Жаңалық

ЖОҒАЛҒАН МЕМЛЕКЕТ

«Мынау қай Көмеков? – деймін дағ­дарып. – Бұл қазіргі есімі елге белгілі ғалым ағамыз ба, жоқ әлде басқа адам ба?» Осындай оймен «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 5-томын қолға алдым. Рас екен! 1963 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген Бөкең, Болат Ешмұханбетұлы Египетке аттанады. Сөйтіп, 1964-1965 жылдары сондағы Асуан плотинасына көмекке жіберілген кеңес мамандарына аудармашы қызметін атқарады. «Болды! Бітті! – дедім энциклопедиядағы мына анықтаманы оқыған мен сол сәтте іштей күбірлеп. – Өзім көптен бері іздеп жүрген Ақыш Ермековті білетін адам табылды! Оны бұл кісінің Ніл бойында көрмеуі, бірге жүрмеуі мүмкін емес». Сөйттім де ғалым ағамыз жұмыс істейтін елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верси­тетіне қоңырау шалдым.

– 1957 жылы, – деді кездесуден кейінгі алғашқы аман-саулықтан соң әңгімесін бірден бастаған Болат Ешмұханбетұлы, – мен Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Мұндағы өзім білім алатын шығыстану факультетіндегі тәртіп өте қатал еді. Әр студенттің жүріс-тұрысынан бастап, сабаққа дайындалуы, семинар мен курс жұмысына қатысуы, бәрі-бәрі қатаң қадағаланатын. 3-4 курсқа келгенімізде Таяу Шығыс елдеріне барып, тәжірибеден өту басталды. Оқу бағдарламасының сондай кезекті үдерісінде мен төрт студенттің бірі болып Сирия астанасы Дамаскіден бір-ақ шықтым. Бұл 1960-1961 жылдар еді. Жастық шақтың алғырлыққа толы уақыты ғой. Сол сапарда өз басым шетел дегеннің не екенін түйсініп, ондағы өмірдің қандай болатынын біліп қайттым.

Өстіп жүргенде біздің университетті бітіретін кезіміз – 1963 жыл да келіп жетті. Диплом қорғағаннан кейінгі ректораттағы әңгімелесуде комиссия мүшелері мені өздеріне қалдыруға шешім қабылдағанын айтты. Сол кездегі энтузиазм мен романтика және патриотизм-ай, десеңші, шіркін! Мен жоғарыдағыдай ұйғарымға көнбедім. Ташкентте қалмай, Алматыға, ондағы Ғылым академиясына барғым келетінін айттым. Отырғандар бастарын шайқады да, Мәскеуден келген өкілге қарады. Ол кісі: «Таңдауыңыз солай болса, қайтеміз. Барыңыз. Бірақ өзіңіздің қазіргі таңда елімізге өте қажет маман, керек кадр екеніңізді ұмытпағаныңыз жөн. Егер өмірде, тіршілікте кездейсоқ жағдай, күтпеген қиындықтар кездесіп жатса, бізге хабарласыңыз. Жерде қалмайсыз. Көмектесеміз!» деп қолыма бір телефон нөмірі жазылған қағазды ұстатты. Содан не керек, көп кешікпей жүрегім алып-ұшып Алматыға жеттім. Сөйтсем…

