Жаңалық

ЖАСТАРДА ШЫНЫМЕН ДЕ ШЕКАРА ЖОҚ ПА?

АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Жаңа Зеландия, тіпті бөлек құрылық Австралия… Технологиялар дамып, адами құндылықтар өзгерген сайын адамзат түсінігінде “шекара” сөзінің мәні де өзгерді.

Әлемнің алпауыт елдерінің бірі АҚШ-та «Owlympia the intellectual’s challenge» халықаралық олимпиадасы өткен болатын. Бұл олимпиадаға Канада, Австралия, Германия, Үндістан, Қытай секілді елдердің 500 астам оқушыларымен қатар иық тіресіп, біздің елдің оқушылары Темірлан Әбдіқадір мен Ерасыл Өміртай да өз бақтарын сынады. Бұл әлемдік интелектуалды додада бағын сынап көрген оқушыларымыз көк туымызды білім тұғырының биігіне көтере білді. Қазақ елінің білімді ұлдары алтын және күміс медальдарды иеленді. Жалынды жастармен тілдесіп, олардың эмоцияларына ортақтастық. Халықаралық деңгейдегі бәйгелерге қалай дайындалу керек? Ондай олимпиадалардың қатысушысы қатарынан көріну қандай мәртебе береді? Жалындаған жастардың бойындағы жаңашылдықты білгіңіз келсе, мархабат!

IMG-20190703-WA0022.jpg

Болашақ мектеп түлектеріне бірнеше сауал жолдаған болатынбыз:
1. АҚШ-тың танымал Гарвард университеті ұйымдастырған бәйгеге толығырақ тоқталсаңдар.
2. Көп жастармен танысып үлгерген боларсыңдар. Қазіргі заманның Z-ұрпағы қандай?
3. Алдағы уақытта бағындырар белестерің бар шығар. Жоспарларыңмен бөлісесіңдер ме?
4. Елдің қамын ойлар азаматтарды ертеңгі күні сендер ауыстырасыңдар. Өздеріңе және өз құрдастарыңа не тілер едіңдер?

Темірлан ӘБДІҚАДІР:

«АҚШ-та жыл сайын әлемдік деңгейде өтетін халықаралық интелектуалды олимпиадаға іріктеу кезең осы жылдың ақпан айында болған еді. Олимпиада туралы бұған дейін де естіген едік, сол себепті Ерасыл екеуміз үшін іріктеу кезеңге қатысу – алға қойған мақсаттарымыздың бірі еді. Елде болған іріктеу нәтижесінде Гарвард университетінің олимпиада ұйымдастырушылары бізге хабарласып, конкурстың екінші кезеңінен бағымызды сынап көруге ұсыныс жасады. Олимпиаданың екінші кезеңі шілде айының басында өткізілді. Жылдың басынан бастап Гарвард университеті ұйымдастыратын олимпиадаға қатысамыз деп бар жігеріміз бен білімімізді ортаға салдық. Эмоционалды тұрғыдан қиын болған да шығар, алайда бағымызды сынау уақыты аралығында біздің жанымыздан табыла білген ұстаздарыма және ата-анама алғысым шексіз. Оларға көп рақмет! Жалпы, олимпиада барысын еске салатын болсақ, бұл халықаралық бәйгеге әлемнің жиырма бес елінен келген бес жүзден аса қатысушылардың арасында біздің елдің жастары өз білімін жоғары деңгейде көрсетуі мақтанарлық жайт. Бұл дегеніміз – біздің білімді жастар халықаралық дәрежеде бәсекеге қабілетті. Біздің бәсекеге қабілеттілігімізді шыңдайтын осы секілді бәйгелерден тыс қалмауға тырысамын. Мысалы, осы жылы Алматы қаласында өткізілген «INFOMATRIX-ASIA 2019» атты халықаралық жобалық олимпиадаға математика пәні бойынша жобамды таныстырған болатынмын. Нәтижесінде қанжығама алтын медальді байладым. Осындай әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысу психологиялық тұрғыдан өзімді бір қалыпты ұстауға үйретті. Сондай-ақ, өзімнің ораторлық мәдениетімді шыңдау және қалың топ алдында сөз бастауды үйрену үшін көптеген дебаттарға қатысуды әдетке айналдырдым. Ештеңеден қорықпау және де жарыс алдында қобалжымау – үйреншікті жағдайға айналды. Өзім сияқты жастарға бір кеңес берсем бола ма? Қандай да бір ірі бәйгеге қатысу үшін, ең алдымен таңдап алған бағытқа, пәнге құштарлық болу керек. Егер өз алдыңа қойған мақсатыңа «жетем» деген құштарлық болмаса, онда бұл істің нәтижесі де болмайды. Сонымен қатар, бәйгеде бағыңызды сынап көру үшін білім керек. Ал білімді тек қана оқулықтан емес, жан-жақтан іздеп, тоқыған абзал. Соның ішінде ғылыми мақалалар, ғылыми жұмыстар, оқулықтар мен қажетті пәнге байланысты ғаламтордағы барлық ақпаратты бір арнаға жинап, өз санаңа жеткізе білу керек. «Бұндай көп ақпарат не үшін қажет» деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Қаншалықты көп ақпарат жарыс алдында жиналса, соншалықты көзқарастарды өз мүддеңізге пайдалана алатын боласыз.
Түрлі білім беру мекемелері халықаралық деңгейде олимпиадалар ұйымдастыруда. Бұл жерде оқушылар тек қана өз білімін сынап қана қоймай, әлемнің көптеген елдерінен келген жастармен таныстық орната алатын мүмкіндікке ие болады.

