Жаңалық

Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Рухани жаңғырудың» екі жылын елеулі істермен түйіндеп отырмыз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына екі жыл толды. Бағдарламалық сипат алған бір ғана мақаладағы бастамалар екі жылда екпінді істерге ұласып, мемлекеттік биліктің ұлттық құндылықтарға ден қойғанын айқындай түсті. Тәуелсіздік алғаннан кейін тамырын іздеген халықтың жаңғыруға ұмтылары заңды да. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қандай тың бастамалар бар? Жалпы, бағдарлама аясында басталған жұмыстар қалай жалғасуда? Осы сауалдардың ізімен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын сөзге тартып көрген едік.

– Арыстанбек Мұхамедиұлы, өткен жылы берген сұхбатыңызда поэзия және проза жанрлары бойынша қазақ авторлардың шығармалары Біріккен Ұлттар ұйымының 6 тілінде басып шығарылатынын хабарлап едіңіз. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жалғасын тауып жатыр?

– Біздің министрлік былтырдан бері «Мәдениет және өнер шығармаларын іріктеу және олардың сапасына бақылау жүргізу бойынша қызмет көрсету» жобасын қолға алды. Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүргізілуде. Былтыр жоба 2 бағытта жүргізілді. Ең алдымен аударылатын шығармаларды іріктеу жөніндегі арнайы сарапшылар тобы құрылды.

Поэзия және проза жанры бойынша сарапшылар тобының құрамына филология ғылымдарының докторы Д.Қамзабекұлы, әдебиет және театр сыншысы, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі Ә.Бөпежанова, белгілі қаламгер С.Сыбанбай және басқа да сарапшылар енді. Біз көркем әдебиет шығармаларын іріктеудің негізгі талаптары ретінде туындылардың тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, қазіргі заманға сай жазылған дүниелер болуын шарт еттік. Осыған орай, сарапшылар іріктеген шығармалар қазіргі таңда БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып жатыр.

Аударма жасау үшін Ұлыбританияның Кэмбридж университеті, Францияның «Royal Group», Испанияның «Visor Libros», Ресей Жазушылар Одағының Мәскеу қалалық ұйымы секілді халықаралық ұйымдармен әріптестік келісімшарт жасалғанын бұған дейін хабарлаған едік. Соның негізінде 2018 жылы қазіргі қазақ әдебиеті ағылшын, француз, испан және орыс тілдеріне аударылған. Ал биыл шығармалар қытай және араб тілдеріне аударылады. Одан кейін 2019 жылы аударылған шығармалар «Заманауи қазақ әдебиеті прозасының антологиясы» мен «Заманауи қазақ әдебиеті поэзиясының антологиясына» енгізіліп, антологияны басып шығару мен оларды шетелде таныстыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Демек, авторларымыздың шығармалары әлем елдеріне таратылады ғой…

– Иә. Солай. Жоғарыда аталған антологияға проза жанрында 30 автордың және поэзия жанры бойынша 30 автордың шығармасы енгізіледі. Басып шығарылған антологиялар Біріккен Ұлттар ұйымының 6 тіліне аударылып, шет елдердің кітапханалары мен білім беру орындарында және басқа да ұйымдарға таратылатын болады.

– «Рухани жаңғыру» мақаласының ізімен жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да ұлт руханиятын түгендеуге зор маңызға ие екені даусыз. Мәселен, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали «Архив-2025» бағдарламасы аясында 30 мың құжаттың көшірмесін шетелден әкелу көзделіп отырғанын айтты. Шетелдік, әсіресе Ресей және Қытай архивтері қазақ тарихына қатысты тарихи деректерді (әлбетте, көшірмесін) бөлісуге әзір ме? Архивтер тұрғысында шет мемлекеттермен қандай да бір келіссөздер жүргізіле ме?

– Өзіңіз атап өткендей, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында белгіленген «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында отандық және шетелдік архивтер мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды айқындау бойынша іздеу-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі пысықталуда. Қазіргі таңда Ұлттық архивтің жанынан ашылған, саясаттанушы, тарихшы Берік Әбдіғалиұлы басшылық ететін «Архив – 2025» ғылыми-әдістемелік орталықпен «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Қазақстанның бірқатар шет елдердің архив мекемелерімен архив ісі саласында ынтымақтастық туралы, оның ішінде Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Египет, Түркия және тағы басқа елдермен 17 келісім мен меморандум бар. Сол құжаттардың күшімен сіз атап отырған жұмысты іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі тарапынан  Қазақстанның шет елдердегі Елшіліктері қажет болған жағдайда келіссөздер жүргізу мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өткім келеді.

– Қазақстандық мәдениет пен өнерді танытуға Димаш Құдайбергеннің орасан зор жетістіктері барша халықты қуантады. Бір сөзіңізде Димаштың жеке концертін АҚШ қалаларында өткізу туралы айтып қалған едіңіз. Бұл қаншалықты мүмкін? Келіссөздер басталды ма? Димаштың әлемдік турне аясында келесі концерті туралы не айтар едіңіз?

– Иә, расында да, Димаш Құдайберген әлемді өз өнерімен тамсандырып, тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. 2018 жылдың 19 қарашасында министрлік Лондонның «Indigo at the O2» ең үлкен сахнасында Димаштың жеке концертін ұйымдастырды. Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігі 2019 жылдың III тоқсанында Нью-Йоркте әлемге әйгілі «Madison Square Garden» алаңында Димаш Құдайбергеннің айрықша шоу-концертін ұйымдастырмақ. Бүгінгі таңда аталған шоуды ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы уақыттағы министрліктің жоспарымен бөліссеңіз…

– Шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында 2019-2020 жылдары «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» ұлттық опералардың Грекия, Түркия, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, АҚШ, Канада және тағы басқа елдерде көрсетілімдері жоспарлануда.

Сондай-ақ, республикалық театрлар ұлттық және шетел авторларының үздік театр қойылымдарын Түркия, Грекия, Грузия, Франция, Беларусьта ұсынатын боламыз. Республикалық музейлердің қорынан Қытайда, АҚШ-та, Грузияда, Түркияда, Өзбекстанда, Испанияда, Кореяда, Ұлыбританияда көрмелер өткізіледі.

Бұдан басқа, АҚШ пен Германияда мәдениет пен кино күндерін өткізу, сонымен қатар республикалық мәдениет ұйымдарының Македония, Түркия, Армения, Австрия, Мексика, Грекия, Франция және тағы басқа елдеріне іссапарлары көзделіп отыр.

Өткен жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнердің хас туындысы» көрмесі Мәскеудің Бүкілресейлік халық өнері мен декоративті-қолданбалы өнер музейінде ашылған еді. Сол тақырыптағы көрме былтыр Бакудің (Әзербайжан) Ұлттық музейінде, Қытайдың Сиань қаласынының Тарихи музейінде, Гданьск қаласының (Польша) Ұлттық музейінде өтті. Көрмелерде Қазақстанның басты нышаны ретінде «Алтын адам» көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, аталмыш жоба аясында биыл «Алтын адам» Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркияның музейлерінде, 2020 жылы АҚШ, Италия, Австрия, Франция, Германия музейлерінде көрермен назарына ұсынылатын болады. Бір сөзбен, «Рухани жаңғырудың» екі жылын елеулі істермен түйіндеп отырмыз. Алда әлі де зор міндеттер мен мақсаттар баршылық.

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

inform.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button