Жаңалық

АСТАНА АРУЫ: «АРМАНДАҢЫЗДАР»!

Астана аруы нені армандайды? Сұлулық деген қандай түсінік?

Еріккен ұлдың кесір мінезін,

Көрікті қалам кешіргің өзің.

Қолымда болса қиятын едім,

Ертіс пен Сырды, Есілдің өзін!..

Жүрсін Ерман

Елордамыздың әсемдігі жайлы ән жетерлік. Көрікті қала екені де даусыз. Сол көркем қаланың келбеті кім? Ажарлы астананың аруына айналған «Астана аруы –2018» атанған Еркеназ Сейфулла немен айналысады? Арманын бүгініне айналдырған бойжеткеннің басқа да қызығушылықтары турасында:

Ruh.kz: Астана аруы немен айналысады?

Еркеназ Сейфулла: Мен дизайн мамандығының екінші курс студентімін. Жалынды жастардың бірімін деп те айта аламын. Жастар саясатының құрамынан табылып, жоспарланған шаралардың біршамасын ұйымдастырумен де айналысып жатамыз. Қазақстан студенттер альянсының амбассадоры ретінде жастар саясатымен етене араласып, бірлесіп шаралар ұйымдастырып жүреміз.

Ruh.kz: «Жастар саясаты» деп басталатын шаралардың бірнешеуін естиміз. Нақты немен айналысасыздар?

Еркеназ Сейфулла: Жастар саясатына кірмеген басқа да жастарды патриоттыққа баулып, рухын көтерумен айналысамыз.

Ruh.kz: Рухты қалай көтереді? «Рухани жаңғыру» деген не?

Еркеназ Сейфулла: «Рухани жаңғыру» дегеніміз – тарихи сананың заманауи санамен бірігуі. Өткенді ұмытпауымыз. Бүгінмен бірлестіріп, жаңартып, жаңғыртып жадымызда сақтауымыз. Тарихтың тарамыс жолынан үлгі алып, сабақ алып болашаққа сенімді де нық қадам басуымыз. Ұлттық құндылықтардың айрықша мәнге ие болуы. Жастардың бәрі бірдей бұдан хабардар болмауы бек мүмкін. Біз еліміздің діттеген жолын жастар арасында түсіндіріп, жастардың тарихын білуіне, құрметтеуіне шама-шарқымызша атсалысамыз.

Ruh.kz: Ұлттық құндылықтар демекші, дизайн маманы ретінде ұлттық нақышты қолдану мен насихаттау жоспарда бар ма?

Еркеназ Сейфулла: Өзім әлі де көп киім тігіп көрген жоқпын. Бірақ болашақта қазақстандық үздік дизайнер болғым келеді. Ұлттық нақышты қолданғым келеді. Жаңғыртқым келеді. Заманауи түрде қазақтық стилизациямен айналысқым келеді. Заманға, адамға сай қылып ескінің жаңа нұсқасын жасағым келеді. Жоспарымда бұл істер бар.

Ruh.kz: Қазақтық стилизация қазір бар ма?

Еркеназ Сейфулла: Әлбетте. Бұл қазір өте кең көлемде белең алған киім үлгісі десек те артық айтпаған болар едік. Аида Кауменова, Динара Сәтжан бастаған көптеген қазақстандық танымал дизайнерлер қазақи нақыштағы киім үлгілерін жасаған, жасап жүр және жасай береді. Себебі бұл – тренттегі үлгі. Қайсыбір өзін стильді деп есептеген адам осындай қазақстандық дизайнерлер ұсынған киім үлгілерін тұтынып тұрады.

Ruh.kz: Сіздіңше танымал да үздік дизайнерлердің көшін осы кісілер ғана бастап тұр ма?

Еркеназ Сейфулла: Бұл тізімге тағы да бірнеше дизайнерлерді қоса кетуге болады. Мысалы: Камила Курбани, Ая Бапани, Сәкен Жақсыбаев сынды үздіктер де осы тізімнен табылады.

Ruh.kz: Біраз бұрынғы бір сұқбатыңызда – «арманның адамымын» дегеніңізді шалып қалдық. Нені армандайсыз?

Еркеназ Сейфулла: Адам болуды. Адам атына лайықты өмір сүруді.

Ruh.kz: Адам атына лайықты өмірді қалай сүреді?

Еркеназ Сейфулла: Өзіңе берік болып, тоқтап қалмай, үнемі ізденіс пен дамудың үстінде болып. Жаңа таныстар тауып, өзің үшін бейтаныс бір жаңа әлемді ашып, үнемі таңқалып, үнемі дамып, үнемі оқып сүреді.

Ruh.kz: Астана аруының отбасы жайлы айтып өтсеңіз?

Еркеназ Сейфулла: Мен көпбалалы отбасынан шықтым. Менің анам «Алтын алқа» иегері. Отбасында ең үлкенімін. Менен соң үш бауырым мен бес сіңлім бар.

