Жаңалық

Клара Бектұрсынова: Әр сәбидің өз періштесі бар.

Дәрігер болу үшін ең алдымен жылы жүрек және әлемге деген шексіз сүйіспеншілік қажет. Осы екі қасиет бойынан табылса ғана дәрігер өзінің білгір ойы мен терең білімін адам денсаулығын аман сақтап қалу үшін жұмсай алады. Өз мамандығының шеберімен жүрекжарды сұхбат құру журналистер қауымы үшін таптырмас дүние. Осындай профессионалдардың қатарына Клара Бектұрсынованы жатқызуға болады. Клара Тәшкенбайқызы елордамыздың ақ халат киген абзал жандардың бірі. Оның қызметке деген адалдығының арқасында дүниеге талай нәресте аман келген. Дәрігер маманмен сұхбаттасу үшін қалалық №2 көпбейінді ауруханаға келдік. Аурухананың ең таза әрі мейірімге толы бөлімшесі – аналардың дүниеге келген сәбилерін қолына алып танысу бөлімшесі. Еліміз тәуелсіздің алғаннан бері ана мен баланың денсаулығын қорған қашан да алдыңғы шепте тұрған. Бұл майданда жүрген кәсіби дәрігерлердің жұмысымен танысуға бет алдық.

Ruh.kz: Клара Тәшкенбайқызы, қайырлы күн! Ақ халат киіп, медицинаның сара жолын, соның ішінде жас нәрестенің анасымен кездесуіне себепкер болатын мамандықты таңдауыңыз қалай болды?

Клара Бектұрсынова: Қайырлы күн! Бұл мамандық – қасиетті мамандық! Адамзатты, соның ішінде әйел затын бақытты етудің өзі бақыт! Баланың анасының жатырында қалыптасу процесі отбасында болса, ал оның өмірге келуі біздің қатысуымызбен болады. Бұл – үлкен бақыт! Менімен аттас Клара есімді қыздардың санының ретін де ұмытып қалдым. Көп «Кларалардың» арасында менің жолымды қуып, дәрігер болғандары қаншама. Адамдарды бақытты ету, оларға көмек беру, осының барлығы игілікке толы істер ғой. Айы-күні жақындаған аналар бөлімшемізге түскен сәттен бастап, біз де Жаратушыдан оған амандық, нәрестеге ұзақ ғұмыр сұраймыз. Жас ананың құшағына дені сау баланы беру біздің мақсат-міндетіміз. Өмірге жаңа келген нәрестені анасымен таныстыру біздің ең сүйікті міндеттеріміздің бірі. Ондай сәттер ешқашан ұмытылмайды. Менің ойымша, Жаратушының қолдауымен, жұмақтан бір орын маған да табылар (күлді).

Медицина саласында жүргеніме жиырма алты жылдан астам уақыт болған екен. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласының тумасымын. Мектеп бітірген соң, өмірде өз орнымды табу үшін сол кездегі Целиноград медициналық институтына оқуға түсіп, білім алғанмын. Өзімді адамдарға қызмет жолына арнаймын деген арман бала кезде мені қоршап алған. Неге екені белгісіз, өзім балабақшада жүрген кездері де дәрігер кейіпінде көретінмін. Мектепке дейінгі мекемені бітірген жылы тәрбиешім, ашық хатқа «жақсы дәрігер бол!» деген тілегін қалдырған еді. Ал, мектеп біріген жылы сынып жетекшім де «жақсы дәрігер бол!» деген лебізін жазған еді. Жақсы дәрігер болу дегеніміз не? Алдыңа келген науқастың диагнозын сыртқы факторларға мән бере отырып, бірден анықтау. Сонда, мен өзімді ес білгелі дәрігерлікке дайындағанмын. Тіпті, бала кезімде, кішкентай балапан құсты аман алып қалу үшін бар күшімді салған сәтім есімде. Алғашында хирург дәрігері болғым келген, кейін уақыт өте көпбалалы ана болғым келді. Көпбалалы аналардың қатарына кіру бұйырмағанмен, көп баланың дүние есігін ашуға септігім тиді (күлді). Баланың тәтті иісін сүйгендіктен, хирург болудан бас тартып, акушер-гениколог мамандығын таңдадым.

Алыстағы 1993 жылы мектеп бітірген жас түлекпін, өз бақытымды және өмірдегі өз орнымды табу үшін еліміздің солтүстік аймағына оқу іздеп келдім. Еш өкінбеймін. Өз бақытымды да, өз орнымды да өмірден таптым. Менің жұмысым – менің бақытым! Менің отбасым – менің бақытым! Неліктен отбасымнан бұрын жұмысымды бірінші айттым деп ойларсыз. Медицина қызметкері үшін, соның ішінде мен үшін менің жұмысым – менің отбасым! Жұмысқа арнаған және әлі де арнайтын уақытым – алтын! Жалпы, ақ халат киген жандардың барлығы да жұмыстарын және ошақ қасын ұшастыра алатын білгір адамдар. Егер де отбасыңа гармония сыйлай алсаң, қызметің сені бақытты етері анық.

