Жаңалық

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТ ТІРЕГІ

Тіл – халықтың мәңгілік болып қалуының айғағы. Тіл – ата-бабаның ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.

Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі ретінде ұлттық бірегейлікті сақтауды айшықтап көрсетеді. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деген болатын Н.Ә.Назарбаев.

Демек, «Ел боламын десең бесігіңді түзе…» дейтін қазақ тіл, дін, салт-дәстүр, әдебиет пен музыканы баланың бойына бесіктен бастап сіңіруі тиіс. Бала жастан сапалы тәрбие алған бала саналы ұрпақ болып өсері анық.

Тілді дамыту аясында өңірімізде атқарылып жатқан шаралар аз емес. Соның бірі «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тақырыбымен өзге ұлт өкілдері арасында өтті. Қалалық байқауға мектеп оқушыларынан құралған командалар қатысты. Мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, этносаралық қарым-қатынасқа, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру.

Байқауға қатысушылар «Таныстыру», «Ой жарыс», «Салт-дәстүр – ұлт қазынасы», «Өнерлінің өрісі кең» деген төрт кезең бойынша бақ сынасты.

Шараға Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы А.Алиева және М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Л.Насимханова төрелік етті.

Әр мектептен жиылған түрлі ұлт өкілдері қазақша ән айтып, ақындардың шығармаларынан үзінді оқып, қазақтың салт-дәстүрлерін сахналап, мақал-мәтел айтудан сайысты.

Қазылар алқасының төрағасы А.Абасилов: «Тілге құрмет көрсетудің түрлі жолы бар. Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында «…өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйреп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады» деп ұлттық кодымызға жасалған қиянаттарды атап көрсетеді. Ал, осындай шаралар тілдің, салт-дәстүр мен мәдениетіміздің қайта жаңғыруына, эволюциялық дамуға әкелетіні сөзсіз. Және өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізілуінде де үлкен мән бар екенін ескеруіміз керек» деді.

Жанар Ергенбайқызы,

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы

«Ақпарат толқыны» бөлімінің маманы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button