Жаңалық

ҚОС ҚАНАТЫ ҚАРА ДАУЫЛ

«Жеті жарғы» бойынша бүркітті өлтірген адам құс иесіне бір адам беруі тиіс. Иә, ол адам құл не күң болуы мүмкін. Бірақ, адам.

Құстың құны осындай. Тілімізде қыран құсқа қатысты бір жарым мыңнан аса ұғым бар екенін Әлкей Марғұлан айтып кетті. Құс патшасы көшпелілердің өмірінде ойып тұрып орын алары һақ. Қыран – еркіндіктің, биіктіктің, тектіліктің белгісі. Зәу көкте, күн астында еркін қалықтаған ұлттың қыран болмысы туында белгіленген.

Көшпелілер демекші… Бүркітті біз екі түрге бөлеміз. Түз бүркіт және бала бүркіт.

Түз бүркіт – даладан ұстап алынған, қолға үйретілген бүркіт. Аң аулау үдерісінде талғампаз келеді. Ауа райы, аңның қашықтығы, жер бедеріне дейін таңдап тоқ болмаса ғана, көңілінен шықса ғана аңға ұмтылады. Аң аулау тәсілі де ерек. Жоғары көтеріліп, жер бедерін толық барлап, желді, қашықтықты, аңның ірілігін, жылдамдығын есептеп барып тұтқиылдан, күтпеген әдіспен шалады.

Бала бүркіт – көзі ашылғалы адам қолында болған бүркіт. Бұған жоғарыда айтылған жер бедері, аңның ірілігі не ұсақтығы, қашықтығы не жақындығы, қарынының тоқтығы не ашықтығы маңызды емес. Томағасы сыпырылды, аңды көрді іс бітті. Айтардай-ақ керемет әдісі де жоқ. Жоғары көтеріліп, жерді, желді есептемей-ақ, аң қашқан жаққа атылла жөнеледі. Тұтқиылдан келмей тура шалады. Балағын шайнатып алатын, қанатын тасқа ұрып сындырып алатын, жемсауын жарып алатын да осы бүркіт. Інге кіріп бара жатқан аңды тегеурінімен тоқтатып, жембасарын сұғып жіберіп,  ұстап екіншісімен тобылға қармап, керіліп қалатын да осы бүркіт.

Халықтың «Бір бала» атты әніндегі «Бала бүркіт түлкіден аянбайды» деген жолы осыны дәлелдеп те тұр. Бала бүркіт осынша жанкештілікке ақымақ болғаны үшін, немесе бойында тағылығы қалмағандықтан емес иесінің мақтауын есту үшін баратын секілді. Иесінен мақтау естіген бүркіт зор қуанышпен «шаңқ» етіп, еркелеп сала береді.

Шынында да бала бүркіттің осынау жанкештілігі аңқұмар адамды бейжай қалдырмайды. Осындайда құс төресінің мақтауын асырасың-ай, шіркін!

Бала бүркіттің кей-кейде аңға жете алмай, шаршап ала алмай қалатыны да болады. Бұндай кездерде түз бүркітті еріксіз есіңе аласың. Ал, талғампаз түз бүркіт аспанға бір көтеріліп, біраз қалықтап жүріп, аңды жайына жібере салып қыр басына қона қалғанда бала бүркіттің қадірін білесің. Осындай қызықтар бар қазақ даласында.

Сұлтан Мұстафин,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button