Осы жерге келгенде кейіпкеріміз үнсіз қалды. Әңгіме иесінің содан біраз уақыт өткеннен кейін барып қайта жалғаған сөзінен біз мынаны ұқтық. Ол таудай талаппен өзіміздің академияның есігін ашқанда алдымен көріп, жолыққан адамы Әбдуәли аға Қайдаров еді. Сол кездері мұндағы Тіл білімі институты директорының орынбасары болып істейтін Әбекең оны жақсы қарсы алады. Әңгіменің мән-жайына қаныққан соң арабтану саласына байланысты өздерінде бір орынның бар екенін айтып, құжаттарын институт басшысы Ісмет Кеңесбаевқа көрсетуге уәде береді. Арада апта өтеді. «Хабар болмай тұр. Шыда» дейді директордың орынбасары. Жаңа ай да жетеді. «Мен айтып-ақ жүрмін. Ыңғай бермейді. Үлкен кісі ғой. Сәлем беруге кіріп, жағдайыңды өз аузыңмен айтқаның дұрыс шығар» деп ақыл-кеңес береді Әбекең… «Жарайды» деп қабылдауға жазылған кезегі жетіп, академиктің кабинетіне енгенде естіген ­жауабы: «Біз сені шақырғамыз жоқ. Бос орын бар деп кім айтты? Көмектесе алмаймыз» деген сөз болды. «Бұл қалай? Бір штат бар еді ғой. Мүмкін емес» деп ыңғайсызданған директордың орынбасары кейіпкерімізге енді келісімшартпен «Арабша-қазақша сөздіктің» сұлбасын жасауға кеңес береді. Болат Ешмұханбетұлының бұған онша зауқы соқпайды. Байқап қараса, біріншіден ол әлі басы ашылмаған дүние сияқты. Екіншіден, ғылымдағы қалыптасқан қағида бойынша мұндай еңбекті біреу емес, бірнеше адам бірігіп қолға алуы керек.

«Жоқ, бұл болмайды» деген оның көз алдына кенет Ташкент, ондағы өзі оқыған университет елестеді. Ойына сондағы Мәскеу өкілінің бұған берген қағазы түсті. Содан жалма-жан есін жиып, Коммунистік проспект пен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы қалааралық телефон байланысы стансасына тартсын. Қажетті нөмірге тапсырыс беріп, кезегін күтіп отырсын. Динамиктен өзін шақырған дауысты естіп, кабинадағы телефон тұтқасын алсын. Алматыдағы жас маман мұның жағдайын асықпай тыңдаған арғы жақтағы адам бұған төрт-бес күннен кейін қайта хабарласуды өтінді. Сол айтылған шамада операторға тағы тапсырыс беріп, бейтаныс жанмен қайта сөйлескенде: «Мәселеңіз шешіледі. Тез арада бізге жетіңіз» деген жауапты естіп, аң-таң қалды. «Өңім бе, әлде түсім бе?» деп жүріп Алматыдан Мәскеуге аттанды. Қазан вокзалынан түскен соң Қызыл алаңға қарай тартып, үкіметтің сол маңдағы шетелдермен байланыс жөніндегі комитетіне келіп кірді. Осы жерде ол 1961 жылдан бері Кеңес Одағының көмегімен Египетте салынып жатқан ірі құрылыс нысанына араб тілін білетін мамандар жетіспей жатқанын естіді. «Егер баратын ойыңыз болса, өзіміздің Сыртқы сауда өкілдігіндегі 15 күндік тағлымдамадан өткен соң, біз сізді сол жерге жібере аламыз» деді мұнымен әңгімелескен орыс жігіті.

Кейіпкеріміз бұл ұсынысқа: «Тәуекел!» деп бірден келісті. Содан айналасы екі айдың ішінде Ніл өзені жағасындағы ­Асуан плотинасынан бір-ақ шықты. Мұнда ол бас аудармашы қызметін атқарды. Міндеті – атақты құрылысты салысуға Кеңес Одағынан келген орыстілді мамандар мен араб инженерлері арасындағы сөзді тәржімелеу. Сондай-ақ Асуан плотинасына КСРО Энергетика министрлігі жағынан жауап беретін бас сарапшы Яковлевке қала губернаторының кеңсесінде өтетін жиналыстарда тілмаш болу. Байқап қарайды, тұратын жерлері қолайсыз-ақ. Табиғаты қуаң, құмды дала. Жыл он екі ай бойы көктен нәр тамбайды. Оған әуе айналып жерге түсетін аптап ыстықты қосыңыз. Жер жағ­дайының осындай қиындығына қара­мастан халқы ақкөңіл, жайдары. Қырдағы түйе баққан бәдәуи де, ойдағы егін еккен феллах та Ніл өзеніндегі салынып жатқан алып құрылысқа қуанышпен қарайды.