Ruh.kz: Алғашқы операцияңыз, яғни алғашқы «кіндік балаңыз» есіңізде ме?

Клара Бектұрсынова: Әрине есімде. 1993 жылы оқуды жаңа бітірген медицина саласының жас мамандарымыз. Қызылорда – Шымкент бағытындағы поезға отырып, құрбы қыздарымызбен қонаққа бара жатқан едік. Бір мезетте көрші вагонда у-шу көтерілді. Барлығымыз сол жерге қарай бет алдық. Аяғы ауыр жолаушы әйелдің мерзімінен ерте босанайын деп жатқанын көрдік. Жолсерік не істерін білмей, зыр жүгіріп жүр. «Жолаушылардың арасында дәрігер бар ма?» деп қайта-қайта айқайлайды. «Біз дәрігерміз!» деп бірауыздан қыздар болып шулап қойдық. Бала аман-есен дүниеге келіп, анасы аман қалып, міне солай алғашқы акушерлік көмегімді көрсеткен болатынмын. Дүниеге ұл бала келді. Осыдан жиырма алты жыл бұрын поезда болған оқиға көз алдымда, бастан кешірген эмоцияларым әлі есімде.

Ruh.kz: Керемет! Клара Тәшкінбайқызы, айтыңызшы, сол кездің жас медицина мамандары және қазіргі жас мамандардың айырмашылығы бар ма?

Клара Бектұрсынова: Айырмашылық бар. Қазір жастар басқа ғой. Олардың өмірге деген көзқарасы мен қоятын талаптары мүлдем басқа. Өз студенттерімнің арасында дәрігер мамандығын жанқалауымен таңдағандар көп. Олардың көбі өте білімді, әрі алғыр. Аға буын дәрігерлердің ізін қуатын жас мамандар өте көп және ол қуантатын жағдай.

Ruh.kz: Сіз алғашқы қызметтік тәжірибеңізді қайда шыңдадыңыз?

Клара Бектұрсынова: Өзіме келетін болсақ, қолыма медицина қызметкерінің дипломын алып, еліме жұмыс жолдамасын алып, қызмет атқаруға «білек сыбанып» кірісіп кеттім. Ол кездері жолдама қай қалаға, ауданға немесе облыс орталығына түссе сол жерге жас мамандар еш қыйналмай баратын еді. Жас маман болып табалдырық аттаған медицина мекемесінде тура он төрт жыл қызмет атқардым. Бас қаламызда 2007 жылы бүгінгі күні қызмет атқарып отырған аурухана ашылып (№2 көпбейінді аурухана), қызметімді жалғастыру үшін шақырту алғанмын. Міне, он жылдан астам уақыт болды аурухана ұжымы менің екінші отбасыма айналды. Менің ұжымым өте жақсы. Үлкен отбасы сияқтымыз. Бір біріміздің жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып жүреміз.

Ruh.kz: Жиырма жылдан астам уақыт. Осы уақыт аралығында жас аналардың санасы өзгерді ғой. Отбасын құрып, болашақ баланы жоспарлау мәселесі қаншалықты алға дамыды?

Клара Бектұрсынова: Дұрыс айтасыз. Қоғамдық сана өзгерді. Отбасын жоспарлау мәселесі де өзгеріске ұшырады. Қазіргі таңда елімізде отбасын жоспарлау орталықтары бар. Бұл орталықтарға жиі баратын және де дәрігерлердің өздері жіберетін отбасылар, ол бала көтере алмай жүрген немесе алғашқы жүктіліктері ауыр болған отбасылар. Кореяның немесе Жапонияның осындай орталықтарына кез-келген жас отбасы барып, денсаулықтарын тексерістен өткізіп, отбасын құруға жоспар құрады. Салауытты отбасының мұндай үрдісі біздің жастардың арасына да сіңісіп келеді. Қуантатын жағдай. Себебі ана мен баланың денсаулығы әрбір зайырлы мемлекет үшін үлкен байлық.

Ruh.kz: Көпбалалы ананың денсаулығы жақсы болуы үшін әр жүктіліктің арасы қанша уақыт болғаны дұрыс? Оптимальді мерзім бар ма?

Клара Бектұрсынова: Әрине әр әйел затының денсаулығы әртүрлі. Ең тиімді мерзімге келетін болсақ, әр жүктіліктің арасын кем дегенде екі жыл болғаны абзал. Жас ана осы аралықта баланы өз сүтімен нәрлендіріп және өз денсаулығын дұрыстауға уақыты жетеді. Баласын тоғыз ай тоғыз күн құрсағында көтерген әр ананың денсаулығы өзгеріске ұшырайды. Жас келіншектің әр жүктілігіне біз-дәрігерлер қуанамыз. Әр жүктілік процесі физиологиялық болып келеді. Себебі организм денеге біткен баланы сақтап қалу үшін, оның табиғатына қарай «ыңғайланады». Баланың бойындағы ананың гендерімен қатар, әкенің гендері бар. Сол себепті болашақ баланың бойындағы екіжақты гендер анасының иммунитетіне әсер етпей қоймайды. Аман-есен баланы дүниеге алып келген ананың денсаулығына да «демалыс» қажет. Ондай «демалыстың» ұзақтығы кем дегенде екі жыл.

