Жаңалық

ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: КӨШ МӘДЕНИЕТІ

Көш мәдениеті. Арбаға тиелген киіз үй. Сыйлы адамдардың әйелдері қалай өмір сүрді?

Көліктерін олар араба (арба) деп атайды -а, -ра және ба арқылы жазылады. Арбаның әрқайсысының төрт үлкен доңғалағы болады; олардың арасында екі ат қана жегілетін арбалар бар, бірақ бұдан көп ат жегілетіндері де болады. Арбаның ауыр не жеңіл болғанына қарай оларға өгіз, түйе де жегіледі. Арбаны басқаратын адам жегілген аттардың біріне ер салып сонда отырады. Оның қолында ат айдап отыратын, ұзын бишiгi және жолдан бұрылғанда арбаны бағыттап отыруға арналған ұзын сырығы болады. Арбаның үстіне бір-біріне қайыс таспамен байластырылған талдардан күмбез секілді етіп жасалған жай орнатылады. Ол өте жеңіл; сыртынан киізбен не жабумен жабылған. Торланған терезелері болады, іштегі адам одан сырттағыны көріп отырады, сырттағыларға ол көрінбейді. Іштегі адам сонда қалауынша жайғасады, тамағын сонда ішеді, сонда ұйықтайды, жүріп келе жатқанда оқитынын оқып, жазатынын жазып отыра береді. Жол жүгі мен азық-түлікт артылған арбаларда да ілгеріде айтылғандай үй болады, бірақ оның есігі құлыптаулы болады.

…Сұлтанның ордасы жақындап келген кезде біз өзінің тұрғындарымен келе жатқан үлкен қаланы көрдік; мешіттері мен базарлары да сонда екен, ас үйлерінен түтін шығып жатқаны көрінеді; олар аттар жегілген арбаларында жүріп келе жатып тамақтарын пісіріп отырады. Қоналқа жерге жеткенде шатырларын арбадан түсіріп алып, жерге oп-оңай орната қояды. Олар мешіттері мен дүкендерін де осылай тез-ақ орнатып алады.

Олардың әйелдерінің (ханымдарының) әрқайсысы арбамен жүреді; ол отыратын үй-жайда алтын жалатқан күмістен не сырланған ағаштан жасалған шатыр болады. Арбасына жегілген аттарының алтындаған жібек жабулары болады. Аттардың бірінде отыратын арба жүргізуші жас жігіт ұлақшы деп аталады… Әйелдерінің арбасының соңынан жүзге тарта басқа арбалар жүреді. Әрбір арбада үлкені бар, кішісі бар, жібек киім киген, бастарында тебетейлері бар үш не төрт қызметші болады. Бұл арбалардың артында түйе, егіз жегілген үш жүзге тарта арба ілеседі. Олар әйелдердің қазынасын, дүние-мүлкін, киім-кешегін, азық-түлігін алып жүреді. …Кім-кім де жүріп келе жатқанда өз арбасында ұйықтап, тамағын сонда ішеді».

Араба (арба) – түркі сөзі; В.В.Бартольдтің зерделеуі бойынша бұл сөз монғолдарға дейінгі әдебиетте кезікпейді. Басқадай деректемелерде үсті жабық арбаны атау үшін сондай-ақ телеген, гардунэ деген сөздер қолданылады.

Дешті Қыпшақтың көшпенді халқының арбалары екі түрлі: үлкен екі доңғалақты және төрт доңғалақты болды. Арбаның ауыр не жеңіл болуына қарай оған ат, өгіз не түйе жегілді. Арбаның қаңқасын жасауға әдетте оңай иілетін қайың ағашы пайдаланылды. Бұл жұмыс көбіне сәуір және мамыр айларында атқарылып, ал арбаның қалған саймандары жазда жасалды.

Берік және мықты арбалар, кем дегенде, екі мақсатқа арналып жасалатын. Көшпенділер оларды біріне-бірін қатарластыра тұрақтарын айналдыра тізіп, қорғаныс үшін пайдаланды; арбалардан қатарластырылған мұндай қоршау бөгеттер араба-тура деп аталды. Дала тұрғындары арба үстіне өздерінің тұрғын жайлары – «шатырларын» орнататын; Шараф ад-Дин Әли Жездінің «Зафарнама» атты шығармасында ол шатырлар түркінің көтерме деген сөзімен аталған. Темірдің Дешті Қыпшаққа 1391 жылғы жорығын сипаттай келе ол былай деп жазады: «Осынау ұшы-қиырсыз шөлде далалықтардың тұрғын жайы көтерме шатырлар; бұлар бөлшектенбей, тұтас алынып, тұтас тігілетіндей етіп жасалады; ал көшіп-қонған және жолға шыққан кезде арбаларына орнатып алады».

Тағы бір мысал мынадай. 1509 жылы қыста Мәуереннахр әміршісі Мұхаммед Шейбани хан өз қолын қазақтарға қарсы бастап шыққан еді, дегенді оқимыз Ибн Рузбиханның «Мехман-наме-и Бұхара» деген шығармасынан; ханның әскері қазақ сұлтаны Жаныштың ұлысының төңірегіне жеткен кезде «қазақтардың көшіп-қонған кезде арбаға орнатып алатын үйлері көріне бастады». Қыпшақтардың бұл «доңғалақты үйлерін» жабық арбаларын ортағасырлық көптеген авторлар сипаттап жазады. «Шатырларын айтсаңшы! – деп таңданады мысалға Ибн Рузбихан. – Ауада қалқып тұрғандай еңселі қорған секілді ағаштан жасалған үйлер».

