Жаңалық

Ғибратқа тұнған ғұмыр

Бүкіл ғұмыры ғибратқа тұнған жандар болады. Халықшылдығы, мемлекетшілдік санасының күштілігі соншама, олар қажет болса өмірін де ұлтының жарқын болашағы, бостандығы жолында құрбан ете алады. Осындай тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.

Ахмет Байтұрсынұлының туған топырағы – қасиетті Торғай даласы. Қазақ тарихында аты мәшһүр батырлар, ақындар мен жазушылар туып шыққан, киелі топырақ. Қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин шыққан Торғай өлкесінде 1873 жылы тағы бір ұлт ұстазы өмірге келді. Ол – педагог ұстаз, ақын, жазушы, көсемсөзші, ұлт қайраткері, «Алаш» көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді.

Қазақ даласы Патшалық Ресейдің отарына айналып, саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік тұрғыда күйзеліске ұшырған заманда дүниеге келген Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы – күреске толы күрделі тағдыр еді. Бодандық бұғауындағы туған халқының аянышты тағдырын ерте түсінуге, өмір бойы қаймықпай күресуге бала Ахметтің тағдырына тап келген оқиғалардың өзі-ақ жол ашқандай еді. Шошақ балалары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтарды әділетсіз сайлау өткізген уезд басшысын ұрғаны үшін Сібірге жер аудартып жібереді. Әкесінің батылдығы, патша шенеуніктерінің, болыс-билердің әділетсіздігі он үш жасар бала Ахметке ой салады. «Анама хат» өлеңінде былай деп жазады:

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Иә, жас баланың ой-санасына сол әділетсіздік бір жағдай қатты әсер еткені анық еді. Жас та болса «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген даналықтың мәнін көкейіне берік түйген бала Ахмет білім алуды алдындағы өмірлік мақсаты етіп қояды. Ауыл молдасынан ашқан сауатын жалғастырып, орысша оқып, білім алу мақсатында Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне түсіп, он тоғыз жасында бітіріп шығады. Осы кезеңнен Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық жолы басталады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыда оқытушы, училище меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ахмет Байтұрсынұлының өмірінде 1905 жылы жаңа белес басталады.

1905 жылы қазіргі Қарағанды облысы жеріндегі Қоянды жәрмеңкесінде патша билігінің әдетсіздігіне қарсы петиция жазылады. Петиция жетекшілердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы болады. 14500 адам қол қойған, петиция Омбыдағы Әлихан Бөкейханға жеткізіліп, ол мұны Петербургкке жолдайды. Ахмет Байтұрсынұлы осы іс-әрекеттен кейін билік тарапынан қуғындалып, Семей түрмесіне жабылады.

…Қинамайды ау, абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.

Осылардың маған ауыр бәрінен,

Өз ауылыңның иттері үріп, қапқаны, –

деп осындай қысылтаяң шақта өзі сеніскен жандардың сатқындығына, жалған жаласына жаны күйеді. Бұдан соң 1910 жылы Ахмет Байтұрсынұлын қазақ болыстарынан аулаққа жер аудару жөнінде шешім қабылданады. Осы кезеңдердің бәрінде ол білімін шыңдаудан, ізденуден танбайды. Бір жамандықтың бір жақсылығы болады», – дейді, қазақ даналығы. Ресейдің Батыс Сібірдегі ірі мәдениет орталығының бірі саналатын Орынбор қаласында 1917 жылдың соңын дейін жеті жыл бойы тұрақтау мерзімінде Ахмет Байтұрсынұлы мұнда ғылыммен айналысады. Осы арқылы ұлтқа еңбек ету жолында өлшеусіз еңбек сіңіреді. «Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін, өнер-білім, сол өнер-білімді үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік», – деген Ахмет Байтұрсынұлы өзінің іс-әрекетімен айналасындағы қазақ оқыған жастарына үлгі-өнеге болады. Алаш жолында білімі мен білігін, өмірін арнайтын үлкен шоғырды қалыптастырады.

Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары өз халқының әлемдік өркениеттен кенже қалмауын ойлап, газеттер мен журналдар шығарды. Ахмет Байтұрсынұлы 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» атты газет шығарып, ұлт мәселелерін көтерді. Туған халқын қараңғы мешеуліктен арылту үшін сары масадай ызыңдап «оятқысы» келді. Орыс, әлем мысалшыларының таңдаулы туындыларын аударып, өз ойымен байытып, «Қырық мысалды», «Масаны» жинақтап, халқына ұсынды. шығарды. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жалықпай жинап, «Ер Сайын» мен «Жиырма үш жоқтауды» шығарды.

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көлге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!

Алаштың адамының бәрі мәлім:

Кім қалды таразыға тартылмаған? –

деп өлеңінен Ахмет Байтұрсынұлының ұлт азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен серіктері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев т.б. қазақтың алашшыл азаматтарының өктем билік тарапынан көрген қорлық-зорлығы, қуғын-сүргінінің азапты тарихы аңғарылады.

Ахмет Байтұрсынұлы мен оның алашшыл серіктері сонда да алған беттерінен, алдыға қойған мақсаттарынан айныған жоқ. Қандай жағдайда болмасын, Патшалық Ресей тұсында да, Кеңес Одағы заманында да туған халқын білім мен ғылымға жеткізу үшін қолынан келгенді жасаумен болды. Олардың әрқайсысы еуропалық озық үлгілер негізінде нақты, гуманитарлық ғылым пәндерінен оқулықтар жазып, қазақ халқын сауаттандыруға үлес қосты.

Ахмет Байтұрсынұлының осы жолдағы атқарған шаруасы ұшан теңіз десек болады. Қазақ халқының тілі бай да құнарлы болғанымен, ХХ ғасырдың басына дейін өзіне тән тілдік, әдеби нормасы жоқ еді. Қазақтар күллі түркі халықтарына ортақ, көбінесе татар тіліне ұқсас түркі-шағатай аталған жазба тілді  қолданып келді. Қазақ тілі араб, парсы, түркі және орыс сөздерінің қойыртпақ қоспасы болды. Осы тілдің өзіне тән әліпбиін жасап, грамматикасын түзу қажет болатын. Ғылыми терең білімді қажет ететін осы бір кқиын да күрделі міндетті 1910 жылдан бастап қолға алған Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиінің жеңілдетілген негізінде «Төте жазу» атты, қазақтың төл әліпбиін жасап шықты. Қазақ баласының тілашар кітабына «Әліппе» деп ат беріп, күні бүгінге дейін қолдануға ыңғайлы етіп жасаған Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық, әдістемелік шеберлігіне кезінде орыс, түркі ғалымдары ерекше бағалап таңданған екен.

Ахмет Байтұрсынұлы –әлемде  тоғызыншы орынға ие Қазақстанның жер аумағына ие болуға ерекше үлес қосқан мемлекетшіл, қайраткер тұлға. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарын, олардың терминологиясын негіздеп, қалыптастырған да Ахмет Байтұрсынұлы еді. «Ахмет Байтұрсыновты үстіміздегі ғасырдың алдыңғы онжылдықтарындағы қазақ қауымы көшінің басшысы етіп танытқан – оның қазақ халқын іргелі жұрт қатарына қосу үшін жүргізген күресі және сол күресте ұстаған бір қаруы – ағартушылық идеясы болды», – деп академик Рәбиға Сыздық атап көрсеткеніндей, 1905-1938 жылдар аралығында, яғни жазықсыз нәубетке ұшырағанға дейін екі бірдей үкіметтің түрме азабын, қуғынын тартып, азап шегіп жүрсе де мойымаған ұлт ұстазының өмірі – нағыз ғибратқа тұнған ғұмыр деп білеміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button