«Қазіргі жастар қандай» – деп меннен аға буын өкілдері жиі сұрайды. Бүгінгі күннің барлық жастары бір-бірімен емін-еркін, ешқандай кедергісіз, кез-келген тақырыпта сөйлесіп, пікір алмаса алады. Соғын дәлел ретінде, бір мысал келтірсем де болады. Мен Америка елінде жарыста болған кезде, сол елдің азаматы Филос есімді оқушымен танысқан болатынмын. Филос әлемге танымал Йель университетінің студенті екен. Жаңа танысыммен бірден мені толғандырып жүрген тақырыпта әңгімемді бастадым. Американың ең танымал университетінің студенті атану үшін не істеу керек? Менің алғашқы сұрағым осындай болды. Филос өзінде бар ақпаратпен бөлісуге қарсы болмады. Нәтижесінде SAT, IELTS емтихандарына дайындалуға мүмкіндік беретін оқулықтарды тегін сыйға тартқан еді. Көрдіңіз бе, қазіргі жастарда шекара жоқ. Оларға сенің шығу тегің мен қай елден шыққаның да маңызды емес. Ең бастысы ортақ қызығушылық. Ғылыми тілмен айтқанда, бізді Z-ұрпағы деп атайды. Z-ұрпағы ғылыми-техникалық прогреске, цифровизацияға, автоматизацияға өте жақын болып келеді. Біз әлеуметтік тұрғыдан қарағанда өте белсендіміз. Менің ойымша біздің ел келешегіне береріміз мол. Біз қоғамға жаңа құндылықтардың тізімін енгізе аламыз.

Осы жылдың тамыз айында Тайвань мемлекетінде Азия елдері арасында өткізілетін математика пәнінен өткізілетін халықаралық олимпиадаға жолға шыққалы отырмын. Осындай беделді бәйгелерге қатысу мен үшін маңызды. Себебі, мен әлемнің ең мықты деген университетінің студенті атанғым келеді. Болашақта білікті маман атанып, елге оралғым келеді. Ел қамы үшін, болашығы үшін қызмет атқарамын! Себебі біз елдің болашағымыз! Бізге, жастарға сенім артыңдар! Біздің бастамаларымызды қолдаңыздар! Ал біз, өз тарапымыздан өзге елде сұлтан болғанша, өз елімізде қызмет атқаруға, республикамыздың дәрежесін одан әрі көтеруге және де халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар білім мен жігерімізді арнайтын боламыз».

