Жаңалық

Зейнолла Самашев: Қазба жұмыстарын жүргізуде өз құпиям, интуициям бар

Қазіргі қазақ ғылымының өркендеуіне, дамуына зор үлес қосып жүрген ғалымдар көп.

Елінің қамы үшін, бабалар тарихы үшін өз өмірін арнаған жандардың бірі, ол – тарихшы-археолог, көптеген археологиялық экспедициялардың мүшесі, Қазақстан петроглифтарын зерттеудің ең білікті маманы, тарих ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Археология институты филиалының директоры Зейнолла Самашев. Ғалыммен өмір жолы, шығармашылығы, қызығы мол саланың құпиясы жайында әңгімелескен едік.

Ruh.kz.: Зейнолла аға, сәлеметсіз бе! Сізді білмейтін археолог, тарихшы кемде-кем шығар. Алайда, оқырмандарымыздың көп бөлігі бала Зейнолланы танымайтын шығар? Әңгімеміздің басын сол жеті қырдың астында қалған балалық шағыңыз туралы тәтті естелікпен бастайықшы…

Атақты археолог пен журналист Малика Ғалиева

Зейнолла Самашев: Сәлеметсіз бе! Білмесе, айтып берейін (Күлді). Мен, Қазақстанның киелі жері – Шығыс Қазақстан облысынан боламын. Туған ауылым – Бестерек ауылы. Өз ауылымда алғаш мектеп табалдырығын аттап, сол жерде әліппемен танысқан болатынмын. Мектеп сегіз жылдық болған соң, Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті тәмамдадым. Мектеп, сол жылдары қаладағы жалғыз қазақ тілді оқу ордасы еді. Мектепте алған білімімнің арқасында қаладағы педагогикалық институтқа түсіп, тарих факультетінің студенті атандым. Институт қабырғасында жүріп, қазба жұмыстарына қызығушылық таныттым. Сол қызығушылығым археологиямен айналысуыма үлкен септік болды. Кейін оқуымды бітіріп, жергілікті мектепте ұстаз болдым. Сол жылдары, оқушылардың жазғы демалысы уақытында оқушыларды ертіп, түрлі қазба жұмыстарына қатысатын едік. Студент кезімде басталған тарихқа деген әуестігім мектеп қабырғасына сыймағандықтан, мен әсем қала – Алматыға көшіп келдім. Сонау, 1979 жылдан бастап, үлкен академиялық ғылым ортасына басыммен еніп кеттім. Жанымды, жүрегімді осы ғылымға арнағаныма алпыс жылдан астам уақыт  өткен екен.

Ruh.kz.: Құпиясы көп археология ғылымы сізді несімен баурап алды?

Зейнолла Самашев: Тарих факультетінің студенті болған уақыттан бастап десем де болады. Студенттіктің алғашқы жылдарында қазба жұмыстарына шақырту алып, қуана-қуана келіскен едім. Міне, сол экспедицияда менің бар болмысым археологиямен егіз екенін түсіндім. Жадымда жүретін тағы бір оқиға бар. Бірінші курстың студентімін. Ұстазымыз Рая Арысланованың лекциясын тыңдап отырған кезде, қолында түйіншектері бар, деканымыз Василий Петров кіріп келді. Біздерге бір қарап, ол өзінің қолындағы матаға түйілген нәрсені аша бастады. Үстелдің үстіне кішігірім заттар қойыла басталды. Деканның айтуымен әр заттың тарихы ашылды бізге. Бұл кішкентай құнды дүниелер мені қатты қызықтырды. Сонда деканымыздың көне дәуірге қатысты заттарды көріп, оның қай жылға, қай ғасырға қатыстылығын бірден анықтауы мені қатты таңқалдырған еді. Құпиясы көп археология ғылымы осылай мені өзіне баурап алды.

Ruh.kz.: Қазба жұмыстары кезінде ештеңе таба алмаймын деген қорқыныш сезімі болады ма? Интуицияға сенесіз бе?

Зейнолла Самашев: Дұрыс сұрақ. Жиі кездеседі. Мысалы, 100 жағдайдың 90-да тонаушылықтың зардабын шеккен ескерткіштер болады. Жылдар өткен сайын тәжірибе де жиналады. Тәжірибе маған көп нәрсені үйретті. Ұзақ уақыт жинақталған тәжірибе мен ішкі интуициям тоғысқан кезде, қазба жұмыстары барысында қорғанның, ескерткіштердің хал-ахуалын бір қарағаннан айтып бере аламын. Қазба жұмыстарының барлық нюанстарын қарапайым жас археолог байқамағанымен, мен байқаймын. Себебі, мен осы ғылымның саласында 1967 жылдан бері қызмет атқарып жүрмін. Қазба жұмыстарын жүргізуде өз құпиям бар, өз интуициям бар.

