Мақала

ArmandaStar-дың АРМАНЫ

Ruh.kz редакциясы еліміздің жас таланттарын ЖасStar айдары арқылы қолдауын бастады.

Тамыз айының басында елордамызда заманауи өнердің жас таланттарына арналған көрме ашылған болатын. Көрме кураторы Әйгерім Мәжитханнан көрмеге суретшілердің арасынан суретшілер қалай таңдалғанын сұраған едік:

Бұл көрмеге жас таланттарды шақырдық. Жас суретшілерге іздеу салғанда да, дайын дипломдық жұмыстарға жүгірмедік. Себебі, оқу орнын аяқтағалы тұрған студенттің дипломдық жұмыстарын шығармашылыққа аса көп жатқыза беруге болмайды. Ол дипломдық туынды суретші-студенттің жарты жылдан астам жүріп жасаған жұмысы, «мінсіз», тым аяқталған болып келеді. Тағы да ескере кететін жайт, бұл жағдайда оқытушының «қолтаңбасы» да сезіліп тұрады. Сондықтан, еркіндікті көп талап ететін нағыз шығармашылық жұмыстарды іздедік. Іздегеніміз бекер болмады. Таптық. Этюдтарға ерекше назар аудардық. Жылдың басынан бастап далаға шығып, табиғаттан шабыт алатын суретшілердің қолынан жаңа туындылар көп шығады. Сондай, жұртшылық назарына әлі қойылып үлгермеген, ерекше сюжеттері бар туындыларды таңдадық. Бүгінгі көрмеге арнайы салынған сюжеттік композияларды, абстракцияларды алдық. Мысалы, Ілиясов Мейірманды алатын болсақ, оның туындылары бұған дейін ешқандай көрмеде қойылмаған. ArmandaStar үшін арнайы жазылған туындылар. Мейірман бұл суреттерді бізге алып келгенде, олардың бояуы да әлі кеппеген еді. Ал, Хакимова Анельдің туындылары экспериментті. Көзіміз үйреніп қалған киізді бутылкамен, целофанмен үйлестіріп жасайды. Анельдің техникасы және ізденісі ерекше. Сергеева Валерия қазір жойылып бара жатқан өнер бағыты керамикамен және акварельмен, графикамен жұмыс жасайды. Жалпы керемака өнерінің техникасы қиын. Балшықты қыздыратын арнайы пеш қажет және бірнеше түн, апта көз ілмей жасаған дүниелерді тасымалдау да оңай емес. Керамика өте нәзік материал. Валерия өте еңбекқор. Көрмеалды жұмыстары болып жатқанда, біздің әрбір тілегіміз бен ұсыныстарымызды мақұл көріп, еңбектерін дер кезінде өзгертіп, толықтырып отырды.

 

“Жынды көбелекті” көрдіңіз бе? – қазіргі заманның өнері туралы мақаланы да оқи отырыңыздар.

Расында да Мейірманның «матрица» стилінде салынған портреті көременнің жадында қалатыны анық. Маңғаз Маңғыстаудан келген еңбекқор Сергеева Валерияның акварель техникасымен салған суреттері елімізге белгілі зергер-суретші Берік Әлібайдың да көзіне бірден түсті:

«Акварель техникасында салу өте үлкен шыдамдылық пен еңбексүйгіштікті талап етеді. Бұл суретшінің еңбекқорлығы осы суреттерден бірден-ақ көрініп тұр!»

Шынайы болайықшы, заманауи өнер адам назарын өзіне тартқанмен, бұл өнерді түсіну, қабылдау өте қиын. Заманауи өнер бойынша методикалық оқулықтар мен арнайы курстар жоқ. Себебі заманауи өнер – дәл осы жерде және дәл қазір болып жатқан дүние. Бүгінгі күн суретшілерінің туындылары – олардың осы күнді, бүгінгі заманды бар болмысымен қабылдауының айнасы болып саналады. Өнердің бұл ағымына да қолдау көрсету керек.

Көрмеге еңбектері қойылған әр суретші өте талантты, әрі еңбексүйгіш жас. «ArmandaStar» көрмесінің ерекшелігі – жас суретшілерге үлкен мүмкіндік сыйлап отырғаны. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің әлемдік аренада алып отырған өз орны бар. Музей қабырғасында өткізілген көрменің резиденті болып, қатысушы сертификаттарына ие болу жас дарын иелеріне берілген үлкен мүмкіндік. Мүмкіндіктердің барлығы да «Жастар жылы» аясында жүзеге асырылып отыр.

Әлемге әйгілі италияндық суретші Микеланджело өз кезінде өнер туралы былай айтқан болатын: «Өнер қызғаншақ болып келеді, сол себепті оған өмірдің бар сәттерін арнау керек».

Қазіргі таңда «қызғаншақ» өнер өкілдерінің дамуына, шарықтауына мүмкіндік кеңінен беріліп отыр. Сол мүмкіндіктер легін тиімді пайдалану жас толқынның еншісінде.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button