Жаңалық

Тіл – ұлттың жаны

Ана тілдің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуі үшін әрбір саналы адам қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын әдебиеті мен мәдениетін, тілін білуге міндетті.

Адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, олардың мәнін түсінеді. Сондай-ақ, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани байлықтарды адам ана сүтімен бірге қабылдап, туған тілі арқылы игілігіне пайдаланады. Кез келген ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі қатынас құралы – тіл. Тіл болмаса, сөз де болмайды. Сөз болмаса, адамзаттың тірлігінде мән-мағына болмайды. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Ана тілдің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуі үшін әрбір саналы адам қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын әдебиеті мен мәдениетін, тілін білуге міндетті.

Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, орамдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарында.  Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қазақ тілі – қазақтың жаны» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты – жастарға халқымыздың мерейін тасытып, мәртебесін асқақтатуға, ұлт бірлігін нығайтып, халықтар достығын шыңдауға, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетуге, ұлт әлеуетін көтеруге қазақ тілінің құдыреті жететінін түсіндіру.

Дөңгелек үстелде қазақ тілінің қазіргі қоғамдағы мәртебесі талқыланды. Сондай-ақ, шақырылған қонақтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру міндеттері аясында пікірлер алмасты.

Шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тілші ғалымдары, қалалық метептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнеінің мұғалімдері, «Өрлеу» АҚ Қызылорда облыстық филиалының әдіскері, ф.ғ.к. Ж.Исаева және студент-жастар қатысты.

Басқосуда сөз алған филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Аман Абасилов сөз алып, кірме сөздерді өз сөзімізге айналдыру қажеттігін атап өтті. Тілді қолданудың ауқымын кеңейту үшін осындай қадамға барудың маңызын түсіндірді. Мәселен, балконды қылтима деп аударғанымызбен, оны ешкім қолданып жатқан жоқ. Сондықтан тілдік қолданысты арттыру үшін кірме сөздерді сол күйінде «самовар – самаурын» секілді өз сөзімізге айналдырып жіберуіміз қажет.

Тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Сол үшін де қазақ тіліне деген қажеттілік пен сұранысты арттыруымыз керек, – дейді ғалым.

Дөңгелек үстелге қатысушылар тілдің адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, тіл-ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың, ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың  маңызды факторы екенін тілге тиек етті.  Сонымен қатар, олар жаңартылған білім беру бағдарламасы мектеп оқушыларының айтылым, тыңдалым, оқылым дағдыларын дамытуға қаншалықты мүмкіндік беретіндігі туралы өз ойларын ортаға салып, бағдарламада балалардың қызығушлығы мен қажеттілігі қаншалықты ескерілгіндігі жайында баян етті.

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының

«Ақпарат толқыны» бөлімі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button