Жаңалық

Жастар – жемқорлыққа қарсы

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Адал жастар – елдің гүлденуінің кепілі» жалпы республикалық жастар форумын өткізді.

Қазақстан жастары аталған «Адал жастар – елдің гүлденуінің кепілі» жалпы республикалық жастар форумын тікелей эфирден көре алды. Тараз мемлекеттік университетінің, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің тәлімгерлері мен ұстаздары, университеттер басшылығы мен факультет декандары, журналистер мен блогерлер, қоғам белсенділері шараға тікелей эфир арқылы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында жиналып қатыса алды.

Елімізде жастар үшін мол мүмкіндіктер жасалған. Ізденген, оқимын деген балаға  тегін білім, кәсіпкерлікпен айналысамын десе арнайы бағдарламалар да мемлекет тарапынан  қарастырылған. Тек жастар осы мүмкіндіктерді дұрыс жолмен пайдалана білсе болғаны. Жастардың жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыруда,  жемқорлықтың дендеп тұрған кезінде жас ұрпақты адалдық пен ізеттілікке тәрбиелейтін осындай форумдардың алар орны ерекше, дейді шараға қатысты өз ойымен бөліскен Ұстаз университетінің студенті Ерсұлтан Нүсіпжанов.

– Қазіргі қоғамның дерті – жемқорлық дейміз. Адамдар өз-өздеріне сенбейді. Сенімділік жоқ. Сол себепті де қылмыстық іс-әрекетке барады. Ол ең алдымен біз естіп жүрген құқық қорғау органдары мен білім саласында, ашып айтар болсақ, жұмысқа тұру мәселесі, жер кезегін жылжыту мәселесі, ЖОО студенттерінің “бір мәселесі”. Біз теледидардан, әлеуметтік желіден “жемқорлық іс-әрекетімен” адамдар ұсталғанын көріп, естіп жатамыз. Осындай ақпаратқа халықтың да құлағы үйреніп қалған секілді. Сондықтан да жемқорлық іс-әрекетіне барып, қылмыс жасайды. Себебі заңды білмейді. Заңды білмеген адам қылмыс жасайды. Жемқорлықты жою үшін елімізде небір бағдарламалар жүзеге асып жатқаны белгілі. Егер біз Елбасымыз жариялаған  әр мемлекеттік бағдарламалардың түбіне үңілетін болсақ, олардың негізі – жемқорлықпен күрес. Қалай? Меніңше, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бағдарламалар, орташа айлық есептік көрсеткіштің өсуі, халықты жұмыспен қамту мәселелерінің болғандығы, елімізде әр адам кәсіпкерлікпен айналысып, кәсібін дөңгелетуге арналған бағдарламалардың болғандығы соның бір дәлелі деп білемін. Жалпы, жемқорлықпен күрес – барлық адамның міндеті. Мұны біз қоғам болып қана жеңе аламыз.

Форум кезінде спикерлер Еуропа университеттеріндегі студенттерді негізге ала отырып, еліміздің жастарымен салыстыра отырып, талдау жүргізді. Олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданған негізгі әдістерін зерттеген спикерлер форумға қатысушылармен бөлісті және оқытудың кредиттік технологиясының негізі ерекшеліктерін ашып көрсетіп, тиімділігін тілге тиек етті.

«Академиялық адалдық Лигасы» аясында студенттердің жоғары оқу орындарының адалдығы мен парасаттылығы саясатына қатысу бойынша да бірқатар мәселелер қаралып,  жемқорлыққа қарсы  жеке және заңды тұлғалар үшін жұмыс істейтін, жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы адалдықты көрсететін  «Adaldyk.kz» сайты туралы да айтылды.

Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button