Арада арбаның дөңгелегіндей айналып айлар өткен. Бұл Ніл өзенінің бөгеліп, алып су электр стансасына қажет турбогенераторлардың сәтті қойылған, сондай-ақ цементпен құйылған биік плотина кешенінің бір-біріне жалғасқан блоктары заманауи пульттермен жабдықталып біткен кезі еді. Сондай уақытта Африка құрлығындағы осы ғажап ГЭС-ті көру үшін Кеңес Одағының басшысы Н.Хрущев пен Біріккен Араб Республикасының президенті Гамаль Абдель Насердің келетіні белгілі болды. Мұндай жағдайда өкілдіктегі аударма бюросына тапсырылатын жұмыс белгілі. Ол мемлекет басшылары мен үкімет мүшелерінің сөздеріне тәржіме жасауды қамтамасыз ету. Жоғары дәрежелі меймандар Асуанға келгенше мұндағыларда жан қалмады. Тапсырмаларды қайта-қайта тексеру, атқарылатын жұмыстарды әлденеше рет пысықтау… Нәтижесінде екі ел көсемдерінің жұртшылықпен жүздесіп, еңбек адамдарымен емен-жарқын әңгімелесуі ешқандай ың-шыңсыз, аман-есен өтті. Сонда Асуандағы ресми делегация сапарындағы іс-шараның жоғары деңгейде жүргізілуінде КСРО басшысы Н.Хрущевке консул Аракелянның, ал оған еріп келген одақтық энергетика министрі Непорожныйға аудармашы Болат аға Көмековтің тілмаш болуы айтарлықтай рөл атқарған еді.

– Осы жерде мен өзің айтқан қазақ ағайды көрдім, – деді жоғарыдағы жағдаят­тарды рет-ретімен баяндап келе жатқан Болат Ешмұханбетұлы әңгімені енді басқа арнаға бұрып. – Ол кісі құрылыс басында менің жоғарыдағы үкіметтік делегация мүшелерімен жүргенімді көріп бас сарапшы Яковлевке: «Бұл кім?» деп сұрапты. «Сіздің жерлесіңіз. Бізге таяуда келді. Аудармашы» дейді жауап иесі. Осыдан соң, көп ұзамай бейтаныс жанның менімен танысуға арнайы келгені әлі есімде. Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы екен. «Атым – Ақыш, фамилиям – Ермеков, мамандығым – монтажшы, – деді гүрілдей сөйлеп. – Өскемен, Ангара ГЭС-терін салысуға қатыстым, 1961 жылдан бері осындамын. Отбасым – Алматыда». Дене бітімі зор кісі еді. Бізден 12 шақырым қашықтықтағы нысанға ерте барып, кеш қайтып жұмыс істеп жүрді. Демалыс күндері маған соқпай кетпейтін.

Осылай 1964-ші жыл өткен. 1965-ші жыл да келіп жеткен. Еңбек демалысы жақындаған сайын кейіпкерімізде маза болмады. Өйткені оған болашақтағы өмір жолы үшін нақты шешім қабылдау керек еді. Не: «Мұнда кел, анда бар» деген күнделікті күй­бең жұмыстардың жетегінде жүре беру, не өзі армандаған іргелі ғылым саласына қарай түбегейлі бет бұру. Соңғы оймен бас са­рапшы Яковлевке кіргенде, ол тас-талқан болып ашуланды дейсіз. «Не жетпейді саған? – деді. – Табысың жақсы, тамағың тоқ. Беделің де жаман емес. Басқалар мұндай жерге жете алмай жүрсе, архивте қағаз кеміріп, атақ-даңқты содан табамын дегеніңе жол болсын».

Күнде осындай әң­гіме… Күнде жоғары­да­ғыдай тәжіке… Таусылмай­тын үгіт… Ақыл-кеңес… Шешуші сөзді бір күні консул Аракелян айтты. «Сіз, – деді бас сарапшыға, – бұл жігітті жақсы көр­гендіктен, жұмысына көңіліңіз толған­дықтан жібергіңіз келмей отыр. Иә, ол бәрімізге ұнайды. Барлығымызға керек кадр. Бірақ кетемін деген адамды ешкім тоқ­тата алмайды. Осыны түсініңіз. Менің па­йым­дауымша, бұл болашағы бар адам. Алдына мақсат қойған маман. Ұмтылсын соған… Жетсін арманына! Қиянат жасамайық».

