Жаңалық

АЙТЫЛМАЙ ЖҮРГЕН АҚИҚАТ

БҰЛ КҮНДІ «ҚАСІРЕТ КҮНІ» ДЕП АТАУЫМЫЗ КЕРЕК

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, модератор:
– Бүгін біз қазақ халқының тарихында аса қасіретті саналатын ашар­шылық тақырыбын жаңа көз­қарас, жаңа пайым, жаңа саяси баға тұрғысынан талқыласақ деп жиналып отырмыз. Өздеріңіз жақсы біле­сіздер, бұл мәселе отыз жылдан бері тал­қы­ланып келеді. Ашаршылықтың тірі куәгерлері де күннен күнге азайып барады. Куәгерлер азайған сайын сол бір кезеңнің тарихы да алыстай береді. Бүгінгі ұрпақ қызыл қырғын жайлы не біледі? Өткеннен сабақ ала алдық па? Неліктен 31 мамыр – Қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күні ретінде баға­ланады да, аштық құрбандары назардан тыс қалады? Ашаршылықты қазақ халқына жасалған геноцид деп бағалау керек дейтін ұстанымдар бар. Осы орайда тарихшы, саясаттанушы, зерттеуші ретінде сіздердің ой-пі­кірлеріңізді білгіміз келеді.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымының кандидаты:

– Негізі 1992 жылы 31 мамыр – Аштық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Еліміз өз тәуелсіздігін жаңадан алған кезеңде сол уақытқа дейін жасырын айтылып келе жатқан мәселенің анық-қанығына жету үшін Парламент комиссия құрған болатын. Комиссия құрамына белгілі тарихшылар енді. Бұл бағытта әжептәуір жұмыстар атқарылды. Соңында Жоғарғы Кеңес Төралқасының шешімімен қорытындысы шығарылып, ол «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды. Бұл қорытынды бойынша: ашаршылық қазақ халқына қарсы жасалған геноцид деген баға берілген еді. Бірақ мұны саяси баға деп айту қиын, өйткені ол бар болғаны комиссияның шығарған қорытындысы еді. Іс жүзінде сол кездегі Үкімет бұдан артық қадамға барған жоқ. Егер ашаршылыққа «геноцид» деп саяси баға берілсе, онда бір іс-шаралар қабылданып, нәубеттің зардаптарын қалай жоямыз, кім айыпты болды деген мәселелер талқылануы керек қой. Мұндай болған жоқ, сол күйінде қалды. Бұл мәселеде Украина өнеге көрсетті. Содан бес жыл бойы Үкімет жұмған аузын ашқан жоқ. Жалпылама аталып жүрді, бірақ мемлекет тарапынан аталған жоқ.
Тек 1997 жылы Президент Н.Назарбаев­тың қаулысымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деген арнаулы күн пайда болды. Ашаршылық соның тасасында қалды. Көбінесе репрессия айтылады, ал ашаршылық тақырыбы қозғалмайды.
Естеріңізде болса, Мәскеуде жаппай саяси қуғын-сүргін шындықтарын әш­керелеуге бағытталған «Мемориал» деген қозғалыс басталған болатын. Сол «Мемо­риал­дың» үлгісімен біздегі азаматтар – кинематографистер, жазушылар, тарихшылар, әдебиетшілер, журналистер бар, барлығы бірігіп, сталинизмді әшкерелеу тұрғысында бірқатар мәселелер көтердік. «Дайындық комитетін» құрдық. Мақсаты – сталинизмнің зардаптарын толық зерттеу еді. Репрессия – сталинизмнің аса ауыр қылмысы еді. Ол рас. Бірақ Қазақстан үшін одан да өткен ауыр қылмысы – ашаршылық болатын. Бұл айтылмай жүрген тақырыпты «Әділет» қоғамының бағдарламасына да енгіздік. Тарих инсти­тутымен бірлесе жұмыстар атқардық. Көптеген дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар ұйымдастырылды, ғылыми еңбектер жарық көрді. «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Десек те, бұл тақырыптар БАҚ өкілдері тарапынан кең қолдауға ие болмады. Баспасөз беттерінде азды-көпті ғана айтылып жүрді. 2013 жылы саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылып, Президент сөз сөйлегеннен кейін ғана бұл тақырыпқа бетбұрыс басталды.
Іс жүзінде қазақ өз тарихында ашар­шылықты үш мәрте көрді. Ашаршылық­тың алғашқы толқыны – 1917-18 жылдары Оңтүстік өлкеде болды. Бұл аймақ Түркістан Республикасына қарайтын. Мұстафа Шоқай сол кезде «1 миллион 114 мың көшпенді қырылып кетті» деп жазды.
Бізде көбінесе 1921-23, 1931-33 жылдар­дағы ашаршылық айтылады да, 1917-18 жылдардағы ашаршылық айтылмайды. Ол кезде большевиктер «Қазақ – көшпелі халық, оның марксизм тұрғысынан болашағы жоқ. Экономикалық тұрғыдан әлсіз. Бұлардың бәрі құрып бітеді. Сондықтан бізге Қызыл әскерді қолдау керек. Қызыл әскер бізге әлемдік революция жасап береді» деген ұран көтерді. Олар билікті қолға алған кезде елде жұт болды. Оңтүстікке Ақтөбеден келуі тиіс астық келмей қалды. Аз ғана астықты большевиктер бөліп алды. Қазаққа ештеңе берілмеді. Қазақтардың Ташкенттің көшелеріне жетіп қырылып жатқаны туралы Мұстафаның әйелі Мәриям апайдың естеліктерінде жазылады. Миллионнан астам адам алғашқы ашаршылықта опат болса, тағы миллиондайы 1921-23 жылдары қаза тапты. 1931-33 жылдардағы ашаршылық та қолдан ұйымдастырылғанын жақсы білесіздер. Егер де 1916 жылдан 1933 жылға дейінгі ашаршылық пен халқымыздың табиғи өсімін есепке алар болсақ, біз сол кезеңде 10 миллион қазақтан айырылдық.
Ашаршылық тақырыбы неге айтылмайды дегенге келетін болсақ, билік Мәскеуге қарайды, өзге ұлттарға қарайды. Бірақ біз мәселені басқаша қабылдап, басқаша түсініп үйренуіміз керек. Ашаршылыққа бүгінгі Мәскеу, арамыздағы орыстар тікелей кінәлі емес қой. Бұл Советтік, большевиктік режимнің кінәсі, солардың жасағаны. Ал бүгінгі Ресей демократиялық жолды ұстанатын ел. Біз әшкерелесек, кешегі сталинизмді, Советтік жүйені, Қызыл империяны әшкерелеуіміз керек. Осы мәселені билік әлі күнге дейін жете түсінбей келеді. Күні кеше Ресейдің Сыртқы істер министрі бұл мәселені саясиландыра бермеу керек, ашаршылық Ресейде де болған дегенді айтты. Бірақ оның айтып отырған ашаршылығы Қазақстандағы ашаршылық. Ол кезде Қазақстан одақтас республиканың құрамында болды ғой. Міне, мәселе қайда жатыр. Жалпы, біз «Әділет» қоғамы тарапынан ашаршылық тақырыбына дұрыс мән берілу үшін 31 мамырдың қарсаңында, жұма күндері мешіттерде құран оқылып, оқу орындарында арнайы шаралар өткізілуі керек деп айтып келеміз. Кезінде муфти болған Әбсәттар қажы Дербісәлі осы бастаманы қолдап, жұма намаздарында өзі уағыз айтып, бір-екі жылдай мешіттерде құран бағышталып жүрді. Одан кейін жалғасын таппай қалды. Ал жастар бұл тақырыпты біле бермейді. Тарихқа жанашырлықпен, сын көзбен қарау – маңызды мәселе. Сол арқылы біз өзіміздің кім екенімізді танимыз. Міне, 30 жыл өтті, ашаршылықтың насихаты аз болып жатыр. Оның мән-жайын елге толықтай жеткізуіміз керек.