Ruh.kz.:  Әр жылдары әртүрлі қазба жұмыстарына бардыңыз, ал өзіңізге ең жақыны, есте қалғаны қайсысы?

Зейнолла Самашев: Олардың қатары көп. Ең ауқымдысы және маған көп эмоция сыйлағаны Сақ дәуірінің ерекше сақталған ескерткіші – Берел қорымына қатысты қазба жұмыстары. Тоң басқан қорғандардың астынан табылған патшаның, оның анасының сүйектері және қасында жатқан «алтын» аттар біздің дәуірімізге дейінгі III-IV ғасырға жатады. Бұл тарихи ескерткіштерге қатысты жаңалықтар біздің ежелгі тарихымызға тікелей қатысты болғаны мені қатты қуантты. Сондықтан да болар, бұл тарихи жаңалыққа қатысты болу, осындай қазба жұмыстарын жүргізу мен үшін ерекше болды және жадымда мәңгі сақталады. Маңызы зор еңбектерімнің қатарына жартастардағы петроглифтерді зерттеу жұмыстарын да жатқыза аламын. Соның ішінде Шығыс Қазақстан территориясындағы петроглифтердің өте ежелгі тарихын, олардың сипаттамасы мен ерекшеліктеріне ғылыми жұмысымды арнадым. Ғылыми жұмыс барысында петроглифтердің тылсымға толы әлемімен таныстым. Ежелгі адамдардың жартастарға қашап салған аңдардың бейнелерін қазіргі заманның ғалымдары зерттеп, ата –бабаларымыз шифрлеп кеткен жаңалықтарды ашуға асық. Осы сюжеттердің ар жағында ненің жатқанын білу арқылы ежелгі тарихымыдың көп ақтаңдақтарының орнын толтыра аламыз. Белгісіз жазбалардың шифрін танып, оқи алатын боламыз. Бұл ежелгі коммуникативті жүйе сакралды, әрі саналы. Өйткені, осы бейнелердің шифрін ашу барысында «осы суретті тасқа қашаған адам қандай ойда болған екен?  Белгілі бір суретті не мақсатпен салған екен?», – деген ойлар еріксіз санаңды жаулап алады. Экспедициялар барысында табылған петроглифтерге мінездеме іздеген кезде, олардың шығу дәуіріне мән береді екенсің. Себебі, тасқа қашалған әр суреттің өз дәуірі мен уақыты бар. Петроглифтерді, олардың шығу тарихы мен дәуірін зерттеу, олардың шифрін табу менің жұмысым. Есімде ерекше сақталып қалған экспедицияларым деп, барлық қазба жұмыстарым еске түсіп отыр (күлді)… Сондай жұмыстарымның бірі – Өскемен қаласынан отыз шақырым қашықтықта орналасқан Құржымбай тауының етегіндегі, ашық аспан астындағы «Ақбауыр» археологиялық кешені. Бұл архелогиялық ескерткіш туралы көп жазылды және көп талқыланды. Алайда, бұл астрономиялық кешенді, символдарды әркім әртүрлі талқылайды. «Ақбауырдағы» осы құпия жазу мен бейнелердің негізгі түп-тамырын табудың өзі қызыққа толы жұмыс болды.

Ruh.kz.:  Сонда «Ақбауыр» археологиялық кешеніне қатысты ашылған жаңалықтар да сіздің еңбегіңіз бе?

Зейнолла Самашев: «Ақбаурды» ғылым әлеміне алғаш алып келген менмін. 60-жылдары осы кешен туралы кітап жазып, жарыққа да шығарғанмын. «Ақбауыр» шағын ғана қорған, ол жерде кездесетін символдар да жиі кездесетін символдар қатарына жатады. Бұл суреттер қызыл күрең охрамен салынған. Негізі бұл аспан астындағы ескерткіштен гөрі мағынасы мен көлемі жағынан ауқымды ескерткіштер жетерлік. Тарихта сондай кездейсоқтар болып отыратыны заңдылық. Кейде белгілі бір ескерткіштердің ашылу жаңалықтары жаһанға тез тарайды. Сондай кездейсоқ заңдылыққа «Ақбаурды» да жатқызуға болды. «Ақбауыр» кешені менің туған ауылым Бестерекке жақын орналасқан. Есімде, бала кезімде мектепке бара жатқан жолдың бойында, ескерткіштердің жанынан өтіп, суреттерді тамашалайтынбыз.  Ал, қой кезегі келген кездері ауылдың қойларын осы «Ақбауырдың» жанына алып келіп бағатынбыз. Сонда, үлкен ағам маған тастарға қашалған бейнелерді көрсетіп, мені қызықтырған. Осылай тарихи ескерткіштермен бала кезімде алғаш танысқан едім.

