Жаңалық

«КАБАРЕ ЖҰЛДЫЗЫ»

«КАБАРЕ ЖҰЛДЫЗЫ» қалай сахналанды? Кімдер ойнады және қалай ойнады? Театр мәдениеті туралы:

«Театрға барғанбыз.

Ең бақытты шығармыз деп барлық осы жаннан біз».

Ж.Байбұланова

Сол күнгі күн райы да ерек болды. Екі-үш күнгі ыстық басылып, жауын жауып, күн күркіреп белгілі бір шығармашылық аурасын жасап тұрған секілді.

Венгр композиторы Имре Кальманның «Сильва» опереттасының қазақ тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері болды. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында (осы атауларды қысқартса қалай болады екен?) «Кабаре жұлдызы» атты музыкалық комедия сахналанды. Әйгілі туындыны қазақша сөйлеткен Е.Сегізбаев.

ЖАЛПЫЛАМА ШОЛУ:

Театр. Көрермен. Тұсаукесер. Жеті он екі. Әлі басталған жоқ.

–        Неге?

–        Күтіп отырмыз.

–        Кімді?

–        Білмеймін (иығымен айтты). «Театр сақшысымен» осылай бір емен-жарқын сөйлесіп алдық.

«Құрметті көрермендер қойылым уақытында тыныштық сақтауларыңыз сұралады» деген сұлу қыздың (дауысы жағымды болған соң солай шығар деп түйдім) дауысы естілді бір кезде. Шапалақ. Шымылдық. Басталды-ау!..

ТЕАТР МӘДЕНИЕТІ НЕМЕСЕ «МӘДЕНИЕТТІ» ТЕАТР

Тұсаукесер болған соң көрерменнің әдеттегіден көп жиналуы заңдылық. «Театрға көрермен сыймай қалды» дегенге шығармашылық көзқараспен қарасаңыз қойылымға берілген жақсы баға. Ал, азаматтық көзқараспен қарасақ ұйымдастырушылардың салғырттығы. Жә, ол туралы емес. Кіріп жатыр, отырып жатыр. Театр сақшылары: – «сіз мына жерге отырыңыз, сіз ана жерге отырыңыз» деп орналастырып жатыр. Отырғызды. Қайта тұрғызды. Қайта отырғызды. Сосын, сосын ше? Сосын қайта тұрғызды. Торғайдың ұясындай ғана залда болатын қойылымға кішкентай баланы алып келу (оның жылайтынын, мазасызданатынын ескерсек) көрерменге де, көрсетушілерге де «МАҒАН БӘРІБІР» деп қол сілтей салумен бірдей. Бұл бір.

КАМЕРА. ЖАРЫҚ.

Залдың ортасында тұрған бейнекамераны қайтерсіз? Ол да сол «МАҒАН БӘРІБІР» сектасының өкілі. Белсенді өкілі. Шағымданайын десең «қойылым уақытында тыныштық сақтауларыңыз сұралады» деп сызылды ғой әлгі дауыс. Ол ол ма?! Оң қанаттағы көрерменнің тең жартысына кедергі келтіріп тұрған жаңағы жігіт бір кезде камерасын көрерменге бұрмасы бар ма? Айсыз түндей тас қараңғы залдан сахнадағы шала жарыққа қарап отырған жанарларға қарсы қаншама әлді диодтардан тұратын камераның жарығы менмұндалап тұр. Еріксіз көзіңді тайдырасың. Әлде бұл қоюшы режиссердің шеберлігі ме?

БРАВО! БРАВО!

Қойылым комедия болғанымен ойланып қаларлық, мұңайып қаларлық тұстары да жоқ емес. Біреу сезімін білдіреді, біреу жанында тұрған адамға ешқашан қолы жетпесін біліп, іштей мойындап таусыла жылайды. Жұрт осыған қол соғады. Тіпті татымсыз, аса ой сала қоймаған, аса шеберлік таныта қоймаған кей көріністерге қайран қалысып, ысқырып, шапалақтауын қайда қоярсың?! Әлгі қыздың «…тыныштық сақтауларыңыз сұралады» деген өтініші тек маған ғана қатысты ма еді?

