Жаңалық

АЙЗАДА АБАЙҚЫЗЫ: САБЫР ТҮБІ – САРЫ АЛТЫН!

Полиция бөлімшесінің жас маманы нені армандаған? Елеулі еңбек лайық бағасын алып жүр ме?

Мамандық таңдау мектеп жасында берілетін ең жауапты һәм ең күрделі таңдау екені даусыз. Полиция күні мерекесі келе жатыр. 23 маусымда. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданының жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы, Шырақбек Қабылбаев атаныдағы Қостанай академиясының түлегі Сапарбекова Айзада Абайқызымен сұқбаттасып қайтқан едік. Мархабат!

Ruh.kz: Айзада Абайқызы кім? Қандай қызығушылықтары бар?

Айзада Абайқызы: Бала кезімнен бастап мәдени іс-шараларға белсене қатысамын. Саханаға шығып, эстрадалық, дәстүрлі әндерді орындағанды, аспаптарда ойнағанды: домбыра шертуді, соқпа аспаптарын, шаңқобызды, сыбызғыны нақышына келтіріп ойнағанды жақсы көремін. Сонымен бірге спорттық секцияларға да барып, бой көрсетіп, дайындалып тұрамын. Оның ішінде волейбол ойыны қызықтырады. Командалық ойын болған соң әріптестер арасындағы топтық жарыстардың бірнешеуіне қатысып, топ жарып келеміз. Жетінші сыныптан бастап каратэмен шұғылданамын. Мәдени біліктілігімнен өзге спорттық белсенділігімді де біршама дайындап алған сыңайлымын. Осындай қызығушылығы бар қазақтың бір қызымын!

Ruh.kz: Осы біліктіліктеріңізді қызмет бабында пайдалана аласыз ба?

Айзада Абайқызы: Әлбетте. Оның ішінде каратэнің қыздарға арналған әдістері біздің қызметте кәдеге жарап жатады. Жасөспірімдермен жұмыс жасаған соң кей ретте сол жастарды, кей ретте өзіңді қорғау үшін және қорғану үшін бірнеше жылғы дайындықты әсте-әсте еске алып тұрамыз.

Ал доп ойындары ауыр жұмыс күнінен соң жүйке жұмысын жақсарту мақсатындағы таптырмас құрал. Алаңда өзіңді еркін сезініп, денеңді шынықтырып, ойыңды тазалап та аласың.

Ruh.kz: Форма киіп, заң сақшысына айналу бала Айзаданың арманы ма еді?

Айзада Абайқызы: Иә, форма киіп, заң сақшысы болуды бірінші сыныбымнан армандадым. Армандадым да сол арманды іске асыру жолында біршама дайындалып бақтым. 11 жыл мектеп қабырғасында жүріп, мен қалаған мамандықты игере беруге тырыстым. Тек спорттық шараларға ғана емес, ғылыми конференцияларға, зерттеу жұмыстарына да зейін қойып, зердеме тоқып арманымды мақсатқа, мақсатымды жоспарға айналдыра бастадым. Мен үшін арман болған саланының білікті маманы болып қалыптасу үшін жан-жақты ізденген, дамыған, жан-жақты білімі бар абыройлы азамат болуды көздедім.

Ruh.kz: Мектеп оқушысының екі бірдей бағытты таңдауы сирек кездесетін жағдай. Гуманитарлы бағыттағы қай пәндерге қызықтыңыз?

Айзада Абайқызы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым дей аламын. Әдебиетті оқыған соң тарихты қалай оқып, неге қызығып кеткеніңді де байқамай қалады екенсің (күліп). Тарихты, әдебиетті, тілді жақсы оқып, түсінген соң озат оқушыға айналып шыға келетінің тағы бар. Озат оқушы болған соң оқушы болып жүріп те мұғалім болып кете бересің. Сол мектеп қабырғасынан бастап бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп, болашақ мамандығымның кішкене дайындық курстарынан өттім десем де болады.

Ruh.kz: Полиция деген мамандық болмайтын болса (аяқ астынан). Онда сіз кім болар едіңіз?

Айзада Абайқызы: Мүмкін спорт жаттықтырушысы, мүмкін музыкалық мектепте мұғалім, мүмкін тәрбиеші мұғалім болар ма едім?!. Кім білсін?

