Жаңалық

#ТУРИСТ_КҮНДЕЛІГІ: НАУРЫЗЫМ ҚОРЫҒЫ

Қазағымның кең даласынан айналдым!

«Турист күнделігі» айдары республикамыздың туристік бағыттарымен оқырмандарын бірнеше ай бойы таныстырып келеді. Алматының таулары, Бурабайдың көлі мен орманы, Алакөлдің керемет жағажайы мен Сарыағаштың емдік қасиеттерін еліміздің тұрғындары жақсы біледі. Ал қалған бағыттағы демалыстар қайда? Сонда басқа облыстар мен қалаларда жазғы демалысты өткізе алмаймыз ба? Осы сұрақтың бір жауабы ретінде бүгінгі мақаламызды Наурызым мемлекеттік табиғи қорығына арнаймыз.

 

Наурызым қорығы

Уикипедия ашық энциклопедиясында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, Наурызым қорығы 1931 құрылған. Алайда 1951 қорық жабылып, өз есігін қайта 1966 жылы ашады. Наурызымның негізгі мақсаты Солтүстік Қазақстан аумағының флорасы мен фаунасының байлығын сақтап қалу. Қорықтың аумағында Терсек, Сыпсың, Наурызым қарағайлы ормандары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері орналасқан. Қорықтың ауа райы қыста – суық, жазда – ыстық. Наурызымды мекендейтін қоян, елік, суыр, түлкі жануарлары мен аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ құстары көзі қырағы қонақтардың назарына әбден ілігуі мүмкін. Егер жануарлар мен құстардың түрі сіздің жолыңызда кездесе қоймаса, бұл тұста қорықтың «Табиғат мұражайының» есігі қашан да ашық. 2008 жылдан бастап Наурызым қорығы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енді. Қорықтың аң-құстары мен өсімдік атаулары еліміздің және халықаралық қызыл кітап тізіміне де енген.

Соңғы жылдары қорыққа келішу туристтердің саны артып, ал географиясы кеңейіп келеді. Еліміздің басқа өңірлерінен келіп Наурызымды және оның табиғаты мен флора-фаунасын тамашалайтын саяхатшылар артты. Сондай-ақ Қытай, Ресей, Англия, Венгрия, Польша, Швейцария, Германия, АҚШ елдерінің азаматтары да қорықты тамашалауға ат басын бұрып жатады.

 

Наурызымға барар жол


Наурызым қорыға Қостанай облысының орталығы Қостанай қаласының маңында орналасқан. Нақты мекенжайы: Қостанай облысы, Наурызым ауданы, Қараменді селолық округі, Қараменді ауылы Қазбек би к. 5. Қостанай қаласынан Қараменді ауылына дейін 101 бағытымен қатынайтын Қостанай – Қараменді автобусымен қорыққа дейін жете аласыз. Алдын ала қорықтың экскурсиялық бөлімімен хабарласып, эко бағыттарға тапсырыс берсеңіз, қорық әкімшілігі Қостанай қаласынан қорыққы дейін трансферді ұйымдастырып береді.

 

Наурызым қорығының эко бағыттары


Қорық аумағында туристтерге арналған алты эко бағыттағы экскурсиялар ұйымдастырылған.
1. «Бұлақ» бағыты – жол ұзақтығы 35 шақырым. Қалауыңыз бойынша бағытты жаяу немесе автокөлікпен жүріп өтуге болады. Топ 10 адамға дейін жасақталады. Бұл эко бағытпен жүргіп өтсеңіз, Бетағаш орманынан Нарызым қорығының қайталанбас көрінісі көрінеді. Қарағай орманының оңтүстік жағында Ақсуат тұщы көлдер жүйесінің территориясында Қотантал ірі көлі орналасқан.
2. «Наурызым қарағайлы орманы» – жол ұзақтығы 35 шақырым. Қалауыңыз бойынша бағытты жаяу немесе автокөлікпен жүріп өтуге болады. Докучаев үстіртінен қорықтың керемет көрінісі көз алдыңыздан көрінеді. Сол жағыңыздан Сарымойын тұзды көлдер сорының жүйесі орналасқан. Орман территориясында ірі орман көлі – Қотантал көлі орналасқан.
3. «Дөңгелек сор» – жол ұзақтығы 7 шақырым. Бұл бағыт қорықтың орталық мекенжайынан басталып Дөңгелек сорға дейін жалғасады. Дөңгелек сордың антропогендік жүйесінен бетегелі даланы, Сыпсынағаш орман шаруашылығын көруге болады. Суы мол маусымдарда Дөңгелек сор территориясынан көкшіл шағалалар отбасының ұялауын бақылауға болады. Бұл бағыт жазық дала учаскісімен өтеді.
4. «Наурызым ландшафты» – жол ұзақтығы 46 шақырым. Бұл бағыт қорықтың орталық мекенжайынан басталып «Бақ» кордоны арқылы Жаркөл көліне дейін жалғасады. Бағыттың бойымен саяхаттағанда қайыңдар мен қарағай ағаштарының орманын, түрлі өсімдіктерді және бұлан, елік, борсық, сарышұқнақ, бүркіт және түрлі құстарды кездестіре аласыздар.
5. «Останцы» – жол ұзақтығы 48 шақырым. Бұл бағыт қорықтың орталық мекенжайынан басталып «Терсек» орманына дейін жалғасады. Қарағайлар мен көктеректердің қазықтарын, бұландарды, еліктерді, борсықтарды, сарышұнақтарды, аққұйрық субүркітін, бүркітті және басқа да құс-жануарларды кездестіре аласыздар.
6. «Аққулы» – жол ұзақтығы 35 шақырым. Бұл бағыт қорықтың орталық мекенжайынан басталып «Бақ» кордоны арқылы Жаркөл көліне дейін жалғасады. Докучаев үстіртінен қорықтың керемет көрінісін тамашалай аласыз. Шолу алаңшасынан Сарымойын тұзды көлдер жүйесі жақсы көрінеді.
Эко бағыттардың барлығы да жеке немесе он адамға дейін топ құрылып, гид қызметшілердің сүйемелдеуімен өтеді. Әр бағыттың жол ұзақтығы 4 сағаттан 12 сағатқа дейін жалғасады. Эко бағыттар маусымдық болып келеді.

 

Наурызым қорығының бағалары


Туристік бағыттарды ұсыну – 500 теңге;
Палаткаларды ұсыну – 500 теңге;
Палаткаларды орнату үшін орын алу, бір шаршы метрден және бір тәуліктен бастап– 500 теңге;
Автокөлік тұрағы, тәулігіне – 250 теңге;
Экскурсия жетекшісі – 950 теңге;
Инспектор – 780 теңге;
Эко бағыттар бойынша көліктерді жалға алу – 1 шақырымға 250 теңге;
Қонақ үй номерлері – 1 тәулікке 1 500 теңгеден басталады;
Күйіз үй – 1 адамға 1 тәулікке 1 500 теңгеден басталады.

 

Қорықтың кейбір қызметтеріне оқушыларға, студенттерге, мүгедек жандарға жеңілдіктер қарастырылған.
Қаланың қайнаған тіршілігінен демалып, қарайғайлы орманның таза оттекті ауасын жұтып, жаңа жігермен өмірге ұмтылу қандай тамаша! Наурызым қорығының эко бағыттары өзінің көркем табиғатымен келген саяхатшылардың көңілін бірден баурап алады. Қолыңыздағы смартфондарды сөндіріп, табиғатпен бір толқында болыңыз.

Наурызым қорығының сайты naurzum.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button