Жаңалық

Алаш қайраткері – Еркінбек Ақынбеков

Тамыры тереңнен бастау алатын тарихымыздың әр кезеңінде елі үшін барын аямаған қайраткерлеріміз мейлінше мол. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының ұлт қамын ойлап, жұдырықтай жұмылғаны, қазақ руханиятындағы ең биік, ең берік идеялардың бірі – Алаш идеясы төңірегіне ұйысқаны белгілі. Алаш партиясының көрнекті қайраткерлері қатарында есімдері атала бермейтін елеусіз қалып жүрген ерлер есімін ардақтау ұрпақ парызы. Солардың қатарында Алаш қайраткері Еркінбек Ақынбеков есімі айрықша аталады.

Ақын, ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаушы, Алаш қозғалысының қайраткері Еркінбек Ақынбековтың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты деректер мардымсыз. Өмірбаяны жайлы Қазақ кеңес энциклопедиясы [1, 239], Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы [2, 115], «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы [3, 235], сонымен қатар әдебиетші ғалымдар Дихан Қамзабекұлы мен Ербол Тілешовтың «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығы [4, 28], Ербол Тілешовтың «Алаш туы астында…» [5, 16] еңбегінде мәліметтер келтірілген.

Еркінбек Ақынбеков 1863 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Құшата ауылында дүниеге келген. 1893 жылы Түркістандағы төрт кластық орыс мектебін бітірген. Кейіннен Ферғана, Әулиеата, Шымкент уезі басқармаларында тілмаш болған. Түркістан уезі атқару комитетінде әкімшілік жұмыс атқарған. 1917 жылдары Алаш қозғалысына белсене араласып, азаматтық тұлғасымен танылады. 1918 жылы қазан айында Түркістанда өткен Қоқан сиезіне қатысады.

1917 жылдың 27 қарашасында Қоқанда 4-ші Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі (Қоқан съезі) өз жұмысын бастайды. 3 күнге созылған съезде Түркістан өлкесін «Түркістан автономиясы» деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылданады.

Сырдария облысы қазақ-қырғыздарының съезі Түркістан шаһарында 1918 жылдың 6-9 қаңтар аралығында өтті. Съезге Түркістан уезінен – 20 өкіл, Ақмешіттен – 15, Қазалыдан – 8, Шымкенттен – 10, Әулиеатадан – 3, Ташкент уезінен – 9, арнайы шақырылғандардан – 14, Алашорда үкіметінен – 3 өкіл (Б.Құлманов, Т.Құнанбаев, М.Дулатов), барлығы – 82 өкіл қатынасты. Бұған қоса съезге арнап шақырылған адамдардан М.Тынышбайұлы (Түркістан автономиясының төрағасы, Ішкі Істер министрі), Ә.Оразаев (Ішкі істер Министрлігінің орынбасары) және М.Шоқай (үкіметтің Сыртқы Істер Министрі) келе алмады” [6,110].

Сырдария облысы қазақтарының кезекті бас қосуы 1918 жылдың мамырында Түркістан қаласында өткен. Бұған қатысты Ө.Исабаев естелігінде 1918 жылдың қазан айында Түркістанда 16 адам қатынасқан жиналыс болып өткендігі, қатысқан адамдардың қатарында Уездік Кеңестің бастығы – Ж.Күнжарықов, хатшысы – Еркінбек Ақынбеков, Ахмет Құдіреттіллаев, Пазылбек Бектұрсынов, Әбсеметов, Әбдікәрім Қадыров (көпес), Лебедов, Жұмабек Батырбеков, Бекпенбет Қажы, Мырза-сабыр Әминов тағы басқалардың болғандығы айтылады.

Ө.Исабаев естелігінің маңызы – Еркінбек Ақынбеков өмірінің соңғы жылдарынан құнды деректердің берілуінде. Онда 1918 жылдың қараша айының басында жазалаушы әскердің бастығы Бакаевтың тапсырмасымен Түркістан станциясы бауында Ж.Күнжарықов, Е.Ақынбеков тағы басқа азаматтардың атылғандығы айтылған.

