Жаңалық

Секен ТҰРЫСБЕКОВ: «КҮЙДІ КҮЙШІ ҒАНА ҰҒЫНАТЫН БОЛСА – ТРАГЕДИЯ»!

Композитор өз шығармалары жайында осындай ойда, ал оркестрі туралы келесі әңгімені айтады.

– Күй табиғаты камералық шағын оркестрмен орындауға өте қолайлы. Осындай шағын оркестр кейбір күйдің тынысын ашып жіберетінін мен ерте білдім.Оркестр құруға мені қызықтырған себептің бірі – осы. 1985 жылы тұңғыш күйім – «Көңіл толқыны» жарық көрді. Елге таралысымен жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, менің күйшілік, композиторлық атағымды елге танытты. Ол кезде клип дегенді ел білмейтін. «Көңіл толқыны» елге тарала бастаған кезде қазақтың ірі ақыны Ұлықбек Есдәулетов пен журналист Нұртілеу Иманғали осы күйге клип түсірді. Ол да өз кезінде үлкен жаңалық болды. Менің елге танылуыма көп көмегін тигізді. Президенттің де назарына ілінсе керек. 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Секен, сен өз оркестріңді құрып, мектебіңді ашсаң» деп қалды.Елбасының бұл сөзін маған деген сенім, жүктелген үлкен жауапкершілік деп білдім. Артар үміті де, қолдау, демеуі де, «осыны орында» деген бұйрығы да, ағалық ақылы мен тілегі де сол сөзге сыйып жатқандай. Арманымның өзі осы ғой. «Ақжауын» оркестрі осылай дүниеге келген, – деп есіне алады Секен Тұрысбеков сол бір кездерді.

Сол кездегі Елбасының айтқан бір ауыз сөзі Секенге жол ашты. Оркестрін құрды, қазақтың күйін әлемге танытты. Ендігі арманы – жеке күйшілік мектебін ашу. «Маңдайыма ұстаз болу жазылған болса өкінбес едім.Мен қазір де өзімді ұстаздықтан тым алшақ кеттім деп ойламаймын. «Ұстаз» деген атаудың мағынасыжұрттың ұстаз туралы ұғымынан гөрі кеңірек пе деймін. Қандай жұмыс істесең де,сол арқылы ұрпаққа өнеге берер болсаң, халықтың жақсылыққа қарай беттеуіне ықпал етсең, ол да – ұстаздық. Күйге ғашық болған адамның жаны сұлу болуы тиіс. Өлең оқып, күй тыңдап өскен бала жаман болмайды, көңіліне өнер ұялаған адамның қолынан жаманшылық істеу келмейді. Біреу білер – бағалар, біреу білмес – бағаламас, бірақ ұлттық музыканы насихаттаудың мақсаты осында. Осы тұрғыдан келгенде, жұрттың сезімін тәрбиелеп, жүрегіне халық музыкасының нәрін құюға талпынып жүрген менің харекетім де ұстаз еңбегіне жақын-ау деймін» деп сырын айтады Секен.

Шығармашылық ұжымның бірінші міндеті – халыққа қызмет ету, ұлттың рухани байлығын насихаттау, жұртты өнерімен сусындату. Әрбір шығармашылық ұжымның алға қойған мақсаты, оған жетудің қысқа, ұзақ мерзімге бағытталған жоспары болады. «Ақ жауын» оркестрінің алдына қойған мақсаты айқын. Секеннің де оркестрді құрғандағы басты мақсаты – қазақ халқына қызмет ету болды.