Жұмабек АШУҰЛЫ, «Абай» қорының директоры, қуғын-сүргін тарихын зерттеуші:

— Қазақтың бағы да, соры да – кең байтақ жері. Патшалық Ресей болсын, Кеңес өкіметі болсын, бәрі де қазақты ұлт ретінде жоюға бағытталған саясат ұстады. Мынадай мысал келтірейін, 1932 жылы Ораз Исаев Сталинге телеграмма соғады, халық қырылып жатыр, аң аулауға рұқсат беріңіздер деп. Куйбышев қол қойған телеграмманың мәтіні бар бізде, сонда: «Аң ауласаңдар жауапқа тартыласыңдар» делінген. Қазаққа қандай қысастық жасалғанын осыдан-ақ байқай беріңіздер. 31 мамырды ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске ала отырып, қасірет күні деп атайық деген әңгіме шығып жүр. Шын мәнінде, қасірет күні деп белгілеуіміз керек. Әр күнді жеке-жеке белгілей беру де дұрыс емес сияқты. Иә, қайсібір жүйе болмасын, солардың саясатының кесірінен қазақтар осындай нәубетке, алапат қырғынға ұшырап отырған. Осынау өткен ауыр да зұлмат тарихымызды біз қалай бағалап келе жатырмыз? Журналистер, жазушылар жазып жатыр, бірақ жоғары жақтан мұны қолдау жоқ.
Наурызбай мен Қарасай батыр көшелері­нің қиылысында кезіндегі НКВД-ның ғимараты бар. Ауласында атақты түрме болған. Бәрі де тарихи нысандар. Президент қол қойып берген жоба бойынша бұл репрессия құрбандарының мұражайына айналуы керек еді. Бірақ іске аспай қалды. 2003 жылы Храпунов қала әкімі болып тұрған кезде музейдің бірінші кезеңін аштық. Жұмыстар қолға алынды. 2004 жылы іс-сапардан оралсам, ауладағы ішкі түрме бұзылып жатыр екен. Қазақтың бүкіл қаймағы қамалып, айлар бойы азапталған жер ғой. Содан не керек, газетке жазып жүріп, жартысын аман сақтап қалдым.
2005 жылы жаз айында жекеменшіктің қолына өтейін деп жатыр деген әңгімені естідім. Қалалық әкімдікке бардым. Әкімге жолыға алмасам да, аппарат басшысына кіріп мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Елбасының қолы қойылған құжат бар, мұны жекешелендіруге болмайды дедім. Келесі хабарласқанымда, ғимаратқа ешкім тиіспейтін болды деді. Бірақ бұл қуанышымыз көпке созылмады, бір күні екі жас жігіт келіп тұр, қолдарында қағаз, бұл біздің жекеменшігіміз, мына үйді босатыңыздар деп. Содан мұражайымыз жабылды, тоқырауға ұшырай бастады. Сөйтіп жүрсек те, орнымызды босатпай, не болса да, жұмысымызды жалғастыра бердік. Сол аралықта бірнеше қолдан өтіп, ақырында біреулер сатып алды. Президентке де, Үкіметке де, Парламентке де хат жаздым. Олар қалалық әкімдікке жолдайды. Ал әкімдіктегілер бұл ғимарат жекешеленіп кеткен деп жауап береді. Менің «Сіздер тарихи ғимаратты неге жекешелендіресіздер?» деген сауалыма жауап жоқ. Содан бері, міне, он төртінші жылға кетті, күресіп келе жатырмыз. Былтыр қазан айында біз қоғам қайраткерлерін жинадық. Бірақ тағы да осы жерде қазақтардың өз тарихын қорғап қала алмайтынын байқадым. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына байланысты­ бір шара өтті. Соған бардым. Залда халық толып отыр екен. Сол жерде тарихи ғимараттың тағдырын сөз етіп, зиялы қауымды, жастарды қолдау көрсетуге шақырдым. Шақырғандардың көбі келмей қалды. Бірен-саран үлкен кісілер, одан кейін желтоқсандықтар келді. Сонда деймін-ау, біз халқымыздың басынан өткен қасіретті өзіміз бағаламай отырсақ, қолдамай отырсақ, сырттан келіп біреу бірдеңе жасап бере ме? Кейде біз тарихта болған бір тұлғаға қатысты затты тауып алсақ, оны керемет жәдігер есебінде көріп, таңдай қағамыз, ал тарихтың тірі куәгері болған қасіретке толы ғимаратты мұражай ретінде сақтап қалуға күш сала алмаймыз.

Болат ЖҰМАҒҰЛОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры:

– Бүгінгі қозғалып отырған мәселе өте өзекті. Себебі репрессия да, ашаршылық та – қазақтың басынан өткен тарихы. Ол тарихты ешқашан ұмытуға болмайды. Негізінен, ашаршылық тақырыбы еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін айтылып, зерттеле бастады ғой. Нәубет деген қазақтың басына түскен ауыр қасірет. Бала кезімізде үлкен шешелерімізден бұл туралы көп естідік. Ашаршылық табиғаттан келетін жұт, қуаңшылықтан болатын нәрсе емес. Бұған себеп адамдардың бір-біріне деген зұлымдығы, кесапаты. Қызылдардың отырықтандыру, ұжымдастыру жүргіземіз дегенінен туған қасірет. Міне, осының бәрі де қазақтың басына түсті. «Жұт жеті ағайынды» дейді. 1921 жылғы аштықта қатты боран болған. Сол жылы мал тебіндей алмай қалды, жазы қуаңшылыққа ұласты. Мұның барлығы қосылып, халықты аштыққа ұшыратқан. 1931-33 жылғы аштықтар тікелей саясаттың нәтижесі. Себебі ұжымдастыру мен отырықшылыққа икемі жоқ, тек қана мал шаруашылығымен жүрген көшпелі халық отырықшылыққа үйреткен кезде дәстүрлі шаруашылығынан айырылып қалды. Күні кеше Кеңес Одағы құлағанда экономикалық жүйелер дәстүрінен айырылғанда қандай болып еді, халық босып кете жаздады ғой. Сол сияқты экономикасы дамып тұрған жүйені қиратқан соң, оның орнын алмастыратын ештеңе ұсынылған жоқ, содан келді де қазақтың малы қырылды, аман қалғандары кәмпескеленді, ет-сүті толып жатқан салықтарға кетті, басқа күнкөріс көзі жоқ, халық ашығып, қырылды. Ашаршылық нәубетінің зардабын тартпаған, содан құрбан болмаған бірде-бір қазақ отбасы немесе ата-бабасы жоқ шығар.
Саяси баға берілмеді деп жатырмыз, әңгіме онда емес. Әңгіме біздің тарихты қалай бағалап жатқандығымызда. Біз тарихтан сабақ алуымыз керек. Болашақта халқымыз сондай нәубекте ұшырамауы керек. Мысалы, бізге сен осылай айт, айтпа деп ешкім тыйым салып отырған жоқ. Ашаршылық болғанын бәрі де мойын­дайды, тарихта ол талай жазылды, оған ешкім қарсы емес. Тарихымыз жаман болсын, жақсы болсын, ол біздің өткеніміз, оны сызып тастауға болмайды. Біз демократия деп, сөз бостандығы деп кейде артықтау кетеміз. Тарихшылар тарихты деректерге сүйеніп жазуы керек. Мен өзім кәсіби тарихшымын. Кейде қайсысы шын тарих, қайсысы өтірік тарих екенін айыра алмай қалатын жағдайға жеттік. Меніңше, репрессия мен ашаршылықты бөліп қарауға болмайды. Ашаршылық пен репрессия қатар жүрді. 1931-34 жылдары Маңғыстауда Адай көтерілісі болды. Сонда репрессияға кімдер ұшырады? Аштықтан қырылғандар қырылып қалды, босқындар босып кетті. Қалғандары репрессияланды. Қолында ешқандай қаруы жоқтарды зеңбірекпен атқан кездер де болды. Омаров деген автор «Ойрандалған Адай даласы» деген кітап жазды. Өзі бұрын Кеңес Одағы кезінде КГБ-да жұмыс істепті. Сонда бір оқиғаны баяндайды. Мұнай орындарын барлауға шыққан экспедиция Маңғыстау құмдарының ішінен босып жүрген бір ауылды кездестіреді. Айналада не болып жатқанынан хабарсыз дейді. Газет оқымайды, радио тыңдамайды. Тіпті, әлемде соғыстың жүріп жатқанын да білмейді. Өздеріне жат адамдарды көрсе, ығысып, көшіп кете береді екен. Өз халқы өз елінде, жерінде осылай босып жүрсе, бұл репрессия емей немене? Ашаршылық пен репрессияға мемлекеттік тұрғыдан нақты баға берілмесе, әңгіме көбейе береді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ  49 ПАЙЫЗЫ ҚЫРЫЛДЫ

