Жаңалық

КІСІ ЕСІМДЕРІНЕ ҰЛТТЫҚ КЕЙІП БЕРЕТІН Ә ДЫБЫСЫ НЕГЕ ҚЫСЫМ КӨРУІ ТИІС

Жазудың сыртқы формасы мен ішкі мазмұнының үйлесімі терең зерттеп-зерделеуді талап етеді. Сыртқы формасы деп отырғанымыз – әліпби, ішкі мазмұны – әріптер өзара байланысқа түскенде шығатын әуез бен ырғақ, яғни жазудың емле ережелері.

Жазу әрине сөздің ішкі мазмұнын таңбалап бере алмайды, дегенмен айтылу заңдылықтарын барынша дұрыс бейнелеуге құрылады. Айтылым заңдылықтарын сақтауға, оған ықпал етуге тікелей қатысы болғандықтан, жазудың қызметі мен мазмұнын осылайша шартты түрде екіге бөліп отырмыз. Екеуі әрқашан бір-біріне сәйкес келе бермейді. Сондықтан тіл білімінде жазылым және айтылым заңдылықтары қалыптасқан. Тілдің табиғи қалыбын сақтап қалу үшін екі түрлілігіне қарамай, бұлардың барынша жақын болуы шарт. Қазіргі қазақ есімдері дыбыстардың дұрыс таңбаланбауына байланысты күрделі кезеңді басынан кешіріп жатыр. Бір есімнің алды оннан аса түрде жазылуы сол күрделі жағдайдың көрсеткіші. Бұл кісі есімдерінің дыбыстық құрылымы бойынша зерттеулердің тым аздығынан және осы мәселемен тікелей байланысты нормасыздықтан туындап отырған жағдай. Сондықтан, әр дыбыстың табиғаты мен орны айқындап алынуы тиіс.

Кісі есімдерінің құрамындағы орны бойынша мәселелері толық шешімін таппаған дыбыстардың бірі – «ә». Сондықтан, айналасында «неге?» дейтін сұрақтар туындайды. Сөздің екінші, үшінші буынында да айтылатынына қарамай, сірә, кінә, күнә, іңкәр, күнәкар, күпәйке секілді кей сөздерде ғана жазылады. Тура осылай дыбысталатын кітап, ділда, сайгүлік, кабинет, жадыгөй т.б. секілді сөздерде ә емес, а әрпін жазамыз. Сол секілді Жәмила, Кәбира, Кәмила, Сәлима, Сәбира, Ләйла т.б. секілді есімдердің барлығында ә дыбысталатынына қарамай, жуан а-ны қолданамыз. Осылайша сөздің тарихи табиғатындағы басынан аяғына дейін тұтас жуан не жіңішке буынға құрылатын заңдылықты айтуда емес, жазуда бұзып отырмыз. Ілгеріде аталған сөздерде айқын айтылып, естілетін бірыңғай жіңішке буынды неге аралас жасағанымыз белгісіз? Неге бұл дыбыс тұруы тиіс орнынан шеттетіледі? Осы секілді сұрақтар жауабын күтетіні рас, алайда қазірге оның нақты бір уәжді тоқтамы айтылмай келеді