Яковлев көнді. «Бірақ саған айтатын ақылым бар. Былай істе, – деді даусы жұм­сарып. – Біздегі былтырдан бергі еңбеккүн ақысы аккордты түрде есептеліп келгенін ұмытпа. Ай сайынғы мұндағы тір­шілігіңе қажет деп беріліп келген айлығың, ол – аванс. Ал қалғаны банктегі арнаулы есепшотта сақтаулы. Сол қаржыға мен кезектен тыс жекеменшік көлік сатып алатын шешім шығарып берейін. Көп адамдарға жасала бермейтін бұл жеңілдікті бізге деген адалдығың мен елгезектігіңнің өтеуі деп ұқ. Сөйтіп, Египеттен еліңе жеңіл мәшине мініп қайт. Бұл – бір. Екінші, өмір ғой, жігітім. Тіршілікте бәрі де болуы мүмкін. Егер Алматыға барғанда қиыншылық көргендей жағдай туып жатса, ұялма. Бізге қайта орал. Үйленсең келіншегіме жұмысты қалай тауып беремін демей, ерте кел. Екеуіңді де қызметке аламын.

– Шіркін, сол кездің адамдары-ай! – деді осы жерге келгенде Болат Ешмұханбетұлы көңілі толқып. – Бір мақсат-мұратқа жұмылып, бір идеяға берілген олардың адамгершілігін, қамқорлығын қалай ұмытайын. Осындай ыстық ықыласқа бөленіп, елге қайттым емес пе?!

Бас сарапшыға рақмет! Сөзінде тұрды. Мәскеуге келгенде ол шығарған шешім дайын екен. Сол бойынша кейіпкеріміз жеңіл көлікті еш қиындықсыз алып, оны Жамбылдағы әкесіне әкеліп мінгізді де, өзі Алматыға жетуге асықты. Бұл жолы Тіл білімі институтына жолаған жоқ. Сол академияда жұмыс істейтін Аяпберді досы екеуі тарихшыларды жағалады. Иә, оларға арабтанушы маман керек екен. Ғалым Бегежан Сүлейменовтің бастауымен академик, Тарих және археология институтының директоры Ақай Нүсіпбековтің кабинетіне келіп кіргенде жолы болды. Ол кісі жылы қабылдап, өткен замандарды сөз етпегеннің өзінде, мына ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейінгі кітаптарымыз бен газет-журналдарымыздың араб әрпімен шыққандығын, ал кириллицаны ғана білетін кеңестік дәуірдегі ғылым өкілдерінің оларға тістері батпай, атқаратын істерге қолбайлау туғызып отырғанын қынжыла баяндады. Сөйтті де: «Тарихшылардан тіл маманы болған адамды көргенім жоқ. Ал тілшіден жақсы тарихшы шығатынына сенімдімін, қарағым. Іске сәт!» деп жұмысқа алуға пейілді екенін білдірді. Әңгіменің соңында аспирантура жайын да сөз ете келіп. «Әл-Фараби еңбектеріндегі ежелгі Қазақ елі туралы деректер» тақырыбы бойын­ша ізденіп көруге ақыл-кеңес берді.