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты:

– Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты әлемде қандай көзқарастар бар, бұл геноцид пе, геноцид емес пе деген мәселеге тоқталайық. Соңғы уақыттарда біздің отандық бұқаралық ақпарат құралдарында Американың докторанты Сара Кэмеронның ашаршылыққа байланысты пікірлері жарияланып жүр. Сонда байқағаным, америкалық зерттеуші Сталин тарапынан болсын, Голощекин тарапынан болсын, қазаққа тікелей геноцид саясаты болған жоқ, бұл жергілікті басшылардың кінәсі дегендей пікір айтқысы келеді. Яғни, қазақ халқы шын мәнінде көшпелі халық, өмір сүруге қабілетсіз, отырықшылыққа икемделу кезеңінде өзін-өзі қамтамасыз ете алмады деген сыңайда ой қозғап, бұған қатысты толып жатқан өзге де фактілерді, сол кездегі тарихи жағдайларды ескеруіміз керек дегендей пікірлерді білдіріп, геноцид болды дегенді тілге тиек еткісі келмейді. Сонымен қатар германиялық Роберт Киндлер деген азамат та Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын зерттеді. Ол да қалың монография шығарды. Екеуі де Қазақстанға бір жылда келген. Президент Архивінде кездесіп қалып жүрдік. Роберт Киндлер ашаршылық кезінде қазақтардың бір-бірлерінің етін жегені туралы фактілерді ғана жинайтын. Оны қандай мақсатпен жинағанын білмеймін, бірақ тек осы мәселеге ғана назар аударатын. Мұнда бір ескеретін дүние: біз кейде жалпақшешейлікке салынып, шетелдік ғалымдар қазақ тарихы туралы пікір білдірсе, соларды алдыға салып, баспасөз бетінде алдымен соларды айтуға мән беріп кетеміз. Негізі бұл дұрыс емес. Себебі қазақтың тарихын дәл қазақ сияқты сезініп, түсініп, қазақ секілді танитын басқа халық жоқ. Сондықтан біз алдымен өзімізді өзіміз танып, өзімізге өзіміз баға беруіміз керек.
1921 жылғы ашаршылық Қазақстанның батыс өңірлері мен Торғай даласында болған. Ол кезде Қазақстанда аштыққа қарсы күрес комиссиясы құрылып, Ақмола, Семей облыстарының қазақтары аштықтан зардап шегушілерге көмектесіп, өздерінің малдарын айдап апарып, көмектескен. Үшінші ашаршылықты тікелей геноцид деп айтуға болады. Білесіздер, 1928 жылы Қазақстанда аудандастыру саясаты басталды, округтар құрылды. 13 округ пайда болып, оның құрамына жаңадан құрылған 183 аудан кірді. Әкімшілік-аумақтық құрылымдар өзгеріп кетті. Округтың басшылығына сауаты бар адамдар келсе, аудандарға бұрынғы ауылдық деңгейдегі, болыстық деңгейдегі адамдар келді. Осы кезеңде қым-қуыт дүниелер басталған. Жоғары жақтан түскен қаулы-қарарлар, нұсқаулар өз деңгейінде халыққа жетпеген. Округтық деңгейдегі қызметкерлер төменде не болып, не қойып жатқанын білмеген. Халық қай жақтан нені сұрарын, кімге барып мұңын шағарын білмеген. Аудандастыру кезінде аудандық деңгейдегі басшылық пен жергілікті тұрғындардың арасындағы байланыс мүлдем үзілді десе де болады.
1929 жылға дейін елімізде 22 миллион­нан аса мал басы болған. Бір жылдан кейін мал басы өте қатты кеміп, 5 миллион 300 мыңдай ғана мал қалған. Малдың осыншалықты кеміп кетуіне байланысты әлі зерттеулер жүргізілген жоқ. Тарихшылар алдағы уақытта осы мәселені зерттеуі керек. Ашаршылық мұнымен де тынған жоқ. Ұлы Отан соғысы кезінде 1943 жылдың қысында Қазақстанда өте қатты ашаршылық болған.
Әсіресе, бұл Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болған. Сол кездегі ауыл бригадирлерінің халық қолындағы соңғы азық-түлікті тартып алуынан өте көп халық қырғынға ұшыраған. Демек, соғыс кезіндегі ашаршылық та зерттеуді қажет етеді.
1931-33 жылдардағы ашаршылық Қазақста­н­­да­ ғана емес, бүкіл Советтер территориясында болды деген пікір Ресей тарихшылары тарапынан кездесіп жатады. Бұл мәселеге біз пайыздық тұрғыдан қарауымыз керек. Мәселен, ашаршылық нәубеті негізінен екі республикада өте қатты жүрді. Қазақстанда – 49 пайыз, Украинада — 33 пайыз көлемінде болды. Ресейдің басқа облыстарында бұл көрсеткіш 3-4 пайыз мөлшерінен асқан жоқ. Сондықтан мұны геноцид деп айтуға толық негіз бар. Қазақстанда не болып жатқанын Кеңес билігі толық білмеді, мұны Голощекин жасырды, бүкіл пошта, хат-хабарларды жібермеді деген пікірлер шындыққа жанас­пайды. Өйткені мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің агенттері әрбір ауылдарда жүрді. Қазақстандағы халықтың ахуалы туралы есептер Орталыққа жолданып отырды. Сол себепті «білмеді» деу қисынға келмейтін нәрсе. Орталық басшылары оны өте тамаша біліп отырды. Менің ойымша, 31 мамырды аза тұту немесе қаралы күн деп атасақ, орынды болар еді.