Ә дыбысы жалаң және күрделі тұлғалы кісі есімдерінің құрамында қолданыла береді. Қазірге дейінгі нормалану дәрежесін бірізденген немесе нормаланған деп айту қиын, өйткені құжаттарда Әбділдә, Әбділда, Әбдилда, Абдилла, Абдилда т.б. нұсқалары қатар кездеседі. Сондықтан, жаңа әліпбиге көшу кезінде қалыптасқан түркі, берісі қыпшақ, соның ішінде қазақ тілінің ертеден өзгермей келе жатқан байырғы заңдылықтардың бірі – буын үндестігі. Сөздің басы жіңішке болса, соңғы буындар да жіңішке, жуан болса, соғысы да солай. Ә дыбысының сөз құрамындағы орны осы заңдылықтардың орындалуына мүдделі, өйткені а мен ә дыбыстарының өзара айырмашылығы жуан, жіңішкелігінде. Кірме есімдердің құрамында оның айтылуға ғана болмаса, мағынаға ешқандай әсері жоқ. Осы орайда ертеректе дайындалса да, құжат толтыруда басшылыққа көп алынбаған мына ережеге тоқтала кетуге тура келеді. Ерже емес, «кісі аттарымен байланысты кейбір ескертпелер» деп аталады. 1963 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіндегі» 2 қосымшада: «ә, о, ө, ү әріптері негізінен жалаң түбірлі кісі аттарының бірінші буындарында және біріккен тұлғалы кісі аттарының екінші сыңарларының басқы буындарында жазылады. Мысалы, Әлім (Алім емес), Әсет, Әбдікәрім, Әбікен, Әбіл, Есенәлі, Сәбира (Сәбирә емес), Жәмила (Жәмилә емес), Кәмила (Кәмилә емес)… т.б.». Осы кітаптың 568-бетіндегі «Әріптердің емлесі» бөлімінде де «ә» әрпінің жазылу ережесі осыған ұқсас: жалаң сөздердің бірінші және біріккен сөздер мен қос сөздердің екінші сыңарларының басқы буындарында да жазылады. Тек ескертуде «сірә, кінә, іңкәр…» секілді сөздерде екінші буында жазылатыны айтылады [1, 526 б., 568 б.]. Бұл қосымшаны дайындаған қазақ ономастикасының білгір маманы, профессор Т.Жанұзақов болатын. Жалпы қазақ тілі орфографиялық ережелерінің аясынан шықпаған. Кейін 1988 жылы К.Есбаевамен бірігіп дайындаған «Қазақ есімдері» атты орысша-қазақша сөздік –анықтамалығының «Кісі аттарының жазылуымен байланысты кейбір ескертпелер» бөлімінде қайта берілді. Бұнда «Күләш, Күлән, Күләй, Күләнда, Күләсия, Іңкәр сияқты бірқатар жалаң түбірлі кісі аттарының екінші буындарында «ә» әрпі жазылады», – деп толықтырады [2, 14 б.]. Бұл мысалдар уақыт өткен сайын зерттеу нәтижелерінің жетіле түскенін, кісі есімдерінің табиғаты айқындалып, жазу нормасына деген жаңаша талаптардың туындап отыратынын көрсетеді. Демек, 1988 жылдан бергі уақыт аралығы да бос жатқан жоқ, кісі есімдері бойынша біршама зерттеу жұмыстары жарық көріп, жаңаша пікірлер қалыптасты. Тілдің табиғаты мен даму заңдылықтары және бүгінге дейінгі белгіленген нормарлардың қызметі мен кісі есімдеріне ықпалы бойынша сараптаулар жасағанда жазу нормасына тағы да өзгерістер енгізу қажеттілігі туындағанын байқаймыз.

Қазір тілімізде ә дыбысынан басталатын және екінші буында да айтылатын біршама есімдер қалыптасты. Кейінгі буындарында бұл дыбыстың біразы айқын естілсе, кейбірі (соңғы ғасырдағы жазу нормасының ықпалымен) көмескілеу естілуі мүмкін, алайда а мен ә табиғатының жақындығын және қазақ тілінің тарихи нормасына сәйкес үндестік заңының талаптарын ескерсек, а-ға емес, керісінше ә-ге басымдық беруіміз керек. Тіліміздің заңдылығына қайшы болмаса немесе біртұтас нормаға айналып кеткендіктен өзгерту үлкен қиындықтарға соқтырып жатпаса, ә дыбысының соңғы буында жазылуынан қашуға ешқандай уәж жоқ. Екіншіден, ә дыбысының екінші немесе басқа буындарда жазылуынан есім мағынасына да, айтылым мен тыңдалым қызметіне де ешқандай нұқсан келмейді. Керісінше біртұтас айтылу сөйлеушіге де, тыңдаушыға да жеңілдік әкеледі. Бір түрлі айтып, екінші түрлі жазудың өзіндік бір айқын себебі болмаса, долбарлап орфография мен орфоэпияға оңды-солды топтастыра беру артық. Кейде бұл жазу принциптерін осалдатып, ережелердің күрделенуіне де соқтырауы мүмкін.