Ruh.kz: Кем дегенде екі жыл болса, ал екі жүктіліктің арасы қаншалықты алшақ болғаны дұрыс?

Клара Бектұрсынова: Алшақтық уақыты да ананың организиміне байланысты. Ортақ оптималді мерзімге келетін болсақ, ол бес жыл. Менің ойымша осы уақыт аралығында, қазіргі заманауи келіншектер жұмысындағы баспалдағымен алға қадам басып, отбасына көңіл бөліп және үлкен балаларына тәрбие беруге үлгере алады. Тағы да қайталап өтейін, жүктіліктер арасындағы кішкентай мерзім немесе ұзақ мерзім жақсы\жаман деп кесіп айта алмаймыз. Әр әйел затының табиғаты бірдей емес.

Ruh.kz: Әңгімеңіздің басында айтып кеттіңіз, талай баланың кіндігін кестім деп. Сол балалардың ата-аналары сізді жылдар өтсе де ұмытпайтын шығар?

Клара Бектұрсынова: Барлығы да хабарласады деп айта алмаймын. Алайда, хабарласып, қал-жағдайымды біліп тұратындары ккөп. Отбасының тұңғыштарын дүниеге алып келген соң, кейінгі балаларының да «кіндік анасы» болған жағдайлар да біраз. Сонда бір отбасынының барлық балаларының дүниеге алып келуіне акушерлік көмек көрсетуім ғажап емес (күлді). Сондай оқиғалардың бірі есіме түсіп отыр. Бір жылдары жазғы еңбек демалысына шығуға дайындалып жүрген кезімде, қабылдауыма жас ана келді. «Сіз менің тұңғышымның дүние есігін ашуына көмектескен едіңіз. Бұйырса, бірер күннен соң екінші балапанымның да мерзімі келіп қалды. Рұқсат болса, өз бөлімшеңізге қабылдасаңыз» деді. Өкінішке қарай, бүрсікүні еңбек демалысына кетемін дегенмін. Ананың тілегі қабыл болады дейді ғой. Жүкті әйел Жаратушыға жалбарынып, тілек тілеген екен, «босану күнім ертеңге тап болса екен, дәрігерім демалысқа кеткенше дейін», деп. Ғажап болды! Ертеңіне келіншекті босандырып алдық, ал ертеңіне мен демалысыма шығып кеттім. Сол оқиғадан соң біздің байланысымыз үзілмеді.

Ruh.kz: Кез-келген ауруханадағы босану залының атмосферасы ерекше болады дейді. Келісесіз бе?

Клара Бектұрсынова: Келісемін. Мен Құдыретті күшке сенетін адаммын. Сол себепті аурухананың ең таза, әрі ерекше орны ол – босану залдары. Бұл залдарда жаңа өмір, жаңа тағдыр дүниеге келеді. Босану залдарына періштелер жиі қонаққа келеді. Әр сәбидің өз періштесі бар. Аурухананың операциялық залдарын, жансақтау бөлімдерін рухани тазарту үшін мешіттен имамдарды жиі шақыртып тұрамыз. Сол кезде олар босану залдарына кірмейді. «Неге?» деген сұрағымызға, «ол жер таза, ол залдарда періштелер бар» деп жауап қайтарады.

Ruh.kz: Болашақ аналарға және аналарға тілер тілегіңіз.

Клара Бектұрсынова: «Алып анадан туады» демекші, елдің мақтаныштарын, тіректерін дүниеге алып келетін аналарға ең бастысы амандық тілеймін. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербейтін нәзік жандыларға махаббат тілеймін. Дені сау және саналы ұрпақ тілеймін!

Ruh.kz: Клара Тәшкенбайқызы, сіздің жүрек қалауымен таңдаған қызметіңіз ешқашан маңыздылығын жоғалтпасын. Өзіңіз сияқты мықты ізбасарлар шоғыры азаймасын!

Клара Бектұрсынова: Рақмет сізге!

 

P.S. Клара Бектұрсыновамен кездесу үшін елордамыздың №2 көпбейінді ауруханасына бардық. Алдымыздан жарқын жүзді ақ халатты абзал жан шықты. Өзінің жылы жүзімен адамды баурап алатын Клара Тәшкенбайқызы бізді өз бөлімшесіне алып келді. Екінші қабатқа көтерілген кезде, көзге емес, алғашқы құлаққа әсер келді. Жас нәрестелердің іңгәләған дауыстары. Балалардың әлдиі әр палатадан шығып жатты. Жаның сондай рахаттанды. «Әр аурухананың ең жарық бөлімшелері» деп айтылған сөздерге біз де бірден келістік. Ұзын дәліздің бойымен әлемдегі ең бақытты адамдарды – жас аналарды кездестірдік. Оларға сұрақ қоюдың қажеті де болмады. Себебі бақыттың бағы әйелдердің қолында.

                                                                                                                                      Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Оқи отырыңыз: Сейіл Мұхамедқалиев: Нағыз дәрігер өзінің артық уақытын өз қызметіне арнауы қажет

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button