Академик айтқан соң жан қала ма?! Институттағы қызметіне бұйрық шығып, орналаса сала жоғарыдағы тапсырмаға ал келіп кіріссін дейсіз. Ол ­кезде ­Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр бабамыз туралы, оның еңбектері жөнінде біздің елдің енді-енді біле бастаған кезі еді. Сондықтан ғұлама ғалымға қатысты дүниелердің бәрін Бағдад, Каир, Ыстамбұл, Тегеран шаһарларындағы ғылыми орталықтардағы дереккөздерден іздеу керек болды. Оған қоса Кеңес Одағымен дос басқа да Таяу Шығыс мемлекеттеріндегі көптомдық энциклопедиялар мен библиографиялық еңбектердегі әр шығармаға берілген қысқаша сипаттамалар да қағыс қалған жоқ. Осындай ұмтылыс барысында ол әл-Фарабидің 60-тан астам еңбегін тауып, танысып шықты. Бірақ… Сәтсіздік… Бұлардан нақты дерек, мәлімет табылмады. Барлығы да трактат. Кілең теорияға құрылған философиялық пайым­дау. Дидактикалық ереже-қағидаттар. Осыны жетекшісіне айтайын десе, бекітіліп берілген тақырыбына түк таба алмаған сияқты өзіне ыңғайсыз. Айтпайын десе, бар ақиқат солай болып тұр. Ақыры ғылыми кеңестің бір отырысында: «Тәуекел!» деп баяндауға тура келді. Жоқ, бекер қауіптеніпті. Нақты дәлел-дәйек негізіндегі тұжырымға ғалымдар түсіністікпен қарады. Пікір алысу кезінде Әлекең, Әлкей аға Марғұлан: «Бұлай болған жағдайда тақырыпты өзгерту керек шығар. Мәселен «Ертедегі Қазақ елі көне араб қолжазбалары деректерінде» деп институт басшысына қарады. «Жақсы, – деді Ақай Нүсіпбеков. – Бұл жөнінде Ленинградта не бар екен?» Сөйтті де бәрі ақылдаса отырып Болат Ешмұханбетұлын сондағы Шығыстану институтының нарратив, яғни көне қолжазбалармен шұғылданатын ­мамандар тобына жіберуге ұйғарым жасады.

…Ал мұндағы жұмыс сұмдық ауыр және өте қиын еді. Негізі І Петр заманынан бастап жиналған Азия, Таяу Шығыс елдерінің араб, иудей, парсы, қытай тілдеріндегі шаң басқан папирустар мен пергаменттер, фолиант, альбом, карталар және факсимилие толы сансыз сөрелерден адам шошитын. Күні бойы жертөледегі тау-тау боп үйілген олардың арасында жүріп жоғарыға көтерілгенде, денең ауыр жүк езіп тастағандай жаншылып шығатын. Бекер обалы не керек, осы ғылым ордасында көптен бері істейтін Анас Бакиоғлы ­Халилов, Олег Георгиевич Большаков, Петр Афанасьевич Грязневич секілді Шығыс әлемінің білгірлері Қазақстаннан келген жас маманға аталмыш рухани қазына есігін барынша ашып тастап, қолдарынан келген көмегін аяған жоқ.

Осылай қыс, көктем өткен. Мезгіл жазға иек артқанда кейіпкеріміз ежелгі замандағы Қазақ елінің бастау көздері болып табылатын түргеш қағанатына қатысты көне араб дереккөздеріне жеткен. Одан қарлұқтарды бітіріп, қараханидтер тұсындағы жәдігерлерге келген. Содан кейінгі бітірген шаруасы оғыздарға қатысты нарративтер болды. Сөйтіп, VII-X ғасырлар аралығын адақтап шығып, қыпшақтар дәуіріне қарай ойысқан. Байқайды, міне, осы жерден бастап бұрын ғылыми айналымға түспеген бейтаныс сөз ұшыраса бастады. Ол «иемақ» деген атау еді. Келе-келе бұл «қимақ» ұғымына айнала бастады. Мән-мағынасына қарағанда ел мен жерге байланысты айтылғандай ма, қалай? Иә… иә! Оны мұнда болып, көзімен көрген саяхатшылардың «шаһарлар мен кенттер», «мал шаруашылығы», «егін», «қолөнер» деген деректері айқындай түскендей.