Ерасыл ӨМІРТАЙ:

«Американың ең танымал оқу орындарының тізіміне енетін Гарвард университетін ұйымдастырған халықаралық интелектуалды олимпиадаға Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. Еліміздің намысын қорғау үшін Темірлан екеуміз күн-түн демей басымызды оқулықтар мен қажетті кітаптардан көтермей дайындалдық. Еңбегіміздің жемісі – Гарвард университеті ұйымдастырған олимпиада қатысушысы болуға арналған шақырту келді. Бәйге бірнеше кезеңге бөлінді. Эссе жазу, дебатқа және тестке қатысу. Гарвардтың ұйымдастырған олимпиадасына қатысу бір басқа. Сол жарысқа дайындалу барысында маған қолдау көрсеткен жандардың сіңірген еңбегі өте зор. Сол себепті біріншіден, ата-анама алғыс айтқым келеді. Жарысқа дайындалу барысында, шаршап, өзіме деген сенімділігімді жоғалта бастағанда, қасымнан табылған анама алғысым шексіз. Мектептегі мұғалімдерім де мені қолдады. Жақындарыңнан моральді тұрғыдан қолдауды сезінген кезде, өзіңді жеңіске қамшылайды екенсің. Әлемнің жиырмадан астам елдерінен келген оқушылардың арасынан суырылып шығып, жеңіске қол жеткізу мен үшін және де мені қолдаған жақындарым үшін мақтанарлық дәреже. АҚШ еліне барып, олимпиадаға қатысу бір төбе. Сол халықаралық жарыстың қатысушыларымен танысу, олардың бойындағы жақсы қасиеттерді барынша өзіңе қабылдау әрине бір төбе. Бұл сапарда өзіме көптеген дос таптым. Еріктілердің қызметін тамашаладым. Нәтижесінде түсінгенім: қай елдің жастары болмасын, олардың барлығы да өзіне сенімді жандар. Біз барлығымыз да инноватормыз. Соның ішінде, еліміздің жастары жаңашылдыққа дайын екенін сезіндім. Өзімді сондай жастардың қатарынанмын деп санаймын. Жақын болашақта мектеп ордасымен қоштасамыз, үлкен өмірге алғашқы қадамдарымызды жасаймыз. Мен өз болашағымды қазірден жоспарлаудамын. Сол себепті әлемдік дәрежедегі жарыстарға қатысу мен үшін маңызды. Ел көріп, басқа өркениетті мемлекет ұсынған білімді бойыма жинау мен үшін маңызды. Еліміздің инновация, технологиялар саласында алдыңғы қатарға шығуына мен де өз үлесімді қосқым келеді. Ал ол үшін ең алдымен сапалы білім алу керек және уақытты бос өткізуге болмайды.

Өзімнің құрдастарыма да кеңес берер едім: уақытты бос өткізбеңдер! Әр бос күніңді, сағатыңды және минутыңды пайдалы нәрсеге арна. Тым болмағанда кітап оқыңдар! Өмір жолына үлкен мақсаттар қоя білсеңдер, сонда үлкен жетістіктерге жететін боласыңдар! Осындай мақсатты жастарды қолдайтын ел ағалары қашан да көп болсын! Біз сияқты жастармен олар жиірек кездесіп тұрса екен ниет тағы бар.

IMG_20190704_105827.jpg

P.S. Өткен мақалаларымыздың бірін елордамыздың сұлу мектеп түлектеріне арнаған едік. Ділназ, Гауһар және Ажар есімді бойжеткендер мектептен бос уақыттарын еріктілік іске арнайтынын атап кеткен болатын. Ерікті болу олардың жан қалауы және де бұл іс түлектердің мектепті «Алтын белгімен» аяқтауына еш кедергі келтірмеген еді. Ал, бүгін Алматы қаласының жігерлі жігіттерінің өмірлік ұстанымдары біздің жіті назарда болды. Бос уақыттың өзін тиімді пайдалана білетін Темірлан мен Ерасылды көріп, бүгінгі күннің мектеп оқушыларының қоғамда өте белсенді екенін сезіндік. Жас жігіттер мектептегі оқуымен қатар, әлемдік білім ареналарында бағын сынап жүр. Сонымен қатар, Темірлан қайырымдылық қорының белсенді мүшесі. Алдағы уақытта әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға математикадан, физикадан және ағылшын тілінен қосымша дәрістерді тегін жүргізуді қолға алып отыр. Біздің сұрақтарға өте салмақты жауап беруінің өзі келешек ұрпаққа үміт артуға болатынын тағы да дәлелдей түсті. Өз тарапымыздан айтар тілегіміз: Жалындаңдар! Дамыңдар! Ел үмітін ақтаңдар!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button