Жаңалық

Серік Сейітман: «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда»

Қазақ ауыз әдебиетінің жауһары «Қобыланды батыр» жырын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өзінің бастау жолына түсті. Байқаудың мазмұны мен шарттарын және байқау аясында атқарылып жүрген жұмыстарды білу үшін ұйымдастырушылардың бірі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Серік Сейітманмен жолыққан едік.

Ruh.kz: Серік мырза, қайырлы күн!  Алдымен «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы туралы айтып берсеңіз.

Серік Сейітман: Қайырлы күн! «Qazaq Epos» жобасы биылғы жылы екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы байқауымыз «Алпамыс батыр» жырына арналып, Алматы қаласының көлемінде өткізілді. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында дүниеге келген жоба болды. Байқау Алматы қаласының шегінде өткізілсе де, бүкіл елге, соның ішінде интернет желілері арқылы әлемнің түкпір-түпкіріне тарап жатты. Байқаудың өзін насихаттау мақсатында біз эстафета ұйымдастырған едік. Оқушылар арасындағы байқау болғанына қарамастан, еліміздің зиялы қауымы, билік басындағы азаматтарымыз байқауалды эстафетаны қолдап, өздері қатысқан еді. Айтып өткенімдей, алғашқы байқауымыз, тек қана Алматы қаласы көлемінде өткізілген еді. Сол себепті, байқауға Алматы қаласының сегіз ауданы қатыса алды. Соның өзінде, еліміздің қанша халқы рухани қанаттанды, қанша баланың үміт оты жағылды. Ал, биыл екінші байқауымыз ерекшелігімен тарихта қалатын болды. Біріншіден, оның көлемі. Президент Әкімшілігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және де ел ағаларының қолдауымен Жобамыз Республикалық көлемге өсті. Екіншіден, байқауалды эстафетамыз отбасылық деңгейде өткізілуде. Яғни, «Қобыланды» батыр жырынан үзінділерді жеке адамдар оқымай, отбасы мүшелері бірінен соң бірі жалғап, жырдың үзіндісін бір шаңырақ болып оқиды. «Менің отбасым» атауына лайық эстафетада отағасы жырдың үзіндісін оқып бастайды, ал отбасының қалған мүшелері оны жалғап кетеді. Ретімен бір отбасы келесі отбасыға эстафетаның кезегін жалғап отырады. Біздің негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу. Қазіргі уақытта эстафета әлеуметтік желілерде өте қызу өмір сүруде. Эстафетамыздың жолы бір ізге түсті. Яғни, жұлдызды отбасылар, қоғам қайраткерлері мен ел билігіндегі азаматтардың отбасылары жыр оқудан эстафетаны бір-біріне жолдап, «Қобыланды батыр» жырын және байқаудың өзін насихаттауда. Айта кететін жайт, бұл эстафетаға байқау тарапынан ешқандай шығын шығып жатқан жоқ. Барлық қатысушылар өз еріктерімен қатысып, әлеуметтік желілерге таратып жатыр.

Ruh.kz: Байқауға «Қобыланды батыр» жырының қай нұсқасы алынды және таңдау неліктен осы жырға түсті?

Серік Сейітман:Фольклортанушы ғалымдармен кеңесе отырып, «Қобыланды батыр» жыры таңдалды.  Негізінен «Қобыланды батыр» жырының жиырма тоғыз нұсқасы бар. Көптеген нұсқалардың ішінен Марабай жыраудың жыр нұсқасын таңдадық. Жырдың жүз отыз екі парақтан тұратын бұл нұсқасын  байқауымыздың ресми сайтына жүктедік. Жырды республикамыз бойынша 51 000 астам оқушы жаттап отыр. Айта кететін статистика, осы 51 000 астам оқушылардың қатарында басқа этностардың өкілдері бар. Олардың саны 2 000-ға жуықтады. Бұл оқушыларды баптап, бәйгеге қосып отырған мұғалімдердің саны 23 000 асады. Республика бойынша нақты сандар келтіретін болсақ, 5 621 мектеп қатысуға тілек білдірді. Осындай ауқымы кең байқаудың ұйымдастырушы штабы да бар. Штаб Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Ол жердегі қызметкерлеріміз барлық аудан, облыс және қалалардан келіп түскен тіркеулерді, тілек-талаптарды қабылдап, зерделеп бөліп отыр. Әр аймақпен, білім басқармаларымен тығыз байланыстамыз. Яғни, байқауға қатысты қандай да бір өзгертулер, жаңалықтар туындап жатқан күні, республика аумағындағы қатысушылар сол бойда хабардар болады.

Ruh.kz:  Көлемі барлық республиканы қамтитын байқау қатысушылары қалай іріктеледі?

