Жаңалық

Қызғалдақ – өркениет куәсі

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті» мақаласында қызғалдақ жайлы «Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болатынын» жазған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа мазмұнда жүзеге асыру мақсатында қарт Қаратау бөектерінде «Қызғалдақ – өркениет куәсі» атты өнер фестивалі өтті.

Фестивалге Қызылорда облысының барлық аудандарынан 8 команда қатысып, өзара бес бағыт бойынша бақ сынасты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне 2 жыл толуына орай, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы, білім басқармасының қолдауымен өткен шарада мектеп оқушылары ғылыми жоба, мәнерлеп оқу, ән салу, қолөнер бұйымдарын жасау, сурет салудан өз өнерлерін ортаға салды. Жаңақорған ауданы Қыраш ауылындағы №180 орта мектеп директоры Шолпан Оспанова оқушылардың бәсекелік қабілеті мен білімін дамытуға бағытталған шараны ұйымдастыру ерекшеліктеріне тоқталды.

–      Біз «Қызғалдақ – өркениет куәсі» өнер фестивалін тау бөктерінде өткізуді ұйғардық. Өйткені қызғалдақтың тарихы, оның ұлттық мәдениет пен өнердегі бейнесі жайлы ғылыми жоба дайындап, шығармашылықтың бірнеше бағытында өз жұмыстарын ұсынған оқушылар табиғаттың ғажайып туындысын қолмен ұстап көрсін деген мақсат қойдық. Өйткені бала көзбен көргенін, қолмен ұстағанын ешқашан ұмытпайды. Мектеп оқушылары туған жердің флорасы мен фаунасын табиғат аясында сезініп, таныса, олардың бойында отансүйгіштік, өз өлкесі жайлы мақтаныш сезімі ұялайды.

Фестивалге қатысушылар тау бөктеріндегі шараға белсенді әрі көтеріңкі көңіл күймен қатысты. Оқушылар қызғалдақтың қазақ тарихындағы маңызын ашуға ерекше дайындықпен келген.

Өнер сайысына түскен оқушылар қызғалдақ жайлы өз өлеңдерін ұсынып, гобелен тоқып, гүлге байланысты әндер орындады. Шығармашылық жұмыстардың әрқайсысында баланың сұлулық пен әсемдікке құштарлығын байқадық, – деді мектеп директоры Шолпан Оспанова.

Фестивалге қатысушылардың жұмысын кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы сарапқа салды. Атап айтар болсақ, «Өсімдік  әлемінің жауһары – қызғалдақ» ғылыми жобалар бойынша Жалағаш ауданы №123 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Құралай Аймұратқызы 1-орын, №101 мектептің 8-сынып оқушысы Айзат Кенжеғарақызы 2-орын, №42 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Қалима Шілдебай 3-орынды иеленді. Ғылыми жобалар өзектілігіне, практикалық маңызына, оқушының сөйлеу шеберлігі мен тақырыпқа байланысты пайымына қарай бағаланды.

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Әлима Әбдіхалықова өнер фестивалінің өлкетанудағы маңызын айқындап берді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамдық сананы жаңғырту арқылы ұлтық кодты сақтап, өркениетті озық елдердің қатарына енуді  мақсат етеді. Бағдарлама – бүгінгі күннің басты идеологиялық құжаты. Сондықтан да оған әрбір педагог, әрбір ғалым, әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бағдарламаны жаңа мазмұнда жүзеге асыруға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Сол міндеттердің бірі – қызғалдақ феноменін жас ұрпаққа насихаттау. Біз осы міндетті орындауда мектеп оқушыларының білімін одан әрі дамыту, олардың шығармашылық қабілетін арттыру мәселелеріне ерекше мән бердік.

