Жаңалық

САНДУҒАШ НҰРҚАНОВА: ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ ӨНЕГЕНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Жыл сайын нанотехнологиялар дамып, заманауи цифрлық жүйелер өзінің мүмкіндігімен алға озған сайын дәстүрлі мәдениетке деген сұраныс та көбейе түсетінін байқадық.

Газет, журнал, кітап оқу мәдениеті цифрлық технологиямен қатар бәсекелесіп те келеді. Бүгінгі күннің талабына сай балалар мен жасөспірімдер журналын шығарып, медиа бәсекелестікте табандылық танытып жүрген журналист, республикалық «Айтшы, әжетай» журналының бас редакторы Сандуғаш Нұрқановамен кездесіп, балалар әлемі тақырыбында сырласып едік.

Біздің кейіпкеріміз –  зиялы әулетте дүниеге келген. Хан Тәңірі тауының етегінде ойнап өскен, ақиық ақын Мұқағали жырларын жаттап, Шалкөденің баурайында классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың әңгімелерін тамсанып оқыған. Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде білім алып, могикан ғалымдардан тіл-әдебиеттің қыр-сырын меңгерген. Балалар әдебиетіне зор ынтамен келген қазақтың мінезді қызының әңгімесіне зер сала отырыңыз.

Ruh.kz: Елордадан шығатын «Айтшы, әжетай» балалар журналының негізгі тақырыптық бағыты-тәрбиелік және әдеби-танымдық екен. Мақсатты аудиториясы – бастауыш сынып оқушылары сияқты. Атауының өзі ерекше болып тұрған басылымның миссиясы туралы айтыңызшы…

Сандуғаш Нұрқанова: Дұрыс айтасыз, мынадай нарық заманында  балалар басылымын шығару – тәуекелдің тәуекелі. Бұл көптен бері ойымда жүрген нәрсе еді. Елордаға енді көшіп келген жылдары балама қазақша кітап, журнал таппай сенделгенім бар. Кітап дүкендерінің, ірі супермаркеттердің сөрелерінде орыс тіліндегі кітаптар, журналдар самсап тұратын. Ана тіліміздегі басылымдар жоқтың қасы еді. Тіпті кітапханаларымыздың өзінде отандық 5 журнал болса, қасында ресейдің 15 журналы тұрады. Шыны керек, бұл менің намысыма тиді. Баламды апарған қазақ балабақшасында балалардың да, оларды ертіп әкелген ата-әжелерінің де орысша шүлдірлеп жүргенін көріп, көңілім одан әрі құлазыды. Тәрбие – тілден басталмай ма?!  «Бүгінгі балаға қамқорлық жасаған адам ертеңге еңбек сіңіреді» деген қағиданы басшылыққа алып, бұл олқылықтардың орнын толтыруға қалай ат салыса алам деп көп ойланатын болдым. БАҚ-тың тілі – қоғамның тілі болғандықтан, балаларды ана тілінің ақ уызымен сусындататын басылым шығару керек деген ой келді. Осы жағдайлар менің бұл ауыр да абыройлы іске ерекше ынтамен, шығармашылық құлшыныспен кірісуіме түрткі болды. Бірақ, жауапкершілік жүгі ауыр жұмыс болғандықтан, бірден іске асыра алмадым. Іздендім, көптеген балалар басылымын зерделедім. Оның үстіне, қомақты қаржыны қажет ететіні тағы бар.  Осылайша, былтыр құрамында білікті ұстаз, белгілі журналист, ақын, мәдениет саласының үздігі, суретші-дизайнер, тіл маманы бар ниеттес адамдардан шығармашылық топ, ақылдастар алқасын құрдым.

Еңбек жолын республикалық «Ұлан» газетінде көркемдеуші-редактор қызметінен бастап,  Тұманбай Молдағалиев, Сұлтан Қалиұлы, Дүйсен Мағұлұмов ағалардың тәлімгерлік мектебінен өткен інім, Суретшілер одағының мүшесі, “Ерен еңбегі үшін” мемлекеттік медалінің иегері Алмас Сырғабаев қолдау білдірдіп, журналдың безендірілуін өз қолына алды. Біз бұл журнал арқылы, ең алдымен, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп жүрген балалар журналдары қатарын арттыруды (нарықтағы үлесін көбейтуді) көздедік. Себебі бәсекелестік бар жерде, сапаға да септігін тигізбей қоймайды.