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, саясаттанушы:

– 2015-2016 жылдары Шотландияның Абердин қаласында болдым. Сонда­ Қазақстандағы ұлтаралық мәселелерді зерттеумен біршама айналыстым. Зерттеген тақырыбымыз – тарихты қайта интерпретациялау және оның Қазақстандағы ұлт құрылысына қатысты болды. Яғни, Қазақстандағы ұлт құрылысына тарихқа деген жаңа көзқарас қалай әсер етіп жатыр, Қазақстанның ішінде қандай көзқарастар, ағымдар бар, жалпы қайда дамып барамыз деген мәселені қарадық. Одан кейін елге келіп те біршама зерттеулер жүргіздім. Ресми тарихтану тұрғысынан емес, қазақ ұлтының тұрғысынан зер салдым. Қазақстандағы орыс қоғамының, неміс ұлты өкілдерінің де көзқарасымен таныстым.
Бұл жерде ашаршылық қана емес, отаршылдық кезеңі де алынды. Отаршыл­дық кезеңі Қазақстанда саяси құрал ретінде қалай қолданылып жатыр, соны да талдадық. Мұны біз травма, яғни жарақат деп алдық. Рухани жарақат. Жарақат қалай анықталады деген мәселеге келсек, оның үш анықтамасы осы жерде айтылып отырған пікірлерге сәйкес келеді. Ол – «жарақат болды» деген саяси шешім, мемлекеттің шешімі, қоғамның шешімі. Оның ұлттың тарихына, өміріне кері әсер етуі. Мұнда сіздер айтып отырған демографиялық және басқа да мәселелер көрініс табады. Жарақаттың үшінші анықтамасы – эмоционалдық, институтционалдық және символдық тұрғыдағы өтемі. Геноцид деп тануды айтқан уақытта біз сол өтем туралы айтамыз. Ол қаржылай өтем емес, геноцид деп мойындау өтемі.
1990 жылдардың басында мемлекет пен жалпы тарихшылар қауымының көзқарасы бірдей болды. Мемлекет тарихшылардың ұстанымын қолдады. Сол кезде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні белгіленді, ескерткіштер қойылды, көше атаулары берілді. Бірақ кейінгі кезде бұл тенденция өзгеріп бара жатыр. Яғни, мемлекеттік тарихнама (историография) мен жалпы қоғамның пікірі алшақтай түсуде. Жарақаттың табиғаты қандай, оны кім ұйымдастырды және одан кімдер құрбан болды? Сол мәселеде алшақтықтар бар. Мәселен, бізде қазақ қоғамының ішінде орыс отаршылдығының жалғасы –Ресей империясының қазақтарға қарсы жасаған геноциді деген мәселе бар да, ал басқа ұлттарда ол керісінше айтылады. Бұл орайда ресми тарихнама не дейді? Ресми тарихнама мұны қазаққа қарсы жасалған геноцид емес, Советтік режимінің жалпы халыққа қарсы зұлымдығы ретінде көреді. Бұл жерде мәселенің қандай да бір этносқа, ұлтқа немесе мемлекетке қатысы жоқ, яғни, бұрын бәрі жаман болды, қазір бәрі жақсы дегендей ұстаным байқалады. Содан кейін бәрімізге белгілі «қазақтар басқа ұлттарды құшақ жая қарсы алды» деген қалыптасқан пікір бар. Бұл пікірлер ресми тарихнамаларда айтылғанымен, оны басқа ұлттар ішінара жоққа шығарады. Айтуларынша, қазақтардың бұл жайында ақпараты болған жоқ, қазақтар депортацияны­ түсінген жоқ дейді. Қазақтың ұлттық тарихы ресми тарихнамадан ауқымды. Мұнда жалпы колониалдық мұраның үлкен тізімі бар. Бұл тізімге тек қана Кеңес Одағының кезеңі кірмейді. Қазақ хандығының Ресей империясының қол астына кіруінен бастап орын алған оқиғалардың барлығы еніп кетеді және бұл үшін қазіргі Ресей жауапты деп айтылады. Сонымен қатар ақпарат құралдарында, ауызекі сөздерде геноцид мәселесі, Совет одағының кезеңі зар заман кезеңінің жалғасы ретінде бағаланады. Сөйтіп, қазақ ұлттық тарихнамасы мемлекеттік тарихнамадан біршама алшақтап бара жатқан жайы бар. Және 1931-33 жылдардағы оқиғаларды геноцид деп тану туралы талаптар күннен күнге жоғары деңгейде қойылып жатыр. Бұл мемлекеттік билікті біраз тығырыққа тіреп отыр. Себебі ресми билік Ресейге, басқа коньюктураға, басқа ұлт өкілдеріне біраз жалтақтайды. Яғни, жалпы кең контекстіде алып қарайтын болсақ, отарлау демографиялық жағдайға да, тілге де қатысты, табиғат түйткілдеріне, өзге де мәселелерге қатысты айтылады.
Тың игеру кезеңдері де отарлаудың белгісі ретінде танылады. Осыған қатысты біз Қазақстандағы Ресей ұйымдарымен біраз сөйлесіп көрдік. Сұхбаттар жасадық. Сонда байқағанымыз, орыс ұлтының көзқарасы бұл мәселеде жинақы емес. Біршама жалтақ. Олар көбінесе Ресейдің трактовкасына сүйенуге тырысады және олар тарихты демократияландыру керек деген көзқарасты қолдайды. Тарихқа байланысты әртүрлі көзқарастар болу керек, оның ішінде геноцид деп тану да, танымау да мәселелері. Олардың айтуынша, Қазақстандағы ресми тарихнама орыстардың жаппай осы елден көшуіне бірден-бір себепкер. Немістердің ұйымдарымен де біраз зерттеулер жасадық. Немістердің көзқарасы жинақы екенін байқадық. Өте көп кітаптары, материалдары бар. 1940 жылдардағы депортацияға қатысты да біршама материалдары жинақталған. Неміс ұлты өкілдерінің пікірінше, ресми тарихнамада Қазақстандағы немістердің жағдайы айтылмайды. Айтылса да, көмескі түрде және еленбейді. Немістер 1940-жылдары Қазақстанға жер аударылғанда оларды қазақтар құшақ жая қарсы алған дегенді жоққа шығармайды, бірақ соншалықты қатты қонақжайлық болған жоқ дейді және қазақтарды ол үшін кінәламайды. Бізді айдалаға алып келді, азық-түлік болған жоқ, кейбіреулер көмектесті, кейбіреулер бізден қорықты, балаларымыз аштықтан, аурудан өлді. Солар да тарихи жазбаларда, оқулықтарда айтылғаны дұрыс дейді. Яғни, біз бұдан қандай қорытынды жасадық? Біздің қорытындымыз – Үкіметтің отарлаушы­ мен олардың құрбандары арасындағы балансты сақтауға мүмкіндігі қалмай барады. Қоғам саяси­ баға беруді көбірек талап етуде. Немістер, орыстар талап етіп жатқан жоқ. Себебі оларда қазір демографиялық дағдарыс. Қазақтар тарапынан, тарихқа ешқандай қатысы жоқ қалың бұқара тарапынан ресми тарихты қайта жазу, соның ішінде қазақтардың көзқарасымен қайта жазу жайында талаптар өте көп айтыла бастады. Бұл баспасөз бетінен де, әлеуметтік желіден де көп көрінуде. Содан кейін біздегі орыстардың, басқа да этностық топтардың қоғамнан оқшаулануы байқалады, яғни тарихнама күшейген сайын олар өздерін бұл елде бөтен ретінде сезінуі тым тереңдей түсуде.