Ruh.kz: Тамаша! Отбасында сізден өзге шығармашылық адамдары бар ма?

Еркеназ Сейфулла: Бәлкім. Әр бала өзінше дара. Менен кейінгілер жылдам өсіп келе жатқан сыңайлы. Кезі келіп, таңдауларын жасағанда көрерміз.

Ruh.kz: Еркеназ Сейфулланың бір күнде ғана «Астана аруы» атанып шыға келуі өміріңізге, шығармашылығыңызға белгілі бір деңгейде әсер етті ме?

Еркеназ Сейфулла: Иә. Әрине. Болды. Дизайнерлік салада 14 жасымнан бері келе жатырмын. Осы салаға кішкентайымнан қызыққан едім. Астана аруы атанған соң бұрын болмаған бір серпіліс болды. Мені жаппай тани бастады. Мойындай бастады. Осынысымен қатар біршама жауапкершілікті мойыныма артып берді. Қай жерде болсам да маған қарап тұратын көздер табылады. Сондықтан далада болсын, үйде болсын өзіңді үлгілі ұстауға барыңды саласың. Астана аруы тек сұлулық пен бойға қатысты берілетін атақ емес, ақыл мен тәрбиені да таразылайтын байқау. Осыншама қасиетті бағалап, лайықты деп тапқан екен, сол лайықтылықты кірлетпей ұстап жүру керек. Еліктейтіндер мен қызығатындар да табылады. Соларға үлгі болу үшін, бауырларыма үлгі болу үшін, жастарға үлгі болу үшін өзімді тиісінше ұстауға барымды саламын. Астана аруы – фотосессияға жиі шақырылатын адам ғана емес, әлеуметпен етене қарым-қатынаста болатын адам.

Ruh.kz: «Теңей көрме періштеге елеске,

Ләйләні де түсірмейді ол еске.

Сұлулықта дарын жоқ деп кім айтты?!

Сұлулықтың өзі дарын емес пе?» деп жырлайды Қайрат Сейтқазин есімді жас ақын. Қазақта «ақылына көркі сай» деген сөз бар. Осыны қалай түсінесіз?

Еркеназ Сейфулла: Тек қана бет-бейненің әдемілігі аздық етеді. Адамның бақытты болуы сұлулығына байланысты емес. Әдемілікті дәреже санауға да болмайды. Әр адам өзінше келбетті. Және әркім сол келбетіне сай болуы керек деп ойлаймын. «Әрі ақылды, әрі сұлу» деген де тіркестер жетерлік. Ақылына көркі сай деп осындай әрі ақылды, әрі сұлу бойжеткенге қаратып айтса керек.

Ruh.kz: «Астана аруы» қандай байқау? Кімдер қатысады? Қалай қатысады?

Еркеназ Сейфулла: Әуелі қала бойынша кастинг жарияланады. Кастингке өтінім берген соң, ұйымдастырушылардың бірінші талаптарына сай келген бойжеткенді кастингке шақыртады. Жүздеген қыздардың арасынан жиырма ғана қыз іріктелініп, бір жұма бойы білімі, өнері, танымы таразыланады.

Байқау әуелі қалалық деңгейде, кейін республикалық деңгейде өтеді. Республикалық байқауда, «Қазақстан аруына» әр қаланың атынан 30 ару бақ сынасады. «Қазақстан аруы» атағына үміткерлер байқауға бір ай бойы қатысады. Көптеген акцияларға қатысады, қайырылымдылық кештеріне қатысады және т.б. Ең бір есімде қалғаны біз сегіз сағат бойы биге дайындалатын едік (күліп). «Қазақстан аруы» бір күнде анықталмайды. «Қазақстан аруы» бір ай бойы айқындалады.

Ruh.kz: «Арулар өте бергенде,

Сүзіле керіп қарайсың.

Әдемі қызды көргенде,

Ақылды қызды аяйсың» – депті Қадір Мырза-Әлі. Әдемілік атаулының қыз үшін алатын орны қандай?

Еркеназ Сейфулла: Қыздардың әдемі емесі болмайды. Бәрі әдемі. Тек жан сұлулығына назар аударса болды. Келбеті де келіскен, мінезі де көркем, ішкі жан дүниесі де сұлу қыз ғана АРУ атына лайық деп білемін.

Ruh.kz: Бақыт деген не өзі?

Еркеназ Сейфулла: Мына өмірдің өзі бақыт. Бақытты болу үшін себептің керегі жоқ. Бақыт біздің күнделікті өміріміз, бізді қоршаған орта.

Ruh.kz: Бері қарай ығысайық. Дизайнға ден қоюыңызға не себеп болды?

