Жаңалық

Көне дәуір әдеби жәдігерлері

Ерекше көрмеден шетел архивтері мен кітапханаларынан әкелінген ұлтымыздың әдеби құнды мұралары көрініс тапты. Атап айтар болсақ, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Махмут Қашқаридың «Диуани Лұғат ат түрк», Ахмед Иүгінекидің «Хибатул хақайық», Әл-Ферғанидің «Астрономия», Әбу Райхан Әл-Бирунидің «Медицина» туралы еңбектері мен «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден және Ватикан нұсқаларының көшірмелері қойылды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 2 жылдығына орай, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Архив-2025» бағдарламасы аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Көне дәуір әдеби жәдігерлері» атты кітап көрмесі мен дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты – ұлттық бірегейлікті, ұлттық кодты сақтау мақсатында халқымызға сондай-ақ, күллі түркі дүниесіне ортақ әдеби жәдігерлерді көпшілікке таныстырып, сол арқылы жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту.

Шараны Республикамызға танымал айтыскер ақын Мұхтар Ниязов ашты. Ақын өз сөзінде, кез келген халықтың жазба мұралары-сол елдің құнды дерегі екенін айтып, ұлттық бәсекелестік қабілетімізді арттыру үшін тарихи жадымызды жаңғырту керек – деді.

Көрмеге сирек кітаптар қолжазбалары, шетел архивтері мен кітапханалардан әкелінген ұлтымыздың әдеби құнды мұралары қойылды.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының орынбасары Бахытнұр Мырзахметова бізбен әңгімесінде «жастарымыз дініміз бен тілді, тарихты, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қадір тұтып, зерделей түссе екен. Бір сөзбен айтқанда, жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу жолында бағдарламаның алар орны үлкен, – деді.

Ғылыми кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Г.Қосназарова көрмеге қойылған кітаптардың мазмұнына, тарихы мен әлемдік ғылымға қосқан үлесіне кеңінен тоқталып өтті.

Шараға облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Мыңжас, «Рухани қазына» бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосан, «Ақпарат толқыны» бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Г.Әшірбекова, «Атамекен» бөлімінің басшысы Б.Нұриман қатысып, көрмеге қойылған кітаптардың мазмұны, тарихы және оның әлемдік ғылымға қосқан үлесіне тоқталды.

Дөңгелек үстелге жиылғандар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, тіліміз бен тарихымызды ұмытпай жаңашылдыққа ілесу үшін бағыт көрсетуші бағдар екендігін айтты.

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының

«Ақпарат толқыны» бөлімі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button