Әсіресе қызғалдақтың сұлулық мен әсемдік символы екендігін көрсету арқылы балаларға эстетикалық тәрбие беру көзделді. Бүгінгі өнер байқауына қатысушылар қызғалдақтың кешкі көйлектегі өрнегін, жаңа тәсілмен тоқылған гобелен, пластмасса қалдықтарынан қызғалдақ гүлін жасаған қолөнер туындыларын тамашаладық. Тіпті қызғалдақ туралы өз өлеңдерін ұсынған жас ақындар бізді шынында да ерекше сүйсінтті, – деді Әлима Әбдіхалықова.

Әлемдегі 3 мыңнан астам қызғалдақтың көпшілігі біздің жерден тарауына байланысты ғылыми зерттеулер, аңыз-әңгімелер де жиі кездеседі. Мәселен, археологтар Жетісудағы сақ қорғандарынан қызғалдақтың өрнегі салынған алтын тіліктер тапқан. Қолөнер бұйымдарында да аталмыш гүл өрнектелген. Ресми деректер бойынша Ұлы Жібек жолы арқылы саудагерлер Орта Азия мен Қазақстаннан Түркияға қызғалдақ пиязшықтарын жеткізіпті. Ал ХҮ-ХҮІІ ғасырларда ерекше гүл Германия, Ұлыбритания, Голландия еліне тараған. Қазіргі таңда Голландия қызғалдақ өсіру арқылы әлемдік нарықты жаулап алды. Әлі күнге дейін шетелдік селекционер ғалымдар гүлдің жаңа сұрыптарын шығару үшін оның шыққан жері Қазақстанға арнайы келеді. Өйткені гүлдің сапасы аналық генге байланысты. Қазақ қызын ерекше мәпелеп өсірген. Қыз бала тұрмыс құрған соң, оның бойындағы сұлулық пен тектілік ұрпағына беріледі. Сондықтан да қазақ бойжеткенді тұтас бір елдің анасы болуға тәрбиелеген, үйреткен.

Қызғалдақ әдемілігімен ғана емес, емдік қасиетімен де пайдалы. Ертеректе ауырған адамды қызғалдақ гүлінің тұқымын суға қайнатып емдеген көрінеді.

Қазақ қызды қызғалдаққа теңейді. Тіпті қызғалдақ қыздың есімі дейді. Оған себеп, ертеде мал-мүлкі мен дүниесін қызғанған бай өз қызына қол жұмсапты. Қыздың қаны тамған жерге көп ұзамай, көздің жауын алатын әдемі гүл өсіп шығыпты. Ол гүлді көпшілік «қыздың дағы» яғни «қызғалдақ» деп атапты.

Ғылыми жоба сайысының 1-орын иегері Құралай Аймұратқызы қызғалдақты зерттеу барысындағы практикалық жұмысы жайлы баяндады. Қызғалдақтың гүлі ұзақ уақыт тұру үшін үйде отырғызылған гүл құмырасының жанына су құйылған жайпақ ыдыс қою қажет.  Өсімдікті жапырағы қуарып қалғанша суарып, одан кейін тоқтатамыз. Шанақтары түсе бастағанда гүлді салқындау жерге қойдық. Біз зерттеу жұмысы барысында гүлді үй жағдайында ұзақ уақыт тұруға бейімдеу жағдайын зерттедік. Жоба жазу қорытындысында біз қызғалдақтың емдік қасиеті жайлы мәліметтерді кеңінен таратылса, тіпті оларды мектепте өсіріп, баптау туралы ұсынысымызды жеткіздік.

Мен үшін қызғалдақ гүлі жайлы зерттеу жұмысын жазу өте қызықты болды. Фестиваль тау бөктерінде өтеді дегенде, оқушылар қатты қуандық. Өйткені біз табиғат аясында өткен шараға бұрын-соңды қатыспаған едік. Оның үстіне Қаратау маңындағы гүлдер мен өсімдіктер біз үшін ерекше қызықты көрінді, – дейді Құралай Аймұратқызы.

Өнер фестивалі соңында қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз оқушыларға диплом, алғыс хаттар мен кітаптар табысталды.

Қызылорда облысының “Рухани жаңғыру” бағдарламасының орталығы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button