Халқымның ықыласына ие болып, көрермендеріміздің алғысын алсақ, әртістерге ең үлкен абырой сол, – дейді Секен Тұрысбеков. «Ақжауынның» негізгі тыңдарманы,көрермені өз елімізде. Қазақ ұлтының рухани байлығы, күй өнерінің туын көтеріп жүрген «Ақжауын» оркестрінің концерттері ең алдымен осы қалың қазақ көрермендеріне арналатыны белгілі. Оркестр үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық ұжымға көркемдік жетекшілері Секен Кәрімұлының қоятын талабы да зор. Сондықтан болар оның тыңдаушылары да сарқылмайды, қалың ел қашанда «Ақжауынның» орындауындағы күйлерге сусап отырады. Елімізде ең көп гастрольге шығатын ұжым да осы «Ақжауын» оркестрі шығар. Жыл сайын Астана, Алматы, облыстар мен аудандарда кемінде 30-40 концерт береді екен және бұл концерттерде үнемі аншлаг болады.

–Бала кезден демей-ақ қояйын, қолыма домбыра ұстап күйші болып елге таныла бастағаннан бері жүрегімде бір арман болды. Мүмкін бұл туған жердің табиғатынан алған әсерім болар. Мен ауылда өскен адаммын. Ауылдың табиғаты бөлек еді ғой. Аспаны биік, жері кең, ауасы тұнық. Соққан желі де, жауған жауыны да сондай біртынысты. Бүкіл дүние азынап желге толып,бүкіл әлем тап-таза жаңбыр тамшыларымен жуынып жатқандай адамды бір түпсіз тереңдікке бастайтын. Содан болар, күйдің дыбысы маған әлемнің өзегінен азынап тұрғандай. Тым тынысты, тым бай болып естіледі. Мен өз көңілімдегі домбыра дыбыстың кеңдігіне, байлығына ғашық болып өстім. Шыны керек, домбыраның үнін таныйтын адамнан гөрі, танымайтын адам көп. Ұлы Мұхтар Әуезов айтқан ғой: «қазақ өнерінің ең толғаулысы, сырлысы – күй өнері» деп. Жұрттың көбі домбыраның шанағынан шыққан дыбыстың өзін ғана естиді, соның өзін ұғатын, түсінетін адам тіпті аз. Он адам естісе біреуі ғана ұғатын шығар. Ал домбыра үні деген бай үн, күйдің құлаққа анық естілетін үнінен басқа жүректің пернесін басып, жаныңның аңсарын оятатын жасырын нәзік дыбыс талшықтары қаншама! Жұрт мақтанды дейтін шығар, тек Алла күпірлікке жазбасын,өз басым дыбыстың әрбір бояуын, әрбір талшығын жаныммен сезіп, естіп отыратын болғандықтан, күйдің қыры мен сырын меңгерген қазақтың бірімін деп ойлаймын. Күйді күйші ғана тартып, күйші ғана ұғатын болса – ол трагедия. Жас ұрпақтың күйге құмар болуы ұлт болашағы үшін аса маңызды. Күйді жүз адам тыңдап, жүзі де ұғатын деңгейге жеткенде, күй халықтың рухани азығына айналар еді. Ол үшін күй тыңдау мәдениетін қалыптастыру керек. Оркестрлік орындау күйдің нәзік дыбыстарын күшейтіп, жасырын бояуларын айқындап көрсетудің таптырмайтын тәсілі ме деймін.«Өнерін тыңдап, халқын таны» деген сөз тегін айтылмаған.Күй – қазақтың бағына біткен киелі өнер.Сол асыл өнерді әлемге танытуға атсалысу – әрбір қазақ күйшісінің міндеті, «Ақжауын» оркестрінің де ұлы мақсатын осы тұрғыдан қарастыру абзал. Мақсатқа жету деген салыстырмалы ұғым. Жеттім, толдым деуге болмас, бірақ өз мақсатымнан адасқам жоқ, – деп сырын айтады Секен Кәрімұлы.

