Жаңалық

Ең жақсы оқырман

Әлеуметтік желілерде #кітапоқыпмиллионербол, #читайкнигистаньмиллионером хэштегімен 3000-ға жуық жазба жарияланды. Орта есеппен, осы уақыт аралығында 20000-нан астам әдебиет нұсқалары оқылды.Ең көп оқылған әдебиеттердің қатарында М.Әуезовтің «Көксерек», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», А.Экзюперидің «Кішкентай Ханзада», М.Мағауиннің «Тазының өлімі» кітаптары бар.

Өткен жылы «Jambyl-Taraz» қалалық газеті Тұңғыш Президент күніне орай «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауын жариялап еді. Сол кезде Астанада отырған біз де «бәрекелді!» деп қуанып едік. Игілікті жоба аясында байқаудың қазылар құрамы құрылып, Тараз оқушыларының назарына жүз кітаптың тізімі ұсынылыпты. Міне, келешегін ойлайтын ел осындай-ақ болады. Сонымен, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы болашаққа инвестиция ретінде салынған бастамаға қолдау танытып, бірігеді.

Жуырда ғана Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен жас зияткерлердің «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауының марапаттау рәсімі өтті. Жасөспірімдердің кітапқа деген махаббатын оятатын, елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған сайысқа Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров демеушілік етті. Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары мен танымал жазушы Несіпбек Дәутайұлы бастаған бір топ қаламгерлер мен қоғам белсенділері жобаға қаржылық қолдау көрсеткен. Біз осы байқауда дара шығып, алға озған Тараз қаласындағы И.Панфилов атындағы №39 мектеп гимназияның 7 «В» сынып оқушысы Ерен Айзере Медеуқызымен әлеуметтік желі арқылы сырласып едік.

 

«Өмірлік ұстанымым – анам адам қылып дүниеге әкелгесін, адам болып өмір сүріп, табиғат анаға адам болып кету» деген жақсы бір үмітті ниеттегі оқушымен сөйлескендегі екеуара әңгімеміз осылай өрбіді.

Отбасымда анам, ағам, сіңлім тұрамыз. Кітап оқуды анамнан үйрендім. Мен өскелі анамның күндіз жұмыста болғанын көрсем, кешке міндетті түрде кітап оқып барып ұйықтайтынын көрем. Байқау басталмас бұрын мен алғаш рет «Қыз Жібекті» оқу арқылы кітапқа деген қызығушылығым артты. Менің бағыма орай «Кітап оқы, миллионер бол!» байқауы жарияланды.

Байқау арқылы мен қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасына қатты қызықтым. Енді Төлен Әбдіктің шығармашылығын түгел оқығым келеді. Арманым – осы байқауды ұйымдастырушыла сияқты әдебиетсүйер балаларды оқуға баулу мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастыру. Осыны орындау үшін білімді болып, бай болып, балаларды ынталандыру мақсатында қаржылай да бай болғым келеді.

Қай әдебиетті оқысаң да, оның ішінен қажетті мәліметті алуға, табуға болады екен. Бірінші кезекте қазақ әдебиетін оқуға кеңес берер едім. Сосын әлем әдебиетін ашып, екі шығармалардың жазылуына қарадым. Осы байқау арқылы мен бірінші рет кітап оқудың кереметін ұқтым.

Жеңіске жеткен сәтте әкем қуанған шығар деп сезіндім. Мен оның мақтанышы болғым келеді.        Осыдан 5 ай бұрын «Жамбыл-Тараз» газеті қалалық мектеп оқушылары арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауын ұйымдастырғанын естідім. Содан бұл жобаға жата-жастана кітап оқып кірісе бастадым. Нәтижесінде жеңіс тұғырынан көріндім. Шүкір! Ал, ең алғашқы алған қаржылай сыйлығымды, ұтысымды өз игілігіме жұмсадым. Мысалы, үш жүз мыңын оқу депозитіне салдым, қалғанын анама бердім. Сосын қасиетті Рамазан айы болған соң, ораза тұтқан жақын туыстарыма ауызашар бердім, – деп жылы жымиған қызғалдақтың бұл сөздерін естіп, тебірендім. «Өй, айналайын, талабың оңғарылып, өсе бер!» дедім ішімнен риясыз кейіпте. Баланың оқуына, өсуіне, жетілуіне аямай ақша жұмсап, капитал салған ел ағаларының көзқуантарлық бұл ісі бәрінен ұлық, бәрінен қайырлы екені ешкімге айтпаса да түсінікті шығар…

Кітаптың пайдасы жас баланың өсуіне, мейірімді және зиялы, эрудит боп қалыптасарына тигізер үлесі өте көп. Балаларға мотивация сыйлаудың озық үлгісі екен. Енді бұл бастаманың жалғасы басқа облыстарымызда жалғасса екен…

Әңгімелескен Елдос Тоқтарбай

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button