Айнаш СЕЙСЕНБАЕВА, ҚР Президенті архивінің қызметкері:

– Осыдан үш жыл бұрын Президент архивінде ашаршылық тақырыбына байланысты құжаттар кешені ашылды. Ашаршылыққа қатысты мәліметтер, жарық көрген еңбектер, басылымдардағы деректер жинақталды. Ғалымдар, тарихшылар, саясаттанушылардың зұлмат жылдар жайын­да хабары болғанымен, қарапайым халық, жастар, ізденушілер осындай құжаттарға қарап ой түйсін, тарихын танып білсін деген мақсатпен ұйымдастырылды.
Ашаршылық деген кезде онда кімдер қаза болды деген мәселені ешкім көтерген жоқ. Өйткені ондай құжаттар көбінесе сақталған жоқ. Тарихшылар жалпы санын анықтаумен айналысты да, қаза тапқандар кімдер екені зерделенбеді. Осы мәселені ескере келіп, біз asharshylyq.kz деген сайт аштық. Онда ашаршылық құрбандары туралы мәліметтер, аты-жөндері, әлеуметтік мәртебесі, туған жері және басқа да деректер жинақтала баста­ды. Кез келген сайт қолданушысы өзінің ата-бабасы, туыс-туғандарына қатысты да деректермен бөлісе алатындай мүмкіндік бердік. Сайтта бірнеше тараулар бар. Мысалы, негізгі бетінде ашаршылыққа байланысты қандай жаңалықтар болып жатыр, нендей кітаптар шығарылды – солар туралы мағлұматтар салынады. Ашаршылық және босқыншы­лық деп аталатын екі тарау бар. Тізімдер келтірілген. Сонымен қатар дереккөздер қайдан, қандай кітаптан алынды, соның бәрі ашық көрсетіледі. Мысалы, ашаршылық құрбандарының ішінде Есболатұлы деген фамилия 12 рет қайталанып тұр. Бұл деген сөз, бір үйдің он екі баласы ашар­шылықтан көз жұмған. Тірі қалғаны тек жалғыз қыз бала екен, сол қыздың бізге жі­бер­ген мәліметтері. 12 баланың да атын жаздық.
Әр облыстан келген деректер бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының бір колхозында 173 адамның қаза тапқаны айтылады. Аты-жөндері латын қаріптерімен жазылған екен, сол күйінде бердік. Босқыншылық деген тарауда ашаршылықтан жанын сақтау үшін босып кеткен адамдар туралы мәліметтер жинақталған. Қай бағытқа кетті, қандай елді бетке алды, осы жайында жазылған. Өзбекстанға, Қарақалпақстанға немесе Қытайға бара жатқан жолда қаза тапты ма, соның бәрі анық көрсетілген. «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане» деген кітапты Тарих институтымен бірігіп шығардық. «Қазақ халқының қасіреті» атты кітапта Алматы облысы бойынша мәліметтер жинақталған. «Жан қайғы» деген еңбекте Жамбыл облысы бойынша деректер қамтылған. «32-нің зұлматы» атты жинақ деректанушы ғалым Қамбар Атабаевтың жетекшілігімен жасалған 1989-90 жылдағы студенттер экспедициясының нәтижелері берілген. Сайтты мәліметтерге толтыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

