Жаңалық

ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: КӨШ КЕДЕРГІЛЕРІ

Көш – үлкен мәдениет. Сан түрлі салт пен ғұрыпқа сеп. Не кедергі болуы мүмкін? Ол кедергілерден қалай өткен?

Арбаның қасында әдетте бір салт атты жүретін болған. Өрге карай көтерілгенде, ол жетекке байланған арқаннан тартып арбаны өрге шығарысатын болған, ал ылдиға қарай жүргенде доңғалақтарды тежеп, шатырдың ішіндегілердің қауіпсіздігін сақтап, мазаланбауына қам жасаған.

Салт аттылар арбалардың өзендерден өтуіне де бас-көз болып, қолғабыс еткен. Мұның өзі, саяхатшы А. Контаринидің сөздерінен мысал келтірсек, ширақ орындалатын, әдемі көрініс болғанымен, арине өте-мөте қауіпті де қорқынышты еді дейді ол. Ал Алтын Орда ханы Ұлықмұхаммедтің ордасының Доннан өтуін И.Барбаро аз жазбасында былайша сипаттап жазады.

Ұлықмұхаммед Донға 1436 жылдың маусымында келді және бүкіл орасан көп халқымен арбаларымен, малымен, бүкіл дүние-мүлкімен өзеннен екі күн ішінде өте шықты.

«Бұған таң-тамаша болып сенесің, ал өзің көретін болсаң одан да бетер таңданасың! – деп тәнті болады И. Барбаро. – Олар құдды жер басып жүргендей-ақ нық сеніммен, ешқандай у-шусыз өте шықты. Өзеннен өту амалы былай: бастықтар алға өз адамдарын жіберді де, өзен бойында толып жатқан құрғақ ағаштан сал жасауға бұйырады. Бұдан соң оларға қамыс буғызып, салдың жане арбалардың астына байлатқызды. Олар осылайша етіп өзеннен өте шығады, оның үстіне осы салдар мен арбаларды соңына ілестіріп аттар жүзіп өтеді, белуарына шейін жалаңаштанып алған адамдар аттарды қақпайлап, бас-көз болып жүреді».

Ал монғол әскерінің үлкен өзендерден өтуінің мән-жайы туралы ХІІІ ғасыр деректемесі мынадай сипаттама қалдырған: «Бастықтарында шеттеріне жиілетіп тұзақ ілмектер тігілген жеңіл, дөңгелек терілер болады; ілмектерінен мықты жіп өткізіп алып, қусыра тартқанда ортада орын пайда болады: оған киім, қару-жарақ, басқа да керек-жарақтарды салып, мықтап байлайды, бұдан кейін ортасына ер-тоқымдарын және неғүрлым қатты заттарын салады; адамдар ортасына отырады (осылай дайын болған буманы аттың құйрығына байлайды), атты жетектейтін бір адам малтып алға шығады; кейде олардың өткел кезінде пайдаланатын ескектері болады. Аттарды суға түсіріп айдайды, бір салт атты алдынан жүзіп отырады, өзге аттар соған ілеседі. Неғүрлым кедейлерінің мықтап тігілген тері қоржындары болуға міндеті; осындай қоржынға не қапқа олар барлық заттары мен киімдерін салып, мықтап байлап буады; одан әрі аттың құйрығына байлап, ілгеріде сипатталғандай амалдап өте шығады».

Атап айта кетерлік бір жайт, қырдағы жорықтар кезінде сондай тері қаптар су алып жүру үшін де пайдаланылған.

Басқа материалдар

Back to top button