Жаңалық

ҰЛТ БЕСІГІ – ҰЛЫТАУ

Ұлытауға сапар.  «Көкмайса-2019» этнофестивалі туралы

…Ұлар құсқа не дейміз көрмегесін

Ұлытауға не дейміз, бармағасын.

Ғ.Жайлыбай

«Көкмайса-2019» этнофестиваліне қатысып қайттық. Алған әсеріміз біраз күнге азық болардай-ақ. Ұлттық ойындардың, ұлттық дәстүрлердің жаңғырғанын, кейбірінің сол суреттелетін қалпы сақталғанын көргенде ырықсыз бір таңырқап, бір толқисың. Ұлытауды мекендеген елдің қонақжайлылығы, ақжарма, көркем мінезділігі мен ашықтығы тіпті басқа әңгіме (ол туралы кейінірек). Сол бір естен кетпес сапарды толық тарқаталық.

ЖЕЗҚАЗҒАНҒА ЖЕТТІК

14 күні басталатын фестивальдің алғашқы шарасы «Едіге тау – ескі жұрт ескерткіші» атты республикалық ғылыми тәжірибелік конференция. Жиналыстан жалыққандық па, жоқ конференцияға бара жатқан Кәмел Жүніс пен Төрехан Майбас ағалардың айтарын поезда естіп алған соң ба тарихи жиналыстан гөрі тарихи жерлерге барып, бабалар басына құран оқып қайтуды жөн көрдік. Солай еттік те. Межеленген ескерткіш пен кесенелерді аралап болған соң Ұлытаудағы ең биік таулардың бірі Едіге тауының басына шығып, байтақ даланы биіктен тамашалап қайттық. Сол туралы:

ЖОШЫ ХАН МАЗАРЫ

ХІІІ ғасырдың кесенесі. Құрамы әлі анықталмаған 12-14 см көлеміндегі жерлеу рәсіміне қатысқан ру-тайпалардың таңбасы бейнеленген әртүрлі кірпіштен салынған. 1911 жылы мазардың жоғарғы жағында жазу болған. Ол жазуды Атбасар-Сібір губернаторына алып кеткен деседі. Сол «алып кеткеннің» арқасында ол не жазу екені әлі беймәлім. Кейінірек Ә.Марғұланға дейін 1936-39 жылдар аралығында қазба жұмыстары жүргізілген. Қазба жұмыстарының көрсеткені бойынша мазардан екі адамның сүйегі табылса керек. Ер адамның оң жақ қол сүйегі мен бас сүйегінің жоғарғы жағының болмауы Жошы туралы біз білетін аңызды дәлелдей түсетін сыңайлы.

Жошы Хан мазарының маңында ескі үй-жайлардың, басқа да молалардың орны бар. Мазардың кіре берісінде 30 дан астам ру-тайпалардың таңбасы бейнеленген таңбалы тас тұр.

ДОМБАУЫЛ ЕСКЕРТКІШІ

Алыстан қарасаң киіз үйге ұқсайтын, маңынан зер салсаң пирамида іспеттес ескерткіш. Ескерткішті зерттеу барысында ошақ орындары мен құрбандыққа шалынған мал сүйектері болмаса адамның сүйектері табылмаған. ІХ ғасырға жататын ескерткіштің оң жағында үлкенді-кішілі алты балбал тас орналасқан. Үй ретінде салынған ескерткіш маңындағы балбалтастар үйдің маңында қонақ күтіп тұрған адамдардың бейнесіндей. Ескеркіш айналасында ру-тайпалардың таңбасы бейнеленген тастарды да кезіктіруге болады.

Ұлытауға шағын саяхат

АЛАША-ХАН МАЗАРЫ

ХІ–ХІІ ғғ. жататын мазар өз уақытына тым ерек салынған сәулет өнерінің жемісі. Ұлытау жеріндегі өзге де ескерткіштердің парталды болып, күмбезденіп салынуына импульс беретін де осы ескерткіш. Бұрыштардың бірінде мал тұяғының ізі, енді бірінде қасқырдың табан ізі анық көрініп тұрады. Мазардың сол жағында жоғары көтерілетін тар ауызды айналма саты іспеттес парталы бар.

БАСҚАМЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ОРНЫ

VIII-XII ғғ. тән қаланың орны. Өзеннің сағасына салынып, қабырғалары су өткізбес үшін саз-балшықтан сыланған қаланың ең үлкен үйі негізгі басқару орталығы болса керек. Үлкен үйден өзге қоршалған аумақта 10 шақты басқа да кішігірім үй-жайлардың орны байқалады.

ЕДІГЕ ТАУ

Ұлытау ауданындағы ең биік таулардың бірі. Биіктігі шамамен шақырымнан асады. Таудың етегінде қоныстанған ел бейне бір көркем шығармадағы секілді табиғатпен тамаша үйлесіп, өзді-өзі жасап жатыр. Ең жасы жиырмаға толмаған, ең үлкені сексенді алқымдаған топ болып тауға көтеріліп, Едіге мен Тоқтамыс туралы тарихтан тың тыңдап, табиғатқа тамсана қарасып, тау басында жатқан зираттар мен бабалар рухына қойылған ескерткіштерге арнап құран бағыштап қайтыстық.