САНКЦИЯНЫҢ САЛДАРЫ  НЕГЕ АЙТЫЛМАЙДЫ?

Қыдыралы ДАУЛЕТБАЕВ:

– Менің бір ұққаным – Кеңес үкіметінің тұсында өте көп қиындық көрген екі республика болды. Біреуі – Қазақстан, екіншісі – Украина. Сұрастыра келгенімде украиндар орыстармен 1917 жылдан бұрын тістесіп келе жатқан ағайынды екі ұлт екен. Ал біздің қиындық көретін себебіміз – жеріміздің кеңдігі. Дүниежүзінде 9-шы орындамыз деп мақтанамыз. Бірақ сол жеріміз бізге үлкен қиындық туғызды. Өйткені тарихтың алдында да, діннің алдында да сол жердің иесі – қазақ. Демек, жердің иесін азайту саясаты жүргізілді. Меніңше, негізгі себеп осы болды. Жұрттың бәрі жазады, айтады, ал себебіне келгенде үндемей қалады. Кібіртіктейді. Неге біз сол жағдайға жеттік? Себебі не дегенді ешкім ашып айта алмайды. Советтің шинелінен шыққан адамдар азайғанша бұл мәселе осылай созылып кете береді. Жаңа буынның тарихшылары тарихты жаңаша жазады деп ойлаймын.

Еркін СТАМШАЛОВ, тарихшы:

– Геноцид дегенді айтып жатырмыз ғой. Кейбір ғалымдар жеке ұлтқа бағытталған әрекет ретінде «этноцид» деген терминді де қолданады. Ашаршылықтың сыртқы, халықаралық себептері де болды. Кеңес Одағы экономикалық блокадада болды. Қазіргі Ресейдегі санкциялар сияқты. Америка елшілігінің болмауы, Батыс елдерінің ашаршылық кезінде көмек қолын созбауы осындай салқын көзқарастың әсерін білдіреді. «Қырғиқабақ соғысы» деген ұғымның штамптары халықаралық қарым-қатынаста көрініс тапқаны сөзсіз. Ашар­шылықтың халықаралық себептерін зерттеу – оның аясын кеңейтер еді деп ойлаймын.

Дина ИМАМБАЕВА: Үш рет болған ашар­­шы­­лықтың цифрлары неліктен әртүрлі айтылып жүр? Соны бірізді етуге болмай ма? Қашан бірізді болады? Сосын тағы бір мәселе, әлемдік қауымдастық тарапынан мойындау деген бар ғой. 2008 жылы Еуропарламенттің мінберінен Украинадағы голодомор бүкіл әлемге паш етілді. Осылайша, Қазақстандғы ашаршылықты бүкіл әлем алдында жариялау қаншалықты маңызды?
Жұмабек АШУҰЛЫ: Бұл өте маңызды мәселе. Мойындату керек. Қазақ өзінің ата қоныс жерінде отырып, қырғынға ұшырау деген ол нағыз геноцид.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ: Голодомордан кейін Украина тарихшыларына Ресей архивтері жабылды.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ: Империя басшылары мемлекеттік қылмысты жасырудың керемет әдісін ойлап тапты. Халық қы­рылды, жан-жаққа тоз-тоз болып шашырап кетті ғой. Жаңа Үкімет келіп қалған 2 миллион халықтың еңсесін көтеру үшін Қазақ­станда мәдени революция жүргізді. Мектептер, театрлар ашты, слеттар өткізді. Біздің өнерпаздар 1936 жылы Мәскеудегі декадада өнер көрсетті. Сонда большевиктер мақтанды, міне, социализмнің күші деп. Сөйтіп, мемлекеттік қылмысты жасыра бастады. Қылмысты жасырудың ең үлкен амалы– Россияның құрамындағы Қазақстанды автономиялы елге айналдырды. Совет Одағын құратын құрылтайшы республиканың бірі етті. Мұның бізге пайдасы болды, соның арқасында 1991 жылы тәуелсіздік алдық. Тағы бір айтатын мәселе, біз кезінде одақтас республика болуға әбден дайын тұрғанда болғызбай қойды, Ресейдің құрамында қалдырды. Егер де одақтас респу­блика болсақ, бәлкім 1932-ші жылғы ашаршылыққа ұшырамаған болар едік. Осылайша, Ресейдің құрамынан шығуымыз миллиондаған халықтың құрбан болуының арқасында жүзеге асты, демек бізге бұл қасіретті күнді мәңгі ұмытуға болмайды. Бұл күнді өз дәрежесінде атап өту үшін, менің ойымша, оны демалыс күні ету керек. 9 мамыр – Жеңіс күні сияқты ету керек. Арамыздағы басқа да ұлт өкілдері түсіну керек. Әйтпесе, олар қазақстандықпыз дейді, бірақ ашаршылықпен ісі жоқ. Қазақтар біледі, басқалары білмейді.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ: Бейбіт аға, сіз саяси баға берілу керек, сталинизмді соттау керек деген пікір айттыңыз. Сталинизмді қалай соттауға болады?

