Жаңалық

ҚАЗАҚ БІЛІМПАЗДАРЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ СИЕЗІНЕ – 95 ЖЫЛ

Осыдан тура 95  жыл бұрын қазақ оқығандары Орынборда алқалы жиын ұйымдастырып, ғылыми ойларын батыл ортаға салып, советтік биліктің идеологиясына өздерінің қарсылықтарын білдірген-ді.

Дәлірек айтсақ, 1924 жыл 12 -17 маусымы аралығында Қазақстан Халық ағарту комиссариатының ұйымдастыруымен Қазақ Білімпаздарының тұңғыш сиезі өтеді.

Қазақ емлесін бірегейлендіріп, латын әліпбиіне көшіру, қаріп мәселесін шешу, халық әдебиетінің хәлін және оқылатын пәндерді жоспарлау, оқу һәм әдеби білім кітаптарды шығарту ісін көбейту, қазақ пән сөздерін жүйелеу сияқты сол заманның өзекті мәселелері сиез жұмысының негізгі күнтәртібіне айналады. Жиынға сол заманның аты шыққан үлкен оқымыстыларының бәрі қатысқан. Мәселен, Мәскеуден Әлихан Бөкейхан мен Нәзір Төреқұлұлы, Бұхарадан Мырза Наурызбайұлы, Түркістаннан Халел Досмұхамедұлы мен Ишанғали Арабайұлы, Қазақстанның аймақтық партия комитеті атынан Аспандияр Кенжеұлы, Жалпыресейлік кәсіпшілер ұйымы атынан Мұхтар Саматұлы, КИНО оқу орнынан Мұхтар Мырзаев, Қазақстан Халық ағарту комиссиартынан Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Нұртаза Ералыұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Қостанай губерниясының оқу бөлімінен Ерғали Алдоңғаров, Семейден Мәннан Тұрғамбайұлы, Бөкейден Рүстем Ағыбаев, Оралдан Нығмет Шағиев, Міржақып Дулатұлы сынды тағы басқа айтары көп оқыған азаматтар қатысқан.

Жиын барысында қазақ жазуының болашағы, терминология мен пән сөздері талқыға түсіп, дау-дамайға ұласқан. Алаш қозғалысын бастаған аяулы оқығандарымыз сол жиыннан соң, қазақ ғылымының негізін салуға, ғылымның дамуына зор көңіл бөліп, советтік кері идеологияға қарсы тосқауыл қоя білді. Уақыт өткен сайын алаш арыстарының бұл жолдағы батылдығы күннен күнге ажарланып, мұраттары елдік идеяға, мемлекеттік маңызды ұстанымға айналды. Содан бері Алаш заманының ісі, ұлттық ұлы бұлқыныс тудырған мінезі, шығарған кітаптары мен түзген ғылыми көзқарастары ұлттық ғылымның көкжиегін кеңейтіп, тамырын тереңдетіп, руханиятымыздың темірқазығы болды. Бағыты – анық, бағдары – кең.

Міне, бүгін «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Астана» университетінде «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы және Қазақ Білімпаздарының тұңғыш сиезі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Қазақ оқығандарының тұңғыш сиезін ұлықтауға арналған жиынға «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жұматай Әлиев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, үлкен алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов, Қазақстандағы Әзербайжан Республикасы Елшілігінің Бірінші хатшысы Маммад Багиров, Украинадан арнайы келген профессор Петр Токарь, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Алмасбек Әбсадық, «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Шерубай Құрманбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, доцент Райхан Сахыбекқызы және тағы басқа белгілі ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Жиынды ұйымдастырушылардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Бекжан Әбдуәлиұлы. Тағылымды да мәнді баяндамалар тыңдарман жұрттың көңілінен шығып, дүниетанымдарын кеңейтті. Шараға қатысқан студент жастар төл тарихымыздағы ұлы тұлғалар, Ұлы дала елінің арыстары, олардың келешек алдындағы парызы мен абыройлы ісі хақында тарихи деректер алып, өткенімізді тани түскені анық.

Шара барысында «Астана» университетінің ішінен «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы кабинет» ашылып, өзінің жұмысын бастады. Бұл кабинетте алаштану, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары өтетін болады.

Советтік билік орнаған соң, Алаш Орда үкіметінің өкілеттілігі тоқтап, қайраткерлер амалсыз империяның үстемдігін мойындады. Бірақ ісіне берік, уәделі арыстар совет үкіметі орнаса да сертінен танбай, қазақтың келешегі үшін қызмет етті. Соның бір айқын көрінісі осы – 95 жыл болып отырған Қазақ Білімпаздарының тұңғыш сиезі еді. Сиезде көтерілген түйткілді мәселелер әлі күнге дейін өзінің өзектілігі мен құндылығын, мәнін жоғалтпаған. Керісінше ғылыми нысанға айналып, әлі де зерттеліп келеді. Алаш сөзінің жарығы – бүгін ғана емес, күні ертеңде түсеріне күмәніміз жоқтығы содан…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button