Жаңалық

МАҒЖАННЫҢ

25 маусым – алты Алаштың асқақ ақыны Мағжан Жұмабайдың туған күні. Мағжандай ақынның жоқшысына айналған рухани інісі туралы көңіл сыры

Бізді таныстырған да, табыстырған да ұлы Мағжанның рухы еді. 2011 жылдың күзінде «Алашшыл жүрек» деген деректі әңгіме жазғаным бар. Ұлы ақын Мағжан Жұмабай өмірінің айдауда жүрген кезеңі хақында. Қазақ даласынан тыныштық кетіп, қызыл саясаттың оқ боратып жатқан кезінде менің Тоқтарбай атам да «байдың, феодалдың ұрпағы» деген желеумен айдалып, қуғынға ұшыраған-ды. Сол қуғын-сүргінге толы шағында Мағжанды көріп, ақын ағасымен тағдырдың кермек дәмін бірге татыпты. Жазасын аман-есен өтеп шығып, Қытайға ауған атамның айтқан бір әңгімесі еді. Осы бір алай-дүлей сүреңсіз шақтағы сәулелі кездесуін жиі-жиі айтып отыратын. Ақын ағасын Мағжан деп емес, «Жәжекем-ау» деп айтатын. Ес біліп, әдебиет есігін имене ашқан сәтімде,  Жәжекенің Мағжан екенін білдім. Содан бері шежіреші атамның айтқан талай естелігі шығармашылығымның күретамырына айналды. Сондай әсерде жазылған еді бұл дүние.

Иә-иә, осы «Алашшыл жүрек» арқылы Жарасбай Сүлейменовпен таныстым. Ол – халық қалаулысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Оның үстіне атаққа шыққан белгілі қаламгер, ел алдында абыройы бар азамат. Ал мен болсам небәрі 2 курс студенті едім. Екеуіміз Facebook әлеуметтік желісі арқылы сәлемдесіп, хат алмастық. Арада көп ұзамай менің әлгі деректі әңгімемді республикалық «Мағжан» әдеби журналына жариялатты. Сол күннен бері он жылға тақау уақыт өтіпті. Сыйлас та, қадірлі ағама айналған қаламгермен оқта-текте хат алысып, хабар білісіп тұрамыз. Бірақ екеуіміз әлі күнге дейін жүзбе-жүз көрісіп, кездеспеппіз. Сол жылдары депутат болып, ел мүддесін Парламент мінберінде көтеріп жүрген халықшыл ағам қатардағы көп студенттің бірінің хабарламасына жауап жазып, достық орнатқан.

Бұл күнде жұрт Жарасбай Сүлейменовті Мағжанның бел баласындай көреді. Әлеуметтің олай ойлауы да заңдылық. Мағжанның атын ардақтап, шығармашылық мұрасын насихаттап жүр. «Абай» журналының жарқын жалғасы болып, жетісулық азаматтардың ұйымдастыруымен «Мұқағали» журналы жарық көрді. Тараздық қауым «Жамбыл» журналын шығарып, жыр сүлейінің атын асқақтатты. Арқадағы алқалы топ «Қасым» журналын шығарып, найзағай ақынның тұғырын тіктеді. Сырдағы сыршыл бауырлар «Тұрмағамбет» журналын шығарып, ақын әрі дін қайраткерінің мұрасын түгендей бастады. Республикамыздың әрбір атырабынан осындай елшілдікке ұйыстырар игі істер басталып, жақсы дәстүр қалыптасты. Сол кезде Қызылжардан да қуанышты, сүйіншілі хабар естіліп, «Мағжан» журналы баспасөз айдынындағы дүбірлі аламанға қосылып еді.

 

Мағжанның өмірі мен қызметіне, шығармашылығына қатысты қаншама зерттеу басылым бетіне жарияланып, өз оқырманын тапты десеңізші! Осындай берекелі де елдік істің басында Жарасбай Қабдоллаұлы тұрды.