Ruh.kz: Жастармен жұмыс істейтін маман ретінде «біздің кезіміздегі жастар» мен «қазіргі жастардың» арасындағы айырмашылықты айтыңызшы?

Айзада Абайқызы: Осы екі категория арасындығы айырмашылық жер мен көктей. Біріншіден қазіргі балалар интелектісі жағынан анағұрлым алда тұр. Салқын ойлана алатындығы өздерін қандай болмасын жағдайдан дін аман алып шығып отырады.

Келесі жағы заманның жасаған ісінің жемісі. Қоғамдағы қарбаласты білесіз. Бір үйден бір адам ғана жұмыс жасайтын отбасы жоқтың қасында. Ата-аналары жұмыста болған балалар өз бастарының амандығын өз жауапкершілігіне алады. Демек балалар не істегісі келсе соны істейді. Оларға қой дейтіндер таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыста жүреді. Ата-анасымен көп сөйлеспейтін балалар тез ашуланатын болып алады. Психологиялық ақаулар әлсін-әлсін бой көрсетіп қалып жатады.

Ruh.kz: Сіз армандаған полиция қызметкері мен сіз қатарынан табылған полиция қызметкерлері арасында белгілі бір айырмашылық бар ма? Болса қандай?

Айзада Абайқызы: Мен әдемі форма киіп, әдемі болып жүрген полицияны елестеттім. Ол сол форманың ішінде қаншама іс, қаншама еңбек жатқанының байыбына бара бермедік. Полиция қызметкерлерінің нақты жұмыс кезіндегі қиыншылықтарын көрмеппін. Жұмыс істеп бастаған соң ғана бұрын байқамаған, көрмеген бір қиыншылықтармен күресе бастайды екенсің.

Ruh.kz: Сіз айтқан осынау еңбек лайықты баға алып жүр ме?

Айзада Абайқызы: Әрине бағаланады. Бұл сүйіспеншілік, бұл еліктеушілік болмаса бұл мамандыққа қаншама өрең ғұмырын арнамас еді. Күн сайын заң сақшысы боламын деген талаптардың еселеп артып келе жатқанын байқаймыз. Жасөспірімдермен жұмыс істеу барысында сол тараптан да таңылған қызығушылықтарға куәміз.

Ruh.kz: Сіз нақты кімге еліктедіңіз? Сіздің қиялыңыздағы полиция образын кім қалыптастырды?

Айзада Абайқызы: Бірінші кезекте халық қаһарманы – Бауыржан Момышұлын айтуыма болады. Одан соң Әлия мен Мәншүктің қайтпас қайсарлығын еске алған жөн. Өз басым Әлия Молдағұлованы идеал көремін. Сол тұлғалар секілді ержүрек, батыл да батыр азамат болсам деген ниетпен осы мамандықты таңдадым. Ұлдарымыз да бірбеткей, қайсар да қайратты болып, ерліктерінің арқасында есімдері елге аян болған ерлердің ғұмырынан үлгі алса екен деймін.

Ruh.kz: Көркем шығармаларды көптеп оқисыз, спортпен шұғылданасыз, әнмен әуестенесіз. Осының бәріне уақытты қайдан аласыз?

Айзада Абайқызы: Жетпейтіндей болып көрінгенімен үнемдеп жұмсаған адамға демалыс күндері біршама істің басын қайыратындай мұрша береді. Сол уақытты пайдаланып әнді де, спортты да, кітапты да бір шолып шығамын. Адам шынымен ынта қойған, қажет деп білген ісіне қашан да уақыт табады. «Уақыт жоқ» деген еріншектің айтар сөзі.

Ruh.kz: Жастар жылында жас маман ретінде жастарға айтар бірер сөзіңіз болса?

Айзада Абайқызы: Армандарынан бас тартпауларын сұраймын. Кез-келген дүниенің өзіне шақ қиыншылықтары болады. Солардан қаймығып қалмаса екен деймін. Жігерлі болып, қайсарлық танытып ары қарай жүре берулерін тілеймін. Ашумен емес ақылмен дос болып, қазақы сабырлықты сақтап қалуларын сұраймын. Сабыр түбі – сары алтын! Шыдамды болыңыздар, жігерлі болыңыздар, сабырлы болыңыздар.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын! Келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button