Жаңалық

Сайлау – 2019: Халық өз таңдауын жасауы керек

9 маусым күні елімізде тағдыршешті мәселе сынға түседі. Осы жылдың 19 наурыз күні елімізді ширек ғасырдан астам уақыт басқарған ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаев өзінің ҚР Президенті ретіндегі өкілеттілігін тоқтату туралы шешімін мәлімдеді.

Ал, 20 наурыз күні ҚР Конституциясына сай ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Ант қабылдап, ҚР Президентінің міндетін атқару ісіне кіріскен-ді. Бүгін, міне мемлекет басшысы Қазақстан Халқына Үндеу жариялады. Сонымен, Президенттік кезектен тыс сайлаудың уақыты белгіленіп, сайлауалды жұмыстарын жүргізетін штаб-пәтерлер құрыла бастады. Сөздің шынын айту керек, қазіргі уақытта еліміз үшін де, билік үшін де ҚР Президенттігіне кезектен тыс сайлау жариялау аса маңызды болып тұр. Ел Президентін халық сайлағаны дұрыс.

Президент Қ. Тоқаевтың жасаған хабарламасына қатысты еліміздің қоғам қайраткерлерінің пікірін алған болатынбыз.

Әділ Ахметов, қоғам қайраткері: 

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқына үндеуін жолдады. Үндеудің негізгі мақсаты, негізгі мазмұны –  алдағы маусым айында кезектен тыс өткізілетін ел Президентінің сайлауы. Барлығымызға белгілі жайт, жақында ғана билік тізгіні Конституциялық заңға сәйкес, бейбіт түрде, Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына өтті. Жаңалықты баршамыз дұрыс бағаладық. Алдағы уақытта іске асырылатын бағдарламалар сан-алуан. Елдегі тұрақтылықты нығайту үшін, екіұдайлықты жою үшін Президент сайлауының өтуі өте заңды деп ойлаймын. Қазірдің өзінде көп қайраткерлермен, Парламент палаталарының жетекшілерімен, Парламенттегі партия жетекшілерімен, оның сыртында, шет елдік қоғам қайраткерлерімен де кеңіскенін Президент жасырған жоқ. Осы уақытқа дейін ел аралап, халықпен бетпе-бет кездескенін, елдегі ішкі саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында Президент сайлауының кезектен тыс өткізілуін елге жеткізді. Менің ойым, бұл дұрыс саясат. Бүгінге дейін қалыптасып отырған тұрақтылық әрі қарай жалғаса берсе, халықтың ұтары көп. Өйткені, азаматтардың барлығы да сауатты, халық өз қалауын жасайды. Конституциялық заңға сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауының өткізілетіні туралы екі ай бұрын хабарланды. Осы уақыт аралығында сайлауға дайындық жүргізіледі. Халық бұл сайлауға барынша ат салысып, қатысса деген ой бар. Сайлаудың әділетті өтетініне менің күмәнім жоқ. Президент айтпақшы: «алтау түгел болса, ауыздағы келеді», «бірлік бар жерде, тірлік бар». Халық өзінің дұрыс таңдауын жасайды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын осы жылдың маусым айының 9-на белгіледі. Шешім, Конституцияға сәйкес жүзеге асырылды. Кезектен тыс сайлаудың тағайындалуы халықтың, елдің болашағы үшін жасалған қадам деп бағалауымыз керек. Ең бастысы халық өзінің дауысын сайлауға қатысу арқылы бере алады. Тең және төте сайлау құқығы негізінде, дауыс беру арқылы еліміздің Президентін бес жылға сайлаймыз.  Сайлау, біздің демократиялық мемлекет екенімізді тағы да дәлелдейді. Алдағы уақытта Президенттікке  үміткерлерді республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынатын болады. Ұсыныстар конституциялық талаптарға сәйкес болуы керек. Орталық сайлау комиссиясы түскен ұсыныстарды сайлау болатын күнге қырық күн қалғанға дейін тіркеуі тиіс. Яғни, ағымдағы жылдың 29-сәуіріне дейін Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардың ұсынымдары келіп түсуі қажет.  Әрі қарай халық өзі таңдау жасайды.

Бақтияр Мәкенұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеуі – қазіргі біздің саяси-экономикалық тұрақтылықтағы Елбасының жүргізген саясатының әрі қарай дамуына байланысты бұл да өте үлкен саяси науқанның болуы менің ойымша өте мерзімді, уақытылы. Себебі, қазіргі ішкі-сыртқы саясаттың дамуына, жалпы еліміздің қарқындап дамуына, экономикамыздың өркендеуіне осындай кезектен тыс сайлаудың өткізілуі өте маңызды. Қазір уақыт тез. Халықаралық прогресстер жылжымалы түрде өтіп жатыр. Сондықтан жасалып жатқан мұндай маңызды шешімді өз басым толық қолдаймын. Жалпы біздің Болашақ қауымдастығының мүшелері де қолдау білдіруде. Бұл сайлау Елбасымыздың жасаған саясатын ары қарай дамытуға, елімізді көркейтіп, экономикамызды дамытып, халықтың тұрақтылығына тигізер септігі зор.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button