Жаңалық

АЙТЫЛҒАН СӨЗДІҢ АҚИҚАТЫ НЕМЕСЕ «АҢШЫНЫҢ ӘНІ» ТУЫНДЫСЫНЫҢ АВТОРЫ КІМ?

Қайрат Байбосынов «Аңшының әні» туындысы туралы «Негізі бұл Үкілі Ыбырайдың әні. Сарынына қарап отырсаң байқалады» депті. Зердесі терең, білікті музыка маманы ғой, айтқаны дұрыс. Мен мұны қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының июль-сентябрь айларындағы №7-9 сандарында жарияланған «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» деген көлемді мақаласына сүйене отырып, растаймын.

Онда Сәбең Үкілі Ыбырайдың көп өлеңін келтіріп, ақындық шығармашылығын, әншілік өнерін терең талдаған. Мақалада «Аңшылық туралы» деп 15 шумақ өлеңнің нұсқасын беріпті. Дәнештен бастап, осы күнгі әншілердің «Аңшының әні» деп айтып жүрген әнінің мәтіні – осы өлеңнің еш өзгеріссіз алынған соңғы жартысы.

1924 жылы Үкілі Ыбырай әлі бар, демек, жерлес болғандықтан, Cәбең бұл кісімен аралас-құралас. Мұны мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов ағамыздың «Егемен Қазақстан» газетінде «Гәкку» тақырыбымен жарияланған көлемді мақаласында берілген деректер айғақтайды. Аталған жарияланымда Үкілі Ыбырай мен Сәбит Мұқановтың етене таныс болғандығы және «Аңшының әні» Ыбырайдың шығармасы екендігі нақты көрсетіліп жазылған. Бала кезінде Үкілі Ыбырайдың қай шәкіртінен қандай әндерді үйренгені де аталып өтілген.

Сәбит атамыздың «Өсу жолдарымыз» деген 695 беттен тұратын үлкен кітабы бар. Бұл кітапта Сәбеңнің өткен ғасырдың 20- шы жылдарынан бастап, 1960 жылға дейінгі аралықта мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалары жинақталып, заманға сай қайта қаралып, басылған. Кітап 1923 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінің №69 санында жарық көрген «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақаласымен басталады. Ал, біз айтып отырған мақала сол кітаптың 18-30 беттерінде реттілігі бойынша үшінші болып берілсе, Үкілі Ыбырайдың «Аңшылық туралы» өлеңі 22-23 беттерге орналастырылған (толық нұсқасы қоса жарияланып отыр – ред.).

Кітапқа енген мақалалар – күні бүгінге дейін маңызын жоймаған құнды дүниелер.

Мен бұл жинақты 1960 жылы 14 жасымда Семей облысы, Ақсуат ауданындағы кітап дүкенінен сатып алған едім. Көненің көзі іспетті құнды дүниені күні бүгінге дейін сақтап жүрмін.

Есмұханбет СМАЙЫЛОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор.

Аңшылық туралы

Бір қызық ит жүгіртіп аң ауласа,

Мінген ат шабуылмен танауласа,

Кигенің іші қызыл орман түлкі

Құлпыртып жез сабаумен сабауласа.

Болғанда биең жарау, атың қату,

Жігітке ылайық па қарап жату,

Бір серлік, жастықта ерлік

бойға қонып,

Жігітке ол бір қызық дуылдату.

Қызыл жел көңіліңді қыздырмалап,

Тұрмай ма тағатыңды бұздырмалап,

Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,

Үшеуі ержігітке құйрық, қанат.

Қалың бет, салыңқы төс, қамыс құлақ,

Бөп-бөлек ойынды еті тұрған құлап,

Жүйрікті бір досыңнан сұрап алып,

Кежімдеп кіреуетте жатсаң сұлап.

Бүркітің сонда тұрса саңқ-саңқ етіп,

Күтіліп саятшымен бабы жетіп,

Қанды көз, қайқы тұмсық қарауытып,

Ұмтылып көрінгенге тап-тап етіп.

Қарғылы тұрса тазың сылдыр қағып,

керіліп бір сілкінсе дүр-дүр қағып,

Таңертең аңға шығар мезгіліңде,

Еркелеп келсе жетіп сылаң қағып.

Сол күні келе қалса аңқұмарың,

Лепілдеп соға қалса ынтызарың,

Бүгілтіп жылқыдағы жарау атты,

Ертемен алып келсе малшыларың.

Итті алып аңға шықсақ, құсты біреу,

Еріне күміс балдақ қылып тіреу,

Жігіттің бес күн жарым ғұмырында,

Па шіркін, «болса!» деген бұл

бір тілеу Таулардан түлкі қашса бұлдыр қағып,

Соңынан қуса тазы сылдыр қағып,

Кейінгі дабылшының айғайымен,

Шайқақтап қыран ұшса бұлтты

жарып.

Алғанда қыран бастан, тазы таңнан,

Құтылмас қашқан түлкі қос қыраннан,

Жігіттің бес күн жарым өмірінде,

Мұншама қызық өтер сұм

жалғаннан!..

Күн ұзын түлкі қуып тауды айналып,

Қарайып күн кеш болса көз байланып,

Олжаны қанжығаға байлап алып,

Қонуға қызды ауылға ыңғайланып.

Желіккен сол көңілмен

қайтқанда елге,

Мінген ат қырауытып батса терге,

Өлеңші, домбырашың қасыңда боп,

Кез болсаң қоналқаға бұраң белге.

Самауыр ақ шәйнекпен тұрса қайнап,

Отырса бір сұлу қыз көзі жайнап,

Ол күні қыз әкесі үйде жоқ боп,

Отырсақ әзілдесіп күліп-ойнап.

Шешесі желөкпелеу жастау келсе,

Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе,

Бір жігіт аузы епті, түлкі сойып,

Әзілді қалжың сөзін бастай берсе.

Сол жігіт бастай берсе әзіл сөзін,

Қараса қызға жігіт қадап көзін.

Ішінде махаббаттың оты лаулап,

Балқыса қорғасындай сонда сезім…

(Сәбит МҰҚАНОВ, «Өсу жолдарымыз», Мақалалар, 22-23 беттер,

«Қазақтың Мемлекеттік Көркем

әдебиет баспасы», Алматы, 1960

жыл).

https://ortalyq.kz/ajtyl-an-s-zdi-a-i-aty-nemese-a-shyny-ni-tuyndysyny-avtory-kim/“>ortalyq.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button