«Қызық, – деп ойлады Болат Ешмұханбетұлы. – Оғыздар мен қыпшақтар дәуірінің арасындағы қандай тайпа бұл? Қандай жұрт?». Сөйтті де көне араб жазбаларындағы осы тақырыпқа қатысты өзі ұшырастырған мағлұматтарды тірнектеп жинауға отырды. Қалың шөп арасына түсіп кеткен инені іздегенге ұқсас азапты ізденіс барысында мынадай мағлұматтар белгілі бола бастады. «Қимақтар қырғыздардың солтүстігінде» (Әл-Марвази); «Олардың жоғары дәрежелі басшыларын шадтүтік дейді». (Әбу Саид Гардизи); «Патшасы хақан деп аталады». (Белгісіз парсы саяхатшысының «Худуд әл-алам» жазбасынан); «Хақанға патша әулетінен шыққан адам мұрагер болады». (Әл-Идриси); «Қыс түсе бастағанда олар (қимақтар) әрқай­сысы өзінің шама-шарқына қарай қой, жылқы және сиыр етін сүрлеп алады» (Әбу Саид Гардизи); «Ақсүйектері киімдерін қызыл және сары жібектен тіктіріп киеді». (Әл-Идриси); «Оларда қамыс өседі; бұл қамыспен олар жазады» (Әбу Дулаф); «Қимақтардың жертөлелері бар» (Исхақ ибн әл-Хусейн); «Мұндағы тұрғындар тамаққа бадана, бұршақ және арпа салады». (Әбу Дулаф); «Адамдары көшпелі… Алайда жер өңдейді, тұқым сеуіп, егін жинайды… Өсімдік майының орнына мал майын пайдаланады, тоң майды шам етіп жағады» (Әл-Идриси); «Жерінің көбі бау-бақша, ал бақтарының дені жүзімдік» (Әл-Макдиси); «Қолөнер бұйымдарының басынан аяғына дейінгі жұмыстарын өздері істейді. Төңірегіндегілерден көмек сұрамайды және басқаның ақылын керек етпейді» (Әл-Жахиз).

Міне, бұрынғы тарихнамада қарлұқтар, оғыздар деп келіп бірден қыпшақтар дәуіріне өте салатын тұста қандай құнды мәлімет ескерусіз қалып келген десеңізші… Жоғарыдағы келтірілген мысалдар кейіпкеріміздің инемен құдық қазғандай болып еңбектенген ауыр жұмысының азғантай бөлігі ғана. Ал оның екі жылға жуық уақыт бойы тапжылмай отырып тапқаны сол кездері ғылыми айналымға түспеген 70 жаңа дерек еді. Осыларды тап-тұйнақтай етіп жазып, Ленинградтың Шығыстану институтындағы өзі жұмыс істейтін түркі-моңғол секциясына өткізгенде, жарты айға дейін жауап болмады. Байқайды, күнде жиналыс. Күнде талқылау. Жиын тақырыбы мұның оларға өткізген ғылыми есебіндегі мәселелер сияқты. Бір күні араб кабинетінің меңгерушісі А.Халилов шақырып алды да: «Осының бәрін өзің таптың ба?» деді тіке қарап. «Әрине, – деп жауап берді бұл ештеңеге түсінбей. – Көріп жүрсіздер. Келгелі ешкіммен сөйлескен емеспін. Ешқайда барғаным да жоқ. Тек осында, қолжазбалар қорында жұмыс істедім емес пе?» «Жарайды, – деді әңгіме иесі. – Сен енді былай ет. Қала шетінде біздің санаторий бар. Соған барып демал. Қарашы, көзің қызарып, жағың суалып не боп кеткенсің өзі? Бұл болмайды ғой. Міне, жолдама. Қалған әңгімені келген соң жалғастырамыз».