Еркінбек Ақынбековке тағылған айып – кеңес өкіметі саясатымен үйлеспейтін қайраткерлігінде және мемлекет қорындағы қаржыны Алашорда үкіметінің пайдасына жіберуі болды [6, 110]. Қызыл әскер белсендісі Бакаевтың қолынан Алаштың небір асыл азаматтары жер жастанды. Әдебиетші Рахманқұл Бердібайдың Е.Ақынбеков қазасына қатысты “1918 жылы большевик атын жамылған жендеттер оны және бір топ ел жақсыларын тергеусіз, сотсыз Түркістан станциясы вокзалының алдында атқан. Осылай, болашақ үшін басын бәйгеге тіккен арыстарымыздың бірі өмірмен мәңгіге қоштасты” [7,307] деген пікірі соның дәлелі.

«Білетіндердің айтуынша ол білімді, парасатты, дарынды, сөзге жүйрік, әр нәрсеге имандылық тұрғысынан қарайтын кісі болған. Ел арасында теңсіздік зардабына душар болған рулар мен ауылдардың шағымдарын «Еркінбек адал тексеріп, тура төрелік жасаған» деген сөздерді құлағымыз шалған…

Кеңес дәуірінде орын тепкен көптеген әділетсіздіктер секілді Еркінбек Ақынбековтің нақақ өлімге душар болғаны анық. Ең өкініштісі сол – қаражүрек, қатыгез әсіре белсенділердің қаны сорғалаған зорлығы ондаған жылдар бойы айтылмай қала берген. Енді бұл оқиғаны көзімен көрген куәларды іздеп табу қиын. Қалай болған күнде де зұлымдық әшкереленуі, әділдік үстем болуы тиіс. Сондай шараның бірі Түркістан станциясы вокзалының алдында, елдің құрметті адамдары шейіт болған жерде солардың аттары жазылған обелиск-белгі қоюға болар еді… » [7, 304-307].

Еркінбек Ақынбековтің шығармашылық тұлғасын ерекшелейтін сала – қазақ фольклористикасындағы еңбектері. Ол қазақ халқының эпостық жырларын жинауға өзіндік үлесін қосты. Оның бұл саладағы қызметіне байланысты мәліметтерді Әбубәкір Диваевтың деректерінен кездестіреміз.

Халық мұрасын жинаушы, зерттеуші Ә.Диваевтың пайымдауы бойынша, Түркістан төңірегі, Сарысу жағалауы, Қаратау мен Қазықұрт маңайы қазақтың эпикалық дәстүрінің кең жайылып тараған өлкесі болып саналады. Қазақтың ақын, жыршылары, қарақалпақтың бахшылары мен өзбектің шайырлары өздері көршілес, туысқан ел болғандықтан, бірінен-бірі эпикалық шығармаларды үйреніп, халық арасында таратып отырған [8,158]. Ә.Диваев атап көрсеткеніндей, «Бұл жиналған материалдардың басым көпшілігі өлең формасында берілген де және соның едәуір бөлігі өлең жанрына қатысты» [9, 40].

Ауыз әдебиеті нұсқаларын ел елді аралап жүріп жазып алуда қажыр-қайрат танытқан Ә.Диваевтың белгілі бір ауыл аймақ пен аудандарда оның ертегі-аңыздарды жазып жіберіп отыратын арнаулы тілшілері болған. Солардың арасында Шымкент уезінен Еркінбек Ақынбеков есімі аталады.

Диваев материалдарының ішінде осындай бірнеше тілшінің есімі ұшырайды. Зерттеуші Шымкент уезі, Арыс болысында тұратын Майлықожа Сұлтанқожаұлымен байланыс жасап, ертегі-жұмбақ, мақал-мәтелдер алдырып тұрған. Жүніс Тайшықов, Мұса Байзақов (Түркістан уезі), Атбай Көтібаев (Ташкент уезі, Жетісу облысы), Қаңсабай Амандықов (Қазалы уезі), Ақмамбет Тоқбаев, Мүсілім Қарақожаев (екеуі де Ақмешіт уезінің Сырдария болысына қарасты Кеңтүп болысынан), Еркінбек Ахенбеков (Шымкент уезі), Жұманазар ақын (Сырдария облысы, Перовск уезі), Қожақұл Мұфланқұлов молла (Әулиеата уезі, Қаракөл облысы) тағы басқалардан Әбубәкір Диваев ертегі-аңыз, мысал-дастандар, мақал-мәтелдер жазып алып, кейбіреулерінен хат арқылы сұратып отырған.

