Жаңалық

#Турист_күнделігі: Қарағанды

Республикамыздың мақтанышы, әлемнің ең мықты боксшысы Геннадий Головкиннің туған қаласы Қарағандыда болдыңыз ба? 

Шахтерлердің астанасы мыңжылдық тарихымен мақтана алмаса да, қаланың өзіне тән ерекше атмосферасы мен аурасы бар. Совет заманының архитектурасы, жапон тұтқындары салған үйлер, үлкен саябақтар, мешіттер мен ерекше шіркеулер қала қонақтарын бейжәй қалдырмасы анық. Сонымен, «Турист күнделігі» оқырманды Қарағанды қаласымен таныстырмақ.

Қарағандының көрікті жерлері

1935 жылы құрылған Қарағанды қаласының Орталық саябағы интернационалист жауынгерлер көшесінде орналасқан. Саябақ өзінің  150 гектарымен Нью-Йорк қаласындағы Орталық саябақтың 200 гектар көлемімен шамалас. Бақтың іші түрлі ағаштарға, өсімдіктерге толы, балаларға арналған көптеген аттракциондар, балық аулауға арналған жағдайлар мен дамыған инфрақұрылым келген қонақты қуантары рас. Ал, Сатыбалдин 31а мекенжайында орналасқан Жеңіс саябағы демалушыларды таң атқаннан түнжарымға дейін қабылдайды. Фонтанның қасында орналасқан орындықтарға отырып демалсаңыз болады. Бақтың ортасында Ұлы Отан Соғысының солдаттары мен ардагерлеріне арнап мемориал тұрғызылған, ал ескеткіштің алдында мәңгілік алауы алаулап тұр. Саябақ көлемі жағынан кіші болғанымен өте тыныш және таза жер. Бақтан жаяулатып жүрсеңіз алдыңыздан қаланың орталық мешіті көзге түседі. Сыйымдылығы төрт мың адам бұл мешіттің аспанмен ұштасқан минареттері ерекше сұлу.

Мешіттің территориясын жағалай өсіп тұрған гүлдер мен ағаштар ауаның тазалығына жауап береді. Сыртқы сұлулықпен танысып болып, мешіттің ішіне енген кезде көздің жауын алатын құрылыс сәулетінің керемет көрініс көре аласыз. Мешіт Шахтерлер даңғылының бойында орналасқан.  Дұға етіңіз. Орталық мешітке қарама-қарсы Мария Фатимскаяның Кафедралық шіркеуі көрінеді. Шіркеу өзінің европолық стильдегі ерекше архитектурасымен бірден көзге түседі. Республикамыздағы ең ірі католик шіркеуінің дизайны Германияның Кельн қаласындағы шіркеуімен ұқсас. Шіркеуге турист ретінде кіріп, еуропалық шіркеулердің ежелгі стилін тамашалаңыз.

Қарағандының ең танымал көрінісі,ол «Шахтерлер даңқы» ескерткіші. Бұл ескерткіш қаланың визиткасы деуге де болады. 1970-жылдары бой көтерген ескерткіштің тарихы да ерекше. Момументтің авторы Анатолий Билык ескерткішті Мәскеу қаласында қалап, Санкт-Петербургта отыз тонналық қола ескерткішке құйылып, құрастырылады. Қарағандыға алып келінген ескерткіш он бес күнде бой көтереді. 1974 жылы ескерткіш ресми түрде ашылған күні, автордың қуаныштан жүрегі ұстап, ауруханаға жатқызылады. Жалпы, қала үшін ерекше күні А.Билык үшін шеберхана сыйға тартылады. Шебердің шеберханасы ескерткіштен 100 қадам қашықтықта орналасқан. «Шахтерлер даңқы» ескерткіші туристтің жол картасында тұратын орынның бірі. Ескерткіш Бұқар жырау даңғылының бойында орналасқан.

«Шахтерлер даңқына» қарама-қарсы кеншілердің мәдениет сарайы бой көтеріп тұр. Сталиннің стильдегі бұл мәдениет үйі өз құрылысын 1940 жылы бастаған, алайда соғыс жылдары құрылыс жұмыстары тоқтатылып, тек 1950-жылдары мәдениет үйі келем деушілерге өз есігін ашты. Бұл сәулет өнері өзінің түр-келбетін сол уақыттан бері ауыстырмаған, яғни тарихи ғимарат десек те болады.

Тарихи ескерткіштер мен ғимараттардан, рухани азық беретін орындарға ауысайық. Республикамыздағы ең ежелгі драма театрларының бірі, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры. Театрдың қабырғасында көптеген атақты туындылар сахналанып, көрерменді қуантуда. Ал театрдың труппасы көптеген халықаралық фестивальдарда жүлді орындарға ие болған. «Жаралы гүлдер», «Сәкеннің соңғы сапары», «Фариза мен Мұқағали», «Темір қатын», «Қыран қазақ» атты спектальдері театрдың сахнасында алдағы айда сахналанады. Билеттердің бағасы 800 теңгеден басталады.