Сонымен бірге  адамзаттың ортақ мәселесі, әлеуметтік тәрбиеге назар аударғымыз келді. Себебі дамыған мемлекет деңгейіне көтерілу үшін әлеуметтік тәрбиенің де маңызы зор. Технологиялық, ақпараттық қоғамға қарыштап еніп келе жатқандықтан, баланың ақпараттық мәдениетін, талғамын қалыптастыру қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі.

Біздің журналымыздың  мақсаты – ізгіліктің жаршысы болу.   Журналдың тұрақты айдарлары («Ұлы дала әжелері», «Әдептілік сабағы», «Мақал – сөздің мұнарасы», «Музейге саяхат», «Оқып берші, әжетай», «Өлеңді комикс», «Әжемнің жеті жұмбағы») бүлдіршіндердің бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіреді, ана тілін, елін, жерін құрметтеуге тәрбиелейді, ал байқау түрінде ұйымдастырылған «Еңселі ескерткіштер» айдары туған елінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге қызығушылықтарын оятары сөзсіз. Алдағы уақытта бүкіл Жер тұрғындарына ортақ проблемаға айналған экологиялық тәрбиеге қатысты жаңа айдар ашу  жоспарымызда бар.

Ұрпақ тәрбиесінде өнегенің маңызы зор. Өнегелі дана жоқ жерде, өнерлі баланың болмайтынын ескере отырып, журналымыздың әр санында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген ата-әжелердің өнеге-өсиеттері беріліп отырады. Өскелең ұрпақ аға буынның елдігімізге қосқан ерен еңбегін, өшпес ерліктерін біліп өскені ләзім.

Ruh.kz: Балалық шағыңыз туралы,  әдеби ортаға қалай келгеніңіз туралы айта отырсаңыз…

Сандуғаш Нұрқанова: Менің балалық шағым –  Алматы облысының  Нарынқол ауылында өтті. Ата-анам – мұғалім болды. Менің кітапқа, әдебиетке деген қызығушылығымды оятқан  әкем – Сырғабаев Болатқан еді. Әкем марқұм табиғат бір басына бірнеше өнерді үйіп-төгіп бере салған ерекше дарын иесі еді. Өзі талантты суретші, мықты математик, музыкалық білімі болмаса да, домбыра, гитара, аккордеон, баян, ударник сияқты бірнеше аспапта ойнайтын, өлең де жазатын,  толықтығына қарамастан футбол, теннис, баскетболдан жарыстарына қатысып, жүлдесіз оралмайтын.  Кітап оқығанды, кітап жиғанды жақсы көретін. Содан кейін түрлі басылымдарға жаздыртып оқитын еді. Біз «Балдырған» журналымен сусындап өстік. Бар байлығымыз кітап болатын. Әкемнің жеке кітапханасынан барлық жанрдағы кітаптар табылатын және кез келген мерекеге кітап сыйлайтын. Ол алдымен өзі оқып, содан кейін маған ұсынатын. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетті.

Екеудің әңгімесі

Ал мектепке барғанда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сүйікті ұстазым Тоғайбаева Нұрбике апайыма да қарыздармын. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін таңдауыма себеп болған кісілер – осылар. Университет қабырғасында Нығмет Ғабдулиин, Немат Келімбетов, Серік Мақпыров, Нұржамал Оралбаева, Гүлбану Қосымова сынды ұлағатты ұстаздардан тәлім алғанымды мақтанышпен айта аламын.

Ruh.kz: Бүгінгінің баласын қуанту оңай ма?

Сандуғаш Нұрқанова: Мәселе қуанту дегенді қалай түсінетінімізде. Баланы қуанту үшін оған ең соңғы үлгідегі телефон алып беру жеткілікті деп ұшқары ойлайтын ата-аналар да кездеседі. Бұл – ең оңай жолы. Бірақ ол баланың материалдық қажетін өтегенімен, рухани мұқтажын қанағаттандыра алмайды.

