Жаңалық

ЗЕЙНОЛЛА СӘНІКТІҢ МӘҢГІЛІК МҰРАСЫ

Зейнолла Сәнік мұрасы тағы екі кітаппен толығып отыр. Қос кітаптың тұсаукесері Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  «Отырар» кітапханасында өтті. “Зейнолла Сəнік атындағы мəдениет қорының” қолдауымен «Зейнолла Сəніктің шығармашылық мұрасы» (Жолдасбек Мəмбетов), «Мəңгілік жол» (Жолдасбек Ормаханұлы, Сержан Тоқтасынұлы) кітаптары қалың оқырманға жол тартты.

«Зейнолла Сәнік Қазақстанға көшіп келмей тұрып-ақ, елге оралған әр сапарында Қазақ даласын, ата-бабаларының жүрген жерлерін арлы-берлі аралап, көріп, жүрек түкпірінде бала күнінен сақталған сағынышын басуға тырысатын. Жыр-аңыздарда, бабалар туралы ескі естелік әңгімелерде айтылатын жер-су аттары мен олар туралы аңыздар бала Зейнолланың жадында елес болып сақталғанымен, сол жерлерді көрсем-ау деген арман ешқашан да көкейінен кеткен емес. Алғаш рет атамекенге оралуға сәті түсіп, шекара сызығын аттап өткен сәттегі бойын билеген діріл, жүрегін кернеген қуаныш, санада сарғайған сағыныш одан бері қанша жыл өтсе де әлі күнге шейін есінен кетпей, ылғи да бір тәтті ойға жетелеп отырушы еді».

Тұсаукесерге елімізге белгілі қаламгерлер мен ғалымдар қатысты. Ары қарай сол қатысушылардың, ниеттес, тілектес бауырларының пікірін ұсынамыз.

Тұрсын Жұртбай, жазушы, филология ғылымдарының докторы: Оқиғалар мен адамдар барған сайын құлдырап, азая береді екен. Жүріп өткен жолдағы бір толғайрықты тарамға менің көзімді бұрған осы Зейнолла Сәнік ағамыз. 1989 жылы Жазушылар Одағынан Қазақстанды аралатуға бірнеше жігіттерді қосып мені, Қабдеш Жұмаділовті, Жолдасбек Ормаханұлын жіберді. Сол кезден бастап таныстық, табыстық. Зекең қазақ үшін, қазақтың тәуелсіздігі үшін зор үлес қосқан азамат.

Бірінші – біз ол кезде Абылайды ұмытқанбыз. Колбинның кезінде хандардың бәрі қабылданып-қабылданбай қалған кезі болатын. Тәуелсіздік жылдарының басында да ашық дерекке жолыға алмағанбыз. Сол кезде Зекең «Қаракерей Қабанбай» деген кітап жазып, бүкіл қазақтың бетін бері бұрып жіберді. «Жылы келсін, келмесін тойлаймыз», деп Қаракерей Қабандайдың тойын тойлатты. Осыдан бастап бүкіл батырлар қозғалып, ақырын-ақырын осы кезге келді. Қазір де сол Зейнолла Сәнік ұсынып кеткен алғашқы жолдан алшақтап кеткеніміз жоқ. Бағыт-бағдар сол. Зекең атажұртына жай келмей, өзінің мәдениеттік парызын орындап, біздің көзқарасымызды қалыптастырып кетті.

Екінші – біздің тағдырымызды анықтайтын бізге беймәлім тұлғаларымызды, қазақ үшін жанын қиған тұлғаларды, тарихи тұлғаларды дер кезінде, алғашқылардың бірі болып жазып қалдырды. Сол кездегі кітаптар әлі күнге рухани азық болып келеді. Сол кезде 20 жаста болғандар қазір 40 асып 50 ге келді. Осылар өлгенше осы рух қалады. Ол күнге дейін бір өзгеріс болатын шығар деп ойлаймын. Зекеңнің еңбекқорлығын сол жақтағы аға, достары да біледі, біз де білеміз. Ол кісі бір дүниені ойына алмайтын, алса жазып бітпей қоймайтын адам еді.  Рымғали Нұрғалиев І.Есенберлинді «астыртын күрестің көсемі», дейтін. Зекең де осындай астыртын күрестің жанкешті жауынгері еді.

Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессор: Адамның миы 45 млн кітаптың мазмұнын сыйғызады екен. Зейнолла Сәнік ағамыздың осындай тәлімін көргенде, осындай еңбектерін көргенде осыншама дүниені оқыған сияқты болып көрінеді. Ұлы Жібек жолын білесіздер. Зейнолла ағамыздың зерттеуі бойынша Ұлы Жібек жолына дейін Дала Жібек жолы деген болған екен. Ол Сақ заманы болса керек.

Одан бөлек жұмбақтап сөйлеу өнері бар. Бұл да қазақтың өнері. Осы жұмбақтап сөйлеудің классикалық үлгілерін іздедім. Сөйтсем Зейнолла Сәніктің кітабындағы Отыншы бидің жұмбақтап сөйлегені бар екен. Нағыз классикалық үлгісі сол ма дерсің!

Содан кейін «Басбай» романы. Жолдасбек 30-40 беттей талдаған екен. Осы романды адам да жоқ, мал да жоқ, завод та жоқ, басқа жоқ. Бізге қазір не керек? Қазір қазақтың ұлы даласын малға толтыру керек. Дала малға толды дегеніңіз – елдің жағдайы жақсарды дегеніңіз. Жұмыс та бар, мектеп те бар, завод та бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі түгел осы романды оқуы керек.  Мал бағу өнері туралы бәрі айтылған бірден-бір шығарма осы. Малды қалай жаяды, қайда және қашан жаяды түгел-түгел, жік-жігіне дейін осында айтылған. Қазақтың қыстауы да, жайлауы да дәлдікке негізделген.

