Жаңалық

КІТАПҚҰМАРЛАРДЫҢ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ

Қалың көпшілікті сирек қордағы кітаптармен, өзге тілдегі кітаптармен таныстыру, рухани һәм әдеби мұрамызды барынша насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Eurasian book fair – 2019» IV Еуразиялық кітап-жәрмеңкесі өлеңсүйер көпшілік үшін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен болған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің «Біздағы ғашық болғанбыз» атты жыр жинағының тұсаукесерімен басталды.

Әдебиет әлемінде, поэзия әлемінде өзіндік із салып, мектеп қалыптастырып үлгерген Ұлықбек Есдәулеттің бұл жинағына жастық жыры, махаббат, ғашықтық тақырыбындағы туындылары еніп отыр. Оқырман үшін жағымды жаңалық жасаған ақын туралы замандас қаламгерлер былай дейді:

Ілия Жақанов, Қазақстан мен Қырғыстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист, жазушы, музыкатанушы, композитор: Астанаға өте сирек келемін. Келгенімде осындай адам өмірінің азығы болған кітап көрмесін көргеніме бек қуаныштымын. Ұлықбекті оқырманы да, біз де жақсы көреміз. Кітапты өте сыншыл көзбен іріктеп, таңдап-таңдап оқимын. Сол іріктеуден аман-есен өтіп, оқылатындардың бірі – Ұлықбек Есдәулет. Жібектей сызылған шуақты, сәулелі лирикасы адамды ойландырып тастайды. «Абайдың керемет ойларының үміт сәулесі жылтылдап тұрғандай әсер беретін шығармалары бар еркін жазатын, кең тынысты ойлы ақын», деп бағалар едім. Ұлықбектің өлеңдеріне талдау жасаған жоқпын. Болашақта осыны қолға алар ойым бар. Абайдың ән романстарына 12-13 шығарма жаздым. Тоқсан қайталағанда көрінбей қалатын ойлар әуелі Абай шығармаларында, содан кейін Ұлықбек шығармаларында бар. Сабырлы жүректен шыққан тұнық поэзия қашанда бағалы.

Тұрсын Жұртбай, алаштанушы, абайтанушы, жазушы: Мына заманда адамның, оның ішінде жазушылардың бір қуанышы болса, ол – кітап көрмесі. Өйткені бұл тек кітаптың ғана емес осы жердегі барлық жазушылардың, ақындардың ішкі жан дүниесінің көрмесі. Біздің жанымыз осы кітаптардың ішінде. Ал осы көрмені Ұлықбектің кітабы ашып отыр. Биыл Ұлықбек Есдәулет екеуіміздің шығармашылығымызға тура 50 жыл болып отыр. Біз шыққан кезде Жүрсін (Ерман ред.), Несіпбек (Айтұлы ред.) дегендер жоқ (кұліп). Сол 50 жыл бойы бұл ақын әлі ғашық болып жүр екен. Сол ғашықтық басылмасын. Тек қазақ аспанында ғана емес, бүкіл Хиросимада, «Мәңгілік оттың» басында «Заман-айды» айтып жылап, Ұлықбекпен бірге Қазақстанға (Астанаға ред.) еріп келген жапон әншісі де бар. Ұлықбек, Ұлықбектің шығармашылығы осындай бағаға ие бола берсін!

Баянғали Әлімжанов, ақын, манасшы, жыршы-жырау, әдебиет пен өнер зерттеушісі, мәдениет қайраткері: Бүгінгі көрме ел тыныштығының белгісі, жақсылықтың, берекенің айғағы. Осындай көрменің басы ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының бастамасымен жарыққа шыққан Ұлықбек Есдәулеттің «Біздағы ғашық болғанбыз» кітабының тұсаукесерімен басталып жатқаны үлкен қуаныш. Талай жерден кітабы шығып жатыр. Десе де кітапхана ақынның кітабын шығарып беруі сирек болатын оқиға. Құтты болсын! «Менің қолымнан сүюден басқа түк келмейді» дейтін ақынның жазары таусылмағай!

Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері: Елардамызда үлкен  мәдени-рухани шара басталды. Бұл кітап күні, оқырмандар күні. Кітапханашыларды, оқырмандарды, кітапсүйер қауымды мерекелерімен құттықтаймын. Елордамыз тек әкімшілік басқару жүйесінің орталығы емес, руханияттың да ордасына айналғанының дәлелі бұл. Осындай көрменің аясындағы бірінші салтанатты іс-шара қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет ағамыздың кезекті жинағының тұсаукесері. «Біздағы ғашық болғанбыз» атты қыздың баласындай сүйкімді кітапқа махаббат жырлары топтастырылып отыр. Ұлттық академиялық кітапханада 200 шақты ғана қыз бар. Осы қыздардың барлығы Ұлықбек ағамыздың махаббат туралы өлеңдерін жатқа айтысып жүреді (әзіл-шыны аралас ред.).

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button