Жаңалық

#ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: ҚАПТАМА ӘШЕКЕЙЛЕРІ

Бұғының басы түріндегі белбеудің қаптама айылбастары (түпнұсқа)

Есік қорғаны, ж.с.д. IV-III ғғ.

Бұғыбастар бір типті барельефте орындалған. Бұғылардың бейнелері оң жаққа қараған қыры пішінде берілген. Төртбұрышты айылбастардың сұлбалары, мүйіздің төрт кең қалақшалары жұпталып, басына және басының астына симметриялы орналастырылып жасалған. Материалы – сары түсті металл.

Көлемі – 3,1х4,1 см;

Салмағы – 61,9 гр; 

Жылқы бейнеленген қанжарға арналған қаптамалар (түпнұсқа)

Есік қорғаны, ж.с.д. IV-III ғғ.

Айылбас – қанжар қынабының астыңғы бөлігінің жіңішке қаптама-әшекейі. Жақтауды айнала қоршаған жолақ бедерлі. Жақтаудың ішінде денесінің орта тұсынан артқы аяқтары жоғары қарай қайқайып келтірілген аттың пішіні орналасқан. Бейне қырынан қарағандағы пішінде юерілген және барлық бөлшектері қатты тәптіштеліп жасалған. Аттың басы үлкен, құлақтары жымқырылған, алдыңғы аяқтарын алдына қарай сермеген күйде, ал артқы аяқтары бүгілген күйде бейнеленген. Құйрығы екі ұшталған, және екі бұрым етіліп өрілген. Бұл айылбаста да біріншідегі сияқты ешқандай бейнемен толықтырылмаған белбеудің айылбас үлестіргіштері үшін қондырылған орны да бар. Материалы – сары түсті металл.

Көлемі – 15х4,1 см;

Салмағы – 6,75 гр;

Бұғы бейнеленген қанжарға арналған қаптамалар (түпнұсқа)

Есік қорғаны, ж.с.д. IV-III ғғ.

Айылбас – қынаптың жоғарғы бөлігінің қаптама әшекейі. Бедерлі жіңішке алтын жолақпен көмкерілген сопақша бүйрек тәрізді жақтаудың ішінде денесі орта бөлігінен бұралып, артқы аяқтары жоғарғы жаққа қарай айналып кеткен бұғының бейнесі орналасқан. Алдыңғы аяқтары алдына қарай соза сермелген. Басын созып, алдыға ұмтылған. Басында бұғыға тән кең қалпақшалы мүйіздері, дөңгелене бұралған ұштары бар екі мүйіз өскіндері кескінделген. Сары түсті металдан жасалған бұйым.

Көлемі – 5,5х13,4 см;

Салмағы – 6,95 гр;

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

 

Басқа материалдар

Back to top button