Жаңалық

Археологтар Сегізсайға жиналмақ

Археология ғылымында «Лебедовка» атауымен енген Сегізсай көне қорымын ғалымдар ерекше тарихи-табиғи аймақ санайды. Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының шекарасында жатқан осы бір мүйісті Мысырдың әйгілі «Перғауындар алқабымен» теңесе де болғандай. Орал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 280 шақырым қашықта, Шыңғырлау мен Қалдығайты өзендерінің аралығында жатқан осы бір алақандай аумақта 300-ден аса көне қорым – оба бар екен!

Сегізсай алқабының бір ерекшелігі – мұнда сарматтар тарихының мыңжылдық кезеңін қамтитын обалар сақталған. Жалпы, ғалымдардың пікірінше сарматтар тарихы төрт кезеңге бөлінеді. Бірінші савроматтар кезеңі – б.д.д. VI-IV ғғ. Екінші ерте сармат кезеңі – б.д.д. IV ғасырдан шамамен б.д.д. I ғасырдың ортасына дейін созылады. Үшінші орта сармат кезеңі – б.д.д. I ғасырдың ортасынан б.д. II ғасырдың ортасына сәйкес келеді. Төртінші, кейінгі сармат кезеңі – б.д. II ғасырдың ортасынан IV ғасырдың ортасына дейін келеді. Міне, осы мың жыл бойына Сегізсай алқабына сармат патшалары, билеушілері, бақсылары жерленіп келген.

Қазақ даласындағы көне қорымдар алтын іздеуші қарақшылар тарапынан да, Патшалы Ресей кезіндегі арнайы «экспедициялардың» іс-әрекетімен де талай ғасыр тонауға түскен. Тіпті Кеңес өкіметі тұсындағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі де осыған ұқсайды. Сегізсай (Лебедовка) қорымы 1966 жылдан бастап жыл сайын қазылса да, бүгінде Шыңғырлау аудандық музейінде бұл обалардан табылған бірде-бір жәдігер жоқ! Мәскеуден, Одақтың түкпір-түкпірінен, Орал қаласынан келген археологтар құнды бұйымдарды, тарихи жәдігерлерді орталыққа алып кетіп отырған. Бұл жөнінде «Сарматтар сарқытындай Сегізсай» атты мақаламызда кеңірек айтқан болатынбыз.

– Біз Кеңес өкіметі жылдары және одан бергі уақытта Есенамантау үстірті мен Елекшар қорымында қазба жұмысын жүргізген археолог ғалымдарды Шыңғырлау өлкесіне қайта жинап, туған жеріміздің тарихын түгендегіміз келіп отыр. Өйткені жоғарыдағы археологиялық қазба жұмыстарының есебі, нәтижесі көпшілікке белгісіз. Кейбір салалық әдебиеттерде ғана жарияланғаны болмаса, жалпы халыққа жетпей жатыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында біз осы тарихқа қайта оралып, 2019 жылдың 11-13 маусым күндері аралығында бұрынғы Кеңес Одағының археологтарына танымал Лебедевка қорымында әр жылдары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдардың қатысуымен «Көне Сегізсай» тақырыбында далалық археологтар сипозиумын өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Шыңғырлау аудандық музейінің директоры, «Үздік өлкетанушы» төс белгісінің иегері Тілеген Қалиев.

Бұл симпозиумға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінен өкілдер, Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара, Волгоград, Орынбор, Челябі қалаларынан және Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан археолог, антрополог ғалымдар қатысады деп күтілуде.

Осы күндері Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің дәлізінде «Есенамантау» үстіртінде және «Елекшар» қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған, Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейі қорындағы жәдігерлер көрмесі қойылады. Бұл осы өңірден табылған тарихи жәдігерлердің қазып алынғаннан кейін тұңғыш рет қайта оралуы десек те болады.

Бұдан кейін «Көне Сегізсай» атты симпозиумның пленарлық отырысы өтіп, симпозиумға қатысушылар Шыңғырлау ауылынан «Елекшар» қорымы арқылы «Есенамантау» қорымына барады. Сол жерде «Археология ескерткіштерін сақтау және зерттеу. Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасындағы ескерткіштерді зерттеудің заманауи әдістері, оларды сақтау проблемалары және шешілу жолдарын талқылау мәселелері» тақырыбында далалық семинар ұйымдастырылады.

Симпозиумға Кеңес өкіметі жылдары осы өңірдегі қазба жұмыстарына қатысқан ғалымдар шақырылды дедік. Олардың арасында Орынбор қаласынан тарих ғылымдарының кандидаты, «Сегізсай» кешенін қазған археолог Сергей Гуцалов, Челябідегі Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің тарих және археология институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, «Сегізсай» кешенін қазған археолог Сергей Боталов, Ресей ҒА Этнология және антропология институты Физикалық антропология орталығының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, Сегізсай кешенінен табылған бұйымдарды зерттеген антрополог Егор Китов, Волгоград мемлекеттік университетінің доценті, «Древности Лебедевки» (Ежелгі Сегізсай) монографиясы авторларының бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Валерий Клепиков, орыс географиялық қоғамы Орынбор аймақтық бөлімінің сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Үлгілі және Елекшар кешендерін қазуға қатысқан Сергей Богданов, Ресей ҒА Шығыстану институтының қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның батыс өңіріндегі ескерткіштер саласының маманы Арчил Балахванцев, Еділ-Жайық даласының қола және ерте темір дәуірі кезеңін зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының докторы Александр Хохлов, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Батыс Қазақстан аймағының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаев, «Сегізсай» кешенін қазған танымал қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы Рахим Бекназаров, батысқазақстандық археологтар Яна Лұқпанова мен тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов және басқалары бар. Шын мәнінде көне Сегізсай өңірін әр жылдары зерттеген археолог ғалымдар бұрын-соңды бұлайша бір жерге жиналған емес.

– Біз осы шара арқылы туған өлкеміздің тарихын түгендеп, ғылым үшін аса маңызды Сегізсай обалар кешенін одан әрі зерттеудің келешегін жүйеге түсіргіміз келеді, – дейді Тілеген Қалиев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button