Секен Тұрысбековтың қазір 14 күйі бар. Бәрі де елге таныс, ел арасында да, үлкен саханаларда да орындалады. Композитор өз күйлерін жеке орындауда да, оркестрдің орындауында да халық арасына таратып жүр. Секеннің айтуынша, өзінің көңіліне толмаған шығарманы өзінікі ретінде мойындамайды. Бұл күйшінің өз-өзіне деген қатаң талабы шығар. Қатаң талап, өткір сын болмаса, мықты дүниелердің шығуы мүмкін емес екенін таланттардың барлығы мойындайды. Секен бұл туралы былай дейді: «Піспеген шала дүниені жақсы иірімдері, нақысты қайырмалары болса да елге ұсынбаймын, әу баста шала-жансар болып келген шығарма қанша өңдесең де, жақсы шығарма бола алмайды».Композитор өз шығармалары жайында осындай ойда, ал оркестрі туралы келесі әңгімені айтады.

– Менің бір білетінім, оркестрдің бағдарламасы жақсы болу керек. Репертуар үнемі жаңа күйлермен толығып отырса өрісі кеңиді. Қазақ күйге бай халық. Қазақта бес мың күй бар дейді ғой. Мүмкін одан артық та болар. Сол мол дүниенің ішінде небір асыл, жауһарлар бар емес пе. Соларды сүзіп алып халыққа көрсету керек. Халықтың ән-күйі көміліп қалмаса екен деймін. Осы ретте жеке күйшілерге де аздап өкпе айтуға болады. Әсіресе, жас күйшілердің көбі бұрынғы мықты күйшілер орындап кеткен, кемеліне келген таңдаулы күйлерді көп орындайды. Өздігінен ізденіп бір күйді пісіріп, жетілдіріп орындайтын күйшілер аз. Бұл күйшіге абырой әперер қадам емес. Күйдің де өрісін ашпайды. Оркестрлерде де мұндай көргенінен жазбайтын әдет жоқ емес. Әр оркестрдің өзіндік репертуары болуы керек. «Ақжауын» оркестрінің бағдарламасы бай, жаңашылдыққа құрылған. Ескі заманкүйлерін де жаңа заман күйлерін де орындап жүрміз. Қорқыттың «Қоңыр», Кетбұғаның «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Серпер», «Қайран шешем», Әшімтайдың «Қоңырқаз», Жантөренің «Шалқыма», Мүкейдің «Қосбасқан», Бейсенбінің «Кеңес», Ықыластың «Жез киік», Тәттімбеттің «Бестөре», Динаның «Әсемқоңыр», Ахметбектің «Жылқышысы», Н.Тілендиевтің «Бауырлаштар», М.Хамзиннің «Қосбасар», Мәлгәждар Әубәкіровтың «Талас», К.Күмісбековтің «Сағыныш сазы», Сейдолла Бәйтерековтың «Кішкентай», т.б. күйлер тартылып жүр. Әрине, бұған өз күйлерімді қосыңыз.Шыны керек, мен өз күйлерімді бірден оркестрге түсірмеймін. Алдымен ел қабылдай ма, күй ретінде халықтың жүрегіне жете ме? Осы жағына көбірек мән берем. Жалпы, күйдің бәрі оркестрге түсе бермейді. Оркестрге сұранып тұратын өрісі кең, өзегі күрделі, дыбысы бай күйлер болады да, қанша жақсы болса да, жеке домбырамен орындауға арналған жалқы дыбысты күйлер болады. Оркестрдің сүйемелімен көптеген халық әндері, жаңа заман композиторларының әндері орындалып жүр, – дейді Секен Тұрысбеков.

«Ақжауын» үнемі ізденіс үстіндегі шығармашылық ұжым. Сондықтан оған сұраныс та көп. Шетелдерге де жиі шығып тұратынын айттық, осы жиырма жылдың ішінде «Ақжауын» оркестрі Түркияға сегіз рет кон­цертпен барыпты. Секен Тұрысбеков тек оркестрмен ғана айналысып жатқан жоқ, қоржынын жаңа күйлермен толықтыру үстінде. Соңғы жылдары«ұлыларды ұлықтау» деген циклді күйлер жазып жүр. Жақында «Күлтегін» батыр, «Қабанбай батыр» күйлерінің қатарына «Төлегетай» деген тағы бір күй қосылды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button