Жаңалық

ДӘМ ТAТЫРУ ЖОСЫНДАРЫ

0

Елу жылда ел, қырық жылда қазан жаңа. Халқымыздың дәм татыру жөн-жосыны жайлы не білесіз?

Қазақта дәм татырып, қонақасы берудің сан алуан жосындары болған (кей өңірлерде сақталып қалған да шығар). Сыйлы қонақтарға, үлкеннің – кішіге, кішінің үлкенге әзірлейтін тағамдары өзіндік атауларымен аталып, өзіндік сән-салтанат құрған. Сол сияқты көрші-қолаңның, абысын-ажындардың бірі-біріне сыйлап беретін ас-тағамдарының да өзіндік жол-жосыны бар. Солардың бірнешеуін Зейнолла Сәнік тап-тыйнақтай етіп атап көрсетеді. Солар жайлы.

Дәм татыру. Құрметті кісісі, жаңа танысқан көңілдес адамы, маңайы себеппен дәм тата алмай жүрсе, есік ашпаған жақсы адаммен танысқысы келсе, шақырып, үйінен дәм татқызады. Мұндайлар кейде арнайы мал сойылып, кейде «өлі етпен» жөнелтіледі. Сол сияқты жолаушы жүретіндер мен ұзатылатын қызға да осылай дәм татқызуға болады.

Ұшасын сайлау. «Біреудің жаясын жесең, ұшаңды сайла» деген сөз бар халқымызда. Мұндай ас көбірек дәм татырған үйдің қонақасысын қайтару үшін берілсе керек. Абысын-ажындар арасындағы «пәленше ұшасын қайтаруға шақырыпты» деген сөз осыдан қалған болар.

Ерулік беру. Жаңадан көшіп келген ауылға берілетін еру елдің қонақасысы. Айырмашылығы, пісірілген асты табағымен көтеріп апарып береді. Қарбалас, арып-шаршап жүргендер үшін мұның қадірі мүлде өзгеше болады.

Бастаңғы беру. Бұл сөздің дұрысы «бас танығы» үйге бас болғанын таныту. Ауылдың үлкендері жиналып, басқа жаққа ас-тойға кеткенде, сол сәтті аңдыған жастар, бойжеткен қызы бар үйге жиналып «бас танығы» жасатады. Сол арқылы қыздың қонақжайлығын, қол ашықтығын сынайды. Ауызекі тілде мұны көбірек «бастаңғы» деп атайды,

Сыбаға беру. Ауыл ақсақалдарының, сыйлы құда-жұрағаттардың әрқайсысының өзіне арнап сақтайтын сыбағалы жіліктері болады. Мұндайлар көбінесе соғым басына келе алмаған немесе сол жылы соғымнан дәм тата алмаған адамдарға арнайы сақталады. Шақыруға келе алмайтын қарттар сыбағасы өз үйіне апарып беріледі. Мұндайда сыбаға әкелудің жолы өте үлкен саналады.

Сарқыт – қонағасыға шақырылған үлкендердін, тойға барған аналардың үйде қалған балаларына, келіндеріне арнап алатын асы. Ол қонақ иелері мен той иелерінің тойға апарған дастарқанына түйіліп қайтарылады.

Сәресі – таң сәріден ішетін ас. Бұл – қазақ өмірінде малмен байланысты жайылымға өргізу үшін тұрған шаруаның, ояна салып дайын тамақпен жұмысқа кететінін білдіретін таң сәрідегі асы. Ислам діні қазақ арасына тарағаннан кейін ол ораза тұтқан адамдардың таң сәріде ішетін асымен байланысты ұғым алған. Әсілі, «сәһәр асы» сөзінен шыққан.

Тоқымқағар – сапарға шыққалы жатқан ауыл қадірлісін шығарып салуға келгендерге, аман-сау оралуына тілек қосқандарға сапаршы кеткеннен кейін берілетін дәм.

Асар – өзгелерді көмекке шақыру. Қолқанаттан тапшы адамдар пішен, егін уағында асар салады. Асардан ешқандай адам бас тартпайды, тіпті азық-түлігін қоса апарып, аянбай көмек көрсететін салт қалыптасқан.

Үме. «Үме» деген сөз шөп науқанын еске түсіреді. Үмемен көпшіліктің шөбін шауып, сонымен қатар шапқан шөптен әркім өз үлесін аламын деп барады. «Үме асынан жейміз» дегендер де көмектеседі. Астан дәмелі ақын-жыршы, домбырашы-күйші жиналғандардың көңілін көтере барады да құрметке ие болады. Үмеде қыз-бозбала да бас қосады. Үмеге шақырушы жастардың көңілін табуы үшін ымырт үйіріле алтыбақан құрғызып, жастардың бірімен-бірі танысып, сөйлесуіне жағдай туғызады. Сондықтан «үмеге келгендер үндемей қалмайды» дейтін дағдылы сөз бар.