Әсілі, мектеп табалдырығынан аттаған бала білуге құштар болады. Біздің міндетіміз – оның сұранысына, талғамына құрметпен қарай отырып, оған дұрыс жол сілтеу, жақсы өнеге көрсету,  күнделікті уақыт бөліп,  әңгімелесу арқылы кішкентай күнінен толымды тәрбие беру,  онымен бірге кітап оқуды әдетке айналдыру арқылы білім көкжиегін кеңейту. Иә, бұл – қажырлы әрі үздіксіз еңбек.  Өз уақытын һәм пұлын аяған, оған рухани азық бере алмаған ата-ана ұрпағын ұлы үлестен құр қалдыратынын түсінсе екен. Меніңше, бала үшін ата-анасының мейірімін сезінгеннен артық қуаныш та, бақыт та жоқ.

Ruh.kz: Оқырмандардың талғамы қандай? Оқушы, ата-ана және журнал редакциясы болып балалар мәселесін қаншалықты талқылайсыздар?

Сандуғаш Нұрқанова: Балалар басылымы ағартушылық, тәрбиелік мәнге ие, сондықтан оларға артылатын жүк те ауыр. БАҚ-та, әсіресе балалар басылымдарында батыстың, одан қалса көрші ел мәдениетінің ықпалы әлі күнге дейін басым. Балалар журналы баланың эстетикалық талғамын, көзқарасын  қалыптастыратынын ескерсек, нарықты жаулап алған ресей басылымдарының ұпайы түгел, ал отандық басылымдар өзіне тиесілі үлесін әлі ала алмай келеді. Ресей журналдарының көбі өздерінің бренд мульткейіпкерлерінің (Фиксики, Смешарики, Спонч Боб т.б), бейнелерін пайдаланады және осы арқылы сатылымын көбейтеді. Бұл да – маркентинг амалы.  Біздің журналдарға да осы жағын ойластыру керек сияқты. (Мысалы, «Балапан» арнасындағы «Ер темір»,  «Дала ойындары» мульфильмдері кейіпкерлері).

Балаларға арналған басылымдарға жүктелер міндеттің салмағы да зор, оған қатысты шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Балалар басылымын бәсекеге қабілетті ету үшін әлі де көп ізденіп, біраз тер төгуге тура келеді.

Балалар әлемі қызық

Сол себепті де ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде біржолғы іс-шаралардан гөрі тұрақты жобаларға,  әсіресе мерзімді баспасөзге  мән берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Журнал шығармас бұрын мен көптеген балалар басылымдарын зерделедім, кітапханашылармен кездесіп, балалардың қандай журналдарға, кітаптарға қызығушылық танытатыны туралы сұрастырдым. Ата-аналармен, оқушылармен кездестім. Біз қазір балалармен, ата-аналармен кері байланыс орнатуды қолға алып жатырмыз, әлеуметтік желі арқылы олардың ой-пікірлерін сұрап, талдау жасап отырамыз.

Біздің міндетіміз – баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау, оқуға қызығушылығын арттыру. Интернет кішкентай балаға оқуды алмастыра алмайды. Сондықтан балаларға арналған қағаз журналдың ғұмыры қысқа деген пікірлермен келісе алмаймын.

Ruh.kz: Бүгінгі оқырманның сұранысы қандай?

Сандуғаш Нұрқанова: Заман өзгерген сайын, оқырман сұранысының да өзгеріп отыруы заңды құбылыс. Десе де, балақайлар әлі де жақсы ертегі, әңгіме-өлеңдерді, танымдық материалдарды оқығысы келеді. Заманауи кейіпкерлерді, қиял-ғажайып оқиғаларды күтеді

Бала заманауи технологияларды да меңгеруі керек екендігіне дау жоқ, ол жан-жақты дамуы тиіс. Гаджеттерді орнымен пайдаланып жүр ме әлде интернеттің шырмауында жүр ме? Мәселе осыда.  Бала назарын гаджеттен бір уақыт кітап-журналға аудару керек. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары мәтінді қағаздан оқып, ойланып, қорытынды жасап, жазып үйренуі керек. Журналдарды тек алданыш ретінде емес, кішкентай оқырманды тәрбиелеп шығатын мектеп деп қарастырған дұрыс.

Ата-анаға осыны жеткізгім келеді. Ең бастысы, журналды жас ерекшелігіне қарай дұрыс таңдай  білсеңіз болды.

Ruh.kz: Шығармашылық табыс тілейміз!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button