«КАБАРЕ ЖҰЛДЫЗЫ»

Бөлімнің басында «Кабаре» деген қандай жер екенін айта кетейік. Француз тілінен енген сөз нені білдіреді? Cabaret – кей деректерде Бонапарттың кесірінен пайда болған деседі. 1852 жылы Францияның императоры болған соң Луй Наполеон көшелерде, жәрмеңкелерде, қоғамдық орындарда шонсон айтуға тыйым салады. Ал тыйым салынған дүние құнын еселей түсетіні бар. Халық тығылып айтыса бастайды. Шонсон айтылатын арнайы орындар ашыла бастайды. Ол орындардан тек шарап пен шонсонды ғана емес, жеңілжүрісті әйелдер мен қағынған еркектерді де жиіліп ұшыратуға болады. Бұндай орындар – CABARET деген атау ала бастады. Ал оның «жұлдызы» кім?

СИЛЬВА – Кабаренің қазіргі жұлдызы. Әні әуезді, бітімі тартымды, дауысы жағымды кейіпкер. Бірақ, сезім деген түсінік Сильва үшін таңсық. Тіпті шынайы жылай да алмайтындай ма, қалай?

Дардай князь сезімін білдіріп, бар байлығы мен атағынан бас тартып, ата-анасының да тілін алмай алдына келіп тұрғанда анау шыны көздерден бір моншақ жас тамсашы!..

Неге жылайды? Сезімін білдіріп келіп тұрған адам бар болғаны князь. Бар болғаны елдегі ең ауқатты адамның тұңғыш ұлы әрі жалғыз мұрагері ғана. Неге жылайды? Ол бұны сүйеді. Бұл да оны сүйеді (сценарий бойынша). Бірақ қайдағы бір шағын сауықтық орталықтың әншісі князьге тең болып па?!

Неге жыламайды? Атастырып қойған қалыңдығынан бас тартып, граф әкесіне қарсы келіп, атақ-мансабының барлығын тәрк етіп ең бір аяулы сезімін білдіріп, естігісі келген сөзін айтып қиылып тұрған жігіттің сұлтанына шарасыз «жоқ» деуге мәжбүр болатын бейбақ, түсіне де кірмеген жігіттен ұсыныс алып тұрып келісім бере алмайтын бейбақ неге жыламайды?! Жылағандай болады. Дауысын дірілдетіп, өксік келгенін көрсетеді бірақ жыламайды. Ұзақ күттім. Әне жылайды. Міне жылайды. Жоқ, өйтпеді. Бір тамшы жас көре алмай арманда кеттік-ау, жарықтық. Екеуі оңаша тілдескен сәтте ашуланып кетіп бара жатқан «жұлдыз» қыз неге артына бұрылып қарай береді, неге жүрісін кенет тоқтата салып, бұйрық күткен көзімен жәутеңдей береді? Бәлкім біз көргіміз келген махаббат ұшқыны бір-ақ жүректен шығып тұрған шығар? Сильва князьді сүйе ме?

ЭДВИН – біз манадан мақтап келе жатқан князь. Соның нақ өзі. Образы да, сөзі де, сұлбасы да. Кез-келген шешімді аяқ астынан һәм оңай қабылдай салуы, дүниенің барлығына тәкәппарлықпен қарап, көзіндегі өжеттік отын лаулатып сахнаны әрі-бері таптаған паң жігіттің мірдің оғындай кесек сөздері оның тектілігін алғашқы картинадан-ақ көрсетіп тастады. Ешкімнің алдында иілмеген кеудесі Сильва дегенде ерек соғады. Сол үшін мемлекеттік мөр басылған бұйрық қағазын да жырта салғаны оның ессіз ғашық болып қалғанын аңғартады. Бірақ, тектінің тұқымы кабареде не істеп жүр?

ФЕРРИ – кабаренің «шырақшысы». Анығын айтқанда сол сауық орталығының иесі. Бір бәлені білетіні анық. Жас кезінде кабаре сахнасының алғашқы жұлдызын баулыған, оған ғашық болған да Ферри. Князді түсінетін жалғыз адам болса, ол адам осы. Жастарға кей ретте ақыл айтып қояды, кей ретте қылықтарын қызықтап, ортақтасып қана жүреді. Оның не білгені бар?