Айтылуы мен жазылуының бүгінге дейінгі көрсеткіштері бойынша қазақ есімдерінің құрамындағы ә дыбысының қолданылуын төрт топқа бөліп қарауға болады: біріншісі – алдыңғы, артқы буындардың ықпалымен а дыбысының жіңішкере айтылуынан пайда болған қазақ тіліне тән төл есімдердің құрамындағы ә дыбысы; екіншісі – араб тілінен енген есімдердің басқы жағында қолданылатын ә дыбысы; үшіншісі – орыс тілінен енген кісі есімдерінің тілдік игерілуі нәтижесінде пайда болған ә дыбысы; төртіншісі – араб тілінен енген есімдердің құрамындағы әйел тегін білдіретін қосымшаның ә болып айтылуынан пайда болған дыбыс. Енді осылардың әрқайсысына жеке тоқталып көрелік.

 

    • , кейбір қазақ тіліндегі төл есімдердің құрамында алдыңғы және кейінгі буындардың ықпалымен а-ның жіңішкере айтылуынан пайда болған ә дыбысы қолданылады. Айтылым негізінде қалыптасқан осы дыбыстар құжаттарда солай жазылып та жүр. Бәукей – Баукей, Бәукен – Баукен, Бәубек – Баубек, Бәйбек – Байбек, Бәйгел – Байгел, Бәйгелді – Байгелді, Бәймен – Баймен т.б. кейінді ықпалдың нәтижесінде орныққан есімдер. Бұл есімдерді біріздендіру түбір сақтап жазумен байланысты жүзеге асады.

 

Гүләй, Гүлмән, Күләй, Күлән, Күләш т.б. біршама есімдердің құрамында -ай, -ман, -ан, -аш сөзі мен қосымшалары бірінші буынның ықпалымен жіңішке түрде жазылады. Бұл орайда қазақ тілінің төл элементі бола тұра тілімізде осы дыбыстық нұсқасы нормаға айналып кеткендіктен, жазу нормасында да сол сақталады.

Екіншіден, араб, парсы тілінен енген есімдердің басқы жағында ә дыбысы қолданылады. Оларды ә әрпінің жазылу мәселесі бойынша жалаң және біріккен тұлғалылар деп топтастырамыз. Ә дыбысымен басталатын жалаң түлғалы есімдер: Әбіш, Әбдез, Әбдей, Әбделі, Әбдет, Әбді, Әбділ, Әбек, Әбекен, Әбен, Әбеу, Әбзел, Әби, Әбу, Әлім, Әліп, Әліш, Әлішер, Әмен, Әмет, Әмеш, Әми, Әмин т.б. Бірінші буын мен соңғы буынның арасында айырмашылық жоқ, біртұтас жіңішке айтылып, жазылады. Тілдің тарихи табиғатына сай. Тарихи грамматика мамандарының зерттеулеріндегі пікірлерге сәйкес ә дыбысынан басталып отырған осы есімдер араб-парсы тілдерінен енген. Алайда, қазақ тілінің заңдарына бейімделіп, құрылымдық жүйесі үлкен өзгерістерге түскен. Бұлардың ішіндегі Әбіш, Әбек, Әбекен, Әбен, Әбеу, Әмен, Әмет, Әмеш т.б. осы секілді тұлғалар өзінің түпкі болмысынан мүлде алшақтап кеткен. Осылай қалыптасуы қазақ антропонимжасамының жемісі – тілдің қазанында қайнап, қайта сомдалып шыққан. Түпкі тегінің қандай екеніне қарамай, бірінші дыбысы немесе буыны сақталып, оған қазақ тіліндегі жұрнақтардың жалғануы арқылы жаңа форма жасалған. Түпкі тегін іздеп, мағынасын анықтағымыз келсе, оны таба алмауымыз мүмкін, өйткені түбірімен өзгеріп кеткен. Жазу нормасында көп қайшылық жоқ, біртұтас жіңішке буынды есімдер болып табылады. Тұтас болмысымен өзгеріп кеткендіктен, бұл есімдердің жазылуы мен айтылуындағы мәселелер орыс тіліне бейімделуінде ғана. Әбішті – Абиш, Әбекті – Абек, Әменді – Амен т.б. өзгертулер кездеседі. Алайда бұл біртұтас норманы белгілеуде аса қиындық тудырмайтыны белгілі, себебі олар араб тілінің емес, қазақ сөзжасамының негізінде қалыптасқан тұлғалар.