Осы жерде, құрметті оқырман, оқи­ғаны уақытынан оздыра отырып баян­дайық. Жағдай былай болған. Болат Ешмұханбетұлы хабарлама-есебін институт басшылығына өткізгенде, мұндағы ғылыми ортада үлкен дүрлігіс басталады. Біреулері айран-асыр кейіппен таңғалады. Екіншілері күмәнданып, сенбейді. Үшіншілері әліптің артын бағып, үндемейді. Төртінші бір топ жаңалық ретінде мойындалуы керектігін талап етеді. «Бірақ қалай, қайтіп? – дейді шаштарын осы шығыстану саласымен ағартқан оқымыстылар. – Аты да, заты да ғылымға әлі белгісіз жас адамның аз ғана уақыт аралығында осындай жанкештілікпен еңбек етуі мүмкін бе? Оның мұндағы көне араб қолжазбаларын жалғыз өзі аударып-төңкеріп шығуға күш-қуаты қалай жеткен? Сондықтан тексеру керек». Сөйтеді де олар Болат Ешмұханбетұлын қала сыртына демалдыруға жіберіп, өздері ол жұмыс істеген жәдігерлерді қарауға кіріседі. Бәрі дұрыс. Атап айтқанда, Қазақстаннан келген маманның қай бумаға қашан тапсырыс бергені, онымен қанша күн жұмыс істеп, одан нені тапқаны, сондай-ақ қор қызметкеріне қай уақытта қайтарғаны анық жазылған. Және сол 70 жаңа дерек табылған әртүрлі қолжазба тігінділерін екі жылға жуық мерзім ішінде «Б.Көмеков» деген адамнан басқа ешбір ізденуші қайта алып қарамаған. Оқымаған.

Құрамы 4-5 сарапшыдан тұратын комиссия жарты ай бойы жоғарыдағыдай тексеру жұмыстарын жүргізіп: «Бұл мағ­лұмат-мәліметтер ізденуші маманның таза өз еңбегі. Ол тапқан жаңа деректер қордағы көне араб-парсы жазбаларындағы мәтіндермен қайта салыстырылып, тек­серілді» деген қорытынды жазылып жатқан кезде біздің кейіпкеріміз де санаторийдегі демалысынан институтқа қайта оралған еді. «Сен білесің бе? – деді кабинетіне кіре берген оны қуанышты жүзбен қарсы алған А.Халилов. – Екі жылда… Иә, бар-жоғы екі жыл ішінде ғылымға үлкен жаңалық әкелгеніңді түсінемісің, көгершінім! Осы мерзім аралығында үлкен бір мемлекет аштың ғой. Дәл солай!.. Тарих сахнасынан із-түзсіз жоғалып кеткен Қимақ атты жартылай көшпелі отырықшы елді таптың емес пе?!» Анас Бакиоғлы Халиловтың қуанышында шек жоқ. Бұған сол жерде О.Г.Большаков, О.Ф.Акимушкин, С.Г.Кляшторный секілді атақты арабтанушылар мен түркологтардың құттықтаулары қосылды дейсіз. Бәрінің айтатындары – жақсы сөз, жоғары баға. Тілейтіндері – ізгі ниет.

– Осындай қуанышты жағдаймен 1970 жылы Алматыға қайттым, – деді өткен күндерін ойлана еске алған ­Болат ­Е­шмұ­ханбетұлы. – Қолымда – ленинградтық ғалымдардың өзіміздегі Тарих және археология институтының басшылығына арнап жазған хаты. Конвертті ашып, ондағы мәтінмен танысқан академик Ақай Нүсіпбеков маған ерекше бір ризашылық сезіммен қарады да: «Бәрін де өз ретімен бастайық қарағым. Алдымен, кандидаттық диссертацияңды қорғап ал. Қалғанын содан соң көрейік. Жарай ма?» деді қамқор үнмен. Шынымды айтсам, анығын өзім де білмеймін, бірақ кезінде көзімен көргендер сөз етіліп отырған хатта: «Бұл докторлыққа лайық еңбек» деген сөйлемдер бар еді дейді. Ақай аға көпті көрген кісі-тін. Егер сол кездері жасым 30-ға жаңа толған маған бірден докторлықты қорғауға рұқсат берсе, ол уақытта мүлде мүмкін емес деп есептелетін бұл жағдайдан қып-қызыл өрт шығары анық еді. Себебі докторлық реті келіп жатса, біраз уақыттан соң корреспондент-мүшелікке өту, күндердің күнінде академиктікке жету деген сөз ғой. Ал, бірақ, академияда мұндай орындар санаулы-тын. Есептеулі болатын. Сондық­тан сені өзіңнің алдыңда әлденеше жыл бұрын қорғап, келесі ғылым сатысына қарай кезек күтіп тұрғандар жақтыра қоя ма? Жоқ. Ақаңның: «Алдымен, кандидаттық диссертацияыңды қорғап ал, қалғанын содан соң көрейік» дегені осындай жағдайға байланысты ма деп ойлаймын.