К. Станиславский атындағы орыс драма театрының актерлері орыс және шетел драматургиясының классиктерінің туындыларын сахналап жүргеніне ондаған жылдардың басы болды. Театрдың ғимараты 1960-жылдары толықтай өз құрылысын аяқтаған болатын. Театрдың қабырғасын әсемдеп тұрған мозайкалық түрлі-түсті панно теарт тақырыбында салынған.

Қазақстандағы жалғыз оперетта театры да Қарағанды қаласында орналасқан. Отыз жылдан аса уақыттың ішінде Музыкалық комедия театрының қабырғасында 138 аса спекталь, бенефистер, концерттік бағдарламалар қойып үлгерген. Музыкалық театрда қойылатын туындыны тамашалау үшін қалтаңыздан 400 теңгені шығарып, билет сатып алсаңыз жеткілікті.

Облыстық өлкетану мұражайы мен бейнелеу өнерінің мұражайына да бас соғу туристтің міндеті. Өлкетану мұражайы Қазбек би ауданындағы Ерубаев 38 көшесінің бойында орналасқан. 1932 жылы ашылған ғимаратта алғашында 712 экспонат пен 7 қызметкер болған. Сол уақыттан бері мұражайдың қоры мыңдаған құнды жәдігерлерге толығып, өзінің бай тарихымен мақтана алады. Мекеменің қызметкерлері келген қонақтарға қызықты экскурссияларды ұйымдастыратынына кепіл береді. Ал, Бұқар жырау даңғылы 76 мекенжайында орналасқан бейнелеу өнерінің мұражайы өлкетану мұражайына қарағанда «жас». 1988 жылы ашылған өнер мұражайында дарынды суретшілердің көптеген туындыларын тамашалай аласыздар. Соның ішінде көптеген арт-көрмелер мен арт-кештердің куәгері бола аласыз.

«Где? Где? В Караганде!» қанатты сөздерін білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Бұл сөздерді көптеген советтік киноларда және мультфильмдерде де естіген боларсыз. Қанатты сөзге арналған ескерткіш Қарағандыда бар. Ескерткішті қалалық мейрамхананың ауласынан таба аласыз. Міндетті түрде фотоға түсіп кетіңіз.

Қарағанды қаласын тамашалауға уақытыңыз шектеулі болса, жергілікті турфирмаларға жүгіне аласыз. Кәсіби гидтар қаланың ескі орталығы мен оңтүстік шығыс ауданын көрсетеді. Екі ауданның құрамына кіретін қалалың ерекше ескерткіштері, саябақтары, стадиондары мен мұражайлары сіздің назарыңызға ілігіп, қала туралы естелікті көркейте түсері анық. Қала ішіндегі экскурсияның уақыты шамамен екі сағат уақытты алады, билеттің бағасы 1500 теңге.

Қарағандыға жол

Қарағанды қаласы еліміздің ірі қалаларының қатарына енеді. Сол себепті жол торабы өте жақсы дамыған. Әуе көлігі, теміржол көлігі, автобус пен такси, көліктің барлық түрімен қалаға жете аласыз. Ең бастысы өзіңізге ыңғайлысын тапсаңыз болды. Мысал ретінде Нұр-Сұлтан қаласынан жету бағытын алдық.

 

    • Теміржол бағытымен билеттің құны 1 500 теңгеден басталады;

 

    • Автобус және такси көлігіне жүгінсеңіз, 2 000 – 2 500 теңгені төлейсіз. Елорда мен Қарағанды арасында жол торабы жақсы дамыған. Сол себепті, автобус пен такси қатынасы қала тұрғындары мен қонақтары арасында жақсы сұранысқа ие.

 

Қонақүй мәселесі

Қала үлкен болғандықтан қонақүй табу мәселесі қиындық туғызбас. Қаланың қай ауданынан, қандай бағаға іздесеңіз де, таба аласыз. Интернеттің көмегіне жүгініп, бағасы 5 000 теңгеден басталып, 30 000 – 40 000 теңгеге дейін жететін хостел, отель, демалыс орталықтары табасыз. Барлығы да туристтің талғамы мен қалтасына байланысты.

P.S. Қарағанды қаласы өнеркәсіптің орталығы болғандықтан, ел азаматтарының пайымдауынша, бұл қалаға қыдырып келу жөн емес. Олай емес. Қарағандының үлкен территориясы, советтік заманның мұрасы болып қалған ғимраттары, театрлары мен саябақтары сіздің туристтік картаңызда өзіндік естелігімен қалар. Шахтерлердің астанасымен танысуға сіз де келіңіз!

Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button