Араб, парсы тілдерінен енген есімдердің біршамасы Әбдірахман, Әбдірақым, Әмір, Әли, Әбубәкір т.б. есімдер сыртқы тұлғасы өзгергенмен, ілгерідегілер секілді түпнұсқадан қара үзіп кетпеген. Қайдан шыққаны белгілі, сондықтан мағыналары да айқын. Ілгерідегі есімдер секілді емес, бұлардың дұрыс нұсқаларын таңдауда біршама күрделі жағдайлар бар. Әркімге өз есімін таңдау еркі берліген құқықтық жүйеде өмір сүріп жатқан қоғамда бұндай әлеуметтік мәселелердің шешілуі қиын. Игерілуі жазу нормасына бағынбай тұрған кезде жүзеге асқан, кейін жазу ережесі белгіленгенде олардың негізінен айтылуы басшылыққа алынды. Тілімізге төл элемент ретінде сіңісіп кеткенмен қазіргі қоғамдық санадағы өзгерістер жазу жүйесіне өз талаптарын ұсынуда және статистикалық мәліметтер ол ұсыныстардың елеулі дәрежеде орындалып жатқанын растайды. Соңғы жылдарда елімізде ислам дінінің кеңінен таралуына және орыс тілінің ыңғайына бейімдеуге қызығушылықтан туындап отырған нормабұзушылық жолға қойылуы тиіс. Ондағы ерекшелік – ә әрпінің орнына а, яғни Кәрімнің орнына Карим, Есләм немесе Ісләмнің орнына Ислам т.б. жазу.

 

    • Үшіншіден, бір айта кететін жағдай, қазіргі құжаттарда ішінара болса да, Әндірей, Әнел, Әрмиә, Әрмиән секілді дыбыстық жағынан тіліміздің заңдылығына сай игерілген есімдер кездеседі. Игерілуі шетелден келген қандастарымызға тиесілі екені белгілі. Қалай болғанда да бұл ә дыбысының кірме есімдерді байырғы үлгі бойынша игеруге қатысуының көрсеткіші. Кирилл әліпбиінің ықпалымен өзінің ұлттық иммунитетінен айрылған тіліміздің құрылымында көбірек соққы көрген әсіресе ұлттық реңк беретін дыбыстар болатын. Бірте-бірте олардың кірме элементтерді игеру қабілеті мүлде әлсіреп, жойылуға жақындаған еді. Аталған есімдер сол кірме есімдерді игеру заңдылығының ел ішінде сақталып қалған көзі секілді. Бұл заңдылықтың іске қосылуы көрініс берген жағдайда, яғни қазақ тіліне бейімделген есімдерді қайта өңдеп, жаңаша қалыпқа салуға болмайды, керісінше кеңірек таралуына жол ашылуы тиіс. Қазіргі құжаттарымызда бұл есімдер негізінен Андрей, Анель, Армия, Армиян түрінде жазылады. Ал жаңа әліпбидің мүмкіндігіне салсақ, олар мынандай нұсқада жазылмақ: Andrei (Андрей), Анел (Anel), Армиа (Armɪa), Армиан (Armɪan). Бұл орайда өз құқығын пайдалана отырып, ат қоюшылардың шетелдік есімдерді игеруі қазақ тілінің заңлылықтарына дәл сәйкеседі, сондықтан Әрмиә мен Әрмиән есімдерінің соңғы буындарындағы ә әрпін а-ға өзгерту қажеті емес.