Ruh.kz.:  Зейнолла Самашұлы, сіз археологиялық экспедицияларды Қазақстанның қай аймақтарында өткіздіңіз?

Зейнолла Самашев: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына келген жылдары мені Қазақстанның әр түпкіріне экспедиция құрамында жіберіп отыратын еді. Көктем айлары басталғанда еліміздің оңтүстігіне, Отырар жеріне барған едік. Ежелгі Отырар қаласының орнын «қаздық». Қазба жұмыстары өте қызық өткен еді. Отырармен қатар Қаратау тауларына жақын жердегі ескерткіштердің қазба жұмыстарына да араластық. Бұл археологиялық жұмыстардан соң Қазақстанның батысына, шығысына, оңтүстігі мен солтүстігіне, орталығына да бардық. Атырау облысындағы Сарайшық ескі қаласының қазба жұмыстарын, Үстірт шөліндегі қазба жұмыстарын, Алтай тауларының бауырында да археологиялық жұмыстарды атқарды. Жалпы археологиямен айналысу романтика, қызық қой. Жазда Алтайдың тамаша табиғаты – таулар, сарқырап аққан су, мөлдір бұлақтарды  шөлді Үстірттің басыңды қыздырған күніне, бетіңді күйдірген желіне бір мезетте ауыстырасың. Бұл атмосфераға үйренісу, ауыз суды 200 шақырым алыс жердегі құдықтан алып келудің өзі есіңде қаларлықтай ғой. Табиғаты сұлу, орманы мен тауларға бай Алтайда да, космостық ландшафттары бар Үстіртте де жұмыс жасау аса қызық еді.

Ruh.kz.: «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында еліміздің сакральды  жерлерін қорғау және оны насихаттау тарауы ерекше көзге түседі. Еліміздің сакральды жерлері туралы пікіріңізді білсек.

Зейнолла Самашев: Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы өзекті тақырыптарды қамтиды. Еліміздің сакралды жерлері әрқашан да болған және оған аса назар аударған дұрыс. Өйткені бұл география туралы екінің бірі біле бермейді. Жалпыхалықтық сипатқа ие тарихи ескерткіштерді халық, соның ішінде ел жастары тануы тиіс. Осы білім базасының негізінде заманауи глобализация жағдайында жастардың мәдениеті қалыптасады. Жаһандық әлемге әр ел өзінің мәдениетімен кіріп, сол жерде қалуы қажет. Мысалы, жапондықтар кимано киімімен және мәдениетімен, ағылшындар уақыттан аспайтындықтарымен, француздар круасанымен және тағысын тағы. Ал біздің тарих өзгеше, біз 300 жыл бойы империяның құрамында болдық. Колония саналдық. Ешкім мойындағысы келмесе де, ол шындық. Біз Ресей империясының колониясы болдық. Тәубе, бабалар аңсаған тәуелсіздікке жеттік. Енді өз мәдениетімізді, өз болмысымызды, тарихымызды жаңғыртуымыз керек. Бұл мақала сол үшін қажет. Әйтпесе жаһандық әлемде жоқ болып кетуіміз мүмкін. Бұл орыс боданы болудан да жаман нәрсе. Мәдениет арқылы ежелгі тарихты, ежелгі ескерткіштерді сақтап қалуға болады.

Ruh.kz.: Қазақ археологиясының қазіргі жағдайы қандай? Шәкірттеріңіз бар ма?

Зейнолла Самашев: Еліміздің археологиясының бүгінгі жағдайы өте жақсы деп айта алмаймын. Жас мамандар тапшы. Мамандыққа қызығып, қазба жұмыстарына қатысады да, кейін кетіп жатады. Себебі жас археологтардың еңбекақысы төмен. Шүкір, шәкірттерім бар. Елордада, Алматы қаласында қызметте. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтында жұмыс атқарып жүр. Археолог боламын, елдің ежелгі тарихын зерттеймін деген жастарды менің әріптесім болғуға шақырамын!

Ruh.kz.: Оқырмандарымызбен алдағы жоспармен бөліссеңіз?

Зейнолла Самашев: Елімізде атқарылып жүрген қазба жұмыстарының барлығы жер қойнауында жасырын жатқан тарихи ескерткіштердің бір бөлігін ғана қамтиды. Сондықтан алда жұмыс көп. Өткен жылы Тарбағатай ауданының «Елеке сазы» қорғанынан тағы бір «Алтын адам» табылды. Алдағы екі-үш жылға жоспарым: осы қорғанның қазба жұмыстарын жалғастыру. Тарихи ескерткіштерді халыққа көрсету және басқа ғалымдармен оларды зерттеу.

Ruh.kz.: Зейнолла Самашұлы, тарих қойнауынан тауып жатқан тарихи жәдігерлер елімізді әлемге таныта берсін! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, 

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button