Жаңалық

ZEREN – 2019

Жастар жылы қалай өтіп жатыр?

Жастар жылында жастарға арналып не жасалып жатыр? Осы сұрақ біршама жастың көкейінде жүргенін анық білемін. «Құр ұранмен өтіп кетпей ме» деген күдік те жоқ емес еді. Күні кеше ғана «Зерен – 2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагеріне барып, бірінші кезеңнің қорытындысына куә болып қайттық. Жоғарыдағы сұрақтар да, көңілдегі кей күдік те осыдан соң сейіле берді. «Зерен – 2019» қандай шара?

 

Ғылыми тілден, қатып-қалған шаблонды тілден алыстап, «қазақша» түсіндіре кетейік: Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдық аймақтардан, аудандардан 18-29 жас аралығындағы кәсіпке ебі бар, белгілі бір жоспары бар жастарды жинап алады. Коучерлер мен менторлар 9 күн бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын, ерекше ойлауды, дизайн дағдыларын үйретіп, кезеңге өткен 200 жасты жобаларының ұқсастығына қарай 36 топқа бөліп тастаған. Командалар өз жобалары қанша шығынды талап ететінін, қоғамға берер жемісінің құнын, кірістерін толықтай дерлік анықтап, өзектілігі мен маңыздылығын айтып, жобаларын қорғайды. Қазылар алқасының шешімі бойынша 10 топ қана ақтық кезеңге өтеді. Осы ондықтың жартысы жобаларын іске асыру үшін үкімет тарапынан 750 мың, 1 млн., 1,5 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар алады.

Жастар жазғы лагері осындай үш кезеңнен тұрады. Лагерге қатысам деушілердің өтінім саны мыңнан асып кетті. Сол мыңдықтан 600 жас іріктеліп, үш кезеңге (әр кезеңге 200 адамнан) бөлінген. Жобаның жалпы жүлде қоры – 15 млн. теңгені құрайды. Үш кезеңде бас-аяғы 30 жоба қаржылай қолдау табады. Жеке кәсібін бастаймын деген жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік.

Бірінші кезеңнің қорытындысын жасау үшін, үздік жоба иелерін марапаттап, кәсіпкер болғысы келетін жастармен кездесу үшін Қазақстан Республикасының премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жастар жазғы лагеріне келіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.

Гүлшара Наушақызы: Биыл жастарға арналған 89 іс-шара жүргізілетін болса, соның бірі осы «Зерен – 2019» жазғы лагері. Жастардың жобалары көрсетіліп жатыр. Үш кезеңнің біріншісі тәмәмдалып жатыр. Жастардың жарқын жоспарлары, жүйелі жобалары, жадыраған көңіл-күйлері, бәрі-бәрі жарасымды. Бұл жобаларды іске асыру үшін «жас кәсіпкер» жобасы ұсынған көмекті де алуға болады. Биыл осы шамалас гранттар 9 мың жас талапқа беріледі.

Жастарға арналып жасалып жатқан шаралар аз емес. Жастар – біздің болашағымыз. Еркін ойлайтын, креативті ойлайтын қыз, жігіттер елдің ертеңі. Министрлік тарапынан бүгінгі жүлде алған, жеңіске жеткен жобалардың іске асырылуы қадағаланады. Керек жерінде қолдау да көрсетіледі. Жас кәсіпкерлер пайда болып, жұмыссыздықты жоюға оң ықпал етуі, мемлекетке үшін де маңызды іс.

 

ҚАТЫСУШЫЛАР

Баталова Әдемі: ALMA университетінің үшінші курс студентімін. Сондай-ақ, ат туризмімен айналысатын шағын кәсібім бар. Атты емдік жолдары үшін пайдалану туралы жоба жасап, қорғап шықтық. Байқасаңыз жобамызда Қазақстан аумағында атпен емдейтін орталықтар жоқ дегенді айтып қалдық. Мұның себебі: ол орталықтардың деңгейі. Біздің елде ат спорты әлі де болсын әлсіреп тұрғанын мойындауымыз керек. Сондықтан сапалы да пайдалы кәсіп бастасақ, бізге айтарлықтай қарсылас болатын кәсіпкерлер шетелдіктер ғана. Біздің тобымызда мұғалім де, атпен жұмыс істеп жүрген адамдар да бар. Егер кәсіпті бастаймыз десек, жердің шалғайлығы да сөз емес.

