Жаңалық

Ұлттық зергерлік бұйымдар

Ерте заманнан бастау алып келе жатқан халқымыздың зергерлік өнері еліміздің күнделікті өмірімен, көне тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Барлығымыз да әшекей бұйымдарды нәзік жандылардан ажырап қарамағанбыз.

Бүгінгі фоторепортажымыз ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші-зергер Берік Әлібайдың жеке музейінде қойылған зергерлік әшекей бұйымдарға арналады. Тамашалаңыздар!

Алқа – омырауға тағатын, көбіне күмістен жасалатын көркемдік бұйым.

Жүзік – қымбат тастардан көз орнатылған жалпақ сақина түрі. Оның ер адамдар да, әйел адамдар да салатын түрлері болады. Отау жүзік, құдағи жүзік, қарала жүзік, ақық жүзік деген атауы бар.

Зергерлік бұйымдардың стилистикасы да географиялық жағдайға, ең бастысы, қазақтардың тұрмысының көшпелі салтына орай соншалықты сан алуан болды.

Тұрмысқа шықпаған бойжеткен барынша сәнді киініп жүрген. Қыздардың бас киімдері қайта оралмас қыздық дәуреннің белгісіндей аса ұқыптылықпен безендірілетін болған.

Өңіржиек – кеудеге тағылатын әшекей бұйым. Дәстүр бойынша қазақ қоғамында өңіржиекті мереке күндері қыздар мойын – омырауына сәндікке таққан. Өңіржиек төрт бұрышты немесе дөңес келген бірнеше жіңішке шынжырмен шығыршық арқылы жалғасады. Ертедегі сенім бойынша, өңіржиек әйел адамның құрсағын және кеудесін тіл – көзден, бәле – жаладан сақтайды деп сенген.

Сырға – құлаққа тағатын сәнді асыл бұйым. Оның сапасына, құрамына сай көптеген түрі болады: ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға т.б.

Сәукеле – ұзатылған  қыз киетін аса қымбат, бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағылады. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт, лағыл сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі.  Матасына әшекей, шашақ, оқа тағылып, жиегіне бұлғын, құндыз терілерінен жұрын ұсталады. Бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізетін бау тағылады. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады.

Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің  озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол – қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылатын қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды.

P.S. Халықаралық Карл Фаберже Орденнің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібай өзінің үйінің ішінен қазақтың зергерлік өнерін дәріптейтін музей ашқан болатын. Музей EXPO-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында өз есігін айқара ашқан еді. Музейге қойылған, Берік ағаның қолынан шыққан  зергерлік жәдігерлер мен көненің көзі болып бізге мұра болып қалған жауһарлар елорда туристерін тамсандырмай қоймайды. Алтын шебердің алтын қолынан шыққан зергерлік бұйымдарға әсіресе шетелдік қонақтардың арасында сұраныс өте жоғары. Қолданбалы өнерімізді дәріптеп жүрген және де шәкірт тәрбиелеп жүрген Берік ағаның еңбегіне тек қана жеміс тілейміз! Нұр-Сұлтанға қонақ болып келсеңіз, міндетті түрде Берік Әлібай ашқан музейге соғыңыз.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button