 

АҚСҮЙЕК ОЙЫНЫ

«Ел орынға жатқанда…» деп басталуы керек әңгіме ғой. Бірақ ол туралы емес. Фестивальге жан-жақтан жиналып жатқан топтың көші сарқылып Әулие таудың етегінде жайғасып, күндізгі абыр-сабыр біршама басылып қалған сәт, ымырт кеш. Алтыбақан тебіліп, қыз, бозбала соның төңірегінде топтасып тұрған-ды. «Дәстүрді» дәріптеп, ұмыт болғанды жаңғыртуды жоспарлаған жоба жүргізушілері ақсүйек ойынын бастап жіберді. Кешкі аста жақсылап мүжілген, таудың етегіне жасырынған сүйектерді іздеу басталды да кетті. Жұп-жұп болып бөлініп алған жастар, сықылықтап сыңғырлаған қыз-қырқынның күміс күлкісі, жігіттердің тау асып салған тұнық әні бойыңдағы белгісіз һәм белгілі бір сезімді оятып, қазақылығыңды қайната қытықтап бара жатқандай. Біз бәрін басқаша елестеткен ек…

ҚАСҚЫР ІШІК

Күндізгі жауынның шамалы ызғарын кешкі салқын едеуір үдетіп, күздің күнгі кәдімгі қара суықты еске салып-ақ тұр. Этнофестиваль болған соң қымызға қанып, киіз үйде қону жазылмаса да заң еді ғой?! Қаланың тар болса да жылы бөлмесіне әбден үйреніп қалған біздің бой кешкі салқынды, көк шөптің арасынан суырып алып бетке соққан желдің арқасында бірден жатырқай қойды. Тоңдық. Бізді шақырған, бағанадан Ұлытауды аралатып, асты-үстімізге түсіп қонақжайлықтарын қайта-қайта мақтатқызған Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы тіккен киіз үйдің қабырғасында түлкі ішік пен қасқыр ішіктің қатар тұрғанын көріп едік. Бойымыз тоңа бастағанда сол ішіктер еске түсіп, мұражай жәдігерлерін жамылып алыстық. Мұнша жылы болар ма ең?! Қақаған аяздарды міз мақпай ат үстінде жүретін аталардың ақылынан айналдым! Бағанадан дірдек қаққан бой жылына бастаған соң ертеңгі күнді ойымызша жоспарлап ашық аспан астында, Әулие таудың етегінде, киіз үйдің ішінде, көк шалғынның үстінде ұйқыға кеттік. Біз бәрін басқаша елестеткен ек…

ҰҚСАС МАҚАЛА: КҮН РАЙЫН КІМ БІЛГЕН?

«КӨКМАЙСАНЫҢ» АШЫЛУЫ

Таза ауадағы ұйқының сергек әрі тым тәтті болары бар еді ғой?! Таңның алғашқы шапағымен ояна салып, қасқыр ішікті қайта «сахнасына шығарып» керегеге іліп, көппен бірге ілесіп «Көкмайсаның» ашылу салтанатына біз де бардық.

Біресе тым асқақтап, рухыңды оятып, біресе бір нәзіктікті жылт еткізіп, біресе күтпеген бір күйді тосыннан тартып күмбірлеген аспаптар үні, баяу сызылып салған арқаның әні ерек бір ауа-райын жасап тұрғандай. Осынау бойдағы ұлттық кодты, салт пен сананы, дәстүр мен ғұрыпты, сауық пен сайранды, еңбек пен ойында насихаттайтын, жаңғыртатын, жас буынның бойына сіңіріп, саралататын думанның басталуымен ел ағалары барша қонақтар мен тұрғындарды құттықтап, жақсы тілектері мен мән-маңызын айтысып фестивальді бастап берді.

Адамдық пен адалдықтың ұлтқа бөлінбейтінін көрсеткен, қазақтың қонақжайлығын көрсеткен, бабадан бата алған театрланған көрініс те өзіндік биігінде орындалды. Таудың етегінде ақбоз атқа мініп, ақ киінген Асан абыздың берген батасына сол жерде жиылған екі мыңнан аса адам бір адамдай бет сипауы жоғарыдағы сөзімізге дәлел.

 

ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ

Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары да көрсетілді. Ұлттық тағамдарға арналған ұлттың аяқтар, ою-өрнектермен өрнектелген ұсақ пайдалануға арналған заттар (сағаттар, әмияндар, орамалдар, сандықтар, белдіктер, т.б.) олардың жасалуы, қолданылуы мен маңыздылығы толыққанды айтылып, түсіндіріліп, сатылып та жатты.