Фольклоршы кейде өлең-жыр, ертегілерді айтушы, орындаушының өзіне жаздыртып алуды қолайлы көрген. Өйткені орындаушының стилін, материалдың дәйектілігін өте қажет деп білген. Сондықтан Диваев жинақтарының біразында «қолжазбалардан көшірме» деген анықтамалар да ұшырасады. Мәселен, ол ертегі, жоқтау, Алпамыс туралы аңыз-ертегілерді Еркінбек Ахенбеков пен Қожабай Амалдықов, Мақан Шақтабаевтардың қолжазбаларынан көшірілді деп көрсеткен [10, 332-350].

Әбубәкір Диваев Еркінбек Ақынбековтың айтуы бойынша «Алпамыс», «Бекет батыр» дастандарын жазып алып, 1897, 1916, 1922 жылдары бірнеше рет жариялаған.

«Алпамыс батыр» жыры – қазақтың ерте заманнан келе жатқан халықтың сүйіп, құмарлана тыңдайтын, әртүрлі вариант, версиялары көп эпостың бірі. 1909 жылы Ә.Диваев «Алпамыстың» тағы бір нұсқасын қазақшадан орысшаға аударады. Ол нұсқа – Шымкент уезінің қазағы Еркінбек Ахенбековтың «Алты жасар Алпамыс» деп аталатын қолжазбасы. Ертегі түрінде қара сөзбен жазылған бұл нұсқаны Ә.Диваев 1916 жылы «Великан Алпамыс» деген атпен бастырып шығарды («Туркестанские ведомости», 217-218) [11, 21]. 100 томдық Бабалар сөзінің 33 томында «Алпамыс батырдың» Н.Байғанин, С.Жаңбыршин, А.Нысанов, Е.Ақынбеков, Рахат т.б ел ақындары жырлаған таңдаулы жеті нұсқасы енгізілді.

Аталған әдеби мұралармен салыстырмалы тұрғыдан алғанда мұндағы Еркінбек Ақынбеков нұсқасы ертегі түрінде қара сөзбен жазылған, тек қалмақ ханының көрген түсін халқына баяндауы ғана өлең түрінде берілген.

Мен бүгін бір түс көрдім,

Көп қиындық іс көрдім.

Заманым менің қағынды,

Қағынбаса не қылды.

Құрса қара бура боп,

Қарсы қарап шабынды.

Тұлымдымды тұл қылып,

Айдарлымды құл қылып,

Солқылдаған мырзамды

Табанға салып жол қылды,

Қамшымен ұрып жүн қылды.

Оқиға желісі ілгергі бір замандарда Жүзбай деген бай болыпты деп басталады. Жүзбайдың алты жасар Алпамыс деген баласы бар. Бір күндерде Жүзбайдың мың жылқысын жау шауып кетеді. Жауға қарсы Жүзбай баласын аттандырады. Алты жасар Алпамысқа жолында мыстан кезігуі, зынданға түсуі, ұшқан қаздардан көмек сұрауы, Қарабай досының көмекке келуі, Алпамыс досының көмегін қабыл алмауы, қойшының жолығуы, патша қызымен елге оралуымен аяқталады. Бір ерекшелігі – Алпамыстың жары Гүлбаршын аталмайды. Әрі Алпамыс небәрі алты жаста ғана. Әкесінің аты – Жүзбай да, қарындасының аты – Қарлығаш. Бұдан өзге Алпамыс батыр жырының нұсқаларында кездесетін батырдың дүниеге келуіндегі ерекшеліктер, өз тұлпарын таңдауы, жары Гүлбаршынды іздеп жолға шығуы сынды фольклорлық сарындар жырда кездеспейді. Осы жинақтағы Ә.Оспанов нұсқасы да ертегілік түрде, қарасөзбен баяндалған, көлемі өте шағын. Мұнда Алпамыстың қойшыға берген заты – сылдырман болса, Ақынбеков нұсқасында – шаңқобыз .