Серік Сейітман: Қазіргі күні байқауға тіркеу уақыты аяқталды. Алайда, қандай да бір себептерге тіркеліп үлгермей қалған оқушыларға біз оң түсінікпен қараймыз. Егерде, тіркеу уақытынан кешігудің нақты себебін жергілікті білім басқармасына жазбаша өтініш түрінде жолданса, өтініш қабылданған жағдайда, біз (ұйымдастыру штабы –ред.) ешқандай қарсылық танытпаймыз. Себебі, жыр-жауһарды жаттаймын, оны халық алдында оқып беремін деген жас ұрпақтың меселін қайтармауымыз керекпіз. Бұл дегеніміз, тіркеу уақыты ресми аяқталса да, дәйекті себептері бар оқушы байқауға әлі де тіркеле алады. Тіркелген мыңдаған оқушылардың арасынан қалай жеңімпазды анықтаймыз деген заңды сауал туындайды ғой. Ол үшін байқаудың кезеңдері үшке бөлінген. Біріншісі – аудандық, екіншісі – облыстық, үшіншісі – республикалық (ақтық) кезең. Үш кезеңнің барлығы да оқушылардың жазғы үш ай демалысы уақыты аралығында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бірінші кезеңге аудандағы барлық мектептің тіркеу берген оқушылары қатыса алады. Ауданнан суырылып шыққан үш оқушы, біріншіден ақшалай марапатталып, келесі кезең – облысқа жолдама алады. Бұл турда да алқашқы үштікке ілінген оқушылар марапатталады, алайда республикалық шешуші кезеңге облыстың атынан бір оқушы аттанады. Барлық турларда әділ-қазылар алқасы болады. Әділ-қазылар алқасының құрамына сол аумақтың рухани қаймақтары, жырды, фольклорді зерттеуші азаматтар кіреді.  Барлық аудандарға бақылау комиссиясының құрамымен бас штабымыздың адамдарын жібереміз. Аудандарға жетпей жатса, облыс деңгейіндегі турларға міндетті түрде болады. Сонда республикамыздың он жеті өңірінен он жеті оқушы ақтық сынға жолдама ала алады. Ақтық кезеңді жырсүйер көрермен жобамыздың бас ақпараттық серіктесі «Хабар» Агенттігінің қолдауымен телеарна арқылы тікелей эфирде көре алатын болады.  Ал ақтық сынның алдында, жыр сайысының бір облыста болған қызықты сәттерін телекүнделіктен тамашалай алады. Ақпараттық қолдау дегеннен шығып кететін ақпараттың ұшы – біздің «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауымызды «Қазақ радиолары» құрамына енетін «Шалқар» радиосынан әр аптаның сәрсенбісі күні байқауымызға аттас бағдарлама эфирге шығып жүр. Бағдарламаның алғашқы сандарына жобаның ұйымдастырушысы ретінде өзіміз қатыстық. Кейінгі эфирлеріне жобаға қатысушы оқушалар мен олардың ұстаздары қатысуда.

Ruh.kz: Әр кезеңде жеңімпаз атанған оқушылармен қатар жеңімпаздарды баптаған ұстаздар да жүлдеге ие болады. Осыған тоқталып кетсеңіз.

Серік Сейітман:  Дұрыс айтасыз. Байқаға оқушыны дайындау, оны жырға бейімдеу деген ұғымдар бар. Ұстаздың еңбегі зор.  Біздің байқаудың ерекшелігі де сол – жеңімпаз атанған оқушылармен қатар олардың ұстаздары да марапатқа ие болады. Бұл үрдіс біздің алғашқы қалалық сайыста да қолданылған еді. Өткен жылы жеңіске ие болған оқушылар қаржылай сыйға ие болса, ұстаздар Еуропаның ең ежелгі оқу орны Оксфорд қабырғасында ұйымдастырылған курстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ұстаздарға қатысты осындай курстар Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сүйене отырып ұйымдастырылды. Әр жеңімпаз оқушының ұстазы тілді меңгерсін, басқа елдің өркениетімен, білім саласымен таныссын, тәжірибе алмассын деген мақсат бізде болды. Ал, биылғы жобаның жеңімпаз оқушылары мен олардың ұстаздары ақшалай марапатталатын болады. Жеңімпаз оқушылар үшін: аудандық кезең: 1-ші орын үшін 150 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 2-ші орын 100 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 3-ші орын 50 000 теңге (немесе бағалы сыйлық); облыстық кезең: 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын 600 000 теңге, 3-ші орын 300 000 теңге. Аудандық кезең жеңімпаздарының ұстаздар-тәлімгерлері Білім және ғылым министрлігінің арнайы дипломымен марапатталады. Ал облыстық кезеңінің жеңімпаз ұстаздарының сыйақысы жеңімпаз оқушылардың сыйақысынан екі есе жоғары болады. Ақтық, Республикалық мәренің жеңімпаздарын қалай марапаттайтыны әзірше құпия. Және де үшінші кезеңнің талаптары әлі сайтымызға жарияланған жоқ. Себебі, оқушылар алдағы екі кезеңнің талаптарын меңгеріп алсын, олардың ойларын шашыратпайық дегеніміз ғой.

Ruh.kz: Жобаға өткен жылы қатысқан оқушалар сайысқа екінші рет қатыса алады ма?

Серік Сейітман: Қатысушы оқушаларға шек қойылмайды. «Сен біздің сайысқа бір рет қатыстың, енді болмайды» деген талап жоқ және де оларға басымдық та берілмейді.  «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда» демекші. Екі жылда екі түрлі эпос ортаға түсіп отыр. Қай оқушы шығарманы қалай игере алғаны сайыс кезінде байқалады.

Ruh.kz: Серік мырза, рақмет сізге! Жыр жобасының әр қатысушысына тек сәттілік пен ақ жол тілейміз!

Серік Сейітман:  Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарына, қолынан іс келетін, сол істердің басы-қасында жүрген азаматтарға рақмет! Ұлттық жобаны бірауыздан қолдап, бізге ақпараттық тұрғыдан қолдау көрсетіп жатқандарыңызға рақмет!

P.S. Ғарифолла Есім академигіміз айтқандай ұлттың рухани жаңғыруы тамырдан басталу керек! Біздің ұлт тамырымыз тереңге бойлап жатыр. Тереңде, ғасырлардың сандығында сармайдай сақталған жыр-жауһарларымыз жас ұрпақ ұмытпауы керек. Соны ескеріп, елеген ел азаматтары  «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр. Бұл жобаға тек сәттілік пен ұзақ жылдар жасауын тілейміз.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button