БОНИ – Сильваның антреплетері. Қазіргі тілмен айтқанда менеджері. Ең күлкілі кейіпкер (мәселе кейіпкерде емес, сол кейіпкердің образын сомдаған актерде екен. Ол туралы сәлден соң). «Климаты жылы жақтың қыздары ұқсас келеді» деген секілді еш ұйқаспайтын өтірік айтуы дауысынан да, көздерінен де бірден аңғарылатын аңғал жігіт. Бірақ, тым ширақ. Сол ширақтығы мен аңғалдығы әдемі үйлескен. Стассиді көре салысымен «бұрқ» еткізіп сезімін білдіре қояды. Және шынайы да әсерлі білдіреді. Бұл Стассиді абдыратып тастайды да оған: – «Өз әйелі бола тұрып, біреудің қалыңдығына сөз айтқаны несі?!. Еркектің бәрі сіздей ме?» деп сұрақ қойғызады. Бұл сауалға Бони бірден «Жоқ. Мен ғана» деп дұрыс та дұрыс емес жауап береді. Бонидің таза жүректі адам екендігі осы жерде анық көрінеді. Одан соң Эдвиннің алдында кінәсі барын іштей мойындап, оның соққысына да көнеді.

Осы оқиғадан соң Стасси екеуі тағы да оңаша қалады. – «Бал айы өтпей жатып бұныңыз не?» деген қыз сұрағына «Балдың екі түрі болады» деуі асқан тапқырлық. Бұл ширақтығының арқасы.

СТАССИ – жобамен кім екенін біліп те қалдыңыздар ғой, солай ма? Эдвиннің қалыңдығы да, жиені де осы қыз. Ауқатты әулеттен шыққан, анау-мынауға бас ауыртып көрмеген, ойынды ғана білетін ерке қыздың ғашық болып көргеніне де күмәнім бар. Сезімін сұраған Эдвинге «Бір күйеуге шығарлық сүйіспеншілік табылады» деген жауабы соның дәлелі. Князь бе, жоқ қайдағы бір әншінің менеджері ме оған бәрібір.

АНГИЛЬДА – бүкіл бәленің басында тұрған графиня. Графтың сүйген жары, князьдің анасы, кабаренің алғашқы «жұлдызы». Иә, иә ШОНСОНЬЕТКА. Ұлының қайдағы бір әншіге үйленуіне қарсы. Өйткені өзі де сондай әнші. Графтың басын айналдырып алғанын көрерменге бірнеше рет көрсетеді. Сипай салса болды Граф бір ләззаттың жетегінде кете барады. Ал ұлына осындайды қалай тілесін?!

ЛЕОПОЛЬД – жаңағы граф. Кей ретте қатал, кей ретте бала мінезді бола қалатыны бар. Оны графиняның қолы шешеді.

«АЛҒАШҚЫДА БӘРІ СОЛАЙ ТРЯ-ЛЯ-ЛЯ»

Бірінші күн – алғашқы сахналану. Орынның жетпей қалуы, баланың жылауы, камераның жарығы деген секілді олқылықтар болды. Бірақ бұның бәрі керемет қойылым үшін кешірімді. Ал ол қойылым керемет пе? Мәселе осында.

Айт, айтпа бірінші күні актерлердің барын салып ойнағаны аңық көрінді. Тастай. Тіпті кабаренің алты қызы да сақ-сақ қимылдайды. Бір минут та кешікпейді. Оқ атылмай тұрып құлап қалатын солдаттарды ескермесек, бәрі рет-ретімен.

Екінші күн де біріншісі секілді басталды. Сол кешігу, сол орынға талас, сол тұру, сол отыру, сол сабылыс, сол әуре. Бірақ, екі-ақ минутқа кешікті. Бұл жолы бір жігіт сөйледі. Қатал. – «Құрметті көрермендер спектакль кезінде актерлерді суретке түсіруге болмайды…» деп бастап алып біраз «болмайдыны» тізіп шықты. ,

 

ЖАРЫҚ. ШЫМЫЛДЫҚ. САХНА.