Бірімжанұлы Мақсат: Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен бірге оқыған досымның шақыртуымен осы жазғы лагерге келіп, қатысып отырмын. Ұсынып отырған жобамыздың аты – AGRO GREEN PARK. Мақсатымызды шөлді–шөлейтті аймақтарда жаңа экожүйені қалыптастыру. Жобамыз ұзақ мерзімді. Алғашқы төрт жыл – шығын жылдары, кейінгі екі жыл – шығындарды қайтару жылдары, одан кейінгі мерзім – табыс жылдары болып табылады. Қазақстанның 80-85 пайызы шөлейтті жерлер. 500 га аумақта жасыл алаңды орман, қолдан жасалған көл, демалыс аймақтары болады. Орманның ішінде, жасыл алаңның ішінде ат кәсібі, құс кәсібі, туризм кәсібі, қолөнер кәсібі, мал шаруашылығы, бау-бақша шаруашылығы секілді бірнеше кіші жобалар болады. Тез өсетін талдардың арқасында бар-жоғы бір жарым, екі жылдың ішінде жасыл аймақ жасап алатындай мүмкіндігіміз бар. Бұл тек мезгілдік қана емес, жыл – он екі ай бойы жұмысын тоқтатпайтын жоба. Бұл жобаның іске асуы байқаудың қорытындысына тәуелді емес. Біз тек, жобамыздың таныстырылымын жасап жүрміз. Қолдаушылардың көптігіне қарағанда бізге керек дүние.

Қаһарман Әсем: Мен Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының белсенді өкілімін. Жарияланған жастар жылы бізге үлкен тыныс берді. Біз бұл тарихи оқиғаның маңызы мен жауапкершілігін сезінеміз. Жастар жазғы лагерінен алған ілім мен білімімізді өмір жолына шеберлікпен қолданатынымызға күмәнім жоқ. Зеренді жеріне Қазақстанның әрбір шетінен жиылған жаңа достарымыз бен отандастарымыз жақсы тіл табысып кетті. Бұл мені қатты қуантады.

Нұрпейісқызы Дина: Мен қазіргі таңда «Serpin» бағдарламасымен Петропавл қаласында білім алып жүрмін. Зерен жазғы лагеріне келгеніме қатты қуаныштымын. Лагерге үлкен іске ниет етіп, жаңашылдыққа ұмтылып, арманымды арқалап келдім. Бүгін сол арманыма жан бітіріп, үмітіме алау жағып кеткелі жатырмын. Осы үшін ең алдымен тәңірімізге, мүмкіндік берген мемлекетімізге, он күн бойы оқытқан ұстаздарымызға, бізді баулыған ұйымдастырушыларға сан мың ризашылығымды білдіремін. Осы он күнде алған біліміміз алдағы он жылдыққа азық болар деп сенемін. Менің мамандығым мұғалімдік болса да, осы лагерге келгелі креативті экономика мен жаңа медианың не екенін түсініп жатырмын. Менің үлкен жоба жасауыма, бизнеске жаңа көзқараспен қарауыма осы лагер сеп болды. Менің «Батылдық» тобымен бірлесе жасаған, қазақтың ұлттық сусындарын жаңаша форматта сату, халыққа қолжетімді етуді көздеген «Qulynym» атты жобам алдағы уақытта өз жұмысын бастайды. Әсем табиғат аясындағы сабақтар, таңғы ойындар мен жаттығулар біздің алға жылжуымызға көп әсер етті. Мен бүгіннен бастап болашаққа жаңа санамен, кәсіпкерлік көзбен қараймын. Мемлекеттің алға жылжуы үшін қажетті өзгерісті алдымен өзімнен бастаймын!

Нұрекеш Шыңғыс: Тобымыздың аты«Red Orda». Біздің топтың басты мақсаты – ауылшаруашылығын дамыту. Тыңаймаған жерлерді тыңайту, жоңышқа егіп, халыққа қолжетімді бағада сату. Жобамыз дайын тұр, қаржылай қолдауды да таптық. Демек, көктемде жобамызды іске асырамыз.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Үшінші орын – «Қамқор» тобы

Үшінші орын – «Эко Жер» тобы

Екінші орын – «Қазақ ойы» тобы

Екінші орын – «ECO-ENERGI» тобы

Бірінші орын – «Red Orda» тобы

Бірінші кезеңнің бұдан өзге жүлдегерлері арнайы аталымдар бойынша марапатталып, демеушілердің тағайындаған қаржылай қолдауларына ие болды. Өз кәсібін домалатам деуші жастарға сәттілік тілейміз.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button