 

    • , ә дыбысы есімнің әйелге тән екенін білдіріп, есімнің соңында айтылады. Кирилл әліпбиіне негізделген жазуда біршама есімдер я, енді біршамасы а әрпімен жазылып жүрді. Я әрпі есімнің дыбыстық тұлғасын бейнелеуге кейде сәйкес келсе, кейде орыс тілінің заңдылықтарына негіздей жазылады да, төл қалыбынан айниды. Мысалы, Әсия, Әния, Әнзия, Мәрзия т.б. деп жазғанда қазақша айтылуы дыбыстық таңбамен сәйкеседі, ал Жәмиләны Жамиля, Кәмиләны Камиля т.б. деп жазғанда екі түрлі. Сонымен қатар я дифтонг дыбыс, и мен а-ны таңбалайды. Орыс тілінде аталған жуан дыбыстарды таңбалағанмен, қазақ есімдерін жазуда оның мына бір мүмкіндігін ескермей кетуге болмайды: Ғалия, Нұрия, Сәния, Жәния, Әлия т.б. секілді есімдердің соңғы дыбысы алдыңғы буынның ықпалымен «-иа» түрінде де, «-иә» түрінде де айтылуы мүмкін. Енді алдымызға жаңаша талап қойылып отыр. Латын негізді қазақ әліпбиінде бұл әріптің болмауына байланысты алдындағы буынның жуан, жіңішкелігіне қарай олардың аражігін айқындап алуымыз керек.

 

Ә әрпінің қолданылуы кісі есімдеріне қатысты алғанда көріп отырғанымыздай, негізінен араб-парсы тілдерінен енген есімдерді қамтиды. Ілгеріде сілтеме жасалған бұған дейінгі ережелерде, кей жағдайда болмаса, бірінші буыннан өзгесінде жазылатыны туралы айтылмайды, демек бұған дейінгі зерттеушілердің қолдамағаны байқалады. Лингвистикалық тұрғыдан алғанда да заңдылықтардың бұлайша бұрмалану себебі аса түснікті емес. Сөз басында тоқталып өткеніміздей, туған тілдің төл заңдылығын бұзып, «ә» дыбысының орнына «а» әрпін пайдалану біздің пікірімізше қателік секілді. Өйткені «ә» орнына «а» немесе «я-ны» пайдалану біріншіден есімнің дыбыстық формасын дәл бере алмайды, екіншіден айтылуында қиындықтар тудырып, тіл табиғатына өзгерістер әкелуге жетелейді. Мысалы, Әбдіраш, Әбділда, Ләззат, Ләзиза, Әнипа т.б. секілді жіңішке айтылатын есімдердің соңғы жуан буыны алдыңғысына әсер етеді де, а мен ә-нің ортасында көмескі дыбысталады немесе толықтай жуанға, яғни Абдыраш, Абдылда, Лазат, Лазиза, Анипа т.б. айналады. Құжаттардағы көпшілік есімдердің қате жазылуында осындай буын құрамындағы ала-құлалықтың да себебі бар ма деп ойлаймыз. Өйткені жазу ережесі арқылы бұзылған заңдылықтың сөйлеу тілімізге де ықпал еткені соншалық, қазіргі кезде көбіміз қалыптасып қалған қате нормадан бас тартқымыз келмейді. Солай болуы керек сияқты көрініп тұрады. Қалай да тарихи негізімізге оралуымыз керек, рухани жаңғырудың да мақсаты осы.

Тілімізде екінші буында немесе соңында ә дыбысы қолданылатын біршама есімдер бар. Құжаттардағы жазылуы әртүрлі: бірде – а, бірде – ә, енді бірде – я. Бүгінге дейін кісі есімдерінің құрамындағы нақты жазылу нормасы айқындалмаған дыбыс. Енді осы есімдердің соңына ә дыбысын жазып, көз алдымыздан өткізіп көрелік: Әбділдә, Әбділлә, Әбдірәш, Әбжәл, Әбжәлел, Әмиә, Әминә, Әминәм, Әминәт, Әнәпиә, Әнзиә, Әнипә, Әнирә, Әнисә, Әнуәр, Әпиә, Әринә, Әсиә, Әсиәт, Әсмә, Әсмәғи, Әукәр, Әштәй, Әшірәп, Бәзирә, Бәйділдә, Бәкірәмбек, Бегдәзім, Бегділдә, Бегділлә, Біләл, Біләс, Біләш, Бірәлі, Гөзәл, Гүлән, Гүләндә, Гүләфиә, Гүлилә, Гүлинә, Гүлпәри, Дәлидә, Дәлилә, Дәлирә, Дәмилә, Дәмирә, Дәниә, Дәуриә, Есләмбек, Есләмғали, Жанәбіл, Жанәділ, Жанәлі, Жанбәкір, Жәбриә, Жәниә, Жәсиә, Зәуриә, Кәдиә, Мәдиәм, Мәдиәр, Мәрзиә, Мәриә, Мәриәм, Мәриәш, Нәзиә, Нәсиә, Рәбиәм, Сәлиә, Сәндиә, Сәниә т.б.