Шапалақ соғылды. Көрермен орнықты. Спектакль басталды. Содан соң… Бағанадан мақтап келе жатқан, жақсы көріп қалған Бониім (кейіпкерді сомдаған Шах-Мұрат Ордабаев) қайдағы бір солдаттардың қатарында жүргенін көрдім. Оны солдат деп елестете алмадым.

Ән. Би. Атылған оқ дауысы. Сильва. Шонсонетканың әніне солдаттар қосылып, солдаттарға кабаренің қыздары қосылып бір думан басталды да кетті. Осы жерде (әй, азаматым-ау!) бір солдаттың дауысы жарқын-жарқын шығып, басқа бесеуінен дараланып, жүзінде жүздеген эмоцияны кезек-кезек кинолентадай айналдырып бір солдат жүр. Ол (дұрыс таптыңыз) – кешегі Бони. Кейіпкер комедиялық түк көрсете алмаған екенін, комедияны актер көрсетіп жүргенін сонда түсіндім.

Осыдан соң «жаңа Бониді» бірден жақтырмай қалдым (негізі былай айтуға болмайды. Бірақ ол өнер ғой).

Екінші күні Сильва мен Стассидың ғана орындарын ауыспады. Қалған кейіпкерлердің бет бейнесі маған жат. Кешегі «таныстарым» жоқ. Бүгін біртүрлі салқын ойнап жүргендей ме, қалай? Бірнеше жерлеріне өзгерту еңгізген: қимыл көп, эмоция жоқ. Бәрінде.

Екінші күні әндерінің сөздерін толық жаттамаған, бидің қимылын бір-біріне жалтақтап қарап қайталап тұрған, орысша сөзді қыстырып, сценарийден ауытқып қарабайыр тілге салып жіберген, рөлдеріне сіңісе алмай жүрген актерлерді көрдім. Бір кезде…

Қойылымның басталғанына тура 33 минут болғанда дирижер қолын ерекше сермеді. Анық әрі ұтымды, күтпеген жерден ойналған жағымды да тартымды әуеннің саңқ ете қалғанын естіп, қол туралы осындай болжамға келдім. Сергітіп тастады. Бәрін.

Бірінші күні – «Құрметті көрермендер, қойылым уақытында тыныштық сақтауларыңыз сұралады» деп саңқ ете қалған сұлу дауыс бұл жолы естілмеді. Содан ба залда да, сахна артында да ботасын іздеген інгендей боздап қоя беретін телефон дауыстары алмакезек «азынап» жатыр (APPLE-дың да дауысы жағымсыз бола алады екен-ау). Жылаған, ойнаған, анасын іздеген балалар, актерлердің жеке өмірін талқылауға кіріскен көрермендер, бәрі-бәрі тура кешегіндей. Тура сценарий бойыншы…

Осылай-осылай қойылым да өз мәресіне жетті. Ортада тұрған граф – Леопольд: – «белгілі шансонетка – Ангильда» деп өз әйелін дүйім жұрттың алдында сахнаға шақырады. Кейіпкерлер аң-таң. – «Мен де шонсонеткаға ғашық болып, кабаренің «жұлдызына» үйленген едім. Менен асып ұлым қайда барады?!.» дейді аса пафоспен.

Тағы да шапалақ, тағы да «браво!». Не үшін? Не үшін шапалақ? «Мен осындай арзан біреуге үйлендім, сол арзан біреуден туған бала қайдан ғана оңа алады?!» деген сөзде «бравоға» татитын не бар? Әлде, мен түк түсінген жоқпын ба?..

А, иә. Ұмытып барады екем. «Біз басқалардың да классикалық туындыларын білуіміз керек. Халыққа ұсынуымыз керек. Біздің туындылар да тура солай басқа тілде сөйлеуі керек. Бұл – өнер. Өнерде ұлт болмайды», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, камедияның режиссері Нұрлан Жұманиязов.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button