Былтыр, аяулы ақын Мағжанның 125 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Ұлы тойдың аясында «Мағжан Жұмабаев» тұлғалық энциклопедиясы жарыққа шықты. Еліміз Тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғаннан бері «Абай» энциклопедиясы ғана шығып еді. Соңғы жылдары  «Махамбет», «Жамбыл»,  «Шәкәрім»,  «Әлихан Бөкейхан», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Мұқағали» энциклопедиялары басылып шығып, ұлттық ғылымның көкжиегін кеңейтті. Ал Қызылжардан шыққан «Мағжан» энциклопедиясының жөні де, сипаты бөлек. Жоғарыда аталған энциклопедиялардың қай-қайсысы болмасын ғылыми институт қабырғасында жоспарға еніп, көптің тілегімен басылса, бұл энциклопедия Жарасбай Сүлейменовтің қажыр-қайратымен, табандылығымен жүйелі ұйымдастырылған іргелі еңбек.

2008 жылы қаламгердің «Сөнбейтін шырақ» деп аталатын кітабы басылды. Оқырман жұрт жылы қабылдаған бұл кітап Мағжанның өмір жолына арналған еді. Бұл кітап эссе жанрында жазылғанымен, ішінде трансформациялық өзгеріске ұшыраған барлық жанрдың элементтері кездеседі екен. Мағжанның ақындық культі, шеберлігі мен мұрасы, оның талайлы тағдыры, сүйген сұлулары мен құшқан жарлары туралы жазылған еңбектің тілі көркем, оқиғасы ширақ. Осы туынды арқылы қаламгердің Мағжан әлеміне қалай келгенін білуге болады. Құдай Тағаланың өзі азаматтың пешенесіне Мағжанды тану, зерттеу ісін жазған екен. Автор: «Мен Мағжанның атын алғаш рет 1972 жылы естідім» деп жазады. Сонау советтік кері идеологияның қаһарына мінген шағында-ақ Қызылжардағы көнекөз ақсақалдардың әңгімесінен естіп, біліпті. Бір қызығы, 1988 жылы  28 желтоқсанда ғаламат ақынның ақталғандығы туралы қаулы жарияланғанда, «Батыр Баян» поэмасын облыстық радиодан бергізеді. Бұл кезде қаламгер облыстық радионың бас редакторы қызметін атқарған. Елгезек азаматқа алапат поэманың көшірмесін ұстазы, белгілі қаламгер Сейтен Сауытбеков сыйлаған екен. Көпті көрген ардагер «Күні туғанда қажетіңе жарар» деп берген поэма Жарасбайдың ұйымдастыруымен, диктор Бүркіт Бекмағамбетовтың саңқылдаған өткір дауысымен қаншама күн тыңдаушысының рухын көтерген еді. Өшкен жанып, өлген тірілген ұлы күн еді бұл!

Кісі топырағына тарта туады деген рас сөз осы. Жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменовтің «Еменнің иір бұтағы», «Дала-бесік», «Сөнбейтін шырақ» кітаптарын оқып отырғанымда, осы ой көкейімнен кетпей қойды. Көз алдыма орманды дала көрініп-ақ тұрды. Сол орманды алқапта өсіп-өнген қаламгердің жастық шағы, азамат болып, қолына тізгін ұстап, ел бастағаны елестейді. Ал сол орманды, қарағайлы мәңгі жасыл әлемді еске алғаныңда, сағым жылдар арасынан бір кездері қой бағып, шопан болған бозбаланы көресің. Сәл-пәл алдыға қарай адым бассаң, маңдайы жарқыраған ел азаматы, белгілі қаламгер Жарасбай Қабдоллаұлын көресің. Ел мен жерді, жер мен ерді бөліп, жарып қарай алмайтыныңа сенесің. «Туған жерден кіндігі үзілмеген» деген ата сөзі осы Жарасбайдай азаматқа арналса керек. Туған жерінің тарихын көркемсөзбен суреттеген, даңқты жерлесінің мәртебесін биіктеткен рухы биік ер – көз алдымызда өзі тәрбиелеп, үміт күткен, республикамызға танылған дарынды шәкірттері Нұргүл Оқашева, Ербақыт Амантай, Айгүл Ысқақова, Жадыра Есенгелділерді бастап, Мағжанның биігіне үлкен абыроймен көтеріліп барады…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button