Жаңалық

ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: КӨШ МӘДЕНИЕТІ (ЖАЛҒАСЫ)

Көш қандай процесс? Кімнен кейін кім жүреді? Мәдениеттілігі неде?

Қыстаулар мен маусымдық көшіп-қонатын өңірлердің аралары бір-бірінен жүздеген шақырым шалғай болатын. Мұның өзі айлап жүретіндей аралық болушы еді. Көшіп-қоным өңірлердің осындай шалғайлығына орай Дешті Қыпшақты мекендейтін халықтың тұрмыс-тіршілігінде кайсыбір ерекшеліктер де болды. Бұл ерекшеліктер, атап айтқанда, бертінгі XVIII—XIX ғасырлардағыдай, бүкіл дүние-мүлкі мен киіз үйлерін түйелерге теңдеп алып, әрбір жиырма бес-отыз шақырым сайын тынығып алып, жеке ауыл-ауыл болып көшпейтін; тұтас ұлыс болып, кең далада бірден ондаған, жүздеген мың адам мен мал баяу жылжып көшетін. Сан мыңдаған мал мен адам орасан көп болғандықтан, алда келе жатқандар жердің бүкіл шөбі мен бұтасын арттағыларға қалдырмай ұйпап кетпес үшін қатарласа ілгерілеу керек болатын.

Осылай «ілгерілеген халықтың» жеке қанаттары арасындағы аралық, И. Барбароның айтуынша, жүз жиырма миль (жүз тоқсан шақырым) және одан да артық болады екен. Дешті Қыпшақтың көшпелі халқының тұрмыс-тіршілігіндегі ендігі бір ерекшелік – олардың көшуі. Анығында доңғалағы бар тұтас үй болып көшуі болған еді. Осынау таңғажайып көріністі сипаттаған мысалдар бізде жетіп артылады.

1253 жылдың басында француз королі IX Людовик Монғолияға ерекше дипломатиялық миссия аттандырды; оны өзіне жақсы таныс монах-минорит, 1248 жылғы алтыншы крест жорығына қатысқан, жігерлі, білімдар, басқадан ақылы асқан Гильом Рубрукке басқартты. Қайтып келгеннен кейін Рубрук кітап жазып шығарды; бұл кітап орта ғасырларда Шығысты аралаған саяхаттар сипаттамаларының арасында алдыңғы орындардың бірін алады.

1253 жылғы мамырдың аяғында дипломатиялық миссия Қырым жағынан Батыс Дешті Қыпшақ жеріне аяқ басты; мұның алдында ғана бұл жерді монғолдар жаулап алған еді. «Олардың араларына барып кіргенімде, – деп жазады Рубрук, – мен мүлдем басқа бір дүниеге тап болғандай болдым. Сіздерге олардың тіршілігі мен әдет-ғұрыптарын шамам келгенше сипаттап берейін».

Бұдан әрі қарай ол Дешті Қыпшақ көшпенділерінің түрғын жайының – арбаға орнатылған үйінің сипаттамасын береді. «Олар ұйықтайтын үйлерін талдан шандыған доңғалақтардың үстіне орнатады; қабырғаларын құрайтын сырықтар жоғарғы ұшымен дөңгеленіп тиіседі. Одан әрі пештің мойны секілді мойны көтеріліп түрады, мұны олар ақ киізбен жабады, бұл киізге жарқырап көрінуі үшін ак, ақ балшық не сүйек ұнтағын сіңіреді. Кейде қара киізбен де жабады. Бұл киіздің жоғарғы жиегін әсем өрнекпен оюлайды. Кірер тұсына да алуан түрлі матамен оюлаған киіз іледі. Жүзім сабақтарына, ағашқа, аң-құсқа ұқсастырып, киізге ою түсіретіндер нақ осылар».

«…Бұлардың мұндай тұрғын жайларды кең қылып жасайтыны сондай, олардың ені кейде отыз футқа дейін жетеді. Осындай бір арбаның доңғалақтарының іздерінің арасын өзім өлшеп көргенде жиырма фут болды, ал үй арбаның үстінде тұрғанда екі доңғалақтан да сыртқа қарай кем дегенде бес футтай шығып тұрады. Мен бір арбаны жиырма екі өгіз тартып келе жатқанын көрдім, он бірі арбаны қапталдай бір жағынан, тағы он бір өгіз арбаның алдынан жегіледі. Арбаның діңгегі кеменің діңгегінің үлкендігіндей, арбаның үстінде, үйдің кіре беріс алдында тұрған адам өгіздерді айдап отырады» деп жазды Тұрсын Сұлтанов «Алтын Орда» атты еңбегінде.

…Бұдан басқа олар талды жарып, көлемі үлкен сандықтай төрт бұрышты жәшік жасайды, тағы да сондай жарма талдан жәшіктің бір шетінен екінші шетіне жеткізіп имек жаппа жасап алдыңғы жағынан шағын кірме қалдырады. Содан соң осы жәшікті не шағын үйді жаңбыр өтпес үшін май не қой сүті сіңірілген қара киізбен жауып қояды; бұл жәшікті де өрнектеп тоқылған матамен қаптап безендіреді. Мұндай сандықтарға керек-жарақтары мен қымбат дүниелерін салып биік арбаларға таңып байлап қояды. Осындай жәшіктер бекітілген арбаларға түйелер жегіліп, өзендерден де солай өткізіледі және арбалардан ешқашан шешіліп алынбайды.

