Жаңалық

ҰЛТ ТАРИХЫНА ЫНТЫҚ ӨРЕН

Төл тарихымызға, әдебиетімізге қызығатын адамдар санатынан болған соң, мерзімді басылымдарды жиі жиі оқып отырамыз. Әр басылымнан ұлт тарихы туралы келелі ой тастаған «жаңа» есімдерді байқап жатамыз.

Рас, кейінгі жылдары төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жазуға, беймәлім оқиғаларды жариялауға ынтық өрендер қатары артып келеді. Студент кезінен архив қопарып, шаң басқан қоймаларды тінтіп, ұлт тарихын түгендеу ісіне белсене араласып жүрген жастардың бірі – Бағлан Әбеу. Бағлан – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих және этнология, археология факультетінің 3  курс студенті. Болашақ – архивист, мұратанушы.

Жеңіс тұғыры

Бағланның бәйге қоржынында түрлі марапаттар мен сыйлықтар бар. Атап айтар болсақ:  «Астана ЭКСПО-2017»  дүниежүзілік көрмесіне арналған студенттер мен жас ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми конференцияда 2 орын, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымы бойынша студенттердің ең үздік ғылыми жұмысына арналған республикалық байқауда 3 орын, Республикалық «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік.» атты байқауда жұмысы үздік деп танылып, 2 дәрежелі дипломмен марапатталды; Студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясында 2 орын; Архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша III студенттік республикалық олимпиадалар 1 орын; II «Алаш үміті» халықаралық рухани жаңғыру фестивалінің лауреаты атанып, бас жүлдені иеленді; Е. Бекмаханов атындағы республикалық байқауда жеңімпаз ретінде Е.Бекмаханов стипендиясының иегері атанды; «Архив-2025» республикалық Архивтану бағыты бойынша жобамыз Президенттік архивте үздік деп ескеріліп, «Үздік инновациялық жоба» номинациясының жеңімпазы атанды. Міне, осылай жеңістен жеңіске, марапаттан марапатқа жетіп келеді!

Асылдың сынығынан бата алған сәт

Бағлан Әбеудің ғылыми зерттеу нысаны – ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихы,  Алаш кезеңі және террорлық, сталиндік режимнің құрбаны болған қайраткерлердің қоғамдық-саяси қызметін зерттеу. Осы бағыт аясында Бағлан – ұзақ уақыт бойы есімі де, еңбегі де айтылмай келген Алаш оқығаны – Сейдәзім Қадырбаевтың өмірнамасын зерттеп, оның қайраткерлік, елдік қырларын ашып, оның архивте жатқан елеусіз еңбектерін хатқа түсіріп, ғылыми айналымға қосты. Алаш зиялысының өмір жолын насихаттау ісіне зор еңбек сіңіруде. Бұл, әрине, жас зерттеушінің қадам басты алғашқы зерттеуі болғанымен, болашақта да зор істердің басы-қасында жүреді деген сенімдеміз. Таяу күндері Бағланның ыждағаттылығымен орындалған әрі хатқа түскен Алаш арысы Сейдәзімнің шығармалары бір арнаға тоғысып, жеке жинақ ретінде жарыққа шықпақшы.

Студент кезінен өзінің белсенділігімен, ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түсіп, ерекшелене білген жас зерттеушінің бойында қайраткерлік, қайсарлық қасиетте бар. Бағлан бүгінде студенттердің ғылыми қоғамының мүшесі әрі студенттік декан. Оқуға деген алғырлығы, ынталылығы мен дүниетануға деген сүйіспеншілігі – оны өз қатарластарынан алға озуына, ерікті әрі белсенді болуына зор ықпал еткен.

Елдос Тоқтарбай, 

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button