Еркеназ Сейфулла: Кішкентайымнан осы сән әлемімен әуестендім. Бірнеше мамандықты бірдей ұнаттым. Психологиядан бастап саясатқа дейін шолып шықтым. Жан-жақты адам болған соң ба таңдау жасау оңай болмады. Ата-анамнан көмек сұрағанда – «бұл сенің өмірің. Өз таңдауыңды өзің жаса» деп жауап берді. Сән әлеміне қызыққан соң, шығармашылыққа бір табан жақын болған соң осы мамандықты таңдадым.

Ruh.kz: Ондай мамандық болмаған күнде кім болар едіңіз?

Еркеназ Сейфулла: Бұны байыптап ойланып көрмедім. Көрсем де нақты кім боларымды кесіп айта алмаспын. Жан-жақтымын деп айтып өттім ғой. Бәлкім өзім қызыққан басқа да кәсіптердің, мамандықтардың иесі болып шыға келермін. Саясатқа да, шығармашылыққа да, тарихқа да қызығатын адам ретінде кесіп айту қиындау екен. Бірақ жерде қалмасым анық (күліп). Уақыт көрсетер.

Ruh.kz: Шығармашылық адамы болған соң сіз үшін «шабыт» деген ұғым шаблон ретінде емес, сезініп, түйсініп жүрген ұғым ретінде етене таныс. Шабытты неден аласыз?

Еркеназ Сейфулла: Кез-келген жерде ұзақ тұрып қаламын. Ұзақ уақыт бір кішкентай дүниеге телміріп, қызықтап қаламын. Содан белгілі бір эмоциялық қуат аламын. Шабыттану деген сол да шығар. Дәл қазір мына фонтанның дауысы да біртүрлі күйге бөлеп отыр.

Ruh.kz: «Z – ұрпағы» қандай ұрпақ?

Еркеназ Сейфулла: Бұл біздің буын. Тәуелсіз буын. Түйсігі оянған сәттен бастап өз өмірі үшін түбінде өзі ғана жауапты болатынын түсініп алатын буын. Бізге дейінгі буын үлкендердің айтқанымен өмір сүрген болса, Z – ұрпағы өз дегенін істейді. Жастар жаман дегенмен ешқашан келіспес едім. Жастар тірі. Рухани тұрғыдан да, саналы тұрғыдан да, еңбек тұрғысынан да тірі. Жастар күшті де қуатты. Осындай жастарға қарап болашағымыздың бейбіт боларына, келешігіміздің кемелдігіне кіршіксіз сенемін. Мен де осы буынның өкілі болғаныма қатты қуаныштымын.

Ruh.kz: Сол тәуелсіз ұрпақ қандай мамандық иесі болады? Болашақтың мамандықтары қандай?

Еркеназ Сейфулла: Болашақ алыста емес. Болашақтың бірегей мамандығы ІТ саласы. Мейлі дизайнер болсын, мейлі мұғалім болсын, мейлі спорт адамы болсын ІТ технологиялардан хабары бар адам болу керек.

Ruh.kz: Биыл – «ЖАСТАР ЖЫЛЫ». Сезіле ме?

Еркеназ Сейфулла: «Жастар жылы» деген ұғым бар да, «жастар жылына орай» деген ұғым бар. Кей-кейде қайсыбір іс-шараның айналып келгенде жастарға түк қатысы болмай шығады. Белгілі бір жоба ұсынылған екен, ол жоба көпшіліктің көңілінен шығып қолдау тапқан екен, ендеше оны шын жүрекпен, маман ретінде жүзеге асырып отыру керек. Қолдаймыз деген екен – қолдау керек. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, әр адам өз болашағын өзі жасайды. Жастар қолдауға зәру емес! Десе де, оның артықшылығы да жоқ. Талаптары мен деңгейін жоғарыда айтып өттік. Мақсаттары айқын және олар сол болашаққа жете алады. Біреуге сеніп отырып қалу заманға сай, Z – ұрпағына сай іс емес. Өз болашағың үшін өзің ғана жауаптысың.

Ruh.kz: Сабақ бар. Шығармашылық бар. Оның үстіне «Астана аруы» болып алдыңыз. «Уақыт тапшылығы» дегенді әбден түсініп алғаныңыз белгілі. Бос уақытыңыз пайда болса, немен айналысар едіңіз?

Еркеназ Сейфулла: Өмірім тынымсыз болғандықтан тып-тыныш бір жерге кетіп қалар едім. Барлығынан бір сәтке серпіліп, жаңа оймен, жаңа күш-қуатпен қайта кірісер едім. Өмір осындай қарбаласпен өтуі де керек. Адамның біреуге керек екенін, қоғамға керек екенін білуінің өзі бақыт.

Ruh.kz: Арманы орындалған азамат ретінде жастарға айтар жылы лебізіңіз болса?

Еркеназ Сейфулла: Армандаңыздар. Мақсат қойыңыздар. Қойылған мақсаттарыңызға жете біліңіздер. Бір жолдан сүрінгендеріңізде алда әлі мың жол барын естен шығармаңыздар.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button