Бір қарағанда ә дыбысының сөз соңында тұруына бұрын көз үйренбегендіктен аздап тосырқауымыз мүмкін, алайда үндестік заңы тұрғысынан алғанда және алдағы болашақта қазақ есімдері тұлғасының түзулігі үшін оны таңбалаудың дұрыс үлгісі осы деп ойлаймыз. Бір ғана қайшылық – жіңішке буыннан кейін жіңішке қосымша жалғануы тиіс еді, алайда бізде соңғы дыбысы ә-мен аяқталатын (-гә, -дә т.б.) қосымша жоқ. Екіншіден, «соңы ә-ге біткен есімдерге жуан жалғау жалғанады» деген ереже кей мысалдарда (Ләйләны (Ләйләні емес), Кәмиләны (Кәмиләні емес) т.б. есімдерде) көңілге қонымсыздау көрінуі мүмкін, алайда бірізділік үшін бұл дұрыс. Қазіргі дайындалып жұртшылық талқылуында жүрген «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінде» де бұл жөнінде айтылған: «Соңғы буыны ә-мен аяқталған кісі есімдеріне қосымшалар жуан жалғанады: Күләш-қа, Күлән-ға, Біләл-ға» [3, 20 б.]. Сонымен қатар осы емле-ережесіндегі кісі есімдеріне қатысты келесі бір ережеде «Араб, парсы тілінен енген кісі есімдері қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкес жазылады…», – деп көрсетілген [3, 21 б.], демек екеуі де ә әрпінің жазылу принциптеріне сәйкес келеді. Енді осы ұстанымда тұруымыз керек.

Жинақтай келгенде ә әрпінің жазылу ережесін белгілегенде мынандай екі принципке сүйенеміз: біріншіден, тарихи принцип – буын және дыбыс үндестігі; екіншіден, тілдің кірме есімдерді игеру принципі, яғни шыққан тегінен алшақтатып алмай, дыбыстық тұлғасын қазақ тілінің заңдарына сай өзгерту принципі. Айналып келгенде біздің ұсынып отырғанымыз – антропонимжасам заңдылықтарының аясында қалыптасқан есімдер тұлғасының байырғы үлгілерін қайта қалпына келтіру немесе сақтап қалу.

Бұл тек қазақтың ғана емес, Қазақстан халқы есімдерінің үлгісіне айналуы да мүмкін. Өйткені қазіргі құжаттардағы аты-жөннің көпшілігі түрлі ұлттарға ортақ, тек жазылуында ғана аздаған өзгешеліктер бар. Оның өзі бұл бағыттағы арнайы зерттеулердің жоқтығымен тікелей байланысты. Құжаттар бойынша аты-жөніміздің стаистикалық көрсеткіштері «Қазақстан халқының есімдері» деген ортақ лексикалық қордың пайда болып келе жатқанын көрсетеді және ол күн тәртібіне қойылуы тиіс жаңа бір мәселе жайында хабар беріп тұрған секілді.

Әдебиеттер тізімі

 

    1. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. – Алматы: «ҚазССР ҒА баспасы», 1963. – 576 бет.

 

    1. Жанұзақов Т., Есбаева К. Қазақ есімдері (анықтама сөздік). – Алматы: «Ғылым», 1988. – 480 бет.

 

    1. Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле ережелері. – Астана, 2018. – 31 бет.

 

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button