Жаңалық

Ұлт тарихы мен әдебиетін терең оқыған бала өз елінің болашағына бейқам қарамайды

Ұлттық аза тұту күні қарсаңында жас зерттеуші, әл-фараби Қазақ ұлттық университетінің 4 курс студенті Жансая Сманмен әңгімелесіп, сұхбат құрған едік. Жансая жас болса да өзінің ортасында ізденушілік, зерттеушілік қасиеттерімен ерекшеленіп жүрген өрен. Ол – бүгінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырнамасы мен шығармасын зерттеу нысанына алып, руханияты тұрғысынан зерделеуде. Бәрекелді! дейтіндей-ақ игі іс.

Алаш рухы үшін ерікті болып, өзгелерге өнеге көрсетіп жүрсіз. Сіздің замандастарыңыз қаншалықты әдебиетке, тарихқа құмар. Сөз басын осы мәселеден бастайықшы. 

Ең алдымен, «Алаш рухы» деген ұғымның өзін барынша дұрыс түсініп алғанымыз жөн. Себебі, осы уақытқа дейін замандастарымның арасында бұл ұғымды әрқалай ұғынып, түрлі мақсатта пайдаланатындарды көзім көрді. Алаш тақырыбы, Алаш рухы – еріккеннің ермегі емес. Осы жағын тереңірек түйсініп алғанымыз дұрыс. Ал сұрағыңызға келер болсақ, замандастарымның басым көпшілігі өз халқының тарихы мен әдебиетіне қызығып, өздігінен ізденіп жүретіндігін баса айтқым келеді. Әрине, заман талабына сай өмір сүргісі келетін замандастарымыз да жетерлік. Әйтсе де, бұл мәселе мектептен бастап қолға алынуы тиіс. Оқушы кезінен ұлт тарихы мен әдебиетін терең оқыған бала өз елінің болашағына бейқам қарай қоймас.
Қазіргі жас буынды не қызықтырады? Жалпы Сіз немесе қатарластарыңыз елдік мәселеге «бас» қатырып, ойлана ма?
Қазіргі «жас буынды тап осы қызықтырады» деп нақты айта алмаймын. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме дана халқымыз. Әр отбасының берер тәрбиесі әр түрлі. Қазір барлығымыз дерлік әлеуметтік желіге тәуелді болып барамыз. Егер осы ақпараттық жүйені дұрыс бағытта қолдана білсек, әрине әңгіме басқа. Бірақ, кейде «шынайылығымызды жоғалтып аламыз ба» деп қорқамын. Ал, ұлт мәселесінде қазіргі жастардың санасы ояу. Сөйте тұра, кейбірінің өз тілінде сайрай алмайтындығы қатты қынжылтады. Мүмкін, бұның өзі сол елдік мәселедегі «бас» қатыру шығар.

Алаш тақырыбын диплом жұмысына алыпсыз. Ауқымды тақырып, қиын да күрделі мәселені неге таңдадыңыз?
Менің Алаш тақырыбына келуіме тікелей қатысты үш есім бар. Олар – Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі және осы мұражайда 27 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Райхан Сахыбекқызы. Өзіңіз ойлаңызшы, «сіз бір жұмысты осынша уақыт тегін атқара алар ма едіңіз?». Мен мұндай жанкештілікті Райхан апайдан көрдім. Алғаш Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйін таныстырып, бізге сенім артқан да осы кісі еді. Міне, содан бері төрт жыл өте шықты. Алашқа деген қызығушылығым күн санап арта түсуде. Бірақ, ең өкініштісі, қазақтың тағылым үйіне айналған мұражай-үйдің әлі күнге жекеменшіктің қарамағында болып, мемлекет қамқорына алынбауы «мен қазақпын» деген кім-кімді ойландыруы керек емес пе?! Ұлтына қалтқысыз қызмет еткен Алаш Арысының Алматыда аман қалған жалғыз үйі әлі де «жетім баланың» күйін кешіп тұрғандығы мемлекеттігімізге келер сын екендігін ел басқарушылардың аңдамауы жанымызға батады. Әлде басқа себептері бар ма? Тарихи маңызы бар ескерткіш әрі мемлекеттік тізімге 1992 жылы енген бұл жәдігердің қалай жекеменшіктің еншісіне берілгендігі түсініксіз жәйт. Республикамыздың игілігі болып табылатын Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына мемлекеттік танымдағы көзқарас қажет, өйткені тұлғаның өнегелі жолы түркі жұртына үлгі екені басы ашық мәселе.

Тарихи сананы қалыптастыру қоғамымыздағы өзекті мәселеге айналды. Жазушы да, ғалым да, басқа шығармашылық өнер адамдары да ұлт тарихы үшін зор еңбек сіңіруде. Десе де жастардың да руханият жұмысына келуі керек сықылды. Сіз өзіңіздің болашағыңызды руханиятпен байланыстырасыз ба?
Иә, алдыңғы аға буынның жастарға орын беріп, олардың білмегенін үйретуі – ерлікпен тең игі іс. Неге десеңіз, кез-келген адам бұл қадамға бара бермейді. Жастар, оның ішінде ұлттық тәрбиені сіңіріп өскен жастардың басым болғандығын қалар едім. Сонда ғана біз өзімізді өзгелерге мойындата аламыз. Басқа мемлекетте бар құндылықтар бізде де барын қашан түсінер екенбіз?! Тағы айтарым, мен болашағымды Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйіне келген кезден бастап руханиятпен сабақтастырып қойғанмын. Бұл үшін әлі де талай еңбектеніп, талай белестерді бағындыру қажеттілігін бар болмысыммен сезінемін. Адамның ішкі түйсігі алдамаса керек. Аталар аманатын ертеңге қалдырмай, бүгін орындау – қазіргі жастардың, ұрпақтың парызы деп білемін.
Әңгімеңізге рахмет! Ізденісіңізге береке тілеймін!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button