Жаңалық

#ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: ӘСКЕР ІСІ. НАНЫМ-СЕНІМДЕР МЕН СҮРЕНДЕР.

Әскер ісі. Жорықта жасалатын жоралғылар. Көшпелілер кімге сенді? Неге табынды?

Жорық уақытында, бүкіл әскер жиналып топтанғанда қосын үшін лайық тұрақ таңдалып, әскери бөлімшелерді салтанатты ресми қарау өткізілетін. Иран тілдес мұсылман деректемелерінде әскери қарау «арзи лашкар», ал түркіше «жасал (жасау) жасамақ» деп аталған. Парсы әдебиетінде тіпті әскери байқау туралы арнайы трактат (Жамал ад-Дин Дауани, Арз-наме) бар; онда Аққойлы әулетінен Халил сұлтанның хижраның 881 жылы (1476) Банд-и-Әмірге таяу тұстағы Фарсада (Персияның бір облысы) барлық шенеуніктердің қатысуымен өткізген әскери байқауы туралы әңгімеленеді. Көп жағынан ден қоярлық бұл трактаттың бір тізімі Ресей FA Шығыстану институтының Санкт-Петербург филиалының қолжазбалар бөлімінде сақтаулы.

Шыңғыс ханның қаулысына сәйкес әскери байқауды ханның өзі өткізуге тиіс. Әскер байқауына сондай-ақ ханзадалар, әмірлер, жазармандармен, қазынашылармен және бақылаушылармен бірге ханның айналасындағылар қосылатын. Барлық әскер жауынгерлік ретке қатар тізіліп тұратын, содан байқау басталатын.

Жоғарғы басшы сол қанатты, оң қанатты, орталықты атқа мініп аралап өтетін. Мұнда ханзадалар, әмірлер және басқа да басшылар отрядтары тұратын. Байқау өзінше бір үлгідегі әскери инспекция болатын. Осы арқылы әскердің жалпы саны анықталды, жауынгерлердің қару-жарақтары тексерілді. Байқаудың қаншалық ұзаққа созылатыны ең алдымен, әрине, әскердің сан құрамына байланысты болды. Сондықтан байқау бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Байқаудан кейін әмірші отрядтар бойынша әскерлердің саны туралы мәліметті талап етті. Және жағдайға қарай саны дұрыс болып шыққан әмірлер мен басшылардың әрқайсысын марапаттады. Байқауда анықталған сәйкессіздіктер, жетіспеушіліктер үшін тиісінше жазалар да қолданылды.

Әрбір әскер байқауы барабандар соғылып, әскери ұранмен (сүренмен) аяқталатын. Байқау өткен жерде бүкіл әскердің қатысуымен (егер бәрі жоспар бойынша келе жатқан болса) киелі деп саналған дүниелерді қасиеттеу ғұрпы да атқарылды. Деректемелерде мына тақылеттес хабарларды кезіктіруге болады:

«Цзи-мао жылының жазында (нақтылап айтсақалтыншы айында), (13 шілде – 11 тамыз 1219) ұлы монғол армиясы батысқа (Орта Азияға – Т.С.) жазалаушы жорыққа шықты. Және туды қасиеттеу кезінде қалыңдығы үш ши болып жылбысқы қар түсті».

1257 жылы маусымда ұлы хан Мөңке (Монғол империясында 1251 —1259 жылдары билік құрған) Оңтүстік Қытайға жорығы алдында «Шыңғыс ханның жорық сарайында болды. Тулар мен литаврларға (барабан тәрізді соқпалы музыкалық аспаптарға) құрбандық шалып, Гилур қойнауында жиын өткізді».

Монғолдарда неғұрлым кейінгі уақытта да жорықтар кезінде «туға құрбан шалу шаралары» өткізілді. Мысалы, қолбасшы Баянның «Юань шиде» (1370 жылы) орналастырылған өмірбаянында былай деп хабарланады: 129 жылы ортаазиялық моғолдардың әміршісі Қайдумен соғыс кезінде әскер бастықтары қолға түскендерді туға құрбанға шалғысы келді. Бірақ Баян оларға рұқсат бермеді.

Белгілі синолог Н.Ц.Мункуевтің болжамынша Шыңғыс хан тұсында мұндай жағдайларда құрбанға адамдар да шалынатын болған. Алайда XIII—XV ғасырлардың деректемелерінде «туды қастерлеу», «туға құрбан шалу» салтының сипаттамасының өзін кезіктіре алмадық. Киелі деп танылған дүниелерді дуалаудың ескілікті мәжусилік ғұрпы келтірілетін, бізге мәлім жалғыз деректеме – бұл сіздерге бұған дейін мәлім Бабырдың «Жазбалары».

