай, магистрант Алтын Жәнібекова  Ілиястанудың мәселелері мен түйткілдерін көтерді. Ал, Назарбаев университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Әбдіғапбарова Ақан Серінің “Шырмауық” әнін тамылжыта орындады.

Таныстырылым барысында көркем аударманың кейбір мәселелері төңірегінде салыстырмалы текстологиялық талдаулы көзқарасын білдірген Н. Назарбаев университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ермек Адаеваның пікірін білген едік: «Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласында  «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген болатын.  Шынында да бүгінгі күні қазақ поэзиясының төрінен орын алатын І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының ағылшын тіліне аударылуы  –  рухани өміріміздегі үлкен оқиға болып табылады. Поэманың аудармасымен  танысып шықтық. Аудармашының  әр сөздің төркініне бара отырып, түпнұсқаны сақтай отырып аударуға тырысқанын  атап өткен жөн. Аударманы түрлі қырынан толықтай зерттеу – болашақтың ісі.

Біз ең алдымен поэмадағы этномәдени ақпараттың,  ұлттық код бола алатын  ұғымдардың, атаулардың аудармадағы көрінісіне назар аударуға тырыстық. Себебі барлығымыз білетіндей поэмада қазақ халқының болмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, танымдық көрінісін бейнелейтін этномәдени лексика молынан кездеседі. Ол ұлт тарихын айқындайтын ақпарат көзі болып табылады.   Мәселен, мына шумақтың аудармасын талдап көрейік.

Түпнұсқа:

Ақанды сол күндегі сопы десек,

Әсем тау оған құбыла, Меккеге есеп,

Ән – азан, әдемі сөз – намаз болып,

Кітап боп көңілін ашқан гүл –бәйшешек.

Аударма:

If Akan was a sufi of those times,

mountains were his qiblah pointing to Mecca,

songs the call to prayer, words the prayer itself,

snowdrops the books to lift his spirit.

Түпнұсқадағы поэманың көркемдік қуатын танытып отырған метафоралы ой түзілістері бірінші тармақтағы «Ақан сопы» деген ұғымнан туындап тұр. Ақанның діни ұстанымдары – әсем тау, ән, әдемі сөз. Мұндай ауыспалы мағынадағы астарлы бейнелеулер поэмада молынан ұшырасады.  Шумақтың аудармасында да Белинда Кук осыны жете ұғынып,  түпнұсқадан ауытқымай сөзбе-сөз аударма жасаған.  Мағына дұрыс жеткізілген.  Мұндай тамаша аударылған тұстар – аудармашы ізденісінің нәтижесі болып табылады.

Дегенмен, ұлттық болмысымызды байқататын образды тіркестердің, атаулардың аудармада солғын жеткізілетін тұстары да жоқ емес.  Мәселен, мына шумаққа назар аударайық.

Түпнұсқа:

Әр жақтың қошқарлары, марқалары,

Әр жерде ауыр қотан, алқалады,

Жиылды Сағынайдың сорпасына,

Асын жеп, атын шауып тарқағалы

Аударма:

There were sheep and lambs from each tribe

all crammed into already jam-packed pens,

all brought to make Sagynai’s broth,

for all to enjoy along with the horse race.

Бұл шумақтағы Ілияс жазған қошқар, марқалары – асқа келіп жатқан адамдардың түрлі тобы. Әр рудың жақсы-жайсаңдарын астарлы мысқылмен жеткізіп тұр. Аудармаға қарасақ, бұл тармақ «бұл жерде әрбір тайпаның қойлары мен қозылар бар» деп аударылған. Басқа тілдегі оқырман бұл метонимияларды қалай қабылдар екен? Сөзбе-сөз аудармадан гөрі балаамсын іздеуге тырысуы керек пе еді деп ойлаймыз. Осындағы «ауыр қотан» сөзінің аудармасы да ойландырады.Қорыта айтқанда ұлттық бояуды, сөздің құдіретін, астарлауды толық түсініп, аударманы ұштай түсу үшін аудармашыға еліміздегі белгілі аудармашылармен, ақындармен немесе әдебиеттанушылармен жұмыс істеу керек тәрізді». Лингвист ғалымның «Құлагер» поэмасындағы этномәдени ақпараттың аудармадағы көрінісі жайында пікірі ой салды. Ілияс Жансүгіров қорының Президенті Жанар Жандосованың пікірінше, алдағы уақытта поэманың аударылу барысына арналған арнайы талқылау жиыны өтеді екен. Жалпы биылғы жылы Ілиясты тану, зерттеу, насихаттау мәселелеріне арналған бірқатар шаралар ұйымдастырылмақшы.

«Құлагер» кітабына арнайы иллюстрация жасаған суретші Дәурен Қастеев. Бұл атақты суретші Әбілхан Қастеевтің ұрпағы. Оқырман назарына «Құлагер» поэмасының композициясы бойынша салынған иллюстрацияларды ұсынамыз.

Елдос Тоқтарбай,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button