Жаңалық

ЕҢБЕК ЕЛЕНСЕ, ШАБЫТ ШАЛҚИДЫ

Біздің қазақ сонау есте жоқ ықылым заманнан мәнді сөзге үйір, құймақұлақ еді. Совет заманы орнағанға дейін ұлттық рухы жаншылмаған, дәстүр уызы бұзылмаған сауықшыл ел күн-түн демей жырға ұйып, есті сөзге елжіреп отыратын.

Ұлы даланың әр қиырында жыршылық дәстүр болған-ды.  Көкірегі жыр-жауһарға толы қаншама алтын көмбе өмірден өтіп кетті… Соларды сөйлетіп, жазып алар жан болса, мүмкіндік болмады… Мүмкіндік болған кезеңде, жазып алар адам болмадының кебі. Кешегі заманда сонау Шерқаладағы Мұрын жырауды ұлы Әуезов Алматыға алдырып, ғылымның жас перісі Есмағамбет Ысмайылов пен жас ақын Мәриям Хакімжанованы табыстап, қиқар мінезді абыздың сөзін хатқа түсіртіп, ғылыми айналымға енгізген екен. Соғыс жүріп жатқан қан заманда Мұхтар ағаның пейілімен «Қырымның қырық батыры», «Қарасай-Қази», «Мұрат ақынның толғаулары» сияқты сүбелі туындылар хатқа түскен екен. Міне, бұл ұлы мұраға деген жанашырлық еді. Ал, қазір ше? Көненің көзіндей, ескінің сөзіндей болған «тірі музей» адамдарды қаншалықты ұлықтап, елеп жүрміз? Тәуелсіздік құшағындағы Қазақстан руханияты қаншалықты ескі сөзді білетін адамдарды сөйлетіп, хатқа түсіртіп отыр екен? Ойландыратын сауал. Иә, иә … біз де ғылымның жиегінде, әдебиеттің жағасында жүрген соң, айналаға бажалайлап көз тастап, бозмұнар тартқан қоғамнан ескінің сөзін білетін көнекөз адамдарды іздеп шарқ ұрып жүреміз. Естіген-білгенін хатқа түсіргің келеді; дауысын жазып алғың келеді; бейнетаспаға түсіріп алғың келеді. Өзіміз үшін емес, иек астындағы келешек үшін…  Тасада қалып, көлеңкеде жүрген таланттар көп-ақ. Тек сол жаһұттарды ел жұртқа таныту, еңбегін елеу парыз. Қадыр ақын айтқандай «Талантты қадірлейік тірісінде!».

Ел іші – өнер кеніші. Бүгінде ел арасында ескінің  сарқыншағы там-тұм ғана қалса керек…  Сондай тума талант, «самородок» кәрі құлақ, жұқа жүрек қағілез жанның бірегейі – Нағашыбай Алпысов! Бүгінде жетпістің төртеуіне келген ақсақал – ұлы Торғай атырабының тумасы. Бала күнінен жиын-тойдың сәні, ортасының гүлі болған.

Ақсақал құрылысшы оқуын тәмамдап, ұзақ жылдар бойы туған жерінде қызмет еткен. Ақын Хамитбек Мұсабаевтың Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының рухына арналған «Қаншеңгел» поэмасына әуен жазған. Халық ақыны, жыр-тұйғыны топжарған Нұрхан Ахметбековтің, Иса Байзақовтың тағы басқа ақындардың жыр-толғауларын жатқа білетін жыршы ағамыз ақиық Ілекеңнің, Ілияс аға Жансүгірұлының шоқтығы биік шығармасы – «Құлагер» поэмасына да әуен жазып, оны өзі орындап жүр екен. 1983 жылы Алматыдағы телевизиялық байқауда «Құлагерді» орындап, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынхан Әбдірахманова сынды үлкен ғалымдардың қолдауына ие болып, батасын алған екен. Ақынның қызы Үміт Жансүгірова жыршыға арнайы хат жазып, өзінің ықыласын білдіргені бар. Бұл хат –  бүгінде сирек қорға айналған құнды дүние. Бұл хаттың ендігі тұрағы – Талдықорған қаласындағы Ілияс ақынның әдеби музей үйі болуы керек. Бұйырса, күзге салым ақынның 125 жылдық мерейтойы өтпекші. Соған арнайы қонақ ретінде шақырылған жыршы өз қолымен хатты музей фондына тапсыруды жөн санайды.

Елордадағы жас зерттеушілер жыршыға Л. Сүлейменнің аманатын табыстады

Ілияс ақынның ұрпақтары баба мұрасын ұлықтаған жыршы, композитор Нағашыбай атаны да елеп, қазақы дәстүр жолымен иығына шапан жауып, үлкен тойға шақырып отыр. Жыршының өнерін қолдаған әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық комиссия Төрайымының орынбасары, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен ханымды ерекше айтып өтуге болады.

Еңбек еленсе, шабыт шарықтайды деген осы. Алдағы уақытта “Жетісу” телеарнасы арқылы Нағашыбай Алпысовтың орындауындағы “Құлагер” поэмасына бейнебаян түсіріліп, жырсүйер қауымның назарына ұсынылмақ…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button