И.Барбаро мұндай доңғалақты арбалардың қаңқасы қалай жасалатынын сипаттайды: «диаметрі бір жарым адым ағаш құрсамаға ортаға тоғысып түйісетін бірнеше жартылай құрсамаларды бекітеді: арасына ши ұстап, дәулет шамасына қарай не киізбен, не шұғамен жабады. Қыпшақ көшпенділері конaлқаға тоқтағанда, – деп жазады одан әрі И. Барбаро, – олар бұл үйлерін арбадан түсіріп алып сонда түрады».

Ибн Рузбихан «жылжымалы үйлер» деп атаған бұл үйлердің алдында да торлы терезелері болған; терезелерге көздің жауын алатындай әдемі, жұқа киіз перделер ұсталған. «Күйме-үйлердің» еңселілігі, жиһаз-жабдығы, саны иелерінің атақ-даңқы мен байлығын білдіретін Сұлтандардың (ханзадалардың) «күйме үйлерін» хас шеберлер жасап, әсемдейтін. Мұндай үйлерге жиырма және одан да көп адам еркін жайғасатындай кең болатын. Мұндай еңселі шатыр орнатылған арбаға бірнеше түйе жегілетін. Қарапайым көшпенділердің «күйме үйлері» «ұзынша бітімді» болып жасалатын. Олар да әдемі болып жасалғанымен, едәуір шағындау болатын, бір, кейде бірнеше түйе жегілетін. Бұл жылжымалы «биік арба үстіндегі еңселі үйлердің» ғажаптығы сондай «шеберлікпен жасалғаны, әсемдігі, сәулеттілігі қайран қалдырып, есіңді алатындай» еді.

Көзімен көргендердің сипаттауынша: «Қыпшақ даласының көшпенділері өздерінің арбаларында» «қорқыныштан қаперсіз, нық сеніммен» жүретін, доңғалақты шатырлардың тұрғындары негізінен әйелдер болса да еркіндік аңғарылатын. Үлкен арбаны жүргізуші оған жегілген аттардың (түйелердің біріне мініп отыратын. Оның бір қолында көлікті айдайтын бишігі болатын, арбаны жолдан бұру үшін оның қолында бағыттайтын ұзын сырығы болатын.

Дешті Қыпшақ кешпенділерінің тұрғын жайы мен көлігінің негізгі түрі болған күйме-үйлер XVII ғасырда ғайып болды. Қыпшақ тұрғындарының күйме-үйлерді пайдаланғаны туралы уақыт жағынан бізге мәлім ең соңғы хабарламалар XVII ғасырдың аяғына қатысты. Неғұрлым бертінгі деректемелерде тек екі доңғалақты арбалар туралы ғана айтылады және кейде көлемі үлкен болғанымен жиналмалы киіз үйлер мен алып жүрiлетiн шатырлардың сипаттамалары ғана кездеседі.

Жер-жердің бәрінде арбаға орнатылатын үйлерден жиналмалы киіз үйлерге көшушілікке Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тұрмыс-тіршілігіне ықпал еткен әлеуметтік-экономикалық процестер себеп болған деп ұйғаруға келеді. Көшпенді шаруашылықтың экономикалық жағынан қожырауы жайылымдардың біразынан айырылумен байланысты болған болуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда мал саны азаятыны белгілі. Нақ осы кезең, XVII ғасыр қазақтар мен ноғайлықтардың ойраттармен (қалмақтармен) жайылымдарды иелену үшін қиян-кескі күресімен тікелей байланысты болды.

Көшпенділердің арбалары мен күйме-үйлері туралы тарауды мал өсірушілердің тұрғын жайының күні бүгінге дейінгі ең көп тараған түрі – киіз үйдің қысқаша сипаттамасымен тәмамдаған дұрыс болар. Бұл жүк малына тендеп алып жүруге болатын, тез жығылып, тез тігілетін өте ыңғайлы, қарапайым киіз үй. Киіз үйдің көлемі мен ауырлығын оны жиналған түрінде бір түйеге тендеп алып жүруге болатынына қарап пайымдауға болады.

Киіз үйдің ағаш сүйегі үш бөліктен тұрады: кереге – талдан жасалған торкөз, оның бөліктері – қанат (саны төрттен он екіге дейін) – киіз үйдің айнала шеңберін құрайды; уықтар – име сырықтар киіз үйдің күмбезінің негізі; шаңырақ – түтін шығатын және жарық түсетін ағаш шеңбер. Киіз үйдің ағаш сүйегі сыртынан киізбен жабылып, баулармен байланады. Қыста жылуды сақтау үшін екі қабат киізбен қымталады, іргесін топырақпен не қармен қымтайды, сыртқы киіз бен кереге арасына түрлі түсті жүн жіппен буылған ши ұсталады. Киіз үйдің еденіне әдетте киіз, тері, кілем төселеді. Көшпендінің киіз үйінің ортасында күзгі қарастық пен қысқы аязда үйді жылытып жайлы етіп тұратын ошақ болады. Ш.Ш.Уәлихановтың (1835-1865) жазуы бойынша оның тұсында қазақтарда киіз үйдің әлі де екі түрі болған. Оның бірі қос не жолым үй деп аталған. Қостың дәстүрлі киіз үйден айырмашылығы уықтары түзу болған, шаңырағы болмаған, бітімі конус тәрізді болған; қостың ілуде бірінің ғана керегесі екі қанаттан артық болған. Бұл шағын әрі жеңіл, бірақ ыстық пен суықтан жақсы пана болатын киіз шатырды жылқышылар, шалғайда жорықта жүрген жауынгерлер және керуен жолында саудагерлер тігетін болған. Енді бір түрі қалмақ үй немесе торғауыт үй деп аталған, оның дәстүрлі қазақ киіз үйінен ерекшелігі, конус тәрізді, төбесі шошақ болған.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button