…Олар дем алу үшін үйлерін түсірген кезде қақпасын әрқашан оңтүстікке бұрып, сандықтары бар арбаларын үйдің екі жағынан таяқ тастам аралықта бірінен кейін бірін қатарластырып қояды, содан үй екі қатар арбалардың арасында екі қабырғаның ортасында тұрғандай болып шығады.

…Әйелдер өздеріне өте әсем арба сайлайтыны сондай, суреттемесе, былайынша сипаттап айтуға келмейді; сурет сала білсем барлығын суретпен өздеріңізге бейнелеп берер едім. Бір бай мoалдың (монғолдың) не татардың мұндай сандықты арбаларының саны қалайда жүз не екі жүз болар; Батудың жиырма алты әйелі бар, олардың әрқайсысында басқа, кіші үйлерін есептемегенде бір-бірден үлкен үйі бар, әлгі кіші үйлерін үлкен үйдің артына қойған кезде олар қыздар тұратын бөлме іспетті болып шығады және осындай әрбір үйге екі жүз үй ілесіп жүреді.

…Олар қайсыбір жерге келіп тоқтағанда бірінші әйелі өзінің сарайын батыс жағынан қояды, бұдан кейін басқалары рет-ретімен жайғасады, сөйтіп соңғы әйелі шығыс жақта болып шығады да, екі ханымның сарайларының арасы тас атымдай жер болады. Осыдан бай моалдың бір сарайының өзі үлкен қаладай болып көрінеді. Әйтсе де онда еркектер өте аз болады.

…Әйелдерінің ең нәзіrі жиырма не отыз арбаны бастап алып жүре алады, өйткені олардың жері теп-тегіс. Өгіздер не түйелер жетілген баларын біріне-бірін байлағаннан кейін әйел алдыңғы арбада егіздерді айдап қойып отыра береді, ал басқа арбалардың барлығы бірқалыпты жүріспен оған ілесіп отырады. Егер қайсыбір қиын өткел тап келсе, арбаларын жеке-жеке жетелеп өткізеді. Олар өгіз аяңымен не қозы ере алатындай болып өте баяу жүреді».

«Сонымен, – деп жазады Г.Рубрук өзінің «Құмания» (Дешті Кыпшақ) арқылы сапарының енді бір оқиғасы туралы, – таңертең біз Cқатайдың (Батудың туысқандарының бірі) арбаларын кезіктірдік; үйлер артылған арбалар маған тұтас бір үлкен қала қарсы жылжып келе жатқандай болып көрінді. Жер қайысқан қаптаған мал, отар-отар қой адамды таңдандырады».

«Асудан асып, даламен оңтүстікке, Орта Азияға қарай одан әрі жүргенімізде, – деп жазды XVI ғасырдағы ағылшын саяхатшысы әрі дипломаты А.Дженкинсон, – біз малдарын бағып жүрген қаптаған ноғайлықтарды көрдік; бұл жерде үстеріне ғажап бір шатырлар секілді үйлер орнатылған, шамамен мыңнан астам түйе жегілген арбаларды көрдік, алыстан қарағанда мұның бәрі бір үлкен қала секілді болып көрінеді».

Көшпенді қазақтардың XVI ғасырдың басындағы көшіп-қону әдісі туралы Ибн Рузбихан былай деп жазған. Ол қазақтардың қыстауларына қарай көшкен жолдарында кейде олардың қаптаған малы үшін су жетпейтін кездер болады, сондықтан олар қар түскен кезде барып жолға шықпасқа амалы болмайды деп атап көрсетеді; «олардың тұрғын жайлары арба секілді болып жасалып, доңғалақтарға орнатылған; оларына түйе, ат жегіп, бір тұрақтан екінші тұраққа алып жүргенде тап бір шұбаған керуенге көп ұқсайды; егер олар бірінің соңынан бірі тізіліп жүрсе ұзындығы жүз монғол фарсағына жетеді, ал аралары бір адымнан алшақтамайды. Олардың арбалары далада жүруге, тіпті қардың үстімен жүруге әбден жарамды; бұлай болмағанда қазақтарға судың жоқтығынан, шөлден қырылу қаупі төнер еді».

Арбалар туралы әңгіме қозғалғаннан кейінгі жерде Дешті Қыпшақ көшпенділерінің көлігі мен тұрғын жайының бұл түрі туралы деректемелерден қайсыбір мәліметтер келтірейік:

XIV ғасырдағы атақты араб саяхатшысы Ибн Баттутаның өзі «Саяхат шеккен елдерімнің ғажайыптары мен кереметтері жөнінде зер салушыларға сыйлық» деп атаған кітабында Дешті Қыпшақ көшпенділерінің арбалары туралы тұтас бір әңгіме бар. Ол хабарлайтын деректер маңызды болғандықтан, үзіндіні түгел дерлік келтіріп отырмыз.

«Біз келіп тоқтаған бүл өңір Дешті Қыпшақ деген атымен мәлім даланың бір бөлігі. Дешт – бұл сөз -ш және -т арқылы жазылады – түркі тілінде «дала» деген сөз. Бұл дала гүл жайнаған, жасыл, алайда онда ағаш та, тау да, жота да, ер де жоқ. Онда отын да жоқ, олар (сол жердің тұрғындары) құрғақ қи ғана жағады, оны тезек деп атайды -з әрпі арқылы жазылады. Тіпті үлкендерінің өзі жолда тезек көрсе етектеріне салып алады. Бұл далада арбамен ғана жүреді…

Сұлтан МҰСТАФИН,

Басқа материалдар

Back to top button