Мезіреті – аспен көрсетілген ықылас, сыйлы адамдар өзара шай-қымыз ұсынысады. Үлкендер – кішілерге, келіндерге ішіп отырған шайын, қымызын ұсынады. Мұның бәрі ас арқылы өздерінің ыстық ықыласын көрсеткендігі. Ықыласты қабылдаушы ішіп немесе өз шынысына қосып алып, жаңалап шай немесе қымыз ұсынады. Келіндер сәлем жасап, иба көрсетеді.

Mice. Көп болып ас ішкенде ибалы, міселі болу дәріптеледі. Тойған қозыдай болуды, «қанағатпен қарын тойғызуды» жөн көреді. Міселі абырой сақтайды, місесіз аруақ аттайды» деген сөз сол бір әдепті салттың айғағы іспетті. «Бергендi мiсе тұтпайды» деген сөз содан қалған болар.

Қолүздік. Белгілі бір жұмысқа көмектескен көрші-қолаңға, ағайын-туғанға үй иесі әйелінің алғыс ретінде жасаған мезіреті. Айталық, мал сойысқандарға берілетін төстік, мойын ет сияқтылар. Киім тігіскендерге берілетін орамал, шыт, суыртпақ, т.б.

Пышақ ұшы. Қатарлас табақтан немесе дастарқанда отырғандар өздерінде ет турайтын пышағы болмағанда екінші дастарқанда отырған адамның пышағын, бәкісін сұрап алып, етін кесіп болған соң сол табақтағы еттің тәуір жерінен жуан кесегін пышақ ұшына шаншып, пышақ иесіне қайтарады. Мұны «пышақ ұшы» деп атайды. Егер ол жас адамның замандас, тұстас адамдардың пышағы болса, осылай істейді. Егер пышақ үлкен, қадірлі адамдікі болса, бұлай істеу – әдепсіздік болып шыға келеді. Онда пышақты сүртіп, тазалап, алғыс білдіріп қарияға ұсынады да етті сол кісінің табағына салады.

Айрылыс қазан – ұзақ сапарға немесе басқа жаққа айрылысар алдында ағайын-туыс, дос-жараңдардың соңғы рет отырып бір дастарқаннан дәм татуы. Бұл үшін кейде мал сойылады, кейде қолда барын бірер шәугім шәйімен екі жақ өздерінің адал көңілін, бір-біріне деген ақ тілегін білдіріп, қайта бір дастарқаннан дәм татысқанша сау-сәлемет болуды тілейді.

Жолаяқ – алыс жолға жолаушы жүретін жүргіншілерге арнап жасалатын тамақ. Жолаушыға ақ жол тілейтіндер қоштаса келгенде осы астан дәм татып қайтады.

Қадір таң асы. Мұсылмандық жолында Рамазан (рамадан) айы, яғни ораза ұстау айы қасиетті ай болып есептеледі. Өйткені бұл ай – құран кітабының түскен айы болғандығы үшін игілік айы, ізгілік айы, рақмет айы, жарылқау айы болып есептелген. Сол себепті ораза ұстау аяқталатын кезде, яғни сол айдың 26-27 күндері мұсылман жұртының салты бойынша түн бойы ұйықтамайды. Шарт-жағдайы бар орындарда, яғни мешіт-медреселер бар орындарда жамағат сол орынға жиылып, жаратушыға мінәжат айтылады. Молдалар шариғаттан, хадистен уағыз сөйлейді, қадір сүресі оқылады… Бұл түнді күнәдан арылатын түн деп есептейтіндігі үшін айрықша құрметпен қарайды. Ал ауылдық жерлерде жұрт қара шаңырақта, аруақты үйлерге жиылып, олар да бір түнді осындай салтпен өткізіп, келушілерге арнайы ас дайындайды. Мұндай қасиетті түндегі асты жұрт «қадір таң асы» деп атаған.

Жерік ас. Әйелдер жүкті болып жүрген кезінде белгілі асқа немесе өзге бір үйдің асына аңсары ауып, содан дәм татпайынша, құмары қанбайды. Міне, осындай асты «жерік ас» деп атайды. Жеріктің ауыр-жеңілі болған. Тәжірибелі әйелдер нендей асқа жерік болғанына және жеріктік дәреженің қандай екеніне қарап, іштегі баланың қыз немесе ұл екенін, толғақтың қандай болатынын межелей алған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button