Сонымен, сөздің тоқетері, жоғарыдағы ақыл-кеңестен кейін мен ғылыми жұмы­сым­ды жазуға отырдым. Тақырыбым «ІХ-ХІ ғасырдағы Қимақ мемлекеті араб дереккөздерінде» деп аталды. Пайдаланатын мағлұмат-мәліметтерім белгілі. Ол күні кеше ғана өзім тапқан 70 жаңа дүние. Сондықтан диссертациямды өте тез жаздым. Бәрін екі жыл ішінде бітіріп, қорғауға шыққанымда, Ленинградтан келген ғылыми жетекшім Сергей Кляшторный мен оппонентім Әлкей Марғұланның сөздері ғылыми кеңес мүшелеріне ерекше әсер етті. Сергей Григорьевич, алдымен, менің зерттеу еңбегімде қазақ халқының арғы тектерінің біріне жатқызуға болатын қимақ ұғымы тарихымызда тұңғыш рет сөз болып отырғанын айтты. Содан соң бұл ел туралы көне араб-парсы қолжазбаларындағы тарихи-географиялық мәліметтердің бәрі жаңа, ғылыми айналымға әлі түспеген тың дереккөздер екеніне тоқталды. Сөзінің соңында ол ғалымдарға саяхатшы Әл-Идрисидің белгісіз болып келген «Сурат әл-ард» картасының табылуы құнды қазына дей келіп, қорғауға ұсынылып отырған еңбекте қимақтарда мемлекет және қала мәдениеті бар деген мәселелердің нақты дәлелмен тұжырымдалғанына баса көңіл бөлді. Ал оппонент Әлекең, Әлкей аға болса, жұртқа менің диссертацияны жазу кезімде Батыс пен Шығыс және КСРО-дағы араб қолжазбаларымен жұмыс істейтін ғалымдардың 500-дей ғылыми еңбегін оқып, танысқандығымды үлгі ете келіп, кандидаттық жұмысыма Мәскеу мен Ленинградтағы көрнекті тарихшылардың кеңесшілік етуі мәселенің кең ауқымда қаралғандығынан хабар береді деді.

– Сөйтіп, – деді кейіпкеріміз әңгіменің соңында, – 1972 жылы мен кандидаттық диссертациямды аман-есен қорғадым. Ол кезде 32 жаста едім. Қуаныштысы, еңбегім­нің тың тақырып екендігін ғылыми орта бірден мойындады. Одан да маңыздысы – диссертацияма одақтағы шығыстанушылар ғана оң қабақ танытып қойған жоқ. Шетелдердегі, атап айтқанда, Токио, Вашингтон, Будапешт, Дамаск ғалымдары да жылы пікірлерін білдірді. Бұл сол кез үшін үлкен құбылыс еді. Иә, сол уақыттағы қазақ ғылымы қуатының қандай екенін білдіретін биік мерей болатын.

…Адам өмірінде жұлдызды сәт деген болады. Бұл, әсіресе ғылымда ерекше мәнге ие. Әрине, тіршілікте қуаныштың, атақ пен даңқ, абыройдың өз ретімен келіп жатуы бұл да үлкен жақсылық. Бірақ бұларды жұлдызды сәтпен шатастыруға болмайды. Болат аға Көмеков, мәселен, сонау 70-жылдардан күні бүгінге дейін де көптеген жетістіктерге жеткен жан. Атап айтқанда олар: ғылым докторлығын қорғау, корреспондент-мүшелікке өту, академик атану, зерттеу еңбектерінің шетелдерге жарияланып, жақсы баға алуы… Бірақ ғалымның осы бағындырған биіктерінің ішіндегі ең бір ғажап қайталанбас тамаша еңбегі – тарихта өз орны бола тұра кейін жоғалып кеткен Қимақ мемлекетін тауып, ғаламдық ғылымда жаңалық ашуы дер едік. Біздіңше, кейіпкеріміз өміріндегі жұлдызды сәт осы шығар, бәлкім?! Иә, солай!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button