Бір ерекше назар аударып, айта кетерлік шебер Ерғазы Кеңесұлы екенін осы кісінің қолынан шыққан бұйымды көрген адамдар біледі. Алғашында бұл кісінің қолынан осыншама дүниенің шыққанынан бейхабар едім. Тарихи жерлерді аралатып, көліктің тізгінін ұстап отырған қазақтың бір көнекөз жігіт ағасы екен деп ойлаған Ерғазы Кеңесұлы бірнеше мемлекеттік сыйлықтар мен белгілердің иесі (жезқазғаннан күтіп алған да осы кісі). Ерғазы Кеңесұлы жоғарыда аты аталған мұражайдың суретші-қалпына келтірушісі. Ұлттық оюлармен безендірілген ер-тұрман, сауыт, кездеме, белдік, бес қару, сандық, қылыш, әшекейлер жасайтын бесаспап Ерғазы Кеңесұлының қысқы шапанның сыртынан тағатын тері белдіктің жасалуын көрдік. Көрдік те қызықтық. Осындай бұйымдар әр қазақтың шаңырағында тұруы керек!

САДАҚ АТУ. БИЕ САУЫНЫ.

Белгілі бір қашықтықтан садақ тартып нысанаға тигізу оңай шаруа емес екен. Тартып та, атып та көрдік. Бірнеше рет. Әбден машықтанып, төселген адам болмаса нысанаға екінің бірі тартқан оқ тие бермейді. Бағзыда бала жастан баулыған бұл спорттың мергендікке, ширақтыққа, төзімділікке һәм жылдамдыққа тәрбиелерін білеміз. Аталмыш шараның бірінші ұйымдастырылған ойыны болған соң ба, жоқ жұрттың көпшілік бөлігі мергендігін сынап көргісі келгендіктен бе, садақ атушылардың қарасы бірнеше минуттарда-ақ айтарлықтай көбейіп шыға келді. Қызық та шығар. Бастысы осы қызығушылықты машыққа айналдыру. Қазақтың кез-келген жігіті мерген болса несі айып?!

Сатыр-сұтыр атылып жатқан садақ оқтарының арғы жағында жаулығын желбіреткен жеңгейлер жайбірақат бие сауып жүр. Сауып қана жүрген жоқ, құлынын желіге байлап қойып, күбіні ыстап, саумалды пісіп, шай ішіп, күнделікті тіршілгін істеп жүр. Қызық та шығар?!.

 

МЕШКЕЙЛЕР САЙЫСЫ. ҚАТЫН КҮРЕС.

Әрі қызық. Әрі спорт. Кәдімгі жарыс. «Баяғыда аналарымыз қатын күреспен айналысқан» дейді микрафонды ұстап тұрған асаба. Дүбірлі шараның абыройын бір дүбәрә асабаның деңгейімен өлшемей-ақ қоялық (ұйымдастырушылар келесіде осыны ескерсе екен деймін). Сіз де сөйтіңіз. Төрт жұп болып күресті. Әйелдер. Қызық-ақ. Әйтеуір жұрт мәз. Тойдың басы осындай күлкімен, еркіндікпен басталғанға не жетсін?!

 

ҰҚСАС МАҚАЛА: ҚАЗАҚША КҮРЕСТІҢ ТАРИХЫ

Қымыз ішуден және ет жеуден жарыс. Қайран тоқшылық-ай! Десе де ас та төк жиындар мен тойларға тән ойын, жарасымды жарыс. Бір шеті сол облыстан, бір шеті Ақтау мен Атыраудан келіп, қатысып жатқан жарыс болды. Шарттары сәл өзгерген. Ол аса маңызды да емес. Жеті, сегіз жасар балалар да қатысып бақтарын сынап көрді. Ұлытаудың балдай қымызынан бір минутта жеті кесе ішкен мешкей мен алты минутта бір табақ етті қарбытып қойған мешкей жеңске жетті. Жұрт мәз. Ақсақалдар ырза болып, бір-біріне қарасады. Жас күндерін сағына ма?

АТ СПОРТЫ

Ұлттық деген сөз бар жерде ат спорты болуы керек. Фестиваль аясында аударыспақ, асау үйрету, теңге алу, көкпар, қыз қуу, аламан бәйге тәрізді ойындар мен жарыстар өтті. Жеңімпаздар лайық бағаланып, бағалаы сыйлықтармен марапатталып жатты.

Қайта барсаң да бірін-бірі құттықтаған халық. Кімді алсаң да азамат деген атқа лайық. Ізгі істерге толы шараның ұйымдастырушыларына ыстық ықыласпен алғысымызды білдіреміз. Ұлттық құндылықтарды, қазақылықты дәріптеу жолында біріміз де аянып қалмалық! Кей олқылықтардың орны келер жолы әдемі толыға жатар деген сенім де жоқ емес. Ұлытау бізді құшақ жая қарсы алып, қимай толқып шығарып салды. Қай кез екені, қай жыл екені белгісіз болса да, ұлылардың табаны тимен топыраққа бір ораларымыз анық. Түбі бір оралармыз…

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz 

Басқа материалдар

Back to top button