Бабыр Шағатай ұрпағы моғол хандарымен туысқан еді. Біраз уақыт бойы тіпті Шағатай ұлысының шығыс бөлігінің (Моғолстан) моғолдары арасында тұрды. Оның төңірегінде қашан да отбастарымен (отбасымен ред.) қоса моғол бектері мен қарапайым жауынгерлер аз болған жоқ. Оның мемуарларының беттерінде Моғолстан моғолдары этнографиялық, тұрмыстық және басқадай түрғылардан монғолдық көшпенділік дәстүрлерін мұқият сақтаушылар деп сипатталады. Олардың сол уақыттағы ортаазиялық көршілерінен ғана емес, Шағатай ұрпағы моғол хандарының өзге бодандарынан да ерекшелігі нақ осы болатын.

«Бабыр барынша ден қоярлық мынадай бір оқиғаны келтіреді. Осы оқиғаның аударылып қайта айтылуын ұсынып отырмын: мұны мен «Бабырнаме» мәтінінің аса көрнекті жапон ғалымы, профессор Eiji Mano-ның 1995 жылы жарыққа шығарған сыни басылымынан аударып алдым» деп көрсетеді Тұрсын Сұлтанов «Алтын Орда» еңбегінде.

«1502 жылы моғол ханы Махмұд (Моғолстанда 1487—1508 жылдары билік құрған) өз әскерін Ташкенттен Ұратөбеге бастап жүрді. Бұл жорыққа Бабыр да қатысқан. Махмұд хан аталмыш жорығында Біскент пен Самсырақ арасында әскер байқауын (жасал) жүргізді. Жауынгерлер саны отыз мың адам болып шықты.

Әскери байқаудан кейін «моғолдардың ғұрпы бойынша» туларды жайды. Хан атынан түсті. Ханның алдына тоғыз ту тігілді. Бір моғол ұзын ақ матаны өгіздің жілігіне байлап сүйекті ұстап тұрды. Осындай ұзын тағы үш матаны үш туға қутасынан (тудың сабына, аттың мойнына ілінетін, кодас не жылқы қылынан жасалған шашақ) төмен тұсынан алады да, ұштарын тудың сабының астынан өткізді. Бір матаның ұшын хан аяғымен басып тұрды. Енді бір туға байланған матаның ұшын мен (Бабыр) аяғыммен бастым. Үшінші матаның ұшын Махмұд ханның ұлы – Султан Мухаммед Ханыке басып тұрды. Мата байланган жілікті ұстап тұрған моғол моғол тілінде бірдеңені айтып шықты да туға қарап тұрып, белгі берді. Хан және оның жанында тұрғандардың бəрі ту жаққа кымыз шаша бастады.

Туларға кымыз бүркілгеннен кейін «барлығы бірден кернейлерін тартып, барабандарын ұрғылай жөнелді. Қатарда тұрған жауынгерлердің барлығы бір адамдай ұрыстык ұранды (сүренді) айқайлап айтыса бастады. Мұның бәрін үш рет қайталасты (бәрімізге жақсы таныс үш мәрте уралауды еске түсірейік) бұдан соң аттарына мініп, ұрыстық ұранмен (сүренмен) шапқан күйі қосынды айналып шықты».

Бұл арада Бабырдың шаман-монғолдар ұстанған киелі деп саналған дүниелерді дуалау ғұрпын жазып отырғанын көреміз. Ғүрыпты атқарған моғол, тегінде, медиум-шаман, адамдар мен жын-перілер әлемі арасындағы абыз-делдал болған, ал егіздің жілігі мен ұзын ақ мата оның ғұрыптық мүккамалдары болса керек (деп пайымдадық ред.).

Тегінде, келтірілген көріністе шаман пантеонында маңызды орын алатын Сүлде-Тәңіріні шақыру ғұрпы туралы айтылып отырған болуы керек. Сүлдеге табынушылық құдайдың өзін бейнелеген жауынгерлік туға табынудан көрініс тапқан. Сүлде-ту аман-есен тұрғанда халық бақуат болады. Сүлде-Тәңіріні шақыру ғұрпы дәлме-дәл атқарылса соғыс жорықтары сәтті болады деп есептелді. Осыған орай, Сүлде-Тәңіріні шақыру ғұрпы соғыс жорығы алдында не жорық жолында атқарылды. Сондай-ақ тулар мен бұншықтарды, киелі деп саналған дүниелерді қастерлеу және оларға құрбан шалу ғұрпымен қоса жүргізілді.

Мақаламыздың қорытындысында түркінің бұншық деген сөзі туралы бірер сөз. Бұл сөздің ежелгі нысаны – моншақ. Ол көз тиюден сақтайтын не сәндікке тағылатын (алқа, асыл тас), сондай-ақ тұмар, талисман деген мағынаны білдіреді. Бұдан әрі оғыз тобының тілдерінде бұншық деген нысан алып, тудың ерекше бір түрінің аталымы болды. Бұл тудың сабына әр түрлі тұмaрлaр, қутастар (бұл арада қутас сөзі қодастың не жылқының құйрық қылынан жасалған шашақ) жалғанып жүретіні анық. Бертін келе бұншық деген сөз орыс тіліне кірді. Казак атамандарында, гетманда жылкынын құйрық қылы, шашақ байланған қысқа, әшекейленген колағаш осылай деп аталатын болды. Мұндай ағаш билік белгісі болса керек.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button