Жаңалық

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАНАШЫРЫ

Құдай Тағала адам баласын бірдей қылып жаратқанымен, олардың бір-бірінен өзгешелігі ұлты, нәсілі, тілі, жынысында екен. Сонымен қатар айрықшалап тұратындығы – туабіткен ерен қасиеті. Асылы, қасиет – адам баласының бойындағы игі дүние. Мысалы, Құдай Тағала берген жақсы қасиеттің бірі – өнер. Өнер деген құдіреттің ғаламаты шетсіз-шексіз екеніне күннен күнге иланып, тамсанасың. Шын өнер жүрекке эстетикалық ләззат сыйлайтыны сөзсіз.

Қазақтың үлкен ақыны Қасым Аманжолов: «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда», – дегендей сен де өзіңнің туып өскен жерің, өскен ортаң жайында айта кетсең…

–         Менің туып өскен жерім Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарашілік ауылы. Қарапайым шаңырақта дүниеге келгенмін. Алтын бесік ауылдың тәрбиесін көріп өстім. Өнер қайда болса, мен сонда болдым.

–         Өнер адам баласына әке қаны, ана сүті арқылы қонады екен. Сенің бойыңа  қонған қасиеттің түп қайнары қайдан шыққан, кімнен дарыған? Шығармашылық ұстанымың қандай?

–         Марқұм әкем де өнертапқыш, ұқыпты, қолынан көп іс келген кісі болатын. Ал, нағашы атамның әкесі бойына көптеген өнерді сіңірген жан-жақты болған екен. Сондықтан, бойымдағы өнер әкемнен және нағашы аталарымнан дарыған деп ойлаймын. Шығармашылық ұстанымым – зергерлік өнерді заманауи бағытта дамыту. Шынын айтсам, қазақтың атын оның ұлттық өнерімен-ақ  әлемге танытқым келеді!

–         Бәрекелді! Кез келген шығармашыл адамының жолын ашып, оны танытқан алғашқы дебюті болады? Сенің де ең алғаш жасаған бұйымың болуы заңдылық. Зергерлік өнер жолындағы алғашқы қадамың жайлы айта кетсең…

–         Зергерлікті таңдауыма үлкен ағам Серік себепші болды. Бала күнімнен ағамның жанында жүріп, көріп, қызығушылығым арта бастады. Кішкентай кезімнен сурет салуға, ағаштан, теріден бұйымдар жасауға бейім болдым. Зергерлік жолындағы алғашқы әрі үлкен қадамым қолөнер мамандығын таңдап, оқуға түсуім деп білемін. Абай атындағы ҚазҰПУ-де 4 жыл жалпы қолөнер, сурет салу, дизайн жасаудың негіздерін үйреніп шықтым. Оқуымды бітірген соң ағамның жанына келіп, шеберхананы үлкейтіп, жаңа үлгіде бұйымдар жасай бастадық.

–         Шығармашылық адамдарына тән «шығармашылық ләззат» деген түсінік бар. Бойыңдағы қасиетің тыным бермей, шабытың оянып, қуат-күшің тасып тұрғанда қандай сезімде боласың? Осы кезде  тылсым құпия күштен қандай әсер аласың, қандай күйде боласың?

–         Шығармашыл шабыт оянғанда ұйқтауға уақытыңды қимай, тезірек сол дүниені жасауға асығасың. Тауды қопарардай күшің болады. Шабытыңның әсері жасаған жұмысыңда көрінеді, міндетті түрде нәтижелі жақсы дүние жасап шығасың.

–         Абзал, бағзы заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан зергерлік өнерді дәріптеуіңдегі мұратың не? Қазіргі уақытта ұлттық құндылыққа деген сұраныс бар ма өзі?

–         Тарихы терең зергерлік өнерді дәріптеудегі мақсатым этнодизайнды пайдаланып, заманға сай бұйымдар жасау, қазақтың зергерлік өнерін әлемге таныту. Жинаған тәжірибемді, білімді үйретіп, ұстаздық ету. Ұлттық құндылыққа деген сұраныс әрқашанда бар, бола да береді. Тіпті, шетелдіктердің өзі біздің өнерге қатты қызығады.

–         Бір сұхбатыңда: «Қазақы нақышта бұйым жасауымның себебі, қазақтың зергерлік бұйымдарын әлемдік брендке айналдыру. Тек қана қазақтар ғана емес, басқа шет елдіктерге де сұраныс туғызатын дүние жасау. Әлем елдерін менің бұйымдарым арқылы қазақ елін танитындай дәрежеге жеткізу басты мақсатым. Сол себепті көбіне ұлттық стильдегі бұйымдарды ұсынамын», – депсің. Осы мақсатыңа жетуіңе қаржылай демеу көрсетіп, «жанам деген жүрекке от беріп», қолдау көрсетіп жүрген қалталы азаматтар  бар шығар?

–         Барлығы зергерлік өнердің киелі ата кәсіп екенін мойындайды, мақтайды, бірақ, осы кәсіппен айналысып келгелі бері ешкім қаржылай көмек берген емес. Дегенімен, көп  адам тапсырыс бермесе де хабарласып, тілектерін айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Соның өзі маған демеу болады.

–         Тәуелсіз Қазақ елінің төл құрдасы ретінде алдағы уақытта осы руханият саласына қосар үлесің қандай болмақ? Мысалы, өзіңнің жеке шеберханаңды ашып, шәкірт тәрбиелеп, өнеріңді кәсіпке айналдыру жағын ойластырдың ба?

–         Білімімді тереңдетіп, тәжірибемді жинап, осы өнерді шәкірттерге үйрету де – басты мақсаттарымның бірі. Шеберхананы үлкейту, құрал-жабдықтармен толықтыру да қаражатқа келіп тіреледі. Қолдау болып жатса қолымнан келгенін аянбаймын. Жасап жатқан бұйымдарымды көп мөлшерде шығарып, кеңінен таратпақ ойым бар.Дәстүрімізді дәріптеп, құндылықтарымызды құнттап, ұлттық болмысымыздан айрылмай егемен еліміздің дамуына өз үлесімізді қоса берейік!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button