Жаңалық

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ҰЛЫҚТЫ ТӘРБИЕ

Қазақтың ұлттық ойындары – салт-дәстүр мен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі.

Ертеде қазақ баласы қолына ең алғаш асықты ұстаған. Асықтың қазақ халқының өмірінде өзіндік орны болғанына төмендегі мысалдар да бұлтартпас дәлел бола алады.

Халқымызда «асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші басымдыққа ие болады. Яғни, асықтың алшы тұруы оның иесіне (балаға) сәттілік жолдас болып тұрғанын білдіреді. Сондықтан, аталарымыз белгілі бір оқиғаға, болмаса жағдайға байланысты мерейлі болғанын қалайтын адамына осындай тілек айтқан. Бұл сөз қандай да бір даулы мәселеде, айтыс-тартыста, бәс тігілген сәттерде мерейі үстем шыққан немесе бастаған ісі игі жалғасын тапқан азаматтарға қарата: «асығы алшысынан түсті» деп те қолданылады.

Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай, деп аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл және тағы басқа.

КҮН РАЙЫН КІМ БІЛГЕН?

Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын солғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді.

Асықпен ойналатын ойынның бір түрі – «Хан» ойыны. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойынға қатынасушылар көнге қаншадан асық шығаратынын алдын ала келісіп алады. Көнге жиналған асықтарды бір жерге басын қосып біріктіреді. Содан кейін көп асықтың ішінен бір белгілі асықты «хан» сайлайды.

Осындай ойынның тағы бір түрі – «Ханталапай». Ойынды үлкендердің басшылығымен жас балалар ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады. Ойын жүргізуші қолындағы асықты «Ханталапай» деп ортаға қарай шашып жібереді. Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты – балалардың жылдамдығын жеделдету, жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіру. Асық ойынының халық арасына кең тараған, басқа да түрлері бар.

Бүгінде осы ойындар көбіне ұлттық мейрамдарда еске түсетін атрибутқа, көрмелерде көрсетілетін жәдігерге айналды. Қазақ балалары сақасын сайлап, асығын тізетін күн де алыс емес деген үміттеміз. Ұлттық спорттың бұл түрлерінен әртүрлі турнирлер ұйымдастырылса бұл осы ойынға балаларды да машықтандырар еді.

Саягүл ҒАЗИМОВА

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button