Қазір «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақала бар. Онсыз сөйлей алмаймыз(күліп). Бірақ, бұл жақсы болды да. Түсінген адамға. Осында «Атқа міну мәдениеті» деген бөлім бар. Осы «атқа міну мәдениетін» әлі күнге жаза алмай жатырмыз. Ал, Зейнолла ағамыз ХХІ томында осы атқа міну мәдениетін, ат үстіндегі спорт өнерін, ат үстіндегі соғыс өнері, қылыштасу, найзаласу, аңшылық, құсбегілік, саятшылық, ат бәйгесі, көкпар тарту, теңге алу, қыз қуу деп бөліп-бөліп жазып берді ғой?!

Неге рухымыз жоғалып барады. Өйткені ешкім атқа мінбейді.

«Атқа мінген кезімде мен өз басым,

Таққа мінген адамды менсінбеймін», дейді қазақ. Атқа қонғанда рухтанатыны соншалық болған. Атқа мінгенде көкірегің оянады, ойың ашылады, табиғатпен танысасың, шапшаңдығың дамиды, тақымың мығымданады, денсаулығың жақсарады. Осыдан артық не керек?  Осының бәрі бір адамның бойынан табылған. Ол адам рухты болмағанда несі қалды?!

 

Серік Қалиев,  «Зейнолла Сəнік атындағы мəдениет қорының» атқарушы директоры: Қор екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қордың басты мақсаты – еліміздегі әдебиет пен мәдениетті қолдау. 2017 жылы Зейнолла Сәнік ағамыздың көптомдығын жарыққа шығардық. Зейнолла Сәнік ақынның жары Шәмшабану Хамзақызы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанып, бүгін марапатталып жатыр. Сол себепті елордаға келе алмады. Осы ғалым, қаламгер, ұстаз Шәмшабану апамыздың екі томдығын жарыққа шығардық. Қордың атынан бірінші рет Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауын өткіздік. Осылайша тілдік жұтаңдыққа ұшырап жатқан, сөздік қоры азайып бара жатқан буынды кешегі астарлап, тұспалдап сөйлейтін бабаларымыздың қызылтілділігіне, шешендігіне тәрбиелеуді көздедік. Байқауға Алтай-Атырау арасындағы мектептердің оқушылары келіп қатысты. Бұл үлкен серпін берер жоба. Биылдан бастап білім және ғылым министрлігі осы жобаны өз жоспарына енгізіп жатыр.

Зейнолла Сәнік атамыз Қабанбайдың жетінші ұрпағы. Үрім-бұтағы Үржардағы Жарбұлақ елді мекенінде қоныстанған. Сол елдің рухын көтерейік деген мақсатпен Алакөлдің басында «Алакөлдегі аламан айтыс» деген Республикалық айтыс ұйымдастырып жатырмыз. Бұл сол жердегі отандық туризмді де дамытады деген ниетіміз бар. Биыл халықаралық «Өнер және спорт» үшкіндік фестивальін өткізбекшіміз. Ат бәйгесі де, айтыс та, Қанат Исламныңның жекпе-жегі де осында болады. Есірген эстрада алға шығып, кешегі текті сөзіміздің қадір-қасиеті еленбей бара жатқан күнде қолына домбыра ұстаған, сүбелі сөз айта білген бауырларымызды осылай қолдап, қанат бітірмекпіз.

Сағымбай Жұмағұл, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі: Әлемнің  әр түкпіріндегі қандастарымыздың ұлттық руханияттағы өзіндік тұғыры жан-жақты зерттеп, зерделенуі керек. Ол бірінші кезекте тарихи отаны Қазақстан үшін өте маңызды. Зейнолла Сәнік ағамыздың көптомдығының жариялануы, белгілі ғалым, әдебиетші Жолдасбек ағамыздың Зейнолла Сәнікұлына монография жазғаны қуантады. Бұл монографияда біздің әлемдегі, соның ішінде Қытайдағы қазақ руханияты, оның тарихи отанындағы көркемдік даму үдерісінің сабақтастығын байланыстыруға мүмкіндік береді. Монографияның құндылығы – Зейнолла Сәнікұлының шығармашылығының жан-жақты қаралуы. Атап айтсақ: проза саласы, тарихи романдары, қазақ этнографиясына қатысты, абайтануға қатысты ізденістері осы еңбекте жинақталып берілген. Бұл бағыттағы еңбектер бірінші кезекте қазақ әдебиетіндегі маңызды тақырып – ұлттың азаттығы, дербестігі. Ұлттық болмыстың бірегейлігін сақтау – қазақ әлеміне тән өте көкейкесті мәселе. Сондықтан тек Зейнолла Сәнік шығармашылығы ғана емес, Қажықұмар Шабданұлы шығармашылығы бірсыдырғы қаралды. Руда Зайкенқызының шығармалары зерттелді. Қабдеш Жұмаділов ағамыздың ыждахатымен осы романы жарық көрді. Болашақта осы монография негізінде Жақсылық Сәмитұлы, Оразанбай Егеубаев, Сейітхан Әбілқасымұлы секілді басқа да басқа Тарын тауқыметін тартқан, Қытай саясатына байланысты қуғындалған біздің бірегей тұлғаларымыздың шығармашылығы жан-жақты зерттелуі керек. Қазақстанда бұл тұлғалардың тұтас қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісіндегі шығармашылық үлесі, көркемдік-эстетикалық әлемі зерттеліп, бағалануы қажет. Бұл өте өзекті.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button