«Алпамыстың» Қоңырат версиясы мен башқұрттың Алпамышы жайындағы ертектері бір түбірден таралып, кейіннен түрліше өзгеріске түсуі күмән келтірмейді,» – деп жазған профессор Р.Бердібаев пікірінің жаны бар. Мысалы: зынданда отырған Алпамыс ұшып бара жатқан қазды шақырып алып, соның қанатының астына қарындасы Қалимашқа хат жазып жібереді. Сондай-ақ құстың сөйлей алуы, Алпамысқа жетімдігін, көрген қорлығын айтып, мұңын шағатын көріністер осының дәлелі [12, 338].

Алпамыс эпикалық жырларға тән керемет күштің иесі ғана емес, басына түскен қиындықта ақылына, тапқырлығына сүйенген қаһарман. Сонымен бірге жырда кейіпкерлердің эпикалық жырларға жат пендешілік қасиеттері кездеседі: Алпамыстың досы Қарабай Қарлығашты көріп, «мені жұмсауға келе жатыр ғой» деп тығылып қалады; Алпамыс өзін құтқаруға келген Қарабайды кейін бір тойда өлейін деп жатқан жеріңнен құтқардым деп келеке қылады деген оймен зынданға тастаған арқанын қиып жібереді.

Оқиғасы қысқа, қарапайым тілмен жазылған,сараң баяндалған. Кейіпкерлердің бейнесі кең суреттелмеген, көпшілігінің аты аталмаған.

Қасиетті Түркістан жері – еліміздің сан қилы тарихы оқиғаларын басынан өткерген, талай асылдың көзін көрген, қазақи имандылықтың ордасы болған қасиет пен киеге толы мекен. Осы қасиеттің шарапаты болар, бұл мекеннен шыққан атақты зиялылар, қайраткерлер, абзал азаматтар көп. Сол асылдар тізіміндегі Ақынбеков Еркінбектің де қоғамдық істерге белсене араласып, ұлт мүддесі үшін жанын қиюы өскен ортасы, туған жерінің тигізген әсері деп білеміз. Қазақ тарихында өзіндік орны ғана емес, сан ғасырларға жететін тағылымы зор, өткеніміз бен өткеліміздің темірқазығы іспеттес Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы әлі де сан қырынан таразылайтын тың тақырып іспеттес. Бұған қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі Алаш орданың 100 жылдығын бүгінгі атап өту барысында анық көз жетіп отыр. Ел тарихы мен мәдениетінен ерекше орын алатын Еркінбек Ақынбеков мұрасын толық игеру, еңбегін ескеру, насихаттау – болашақ ұрпақтың еншісінде.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

    1. Қазақ Совет Энциклопедиясы,Бас редакторы М.Қ.Қаратаев.Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы, Алматы қаласы, 1972 ж.1- том, А – Аяпов. Сурет және карталармен қоса 648 бет.

 

    1. Қазақ ССР қысқаша энциклопедия  4-том. Алматы, 1989

 

    1. «Қазақстан», «Ұлттық энциклопедия Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 720 бет.

 

    1. Е. Тілешов, Д. Қамзабекұлы Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Сардар, 2014, 528 бет.

 

    1. Тілешов Е.Е «Алаш туы астында…»Алаш қозғалысының қайраткерлері, қатысушылары

 

және оқиғалары. Танымдық басылым.Астана: «Арман Медиа», 2013 – 198 бет.

 

    1. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2007. 4-ші Т: Қазақ сьездері. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1917 ж. – желтоқсан 1919 ж. Казахские сьезды. Сборник документов и материалов. Апрель 1917 г. – декабрь 1919 г. – Т.4.  – 352 бет.

 

    1. Бердібай Р. Бес томдық шығармалар жинағы. Кәусар бұлақ. – Екінші том. Алматы: «Қазығұрт», 2005. – 472 бет.

 

    1. Қазақ фольклорының типологиясы. – Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1981. – 308 б. – 158 б

 

    1. Қазақ фольклористикасы. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1972ж.

 

    1. Қазақ фольклористикасының тарихы: (революцияға дейінгі кезең). – Алматы: Ғылым,  1988. – 432 б.

 

    1. Диваев Ә. Тарту (Құрастырған, алғы сөзін және түсініктемелерін жазған Флора Оразаева) – Алматы: Ана тілі, 1992. – 256 бет.

 

    1.  Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т.33: Батырлар жыры. – 364 бет.

 

Айгүл ХАЛДАРҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3 курс студенті

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button