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ: Бұған саяси ерік-жігер, ниет керек. Тәуелсіздіктің алғашқы кезінде Сталинизмді соттайық дегендер көп болды ғой. Ал іс жүзінде бәленің барлығы сол кездегі саясатта, сталинизмде, большевизмде болатын. Қазақстанға бұл кезеңдерде көп қиянат жасалды. Сталин Орта Азияда федерация жасауға рұқсат берген жоқ. Өзбекстан мен Түркіменстанды құрылтайшы қылды да, Қазақстанды Ресейдің құрамында қалдырды. Орта Азиямен арадағы экономикалық байланыстарын үзіп тастады. Қазақстан Орта Азиядан мүлдем күдер үзді, тек қана Ресейге қарады. Оның арты халықты ашаршылыққа ұшыратты. Сондықтан Сталинизмді кінәлау керек, соттау керек дегенде осындай саяса­тын­ әшкерелеу керек. Қазақ халқына қарсы жасалған қылмыстардың бәрін саяси тұрғыда әшкерелеу керек. Егер біз сол кездегі Совет өкіметін жамандасақ, ол бүгінгі Россия деген сөз емес қой. Ол сол кездегі саясат большевиктік саясат болатын. Қазақ көп нәрседен шегінді. Ұлттық мүддесіне жете алмады. Этноцид деп айтқан да орынды. Бұл тек қана қазаққа қарсы жасалған қылмыс. Қазақтың қырылғанына көз жұмып қараудың астары – бұларға жер керек болды. Индустрия үшін жер керек болды. Нақты цифрмен әшкерелеу ісі болашақта болар. Ашылмаған нәрсе де көп. Үлкен шешім жасау үшін жеткілікті зерттелді. Меніңше, қазір толық геноцид екенін айтуға болады. Өйткені алғашқы Комиссия оның геноцид екенін айтқан.

Болат ЖҰМАҒҰЛОВ: 9 мамырда – Ұлы Жеңіс күнінде неліктен шеру өткізуге рұқсат береді? Өйткені бұл күн халықтың санасына әбден сіңді. Насихаты күшті болды. Ашаршылыққа байланысты да осындай кең ауқымдағы насихат керек. Мына мәселені ескерсеңіздер: сол кездегі билік тек қана қазақ халқы үшін репрессия жасаған жоқ. Ол кеңес одағы құрамындағы елдер үшін де, тіпті орыс үшін де 1936-37 жылдары қандай қырғындар болды. Сол кездегі биліктің геноцидінің нәтижесінде болды. Олардың неліктен мұндай әрекетке барғанын ойлап қараңыздар. Әрбір мемлекет жаңадан құрылғаннан кейін қорғануға тиіс. Өзінің қарсы жауларын жойғысы келеді. Жау санағандардың бәрін жойды, қуғындады, азаптады. Жоғарыда айтылғандай, Совет өкіметі 70 жыл бойы санкцияда болды. Оның бір дәлелі – ашаршылыққа ұшыраған кезде шетел бізге көмек қолын созған жоқ. Оларға керегі де сол болатын.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Ашаршылық тақы­рыбы аз айтылып жатқан жоқ. Өкініштісі, бұл белгілі бір ортада ғана, белгілі бір деңгейде ғана талқыланады. Ал мектеп оқушылары, жас ұрпақ мұны түсінбейді. Сондай алапат аштықтың болғанын, адамдар бір үзім нан таппай қалғанын, азық-түліксіз қалғанын білмейді. Қазір бізде ысырапшылдық үлкен дертке айналып бара жатыр. Неге біз мұны қайта-қайта көтере береміз, осы тақырыпқа айналып соға бере­міз? Өйткені бізге тарихи жадыны қалып­тастыру керек. Тарихи жады қалыптас­пайынша, жаңа ұрпақ өткенімізді түсінбейді. Ұлы Отан соғысы, Жеңіс күні деген нәрсе ұрпақтың жадында бар. Ал ашаршылық неліктен дәріптелмейді, айтылмайды? Себебі саяси ерік-жігер жоқ. Сондықтан біз бұл мәселеге қайта-қайта орала беруіміз керек. Мүмкін деректер мен заңдар әртүрлі болар, бірақ ең басты мәселе – жаңа ұрпақтың саяси жадын қалыптастыру. Тарихи жадыны қалыптастыру.

Дайындаған 
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button