Жаңалық

БӨРІБАЙ КӨТЕРІЛІСІ немесе Жетісудағы азаттық көтерілісіне 90 жыл

Ұлы дала елінің тарихындағы маңызы зор оқиға еді. Бірақ бүгінде жұрт білмейтін оқиғаға айналған көтеріліс.

Кешегі нәубат төнген қасіретті заманда аталарымыз аруақты бабамыз Бөрібай батырдың атын адақтап, ел ұранына айналдырып, көтеріліске шыққан-ды. Бұл ел-жұрт арасында «Бөрібай көтерілісі» деп аталып кеткен тарихи ірі толқу еді.

Адамзаттың қанымен орнатылған қызыл үкіметтің қасіреті қазақтың қабырғасына қатты батты. Аямай жаншыды. Совет үкіметінің қолдан жасаған қиянаты ұлт тарихының қаралы да, азалы беті екені бүгінде ащы шындыққа айналды.1928 жылдың қазанында қазақтың ірі байларының дүние-мүлкі, байлығы талан-таражға түсіп, тәркіленеді. Қапал-Ақсу өңіріндегі еліміздің қамқоры болған дәулетті азаматтарды лек-легімен айдап, түрмеге қамап, байлықтарын талап жатқанда, қараша жұрттың «шығысы батысқа, батысы шығысқа» айналыпты. Аңыз да емес, ертегі де емес, арғы аталарымыз көрген азап, тартқан қасірет еді.

Бөрібай көтерілісі деп ұлы тарих жылнамасына жазылып қалған қанды қырғын совет билігіне қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күрес-ті. Саяси ауқымы зор, қоғамдық ірі күрес. 1930 жылдың наурыз, көкек айларында ашынған ел Қазақстандағы Голощекин билігіне, советтік жүйенің орнауына қарсылық танытып, еркек кіндіктінің бәрі атқа қоныпты. Көтеріліске шыққан ер азаматтар даңқты бабамыз, қазақ-жоңғар соғысының қайраткері, халық батыры Бөрібайдың есімін ұранға алып, түн құшағында жатқан әскер бекінісін басып алады. Қарсы шыққандарын атып, еріксіз берілгендерін түрмеге қамап, тұтқынға алыпты. Әскерлердің қару-жарақтарын тартып алып, большевиктерді тергеуге алып, зәре құттарын қашырады. «Бөрібай! Бөрібай! Бөрібай!» деп ұрандағанда, аруағы шалқар қасиетті бабаның рухы қолдап, ерлеріміз асқақтап, мысы ойнап, орыстарды да, өзіміздің жағымпаз шолақ белсенділерді де әбден қорқытқан екен. Көнекөз ақсақалдардан жеткен дерекке сүйенсек, Бөрібай көтерілісі Талдықорған, Қапал, Арасан, Ақсу, Қопа, Сүттіген, Беспай, Ақешкі, Қоңыр аймақтарын түгелімен қамтыпты. Көтерілісті басуға, рухты ерлерді жаншуға Талдықорған, Қапал қалаларынан әскерлер мен жергілікті казак-орыстардан құралған Голых, Кошкаров басқарған қызыл гвардиялар Ақсу аймағына келіпті. Екі жақты тартыс, дүрбелең толқу екі-үш аптаға созылыпты. Біресе Бөрібайшылдар жеңеді, енді бірде қызылдар жеңеді. Итжығыс халде шарпысады. Ақырында, зеңбірек пен оқ-дәрісі мол қызыл гвардия өкілдері көтерілісті жаншып, басады. Оқ-қаруы аз, әскери дайындығы шамалы қара жұрт ұлттық намыс пен азаттық жолында нағыз батырларша күресіп, тіресіпті.

 

Жан беріп, жан алысқан алапат шайқастардың қаһарманы болған баһадүр Бөрібай батыр Сарыұлының есімі – бүткіл Найман табының ұранына айналғанын білген совет билігі көтеріліске қатысқан барлық «бөрібайшылдарды» атуға, есімдерін ұмыттыруға бұйрық беріпті. «Шаш ал десе, бас алуға» даяр тұратын жағымпаздар бұйрықты сол сәтте-ақ орындап, азаттық тілегендерді түгелімен о дүниеге аттандырыпты. Ғапыл дүние – ай!

Совет үкіметінің қандықол билігіне қарсы соққы болған Бөрібай көтерілісі зор күшпен жаншылған соң, 1930 жылдың 17 желтоқсанында Ақсу ауданы құрылып, жасақталады. «Мал да, жан да ортақ» деген ұраншылдық жүзеге асып, ұжымдастыру саясаты қарқынды орындала бастаған-ды.

Ақиқатында, Бөрібай көтерілісіне қатысқан ерлердің бәрі – «тістеген жерде – тісім, ұстаған жерде – қолым кетсін» дейтін тізесінен қан келсе де, қаймықпаған күрескерлер еді. Сол көтерілістің жуан ортасында жүріп, шаһид кеткен Өмірбек, Тұрсын, Мұқан, Қанатбек сынды қабылан ерлердің есімін жаңғырту, ерліктеріне лайықты баға беру, рухтарына шынайы құрмет көрсету – елдік міндет, ұрпақтық парыз саналады. Советтік идеология қыспағында «бандит», «баскесер» атанып, есімдері көмескіленіп, ұрпақтары айдауда өтіп, баз кешкен Өмірбек, Тұрсын, Мұқан, Қанатбек бастаған тағы басқа азаттық тілегендердің нақты тізімін жасап, ғұмырбаяндық деректерін жинастырып, оқырманға дәріптесек, тарихи олқылықтың орны толар еді.

Бар қазақ Баба деп атаған, ұлт-азаттық күресі жолында есімі ұранға айналған халық батыры Бөрібай Сарыұлының есімін жаңғыртып, тұғырын тіктеуге ниет танытып жүрген жерлес бауырымыз Берікбол Қасымовтың игілікті бастамасына тілекшіміз. Даңқты бабамыздың еңселі ескерткіші айбат беріп, рух беріп тоғыз жолдың биігінде тұруы – елдікке, ерлікке жол ашып, шекарамызды шегендеуге, тәуелсіздігімізді бекем етуге қызмет етеді. Қайраткер бабамыздың ескерткіші Бөрібай көтерілісінің тоқсан жылдық мерейтойы аясында ашылса, тарих күнпарағына жазылатын ұлы оқиға болмақшы.

Баба ескерткіші 2020 жылдың 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ашылса және көп болып ел бостандығы мен азаттығы үшін құрбан болған ерлердің рухына құран бағыштап, дұға етсек, тәлімі мен тағылымы мол рухани шара болары Ояанық. Біздікі – әрине ұсыныс, өткенді еске салу ғана. Егер, Ақсу ауданының, Алматы облысының әкімдігі ұсынысымызды қабыл алуға ниетті болса, 2020 жылы Жансүгір кентінде көтерілістің тоқсан жылдығына арнап алқалы ғылыми жиын ұйымдастыру ісінде белсенділік танытып, төл тарихымызды ұлттық сана негізінде жазуға кірісер едік.

Бір сөзбен айтқанда, «Бөрібай көтерілісі» – азаттық аңсаған ұлы мұраттарымыздың бір мүддеге негізделген ұлттық мінезі, бұлқынысы. Күшпен, қысыммен орнатылған ауданнан (советтік билік жүйесі) гөрі бабаларымыздың қаны сіңген, тағдыры талқыға түскен көтеріліс қымбат әрі қадірлі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button